Тарихи 26 тамыз жайында
26 тамыз - шекара мәселесі шешілген күн. 1920 жылдың 26 тамыз күні Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет қабылданған. Осы айтулы күнге бүгін 100 жыл толып отыр. Осыған орай тарихшы Бейбіт Қойшыбаевтың өткен жылы сайтымызда жарияланған мақаласын қайталап оқырман назарына ұсынып отырмыз.
26 тамыз – кеңестік қазақ мемлекетінің туған күні. Қазақ Республикасының. Біздің советтік мемлекетіміздің. Біздің бүгінгі Қазақстан Республикасы атты тәуелсіз мемлекетіміздің ізашары болған таптық мемлекеттік бірліктің дүниеге келген күні.
Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасын құру жөнінде арнайы Декрет шығарған еді. Бұл Ресей патшалығы жойған елдігімізді жаңа тұрпатта жаңғыртуға тырысқан Алаш-Орданы тұғырдан тайдырып, халқымызға мемлекеттілігін кеңестік негізде қалпына келтіруге мүмкіндік берген большевиктік өкімет шешімі болатын.
Кеңестік Қазақ Республикасының шаңырағын көтеруге заңдық тұғыр соққан осы тарихи құжаттың қабылданғанына биыл, міне, тоқсан тоғыз жыл болды. Келесі жылы бір ғасыр толады. Бір жыл қалды.
Сонымен, 26 тамыз – қазақ халқының мемлекеттілік мәртебесін қайтаруына жоғарыдан жол ашқан тарихи күн. Қызығы, совет өкіметінің аса мәртебелі басшылары қолымен маңызды биік пәрмен дүниеге келген осынау тарихи күн жетпіс жыл дәурендеген кеңес дәуірі кезінің өзінде қазақстандық Қазан туын асқақтатушылар тарапынан аса еленбеген-тін. Еленбеген. Шынтуайтында, бұл датаны мемлекеттілігімізді жаңғыртқан күн ретінде бірде-бір рет атаған да, тойлаған да емеспіз. Ал қазіргі тәуелсіздік кезеңінде оны мүлдем ұмыт қалдырып жүрміз. Дегенмен, мойындау абзал, қазақ елі үшін маңызы ересен зор болған сол тоқсан тоғыз жыл ілгерідегі советтік Декрет төңірегінде оның бір ғасырлық мерейлі датасы қарсаңында азын-аулақ ой қозғап, өткен жолымызға көз жүгіртіп қою, алдағы бір жыл ішінде сол сырлы құжат хақында атқаруға тиіс шаруаларымызды нобайлап алу парызымыз болуға керек.
Жалпы, қазақтың империя аранына жұтылған мемлекеттілігін жаңғыртуды көздеген аса маңызды оқиғалардың бәрі жиырмасыншы жүзжылдықтың алғашқы ширегінде орын алғаны белгілі. Халқының жер-суымен қоса рухани санасы отарланып бара жатқанын өткір сезінген діни қызметшілердің жиырмасыншы ғасыр басындағы қарсылық әрекеттерінен қазақтың жаңа тұрпатты ұлт-азаттық қозғалысы ұшқын алып, артынша бірінші орыс революциясының дүмпуімен кеңірек қанат жайып тарағаны, мақсатты бағдарламасын қалыптастырғаны мәлім.
Бүгінде Алаш қозғалысы деп аталатын бұл құбылыс жалпыимпериялық революциялық қозғалыспен, империядағы жалпымұсылман қозғалысымен астаса өрістеді. Патшаны тақтан тайдырған екінші революциядан – 1917 жылғы Ақпаннан кейін қазақ азаттық қозғалысы еркін дамып, жер-жерде өткен жиналыстарында келешек мемлекеттілік түрін таңдай бастады. Қазақ қайраткерлері Құрылтайшы жиналысқа сенді. Алайда бұрынғы империя аумағында орнауға тиіс мемлекеттік құрылым түрін анықтамақ Құрылтайшы жиналыс идеясын үшінші революция – 1917 жылғы Қазан жеңімпаздары жоққа шығаратыны байқалды. Сонда олар Құрылтайшы жиналысты күтпей-ақ, ұлттың азаттық қозғалысын межелі шыңына шығаруды батыл қолға алды...
Орынборда жиналған ІІ Жалпықазақ съезі делегаттары 1917 жылғы 12 (25) желтоқсанда жаңа Ресей құрамында болатын мемлекеттік бірлігінің шаңырағын көтеріп, Бүкілқазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесін – қазақ автономиясының үкіметін сайлады. Сөйтіп, тарих сахнасына этностық өз атымен шығып, төрт ғасыр дербес өмір сүргеннен кейін алпауыт империя аранына жұтылған ұлттық мемлекеттілік әлденеше ондаған жылдан соң, заманауи тұрпатта жаңғыртылды.
Бірақ ғұмыры ұзақ болған жоқ. 1917 жылғы 25 қазан (7 қараша) төңкерісін жасап өмірге келуімен дүниені дүр сілкіндірген тапшыл большевиктік билікпен 1918 жылғы сәуірде Алаш-Орда делегациясы келіссөз жүргізген, сонда советтік басшылық ІІ Жалпықазақ съезінің шешімдерін мойындағандай болған. Алаштық делегация Кіші Совнаркомда автономияның басқару құрылымын советтік рельске жақындату жобасын жасаған, делегацияға оны жүзеге асыруға қажет мол қаржы берілген. Алайда кері қайтқан делегация қазақ шегіне жетер-жетпесте-ақ большевизм көсемдері «ұлтшыл буржуазиямен» ымыраға баруға болмайтынын мәлімдеп, жер-жердегі өкілдеріне тиісті нұсқауларын жолдаған-ды...
1918 жылдың басында тағайындалған Дала өлкесінің комиссары, сол жылғы мамырда құрылған Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының Қазақ бөлімі ел ішінде совдептер (депутаттар кеңесі) насихатын күшейте түсті. Шығыс Алаш-Орда өкілдері совет өкіметі жағына шыға бастады. 1919 жылғы 10 шілдеде Предсовнарком (Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы) Ленин өлкені әскери-азаматтық тұрғыда басқаруды жүзеге асыруға тиіс ең жоғарғы билік мекемесі Қазақ революциялық комитетін құру жайындағы декретке қол қойды. Құрамына қазақ ұлт-азаттық қозғалысының бұрынғы қайраткерлері де кірген Қазревкомның қарамағына Астрахан губерниясындағы қазақ аумақтары мен Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары берілді. Қазақтың өзге террриториялары 1918 жылғы 1 мамырда жарияланған Түркістан Республикасының құзырында болып, 1917 жылдан басталған алғашқы ашаршылық зардабын шегіп жатты.
Қазревком қилы келіссөздерден кейін Батыс Алаш-Орданы барша құрылымымен советке қаратты, содан соң, 1920 жылғы 9 наурызда Алаш автономиясының, оның үкіметінің, бөлімшелерінің таратылғаны жөнінде шешім шығарды. Өстіп Алаш үкіметі жеңілді, тарих сахнасынан кетті. Шүкір, бірақ Алаш идеясы жеңілген жоқ. Ол совет платформасына шыққан азаматтардың санасында лаулап, онымен рухтанған күрескерлер әрдайым елдік мүддені нысана етті. Ұлт қайраткерлерінің қатысуымен кеңестік қазақ автономиясын даярлау ісі даңғыл жолға түсті, бұл ретте Қазревком қыруар жұмыс жүргізді. Қазревком белгілеген өкілдер болашақ автономия аумағын нақтылауға байланысты орталықта өткен мәжілістерге қатысты. 1920 жылғы 17 тамызда Совнарком Қазақ Республикасы хақындағы құжаттың жобасын қарап, мақұлдады.
Осылардан кейін тарихи Декрет дүниеге келді. Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) және Халық Комиссарлары Кеңесі (Совнарком) 1920 жылғы 26 тамызда Совнаркомның 1919 жылдың 10 шілдесіндегі декретін дамыта қарап, Қазақ Республикасын құру жөнінде қаулы алды.
Автономиялық Республика Ресей Социалистік Федеративтік Советтік Республикасының бөлігі ретінде құрылды. Құрамына Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы үйездерінен тұратын Семей облысы, Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл үйездерінен және Омбы үйезінің бір бөлігінен тұратын Ақмола облысы берілді. Омбы үйезінің Қазақ және Сібір бөліктерін дәл межелеуді Қазревком мен Сібревком өзара келісіп жүзеге асырады деп ескертілді. Республикаға, сондай-ақ, Торғай (Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай үйездерімен), Орал (Орал, Ілбішін, Темір, Гурьев үйездерімен) облыстары, Каспий сырты облысының Маңғыстау үйезі, осы облыстағы Красноводск үйезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахан губерниясынан Синеморская болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Теңіз жағалауы округтеріне жапсарлас бұрынғы қазыналық оброк жерлерінің аумағы берілді. Теңіз жағалауы жолағы және Сафронов, Ганюшкин, Николаев болыстары Қазревкомға қаратылды. Астрахан атқару комитеті жанынан халқы аралас облыстардың өзара қарым-қатынастарын мұқият ретке келтіру үшін Қазревком мен Астрахан аткомы өкілдері кіретін комиссия құру көзделді. Ал сол сәтте Түркістан Республикасының құрамында тұрған қазақ территорияларын Қазақ Республикасы құрамына қосу сондағы халықтың ерік-жігері нәтижесінде жүзеге асырылады деп белгіленді.
26 тамыз Декреті бойынша «жергілікті Совдептер, Орталық Атқару Комитеті және Қазақ Социалистік Советтік Республикасының Совнаркомы» Қазақ Республикасының басқару органдары болып табылатын. Осындай құрылымды толық заңдастыру мақсатымен Қазревком 1920 жылғы 4–12 қазанда Қазақстан Советтерінің Құрылтайшы съезін өткізді де, өкілеттігін тоқтатты.
Съезд Қазақ Республикасы еңбекшілері құқтарының декларациясын қабылдады. Декларацияда Ресей Федеративтік Республикасының құрамында Қазақ Автономиялық Республикасының құрылғаны конституциялық тұрғыда жария етілді. Республика азаматтарының негізгі құқтары мен міндеттері, мемлекеттік билік органдары, сайлау жүйесі мен оның принциптері, жер саясаты, соттың ұйымдастырылуы мен қызметінің жүйесі белгіленді. Республиканың жоғарғы билік органдары – Орталық Атқару Комитеті (Қазатком) мен Халық Комиссарлары Кеңесі (Халкомкеңес) сайланды.
Мұның бәрі жұртшылық тарапынан жақсы қабылданды, қазақтың советтік ұлттық мемлекеттілігінің жария болуы отарлық қапастан шыққан халықтың ұлттық жаңғыру жолындағы алғашқы қадамы ретінде бағаланды.
Бірақ, қазақтың ұлттық мемлекеттілігі 1920 жылы жария болды дегенмен, іс жүзінде ұлттық мемлекеттілік үшін күрес ешқашан толастаған жоқ. Республиканың шығысында да, батысында да шекаралар біртіндеп нақтыланып жатты. Қазреспублика аумағында 1921–1923 жылдары үлкен ашаршылық болды. 1924 жылы Орта Азияда жаңаша тұрпатта ұлттық-мемлекеттік жіктеу жүргізілді. Межелеуден соң оңтүстік қазағы жер-суымен республикаға қосылды. Енді Қазақ Республикасы Үлкен Түркістан өлкесінде шаңырақ көтерген мемлекеттік құрылымдардың ішіндегі халқының саны жағынан да, жерінің көлемі жағынан да ең көрнектісіне айналды. Бірақ ол Өзбек, Түрікмен мемлекеттері тәрізді Совет Одағын құрушы одақтас республикалар қатарына жолатылмай, бұрынғысынша, РКФСР құрамында қалдырылды. Сонда Үлкен Қазақстан Кеңестерінің 1925 жылғы 1-ші (жалпы реті бойынша 5-ші) съезінде бұрын жәй ғана жарияланған Қазақ Ұлттық Республикасының енді іс жүзінде құрылғаны жөнінде бар дауыспен атап айтылды. Орысша «киргиз» деп айтылып-жазылып келген халық пен мемлекет атауы ресми түрде «қазақ» атауына алмастырылды. Республиканың ұлттық сипатын нақты іспен тиянақтауды көздейтін бірқатар маңызды қарар қабылданды. Өкінішке қарай, олардың бәрі бірдей большевиктік орталық тарапынан қолдау таппады.
Бұрынғы империяны халық көңілінен шыққан кеңестік билік торымен шырмаған совет өкіметінің құлақ күйін коммунистік партия келтіріп отырғаны мәлім. Ал большевизмнің компартиясы өзінің табиғатынан қатаң орталықтандырылған империялық партия болатын. Тиісінше, оның тактикалық есеппен құрған ұлттық құрылымдарының баршасы коммунистік манифесте тұжырымдалған «жұмысшыларда отан жоқ» қағидасына адалдықпен, әрдайым дүние жүзі пролетарларын бірігуге шақырып ұрандататын. Жергілікті жұрттың таптық тұғырдан титімдей де ауытқымауы сенімді көздер арқылы қатаң қадағаланып тұратын. Осындай идеологиялық ахуалда Қазақстанды басқаруға 1925 жылы жіберілген «көлденең көк атты» жергілікті коммунистердің сана-сезімін, ойлау көкжиегін бір арнаға түсіру, көндікпейтіндерін қызметтен, елден аластау, алашордашы делінетіндермен ымырасыз күресу саясатымен қатар қазақтың ұлттық мүддесіне кереғар солақай реформаларды ойындағыдай жүргізу арқылы республиканы 1931–1933 жылдарғы алапат ашаршылыққа душар етті.
Халықты Ұлттық Апат ұйығына тіреп, жойылуға тақалтқан эмиссардың қателіктерін түзеуге орталық екінші бір «сенімді өкілін» жіберді. Оның басшылығымен ел еңсесін көтерді. Тірі қалған жұртты қайраттандыру, босқандарды елге қайта жинау, құлаған дәстүрлі шаруашылықты жандандыру, әсіресе мәдени революция жасау нәтижелері жұртты сүйсіндірді. Халықты қынадай қырған мемлекеттік қылмыс іздерін бүркемелейтін жаңа тарихи шешім қабылданды. Қазақ Республикасына одақ құрушы мемлекет тәжі кигізілді: 1924 жылы барлық талапқа сай болып тұрғанына қарамастан берілмеген одақтық мәртебе бір мүшелден кейін берілді. Жасанды ашаршылық салдарынан қазағы азшылыққа, бірақ көшпенділіктен кетіп, отырықшыға айналған, биік өнерінің арқасында «қараңғы халық ішіндегі социализм жетістіктерін» айдай әлемге паш еткен салтанаттан соң берілді. Бұл дәрежені аспаннан түскендей етіп 1936 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған КСРО Конституциясы сыйға тартты. 1920 жылғы 26 тамыз Декретінен басталған советтік автономиялық қазақ мемлекеті осылай, 1936 жылғы 5 желтоқсандағы сталиндік Конституция бойынша жаңа сапаға көтеріліп, «республикалар одағын құрушы социалистік тәуелсіз мемлекеттердің біріне» айналды. Бұл кеңестік қазақ мемлекетінің тарихындағы орасан зор белес, ерекше мәнге ие тарихи оқиға еді. Бұл – мемлекеттік тәуелсіздігіміздің 1991 жылғы 16 желтоқсанда конституциялық заңмен бекітілуін мүмкін етіп, 1936 жылы соғылған бекем заңи тұғыр болатын.
Артынша саяси репрессиялар науқаны, екінші жаһандық соғыс, халық шаруашылығын қалпына келтіру, индустрия ошақтарын өркендету, даңқты тың эпопеясы орын алды. Тыңгерлер дейтін романтикалық ат иеленген жаңаша отарлаушылар шалқытқан қоныс-мұхит айдынында оқшау шағын арал іспеттене қарауытқан қазақ ауылдары біртіндеп жалпыадамзаттық ұранға құлап жатты. Халықтың сана-сезімі, мәдениеті өзгерді, орысша сауаты артты, коммунизмге бір тілмен бару арманға айналды. Экономика қауырт өсті, республикада әр он жылда жорымалы түрде бір индустриялы Қазақстан салынып тұрды. Бірақ республиканы соншама ірі жетістіктерге жеткізе тұра, кеңестік биліктің қазақ ұлттық мүддесін шектеуге түсіруі елеусіз қала бермеді: елге теңдік берген сталиндік конституция қабылданғалы бері жарты ғасыр өткенде қазақ жастарының әйгілі Сексен алтыншы жыл желтоқсанындағы саяси көтерілісі орын алды. Тоталитаризм ыдырай бастады...
Тәубе, ұлтымыздың тоталитарлық билік бұрмалауларынан жан-дүниесі сырқырай ауырып, айтып-жеткізгісіз қасірет шегуі өтеусіз қалмады: кеңестік қазақ мемлекеті тәуелсіз даму сынды жаңа сапалық деңгейге ауысуға беттеді. Ауысты. Алға жаңа мақсаттар тартылды. Болашаққа сеніммен беттеу үшін өткен жолды жақсы білу керектігі, әркімнің өзін-өзі тарихпен тәрбиелеуінің маңыздылығы, тоталитаризм бүркемелеген қаралы тарихтан сабақ алуды тәртіпке айналдыру жөн болмағы айқындалды. Ал бұл – мақсатты түрде ілгерілеуге қажет шарт.
Осы орайда 26 тамыз сырына терең бойлап, келе жатқан ғасырлық датасы қарсаңында мемлекеттілігімізді жаңғырту жолындағы күресімізді зерттей түскеніміз дұрыс болар еді. Жетпіс бір жыл өмір сүрген қазақтың кеңестік республикасының бастауына үңіліп, империя жойған ұлттық мемлекеттілігімізді қалпына келтіру, жер-суын, халқын жиып, шек-шекарасын анықтап белгілеу жолында жанын берген азаматтарымыз бен олардың еңбектерін саралау әм әділ бағалау әлі күнге дейін толық зерттелген жоқ. Солардың жанқиярлық қызметтері, мың-сан саяси құрбан, миллиондаған ашаршылық құрбандары біздің тәуелсіздігімізге жол салды, соны осы алдағы бір жылда, советтік қазақ мемлекетінің жүз жылдығына дейін әділ де жан-жақты зерделеуді борышымыз деп ұғайық.
Бейбіт Қойшыбаев,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.
15.08.2019
Abai.kz