Ресейлік алаяқтар 200 миллион теңгені ұрлап кеткен
Ресейлік алаяқтар қазақстандықтардың шоттарынан 200 миллион теңгені ұрлап кеткен. Бұл туралы мәжіліс отырысында ІІМ орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді. Олар азаматтардың банк шоттарына қол жеткізу үшін интернеттегі жарнаманы пайдаланған.
Қазір Қазақстанның ішкі істер министрлігі Ресейде жасалған 42 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
-Интернеттегі жалған жарнамалар арқылы Ресей Федерациясының аумағында белгісіз алаяқтар біздің азаматтарымыздың шоттарындағы ақшаны электронды түрде аударып алған. Қазір 200 миллионға жуық ақша аударылғаны анықталды. Бұл қаржы Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Уфада және тағы басқа қалаларда, - деді Қожаев.
Сонымен қатар, Қожаев бюрократиялық қиындықтарға байланысты бұл істердің ұзаққа созылғанын айтты.
-Біз, Минск конвенциясына сәйкес, ақшаны алып кеткен адамдардың бет-бейнесін көрсетуді сұрадық. Бұл мәселе бойынша, біздің органдардың, прокурорлардың арасындағы келісім екі айға созылды. Қазір бейнені сақтау мерзімі аяқталды, алайда, біз банктердің бейнені мүлде сақтамағанын байқаймыз, - деді Ол.
Abai.kz