Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Қоғам 6657 0 пікір 2 Қараша, 2016 сағат 10:51

ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ – THE REPUBLIC OF QAZAQ!

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан (еліміздің атауы) сөзінің ағылшын тіліндегі транскрипциясын – «Qazaqstan» деп өзгертуге қатысты пікірін білдірді.

Сенат спикері Қазақстан атауының ағылшын тіліндегі нұсқасын «Qazaqstan» деп жазу дұрыс екенін айтып, өзінің «Twitter» желісіндегі жеке парақшасында бөліскен.

«Ағылшын тілінде QAZAQSTAN еліміздің ұлттық негізін дұрыс көрсетпек» дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Айта кетейік, осыған дейін елімізде кейбір банктер «К» әріпінің орнына «Q» әріпін қолдануды бастап кеткен. Тіпті, дәл осы транскрипциямен жұмыс істеп жатқан әуе компаниясы да бар.

Лингвистердің пікірінше, «қ» әріпі ағылшын тілінде «q» (кью) болып жазылады екен. Сәйкесінше «Қазақстан» сөзі «Qazaqstan» деп өзгеруі тиіс-тін. 1940 жылға дейін, Қазақ республикасына кирилица жазуы әлі енбеген кезде ел атауы латын жазуынша «Qazaq»,  «Qazaqstan» деп белгіленген әм жазылған. Ал «Kazakhstan» деген сөз ешқандай да елдік негізді көрсетпейтін, орыс тіліндегі «Казахстан» атауының тікелей транслитерациясы ғана болған.

Сонымен «Qazaqstan» ба, әлде «Kazakhstan» ба? Сарапшылар «Abai.kz» порталына пікір білдірді.

Мұрат Әбенов, Қоғам қайраткері:

-Дұрыс Тоқаевтікі! Əрине Qazaqstan! Тәуелсіздіктің 25 жылында паспорттағы қателікті түзетуге шамамыз жететін шығар?! Қазақ тілінде «қазақ» деп жазылған ғой.Тек әу баста асығыстықпен қате жіберген. Түпкі дұрыс нұсқасы емес, орыс тіліндегі аудармасын жазып жіберген. Әрине, мұны сынап, істейтін басқа дүние жоқтай, ақшаны босқа шашамыз ба дейтіндер де табылады. Айта берсін. Істеу керек. Біртіндеп-біртіндеп ауысамыз.


Қуандық Шамахайұлы, Тәуелсіз журналист:

-Қазақстан атауын латын әрпінде «Q» әрпімен жазғанын өз басым игі қадам санаймын. Себебі, кезінде Алаш көсемдері қазақ атауында осы әріпті қолданған дәстүр бар. Латын әліпбиін қолданған ежелгі үрдісімізде де бар дүние. Сондықтан, алдағы уақытта «Q» әрпімен белгілеуі дұрыс қадам деп білемін. Енді, тағы бір маңызды мәселе бар. Ол еліміздің атауындағы "стан" деген артық буынды алып тастау. Себебі, Батыс елдеріне барғанда бек әуреге түсесің. Сені Ауғанстан, Пәкстаннан келгендермен шатастырады. Әрі беріден соң лаңкес топтардан екен деп күдіктеніп жатса, оған да таң қалуға болмас. Осы себептен алдағы уақытта біз әлемде «Qazaq» елі атауымен қалыптасуымыз қажет.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

-Бұл өте орынды ұсыныс. Негізі 90-жылдардан бері біздің түрлі мамандарымыз, сарапшыларымыз дәл осы мәселені көтерген. Болатхан ағаларымыз бастамашы болған еді. Ел атауының жазылуында орыс тілінің негізге алынғандығы туралы сан рет айтылды. Мемлекетіміздің атауы түрліше жазылып келді. Мысалы, 1999 жылға дейін «Казакстан» деп жазылып келді. Сол кездегі паспорттар, құжаттар әлі күнге дейін қолданыста бар. Одан кейін орысшаға сүйеніп «Казахстан» деп жазылды. Мұндай түсініспеушіліктер ішінара болды, оның жасыратыны жоқ. Ал енді мұны түбегейлі өзгертетін  уақыт жетті. Арада 25 жыл өткеннен кейін бұл мәселенің қайта көтеріліп отырғаны дұрыс. Кеш те болса, жіберілген қателікті түзетуіміз керек.  Байқасаңыз, біздегі кейбір банктер, компаниялар осы үрдіске көше бастады.  Егемендік алған 25 жылда бүкіл әлемге Мемлекетіміздің атын «Kazakhstan» деп жазып келдік қой. Қате екенін мойындағанымыз дұрыс.  

Ал «Қ» әріпіне тоқталар болсақ, әлемдік практикада «Қ» әріпі бар. Мысалы Араб мемлекеттерінде барлық  «Қ» әріптерін «Q»-мен белгілейді. Бұл Халықаралық стандартқа да сәйкес. Мысалы, «Қатар» Мемлекеті «Qatar» деп жазылады немесе Құранды да «Q»-МЕН белгілейді. Сондықтан, біздің де осы стандартқа ауысатын кезіміз келді. Оның үстіне халықтың сұранысы бар. Одан кейінгі мәселе Мемлекет атауынан «стан» деген тіркемені алып тастау. Әрине, бірден қабылдана салар шаруа емес.  Ойланып барып шешім шығаратын, пысықтап, жан-жақты келісетін мәселе. Сондықтан бұл жерде қоғамдық талқылаулар болуы керек. «Қазақ» атауы дұрысы. Қазақ Республикасы – The Republic of Qazaq! «Стан» деген атаудың өзі кей кездері үлкен шатасуларға алып келеді. «Қазақ» бір бөлек, «Қазақстан» бір бөлек. Орыс тілділер «Қазақстан» дейді, қазақ тілділер «қазақ» дейді. Ақыры бұл  қоғамның екіге жарылуына себепкер болады. Қазақ мемлекеті болған соң, қазақтың байырғы жері болған соң «Қазақ Республикасы» болуы керек-ақ. Тіпті 1991 жылға дейін біздің атауымыз «Қазақ Республикасы» болды ғой. «Стан» деген сөздің өзі «Мемлекет» деген мағына береді ғой. Сондықтан бұл қайталама. «Қазақстан» деген сөзі тура аударатын болсақ «Қазақ жері Республикасы» болады.

Дайындаған Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz



0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1534
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006