Президент Арыстағы апатқа жауапты шенділерді жазалады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен қызметіне салғырттық танытып, Арыс қаласында орналасқан әскери қару-жарақ қоймасындағы апаттың туындауына жол берген шенділер жазаланды.
Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.
"Мемлекет басшысының Өкімімен өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны және қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету жұмысындағы, Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру және орналастыру бағдарламасын іске асыру кезіндегі елеулі кемшіліктері, соның салдарынан Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімшедегі қару-жарақтың жарылуына және қалада адам шығынына ұшыратқан ауқымды апатқа жол бергені үшін:
1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі болып қызмет атқарған Сәкен Әділханұлы Жасұзақов Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүйесінен шығарылды.
2. Келесі лауазымды қызметкерлерге:
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші
орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші
орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып қызмет атқарған Мұрат Жәлелұлы Майкеевке;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Талғат Жеңісұлы Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды", - деп жазылған Жарлықта.
Abai.kz