Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 15585 1 пікір 10 Қыркүйек, 2015 сағат 10:31

ХАН КЕНЕНІ МАХАМБЕТ НЕГЕ ӨЛТІРМЕК БОЛДЫ?

 

1844 жылдың ақпанында Ұлытаудың Жездікеңгір-Ақшиде қыстап отырған хан Кененің ордасына есауыл Сотников отряды тұтқиылдан шабуыл жасады. Хан Кене екінші әйелі Жаңылмен  Найманның ішіндегі Балталы-Бағналы еліне балалары Омар, Оспан, Әбубәкір, Садық, Шағайды нағашылатып, келесі жылға сарбаз жинау қамымен кеткен-ді.

 Ханның жоғын пайдаланып жазалаушы отряд жүзден астам төлеңгіттерді өлтіріп, дүние мүлікті тонап ханның бәйбішесі Күнімжанды тұтқындады. Кіші баласы Ахмет қашып құтылады (үлкені Жапар жастай өлген. Ортаншысы Тайшық Жүлек түбіндегі соғыста қаза тапқан). Отызшақты Күнімжан мен Жаңылдың күтуші қыз-келіншектері қоса айдалып әуелі Көкшетауға, одан кейін Омбыға жеткізіледі.

Бұл хабарды естіген Орынбор генерал-губернаторы В.А. Обручев Кенесары ханды ұстау үшін, тым болмаса келісімге келтіру үшін Күнімжанды Ор бекінісіне алдырады. Кенесарыға хат жазып екі араға елшілік жүргізіп, бірінші есауыл Долговты, келесіде поручик Гернді жібереді. Хан Кене орыс елшілерін өзі қабылдамай сенімді адамдары Шоқпар мен Сейдақ қожаны сөйлестіріп губернатордың қандай тасырмалармен жібергенін біліп отырды. Айтқандарын ой сарабына салып түбегейлі келісімге келмеді. Күнімжанның, оның күтушілерінің күтімі жақсы екенін айтса да, елшілерге рахметін айтып Обручевтің ығына жығылмады.

Сәтсіз басталған жылан жылы қалың жауған қардың көбесі сөгілмей беті мұздақтанып «сәуір болмай тәуір болмас» деп сәуірдің ортасынан асқанша жатып алды. Солтүстіктен соққан жел де азынап қардың ызғарымен қол аяқты бүрістіріп, шапанның үстіне шапан кигізіп қолтықты жаздырмай қойса, күн көзі түнеріп шуақтанбады. Хан ауылы қысқа қанша дайындыпен келсе де, отын таусылып, ерітіп ішіп отырған қар суы да сарғыштанып ыстық шәйдің де берекесі кетіп, асылған астың да дәмі кермек тартып тәбетті ашпайды. Биыл қайда көшіп, қайда қонарын білмей аңыраған төлеңгіттер, малшы жалшылар қайда көшсек те, ертерек қоныс аударсақ екен деп хан ордасынан қандай жаңалық боларына құлақтары түрулі еді.

Көші қон мәселесін ақылдасып батырлары, кеңесші билері Балқаштан төмен хан тауына қарай жақындасақ дегенді айтса Табынның Жоламан батыры ел сирек қоныстанған Мұғаджар тауына қарай ойыссақ қайтеді деген ойын айтып қалғанда Кенесары ханның көзінің оты жылт ете қалып Жоламан батырға қарап:

- Менің көптен ойымда жүрген сырым еді. Алшын, Жаппас, Жағалбайлы, Шекті, Тамалардан сыр тартып соңымыздан ертсек қоқандықтардың бетін қайтарып, жерімізді тазартатын үлкен күшке айналарымыз хақ. Қоқандықтарға деген олардың да ызасы бар. Осы дұрыс шешім болар, - деді түксиген қабағын жазбаған Кенесары.

Сәуірдің аяғында тоң жібіп, қар еріп жер кеберсіген кезде Қыпшақтың Балғожа биі өзінің «Сарымсақты» деген жайлауына, хан Кененің ордасына жақындап 20-30 шақырым жерге көшіп қонды. Ескі достың жақындағанын пайдаланып Қыпшақ-Иман, Тама-Құрман батырға азғана серіктерімен жол бастатып, Сейдақ қожаны арнайы тапсырмамен жіберді. «Қоқандықтарға қарсы жол жүргелі отырмыз. Бізге 500 жасақ қосын берсін» деген сәлемін жеткіздіртеді. Бұрынғы сіз біз десіп жүрген Балғожа би «Орыс патшасына берген антым бар, Кенесарыға беретін жасағым жоқ» деп келген елшілікті ауыздарын қу шөппен сүртіп кері қайтарады. Аттан түскен адамдарды ерулік беріп, қонақ та жасамады. Сейдақ қожаның сөзін естіп ашуланған хан Кене Балғожа бидің бермесін біле тұра, астындағы «Кертаңдақ» жүйрігін сұратып жаушы жібереді. Балғожа би бұрынғыдан да қатты кетіп «Атасы Абылай хан тіріліп келсе де бермеймін» деп қайтарады. Күнімжан кеткелі ашуы тарқамай, ызаға булығып жүрген хан Кене Балғожа бидің ауылын шаптырып, жылқысын айдатып алмаққа қыпшақ руының жігіттерін араластырмай, қолды өзі бастап үйлерін бұздырып, сабақты жібін қалдырмай тінттіріп, түйеге арттырып жатқанын төбенің басынан қарап тұрған адамды көрсетіп:

- Хан ием, анау қарап тұрған адамды қол-аяғын байлап алдыңызға алып келейін бе? - деген сарбазына хан Кене:

- Ол, Балғожа би ғой. Астындағы «Кертаңдақ» атына сеніп қарап тұрған, саған да, басқаға да жеткізбейді. Ауылын шауып алғанымыздың өзі олжа, - деп жібермеді.

Көш аттанарда жиналып состиып тұрған адамдардың арасынан қолаң шашы төгілген Балғожа бидің қызы суырылып шығып ханға қарсы жүрді. Алдын кес-кестеген жасақтарға да тоқтамай, қамшы үйірген хан нөкерлеріне де бет бақтырмай, жүрісін тоқтатпады. Күштеп қолын бұрап тоқтатқан сарбаздарға хан Кене:

- Жіберіңдер - деп зәрлі үн қатты. Хан алдына келген қыз именбестен:

- Мәртебелі, хан ием! Мен туғанда әкем екеуіңіз достық қарым қатнаста едіңіздер. «Мына балам дүниеге келіпті, қандай көрімдік берсем лайықты болар» депсіз. Әкем:

- Хан ием, балам есейгенде көрімдігін өзі сұрап алар депті. Мен сол көрімдікті сұрай келдім.

- Айт, шырағым. Қалағаныңды беремін. Хан екі сөйлемейді.

- Ханның екі сөйлемейтіні рас болса, Балғожа бидің ордасы қайта тігілсін. Дүние мүлік жиған тергені қайтарылсын. Тұтқындар босатылып, шал кемпірлердің көз жасы тиылсын. Қарғысымызды қайтып алып, ауыл қайта түлеп, түтінімізді қайта түтетіп мамыра жай күн кешейік.

Хан шынында да екі сөзге келмеді. Мәрттік деген осы емес пе? Қанша ашу-ызамен келсе де берген уәдесінен айнымай ауыл қаз қалпына келтіріліп, жылқылар қайтарылып, хан Кене үн түнсіз кері қайтты. Бәрін көріп тұрған Балғожа би ауылдың қайта тігілгеніне аң-таң болып, ақылы жетпей «енді не жасамақшы» деген оймен төмен сайға қарай түсіп қатты шабыспен қарама қарсы қырдың астынан шығып, Кенесары қолының ұзап кеткенін байқап ордасына оралды.

Тұтқындаудан ештеңе шықпайтынын білген Обручев 1845 жылы мамыр айында мол сыйлықпен, алып кеткен қыз-келіншектерін түгелдей дүние мүлкін қайтарып, бермек болды. Ондағы ойы Күнімжан өзінің жақсы күтімде болғанын айтса, Кенесары райынан қайтып, Абылай атасының кезіндегі шегара шеңберін сұрамас, бекіністерге шабуыл жасамас, орыс патшалығын қолдаған сұлтан, төре-билерге тиіспес деп ойлады.

Алыстан көрінген 4-5 күймелі арба, оншақты аттылы солдаттардың алдынан шыққан күзетшілер Күнімжан мен қыз-келіншектрді танып  арба тоқтағанда амандасып үлгерді. Ордаға қайта шапқан күзетшілер «сүйіншілеп» шапқандарын көрген Кенесары жүрегі бір жақсылықты сезгендей есік алдына шығып көзін көлегейлеп тұрғанда «Күнімжан келе жатыр» деп айқайлап үлгерді. Ауыл жас келін түсіретіндей болып топ-тобымен алдынан шықты. Күнімжанның аман сау келген қуанышына мал сойылып, қазан көтеріліп, еріксіз жиын тойға айналды. Хан Кене де бәйбішесін сағынып қалған екен, көкті жаңғыртып көңілденген елге қабақ шытпай бәйбішесінің алды босаған кезде көрісіп құшақтасып емен жарқын қарсы алды. Бәйбішесін алып келген поручик Гернді жолдастарымен бөлек киіз үйге түсіртіп, тамақтандырып күтіп алуды тапсырды. Ертеңіне поручик Герннің қасындағы өзінің ескі танысы Алмат Тобабергенов деген қожаны шақыртып алып:

- Бәйбішемді әкеп бергендеріңе рахмет. Генерал губернаторға да осыны айт. Қазақ жеріндегі бекіністеріңді алмай, шегара тұтастығымызды сақтамай мен сендермен достаса алмаймын.

Поручик  Гернді шығарып саларда күймелі арбаларына сый ретінде бергізген, бес жылқыны қосақтатып шегерадан аман-есен өткізіп қайтқан күзетшілер «Кенесары хан бетінен қайтпады» деп әңгімелеп бара жатқан керуен басы Алматтың сөзін хан Кенеге жеткізіп келді.

Күнімжанның аман-есен келген қуанышын естіген Балғожа би өткен жылғы шапқыншылықтың арты жақсылыққа айналып, ханның мәрттігіне ризаланып, арнайы дайындықтан соң қызын нөкерлер қосып беріп  ханды қонаққа шақыртты. Танымайтын қыздың хан ордасына еркін келгеніне таңданған күзетшілер ханға хабар беріп «кірсін» деген ұлықсатын алып кіргізді. Қызды бірден таныған Кенесарының бәйбішесі Күнімжан қыз бала болған соң қолымен нұсқап өзінен жоғарғы орынды ұсынды. Хан алдында өткендегі ұзын қою қара шашын жайып тастап, қасқайып тұрып сөйлеген жалаңаш қыз хан жүрегін бір шымшып өтсе де міз баққан жоқ. «Неге келді?» деп іштей таңырқап кезекті Күнімжанға бергендей үн шығармай сіресіп қалды. Қыз ұяңдығын сақтап биязы қалпында дастархан басына отырды. Сапырылған қымыз құйылған сырлы тостақты Балғожаның қызы Назеркеге Күнімжан өзі ұсынып  «ауыл, елің аман ба?» деген қысқа сұраққа бас изеп қана жауап берді. Төрде құс жастықта жантайып жатқан орда иесінен үн шықпай, қымыз құйылған тостағын да босатып алдынан ұзатпады. Үнсіздікті бұзған Күнімжан:

- Шаруаңды айта отыр, – деп қызға бұрылды.

- Шаруам, хан иемізді, сіздің аман-есен келген қуанышыңызды бөлісіп қонаққа шақыра келдім. Мойынын оқыс бұрып қыздың бетіне қараған хан Кене:

- Орыс патшасына ант берген қыпшақтың үйіне бармаймын - деп құс жастықтың үстіне тағы бір жастықты қойып, шапанының етегін тізесіне қарай тартып  «Балғожаның бұнысы несі?» деп ойланып қалды.

- Орыс патшасына ант берген Балғожа би шақырып отырған жоқ. Елдің азаттығын аңсаған, амандығын тілеген, сіздің мәрттігіңізге бас иген мен шақырып отырмын. Қыздың сөзін қоштаған Күнімжан:

- Төрем, қабағыңды аш, қыз басымен келіп отырғанда ашылып сөйлессеңіз қайтеді?.

- Өткенде, ашылып сөйлеп, мал-жанын, дүние-мүлкін түгелдетіп бергенмін.

- Хан ием, сөзіңіз аузыңызда сол жасаған жақсылығыңызға Құдай алдындағы ризашылығымды білдірейін, өз қолымнан дәм татырайын, - деп келдім.

-  Әкең қайда? - деп дүрс ете қалды.

-  Мен әкемнің ризашылығымен келдім. Сіздің мәрттігіңізге басын иіп күтіп отыр. Күнімжан бәйбіше сөзге араласып:

-  Төрем, «ер шекіспей бекіспейді» деген. Бір қаталық кеткенін мойындап отырған шығар, барғаныңыз жөн.

- Жарайды. Болмадың ғой. Бүгін күн сәрсенбі. Жұма күні түстікке барайық.

- Рахмет, хан ием. Назерке алдындағы сырлы тостақтағы қымызды түгесті де, жүруге ұлықсат сұрап, орынынан тұрды.

Дастархан жиналып аяғын кеңге созған хан Кене шаңыраққа ұзақ қарап жатып ойға шомған бойы «Күнімжан» деп дыбыстады. Сырттан кірген бәйбішесі:

- О, не болды, Төрем?

- Мынау не шақырыс, түсіне алмай жатырмын. Балғожа «Кертаңдақ» жүйрігін бермейді. Ол басы ашық әңгіме. Қызының қонағы болып барсақ, сен құр қол барма! Әбдіраңнан бір тайтұяқ алтын ал. Қыздар киетін киім кешек ал. Сол біздің туғандағы көрімдігіміз болсын.

- Мынауыңыз жақсы мырзалық қой. Хан атағыңызға лайықты, - деп ризашылық білдірді, Күнімжан.

Жұма күні батырлардың ешқайсын ертпей оншақты төлеңгіт-жасақ алып сәске түске қарай Балғожа бидің ауылына келді. Бөлек тігілген сәнді, ақшаңқан үйге бұрылғанда, алдынан қос етек, ақ жібек көйлегінің сыртынан жеңіл, ұзын етекті мауыты күміс алқалы, жеңсіз камзол киген Назерке, білектей қос бұрымын алдына салып бұрала толқып қарсы шықты. Мама ағашқа аттарын байлаған хан Кене мен Күнімжанға күліп «хош келдіңіздер» деп сәлем беріп үйге қарай бастады. Төлеңгіттерді күтіп алған жігіттер арнайы тігілген үйге беттетіп аттарды жетектеп барып жайғасты.

              Үш қабат жұмсақ көрпенің  екі жағында қос-қостан құс жастық қойылған ортаға хан Кене жайғасып, аяғын ала жайылған қос қабат көрпеге Күнімжан бәйбішесі етегін жаба  қос тізерлеп отырды. Хан Кене жайғасты-ау деген кезде Балғожа би келіп кірді. Қос қолын төсіне қойып иіліп «Ассалаумағалейкүм, хан ием» деп сәлем беріп оң жақтағы бос орынға жайғасты. Хан ұсынбаған қолға, би де қол ұсынып мезет жасамай бір шама уақыт үнсіздік қалыптасты. Өткендегі, күйеуі хан Кене бидің ауылын шауып, шаңырағын ортасына түсіріп кеткенінен хабары жоқтай үнсіздікті Күнімжан бұзып:

            - Төрем, сәлемнің жауабы болмаушы ма еді? Қабағыңыз жазылмай отыр?

Ханның жауабын күтпей Балғожа би:

            - Хан ием, орысқа берген антыңды бұзбадың деген айып тағып жау көрсең «кессең бас мінеки» деп басын төмен иді. Басын көтеріп алған соң үш-төрт жас үлкендігін білдіріп «сен» деп сөйлеп, нәрестеге берген сертіңді бұзбай сен де келіп отырсың. Уәде Құдайдың сөзі екені рас болғаны ғой. Мен де уәдені бұзбадым. Ел билеген төрелеріңді Ақмоладағы Қоңырқұлжаны, Аманқарағайдағы Шыңғыс төрені, Шапраштыдағы Сүйік төрені, Бөлен, Әли, Барақ төрелерді, Орта жүздегі ел билеп отырған 22 төре, Есеней, Құнанбайы бар 16 биді бір қамшының астына иіріп, елді, жерді келімсектерден босатамын деп қол бастасаң Қыпшақтан бір түмен емес, екі түмен әскер шығарып басында өзім тұрамын. Көзі жайнап бетіне жалт қараған хан Кене оң қолын созды. Екі оң қол қабысып көңіл тазарып, бірін-бірі кешіргендей қабақтары жадырап сала берді.

            Осы сәтті күтіп тұрғандай Назерке иісі бұрқыраған бір шара қымызды алпамсадай жігітке көтертіп жайылған дастарханның, өз шешесі отырған жақ жиегіне қойғызды. Қыпшақ даласының тобылғысымен ысталған қымыздың иісі күндегі қымыздан өзгеше жұпарланып мұрынды жарып барады. Назерке өзі сапыра құйып, сырлы тостақпен ұсынылған қымызды хан да, би де тоқтаусыз сіміріп, қайта ұсынды. Екі-үш кезектен кейін бойлары жадырап, құрыс тұрысы тарқаған хан мен бидің сөздері жарасып жер жағдайын, ел жағдайын әңгімелей отырғанда Кенесры:

«Кешегі бір тудың астына біріккен 20 мың әскерді орыстар секілді тұрақты ұстаудың жолын қарастырып, зеңбірек құйғызып, мылтық соқтыратын ұстаханалар ашуды орыс көзінен таса жерге, Балқаш, Бетбақдала бойына оналастыруды жөн көріп отырғанын айтты. Сәті түссе Кіші жүз  жағына қоныс аударып қыс қыстап, жаз жайлап қайтсам Жаппас, Жағалбайлы, Шекті, Тама, Табын руларынан, арғы жағындағы Әлім, Беріш, Байұлы  «Кіші жүздің баласын найза беріп жауға қой» деген ел емес пе, бес алты мың қол жиналса Сырдария, Арыс, Шымкент, Әулиеата, Меркіге дейінгі жерлерді Созақты тазалағандай қоқандықтарды қуып шықсақ, қазақ емін еркін өмір сүреді емес пе?» деген хан Кененің сөзін ықласпен тыңдап, қоштап отырды.

              Сүт татыған, семіз жас құлынның еті де дайын болып табақ тартылды. Түрегеліп малдас құрып отырған хан Кенеге екі жарылған шекені, кішкене табаққа салып алдына қойды. Өз кезегінде жарты шекені алып Балғожа биге ұсынғанда рахметін айтып қолынан алып алдына алды. Төлеңгіт-жасақтарға тай сойылып, піскен етін алдына алып мәре-сәре қымызға тойып алғанда арандары ашылып қауқылдасқан қатты үндері еміс-еміс хан отырған үйге де естіліп жатты. Балғожа би жайма қамырдың үстіне жапырақтап турап төбе болып үйілген еттің қазы қартасын қосып, көп аса кездесе бермейтін пиязды, майлы тұздықты жағалай құйып шықты да «ал, хан ием, дәм алайық» деп ықылас білдірді. «Әмин» деген хан Кене бірінші болып қол салды.

            - Мына тамақ сенің ақылыңмен жасалған тамақ па? Әлде Назеркенің өзінің жасаған тамағы ма?

Іштей разы болып отырған Балғожаның бәйбішесі:

            - Біздің Назерке тамақ жасаудың шебері ғой. Ризалығыңызды сезіп отырмын. Әкесі «хан Кене сенің де әкең, шілдеханаңды бірге тойлағанбыз» деп құлағына құйып отырды емес пе? Әкеме өз қолыммен тамақ жасаймын деп аспаздарды да араластырмады. Месті де өзі ыстатып, пісуді де қадағалап түн ұйқысын төрт бөлгендей болды. Сіздің келуіңізбен еңбегі қайтты, - деп ұзағынан сөйлеп тоқтады.

Қарпып-қарпып үш-төрт асағаннан кейін Назеркеге қарап:

            - Бұл да болса шешеңнің тәрбиесі, ақыл парасатыңның пісіп жетілгені. Рахмет, айналайын. Саған деген сыйлығымызды Күнімжан берер. Өте дәмді пісірілген екен.

            Ас қайырылып қол жуылған соң екі бәйбіше сыртқа шығып хан мен би бірін бірі еркін сезінгенде Балғожа би сөзін жалғастырып:

       - 1841 жылы Созақты алған, Ақмоланы шапқан 20 мың  әскерді тұрақтандырып жылда жаңарта, толықтырып отырғанда қазір 50 болмаса да 40 мың әскер болатын еді. Қазір сізден сырт айналып жүрген, орыстанып үлгерген аға сұлтандар «ләппәй тақсыр» деп қанатыңыздың астынан шықпасынан мен кепіл. Өз басымнан өткеріп отырмын. Енді, Кіші жүзді ауызға алып қапсыз қоқанмен соғысты қоя тұрып сарбаз жинап, Ұлы жүзді қамтып Перовскиге Обручевке жазған хаттарыңыздың негізінде ішке кіріп кеткен орыс отрядтарын алып кетуді, бекініс салмауды ескертсеңіз соғыссыз да келісімге келер. Абылай атаңыз ұстанған тепе-теңдікті қалпына келтіруге болар. Оған қоса соғыс құралын өзіміз шығарсақ деген ойыңыз құптарлық. Орыстардың тапқан темір терсегі өзімізден де табылар. Тек тілін білетін адам керек. Оны орыстардан іздеген дұрыс. Жер аударылған, орыс патшасына қарсылық танытып қашып пұшып жүрген орыстар көп, сұрау салсақ табылып қалар. Қыпшақ даласы кең, ұстахана салдыратын жерлер көп. Кіші жүзге жүрем деп отырсыз. Алла жолыңыздың сәтін салсын. Амандықпен оралыңыз.

            Күн кешкіріп қалғанын ескеріп хан Кене «жол ақысы жүрсе бітеді, біз жүрейік» дегенді ескертті. Күнімжан кішкене қоржындағы ала келген сый-сияпатын шығарып «мынау апаңа деген көйлек жаулық, мынау әкеңе деген сусар бөрік, мынау шілдеханаңда берілетін көрімдік еді, бойжеткенде бұйырып отыр. Мына тайтұяқ алтын бесігіңнің сыбағасы, қажетіңе жарат. Мынау көйлек, камзол, шапан бөркің бір киерлік киімің болсын, қарағым! Жастай үйреніскен жекжаттар едік, игіліктеріңе жарасын» деп хан Кенеге қарап «Әмин» деңіз деп алақанын жайды. Жақсы бата беріліп көңіл күйлері ашылып көз жауын алған алдағы дүние жиналмай тұрып Балғожаның бәйбішесі сары алтындай жарқыраған алтайы қызыл түлкінің бес-бестен тұмсығынан тізілген 20 терісін, қара бұлғынның 10 терісін әкеліп көлденең қойды. Сөзді Балғожаның өзі бастап:

            - Хан ием, қанша қабыссақ та, табыссақ та, «өкпеге қисақта, өлімге қимайтын қазақ емеспіз бе?». Бірімізді біріміз танығалы Есенгелді, Саржандардың заманы еді. Әттең, не керек жастай кетті. Одан ат тізгінін өзің ұстап, ақ киізбен хан көтерілгелі қату болайық, тату болайық арамыз үзілген жоқ. Жаңағы айтқан ойларыңыз бүкіл қазақты аяғынан тік көтеретініне сенемін. Мен өткенде балам Ыбырайдың оқуына байланысты Орынборға барып қайттым. Казарма дегеніңіз ұзыннан ұзақ қора көрінеді, екі жағында темір кереует ортасында екі пеш 40 солдат орналасқан. Арғынның Балта деген батыры 12 жыл тұрып, орыспен тату тәтті болып қаланы қазақыландырып кетіпті. 10-15 мың қазақтың Арғын, Найман, Қыпшақ, Шөмекей, Адай, Табын, Тама, Жаппас, Жағалбайлы  дейсің бе бәрі бар. Мені кезек-кезек 3-4 күн қонақ етті. Бәрінің жаппа үйлері бар. Әлдемділері кәкірейген үлкен үй салып алған. Мыс, темір қорытатын қазандықтарда, тұз өндіретін  үңгірлерде жұмыс істеп ақша табатын кәсіптері бар. Сол жердегі орыстардан білімі бар, көзі ашықтарын жергілікті қазақтар арқылы үгіттеп көшіріп алуға болар. Оларға егін егетін жер болса бірді-екілі сиыры, қой ешкісі болса өз күндерін өздері көретін көрінеді.

            Балғожа би төгіле сөйлеп хан Кененің бетін бері қаратқан сыңайлы. Бет көріспей кететін жерден қызы Назеркенің тапқырлығы себеп болды ма, әлде хан Кененің осы жолдан  қайтпайтынына Құдай аян берді ме пейілі кеңіп сала берді. Өзі қолтықтап атқа мінгізіп, қызы мен екеуі қозы көш жерге шығарып салып «менде қарап жатпаспын тілім жеткен жерге сенің оң ісіңді дәрежелей жүрермін. Орыс келсе қару асынбай, елді үркітпей, бекініс салып дараланбай жалдамалы жұмысшы болып келуіне күш салып, ауызбірлікте болуды төре-билермен ақылдасып, тұрақты әскер ұстап сес көрсетпей орыстың көз алартқаны тоқталмайтынына сендіре жүрермін, - деп құшақтасып қоштасты. Назерке де Күнімжанмен жылы қоштасып «хан Кененің өкпе наз артпай, мені баласынбай шақырғаныма келгеніне рахмет» айтып, әкесімен екеуінің тіл табысқанын мақтаныш тұта, би мен ханның табысқанына өз үлесін қосқанына мәртебесі өсіп, хан Кенеге нәзік қолын ұсынып тұрып қош айтысып, әкесі мен екеуі көтеріңкі көңілмен қайтты.

            Хан Кене Балғожа би ауылынан қанша көңілденіп қайтса да сыртқа сырын шығармайтын қаталдығынан қайда барып, қайдан келгені белгісіз. Жанына ерген төлеңгіттері Қараүлектей «мылқау» олардан ешкім сөз сұрамайды. Әрі хатшы, әрі би Шоқпар мен Сайдақ қожаны, бас батырлардан Ағыбай, Жоламан, Байтабынды шақырып алып Орданы Мұғаджар тауының бұлағы көп Боқтыбай биігінің күнгей жағына көшіруге дайындатты. Онысы Кіші жүз руларының көпшілігі Мұғадажар тауын сағалап көшіп қонып жүретін. Биыл хан Кене алдын ала жасауылдар жіберіп «хан ордасы» келетінін жариялатып «Әбілхайыр хан жазығына» жапсарлас жатқан Жаппас, Жағалбайлы, Шекті, Табын руларын әрі қарай Ойыл, Қиыл, Жем, Сағызға қарай ойыстырды. Хан Кене ордасын көшіріп жіберіп хан шаруашылығын басқаратын Бәсентиын-Қаңлыбай батырды шақырып алып:

            - Сауын биелерге қосып жылқы сиырдан 2 мың басты көшпен бірге айдатасың.  Қалған алты мың бас жылқыны, қолдағы бар сиырыңды, түйеңді, қойыңды Хан тауының етегіне, құмдағы қалың сексеуілге қарай өрістетіп біз қайтқанша сол жерде боласың. Жалшы-малшыларыңды, 150 үй бола ма барлығын тастап кетемін. Сарбаз керек қылсаң 200 үй төлеңгітті жүзбасы етіп батырлардың біреуін таңдап ал. Бала шағасы көп Жанайдар батырдың қалғаны дұрыс болар, - деп ойлаймын деген сөзін мұқият тыңдап, артық ауыз сөз қоспады.

            Сыртта үйлер жығылып, түйеге артылып алды ұзай бастады. Жоламан, Байтабын, Ағыбай батырдың айтуымен көш лезде-ақ сән түзеп алды арты жинақталып екі қатардан сап түзеп бірімен-бірі әңгімелесіп барады. Көштің екі жағын Иман, Бұқарбай, Бұғыбай, Жәуке, Мыңбай, Құрман батырлар бастаған сарбаздар найзалары күнге жарқырап көптен бері құрысқан тақымдары жазылып бірде желіп, бірде шоқытып әзіл күлкілері жарқын-жарқын естіліп келеді.

            Қос-қос түйе жеккен, жиектері көтеріліп жұмсақ жусанның үстіне кілем төселінген, екі жалпақ арбада құндақтаулы балалары бар жас әйелдер. Алдағы шолғыншылардың төте жолды анықтауымен өндіре жүріп келеді. Ханның айтуынша екі ерулік жасап, қазан көтеріп, қымызбен сусындап биелерді екі сауып, меске құйып жүрісті жалғастыру табысталған. Үшінші ерулік Мұғаджардағы Боқтыбай биігінің күнгейіне жетіп қоныстанып шаңырақ көтеру. Айтса айтқандай үшінші күні келіп хан ордасын тігіп, шаңырақтарын биіктете көтертті. Бұл жазыққа Әбілхайыр заманынан бері Орда тігіліп би-батырлар кеңесі, саясат сараптамасы өтпеген. Көздің жауын алардай ақ шаңқан үйлер хан ордасынан алысырақ тігіліп, кешкі абыр-сабыры мазаны алмайтындай етіліп ойластырылған.

            Келгендеріне айдың жүзі болса да «хан ордасы» көшіп келіпті, барып сәлемдесіп шығайық деген пенде болмады. Бәрі тым тырыс. Ең жақын отырған ру, Жаппас елі. Азаматтары көп, басқа рулардан мал саны да  артық. Хан Кене Наурызбаймен мен Байтабын батырды шақырып алып:

            - Жаппастардың мына үнсіздіктері тегін емес. 100 сарбаз алып  жаппастықтар қоқандықтарға қарсы жорыққа 1000 сарбаз, 40 бас малға 1 бас мал зекет берсін. Соны ру басшыларына жеткізіп орындалуын қамтамасыз етіңдер.

            - Орындайды, орындатамыз - деген Наурызбай батыр өзінің мыңдығынан жүз сарбаз алып Байтабын батыр екеуі аттанып кетті.

            Жаппастықтар да үрікпей, дүркіремей қарсы алып үй-үге бөліп құрметті қонақ  етіп күтіп алды. Мал сойылып келген қонақтарға тігілген үйлер ара қатынасын алыстатып,  Наурызбай мен Байтабынға жеке-жеке бөлек үй тігіліп, қыз-келіншек жинап ойын сауық ұйымдастырды. Ертеңіне ауыл ақсақалдары жиналып кеңес өткізіп  салықтарының тым ауыр екенін айтып, сарбаздыққа берер жігіттерінің жоқ екенін ескертпекке, 500 жылқымен қанағаттансын деген шешімге келіп алдаусыратып қойды. Бұған келіспесе Құдайдың салғанын көріп алармыз дегенге пәтуаласып, екі батырға құлақ қағыс жасап көріп еді, «хан оған келіспейді» дегенді айтты. Онда ру басылары басқа шешімге тоқтап, жиналып ханға қарсы тұруды дұрыс көрді. Ақылдасуға кеткен болып астыртын 100 жігітті жоюдың әдіс-айласын тауып, түнгі ұйқыда барлығын бауыздап тастауды ұйғарды.  Батыр әлдемді дегендерінің қойынына қыз салып сорпаға у қосып беріп ұйықтатты. Байтабын батырды бауыздап өлтіріп, Наурызбайға келгенде қасында жатқан қыз «жел тұрып, айнала сатырлап кетті» деп белгі беріп, ұйқысы қатты Наурызбайды оятып үлгерді. Іргесіне тығып қойған қылышын алып, жылдам киініп, керегенің киізін тіліп, қайысын кесіп арасын ажыратып сыртқа шықты. Абыр-сабырдан ұйқысы ашылып қарсы келген жігітті атынан аударып мініп, айнала шауып Байтабынды іздеді. Өліп жатқанын біліп алды-артына қарамай хан ордасына шапты. 100 жігіттен 5 жігіттің тірі қалғанынан хабар алғаннан кейін ызаға булыққан хан Кене Ағыбай, Иман бастаған бес жүз сарбазды бастап аттанды. Жаппас руының басынан кіріп аяғынан бір-ақ шығып, қанға бөктіріп Байтабынның кегі үшін еркек кіндік қалдырмасқа ойран топырын шығарды. Түнгі «қанды қасапты» ұйымдастырған Жанғабыл биді таппай Алтыбай биді, інісімен екеуін сұраққа алып  «сарбаз, зекет бермейміз, сен біздің ханымыз емессің» деген сөзі үшін сексеуіл, қамыс жақтырып  «Байтабынды бауыздатқан сенсің» деп тірідей, елдің көзінше қол аяғын байлатып  жалындап жанып жатқан отқа тастатты.

Жапсарлас Шекті руы атқа қонып көмекке келгенше жылаған қатын қалаш пен бала шаға қалды. 95 сарбаздарын Желқуар өзенінің қыратты жағасына бауырлас бейітін қаздырып көмдіріп, жылқыларын қуып, қой, сиырларын отарымен, табынымен айдатты. Байтабынның денесін алып келіп, хан ордсы үш күн аза тұтып, Боқтыбай тауының биік төбесіне арулап жерледі. Шекті руы түгелдей атқа қонып жан жаққа сауын айтып жатыр дегенді естіп хан Кене «оларды ауылға келтіртпей, ұясында басайық» деп жылдамдатып, Кіші жүз жігіттерін ауылда қалдырып 500 сарбазбен айқай шусыз, ұрандамай келіп ру басыларын, билерін жинап келісімге келтіруге жиын өткізді. 40 бас малға 1 бас малдан зекет беруді, егіннің оннан бір бөлігін беруді міндеттеп, қазақ жерін Меркеден бастап Самархандқа дейін қоқандықтардан тазалау керектігін айтып түтін салығын төлеттіріп қару жарақ алуды мақсат етті. Кіші жүзден үш-төрт түмен сарбаз жинап Мұғаджар тауында жаттығулар өткізіп, бас біріктіріп келер күзге шабуылға шығамыз, - деп жиналғандарға сөз тастады. Бірі қоштап, бірі қарсы боп екі ұдай дау шықты. Сол күні бір мәмлеге келе алмай тарқады.

Билер кеңесін үлкен шектінің биі Есет Көтібарұлы, кіші шектінің биі Жанқожа Нұрмұхаммедұлы басқарып  Кенесары ханның талаптарына бас ұрмауды ұсынып «ол ертең өзінің Орта жүзіне кетеді, біз қоқандықтармен бетпе бет қаламыз» деп Ресейге төлейтін түтін салығы 1сом 50 тиынды да, 40 малдан 1 малды да бермеске елді көндірді. Көпшіліктің арасынан суырылып шыққан Бақтыбай батыр:

- Қоқанға, Ресейге жем болғанша қоқаннан, орыстан жерді тазартып жеке хандығымызды сақтаймыз деп отырған Кенесары ханға неге қосылмаймыз деген жан ашуына Жанқожа батыр:

- Кешегі, өз қазағы Жаппас руларын жаппай қырғынға ұшыратқаны жаныңа батпады ма, Бақтыбай батыр?

- Жаппастар өздері кінәлі. 100 сарбазын бауыздап өлтіргенше «салық төлемейміз» деп неге ашық айқасқа шықпады. Патша үкіметі болса  Торғай, Ырғыз, Жем, Сағыздан 5-6 бекініс салып, баса көктеп ішке кіріп алды. «Кенесары хан қазақ жеріне бекініс салдырмаймыз» деп отырған жоқ па? Жанқожа мен Есет батырлар жеке-жеке соғысып қоқандықтарды жеңеміз деп жүр, ал олар, орысқа қарсы жерімізден екі бекініс салып үлгерді, - деп атының басын бұрып қалың ортаға кіріп кетті.

Шектілер екінші күні бас қосқан кездің аяғына таман 500 сарбазбен сес көрсете, Кенесары ханның өзі батырларын бастап келіп жиынды қоршай келіп сөз тыңдады. «Бет көрсе, жүз ұялады» дегендей Есет, Жанқожа батырдың қасына келіп Кенесары хан, Шұбыртпалы-Ағыбай, Табын-Бұқарбай, Жоламан,  Тама-Құрман, тұра қалғанда әңгіме ауаны өзгеріп, сөз алған Жетес би:

- Уа, ел жұртым! Жиынға Кенесары ханның өзі де келіп үлгерді. Халықтың хал-күйіне қарап салған салықтың үш түрінің орнына 1000 жылқы беріп, ханның жалпы ұлт-азаттық қозғалысын қолдайық. Қоқанға, орысқа қарсы жерді басатамыз деп жатса, біздің жігіттер де қарап қалмас, - деп сөзін тоқтатты. Есет батыр да, Жанқожа батыр да бұрынырақ айтқан Кенесарының «маған қосылыңдар» деген сөзіне жауап бермей, екеуі де қоқандықтармен жеке-жеке алысып, ел жұртын жеке билегенді дұрыс көрген-ді. Орынбор генерал губернаторына арқа сүйеп, шен алған беделінен айырылғысы келмеді. Жетес би айтқан пәтуаға келісіп Кенесары атының басын кері бұрғанда жиналғандардың арасынан «Кенесары ханды атамын» деген дауыс естіліп қалды. Дүрліккен ел солай қарағанда Махамбет Өтемісұлы екенін байқады.

Махамбет ақын Исатай батыр қаза тапқалы Жәңгір ханның қудалауынан  бой тасалап, Бөкей ордасынан алыстап, Торғай даласына жақын Мұғаджар тауын жайлаған Кіші жүз руларын паналап, Шекті билерінің қонағы болып жатқан. Жаппас руларының қырғынға ұшырағанын көріп «Бұл неғылған хан, өз қазағын өзі қырып, малын тонап» деп ашуланған ақын, кең шапанының ішінен белбеуіне қыстырылған мылтықты алып оқтанғанда қасындағылар мылтықты ұстап аттырмады. Қашып кеткен Жанғабыл бидің баласы «атыңыз аға» дегенде, «Жә, болды, қолымды қақтыңдар. Енді атпаймын» деп мылтығын ішкі белбеуіне қайта қыстырып қойды.

Кенесары хан ордасына келіп ашуы басылып, Кіші жүзден көңілі қалғанын іштей мойындап «күштеп жинаған сарбаз не болады, шындап соғыса ала ма?» деп ойлап жатып Ағыбай мен Наурызбайды шақыртып алып:

- Жаппастардың сауынды сиырларын қойларын түгелдеп қайтарып бергізіңдер. Бала шағаларының ауызын ақтан айырмайық. Бас көтерер Есет пен Жанқожа теріс қарап тұрғанда бұл елден ештеңе шықпайды. Есіміз барда ел табайыққа тоқтады. Екі батырдың айдатуымен Сиыр мен қой жаппастықтарға қайтарылды. 

 (жалғасы бар)                     

 Садық СМАҒҰЛОВ

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394