Сенбі, 18 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3161 0 пікір 18 Қаңтар, 2010 сағат 07:21

Дәулет АСАУ. Билік қазақ баспасөзінің бағын байлап отыр

Қолда бар деректерге қарағанда, қазіргі күні Қазақстанда 2970 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген екен. Олардың 200-ден астамы электрондық. Мерзімдік басылымдардың 453-і қазақ тілінде, 2303-і орыс тілінде шығады. Бұған Ресейден келетін 5248 газет-журналды қосыңыз. Сонда ел аумағына таралатын баспасөз құралдарының 7551-і орыс тілінде де, тек 453-і ғана қазақ тілінде. Қарап отырсақ, Қазақстандағы жалпы ақпарат құралдарының ішіндегі қазақ газет-журналдарының үлесі 6 пайызға да жетпейді екен(!).

Қолда бар деректерге қарағанда, қазіргі күні Қазақстанда 2970 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген екен. Олардың 200-ден астамы электрондық. Мерзімдік басылымдардың 453-і қазақ тілінде, 2303-і орыс тілінде шығады. Бұған Ресейден келетін 5248 газет-журналды қосыңыз. Сонда ел аумағына таралатын баспасөз құралдарының 7551-і орыс тілінде де, тек 453-і ғана қазақ тілінде. Қарап отырсақ, Қазақстандағы жалпы ақпарат құралдарының ішіндегі қазақ газет-журналдарының үлесі 6 пайызға да жетпейді екен(!).

Әзірге, өз ішіміздегі орыстілді басылымдар туралы сөз қозғамай қоя тұрайық, ал Ресейден келетін ақпарат құралдарының сол елдің саясатын насихаттап отырғаны айтпаса да түсінікті. Басын ашып алайық, Ресей басылымдары ел ішіне іріткі салып жүр деп байбаламдаудан аулақпыз, бірақ әр елдің тек өзіне тән мемлекеттік мүддесі бар емес пе? Оның басқа мемлекеттердің мүддесімен қабысып-қабыспай жататын кездері болады. Мұндайда мемлекеттік мүддені қорғаудың бір жолы – ақпараттық тәуелсіздік. Бұл уақыттың, заманның талабы. Әлемдік тәжірибеде, өркениетті елдерде әр ел өз аумағына сырттан таралатын БАҚ-ты мемлекет тұрғысынан реттеп отырады, оны 20 пайыздық шектен асырмайды. Әйтпесе мемлекеттің қорғаныш қабілетіне нұқсан келтірілген болып саналады. Өйткені қазіргі заман – ақпараттар майданының заманы. Ақпарат кімнің қолында болса, әлемдік билік те соның қолында деген қағиданы бүгінде мойындамайтын адам жоқ. Сөйте тұра, өзіміздің ақпараттық кеңістікті ресейлік баспасөзге беріп қоюымыз мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің болашағына үлкен қауіп. Мұнан кейін Қазақстан неге Ресейдің ықпалынан шыға алмай отыр, қазақтар неге орысшыл деп таңдануымыздың өзі ұят.
Кей-кейде біз осы Тәуелсіз Қазақ елінде өмір сүріп жатырмыз ба, жоқ әлде әлі де Ресейдің боданынан шықпағанбыз ба деп абдырап қаламын. Сөз жоқ, мұндай күдіктің анда-санда сіздің басыңызға да «соғып-кетіп» тұратыны анық шығар.
Ғалымдар өмірдің жүзден астам саласы бар дегенді айтады. Ал қазақ баспасөзінің оған қатыстылығы тек тиіп-қашқан деңгейде ғана екенін мойындауымыз керек. Оның «сырын» сәл төменіректе іздестіріп көреміз. Рас, кейбір санақшылар қазақ баспасөзінің ақпараттық кеңістіктегі үлесі 15 пайызға жетті дегенді де айтады. Бірақ, онымен мәселенің мәнісі өзгере қояр ма екен?
«Тәуекелдерді бағалау тобының» жетекшісі Досым Сәтпаев былай дейді:
- Таяуда Премьер-министр Кәрім Мәсімов қазақстандық телекөрерменнің 55 пайызының Ресей БАҚ-ың ықпалында екенін айтты. Мен мұны мәселенің бер жағы ғана дер едім. Қазақстан көрермендері тек Ресейдің ғана емес, Өзбекстанның ақпарат құралдарының да ықпалында. Ал алдағы 10-15 жылда біздің ақпараттық кеңістікте Қытай да өз әмірін жүргізетін болады. Қазіргі кезде Қытай мемлекеті посткеңестік елдерде ұлттық холдинг құруды жоспарлап жатыр, – деді ол.
Сіз қалаңыз-қаламаңыз, масс-медианы төртінші билік деп атау тегіннен тегін емес. Себебі, БАҚ-тың қоғамдық-саяси өмірде алар орны ерекше. Осыдан болар, еліміздегі БАҚ-тардың меншіктік түріне қарамастан оларға мемлекеттік тапсырыс беру кең етек алған. Тапсырыстар әлеуметтік маңызды мәселелерді орындауға арналғанымен, негізінен атқарушы биліктің жүргізіп отырған саясатын насихаттаумен айналысады.Тек 2009 жылы жалғыз ғана Мәдениет және ақпарат министрлігі арқылы БАҚ-қа1,1 млрд.теңгенің (7,3 млн.доллар) мемлекеттік тапсырысы берілді. Айта кету керек, республикадағы мерзімдік басылымдардың 90 пайызы жекеменшік.Ал жергілікті жерлердегі мемлекеттік басылымдар жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттардың қолдауымен жарық көріп жатады. Яғни, Үкімет отандық баспасөз құралдарына қолдау көрсетуге мүдделі, бірақ оның мазмұны сіз бен біз күткен мақсаттардан көріне алмай отырғандығы қатты қынжылтады. Сөз жоқ, көпшілік арасында қоғамдық пікір БАҚ арқылы қалыптасады. Халықтың саяси көзқарасы да БАҚ арқылы түзіледі. Әрі-беріден кейін БАҚ бұқараның билікке ықпал ету құралы екенін де ұмытпайық.
Қазақстан журналистикасы туралы сөз қозғағанда, оны қазақтілді және орыстілді деп бөліп қарауға мәжбүрміз. Неге? Өйткені, олардың арасындағы айырма тымм алшақ. Екеуі екі әлемде өмір сүріп жатқан сияқты. Оны қазақтілді басылымдар мен орыстілді басылымдарда неғұрлым жиі жарық көретін материалдардан көруге болады. Қазақтілділер тіл, тарих, патриоттық тақырыптарды көп күйзесе, орыстілділер біреудің «кір-қоңын», төсек қатынастарын қозғауға бейім тұрады. Әрине, ол әр халықтың өз менталитетіне байланысты мәселе ғой. Мен бұл жерде қылмыс, жемқорлық, тағысын-тағылар сияқты қоғамдық кеселдері жазу туралы айтып тұрғамын жоқ. Ашып айтсақ, орыстілді басылымдар қазақтың «жоғын» жоқтамайды, елдік, Отандық тақырыптарды көтеруге құлықсыз. Мәселеге мән бере қарасақ, қазақ тарихын, қазақ халқының табиғатын ашатын материалдар орыстілінде жиі жарық көруі керек және осы бағытта орыстілінде газет журналдар мен телебағдарламалар болуы керек.

Көп ретте қазақтілді басылым мен орыстілді басылымдардың қандайда бір оқиғаға байланысты берген бағасы да екі түрлі болып шығады. Олардың пікір қарама-қайшылығы, көздеген мүддесі екі түрлі екені көзге ұрып тұрады. БАҚ басылымдарының мазмұнынан оны басқарып отырған жандардың, журналистер ұжымының ішкі пиғылын, ниетін, ұстанып отырған саясатын анық байқауға болады. Бұл жерде дұрыс нәрсені бұрмалау, жөнсіз байбалам салудың орын алып жататыны да жасырын емес. Енді өз ішіміздегі орыстілді басылымдардың қатарына таза орыстық саясатпен айналысатын мың сан ресейлік БАҚ-тарды қосыңыз. Осындайда санның сапаға айналатын ұмытпайық. Сөйтіп, Қазақстанның ақпараттық кеңістігін жаулап алған орыстілді баспасөз бен Ресей БАҚ-ы улап-шулап аз сан қазақ баспасөзінің үнін шығармай тастайды. Бұдан қазақ баспасөзімен бірге қазақ мүддесінің де кенжелеп жатқанын несіне ұмытайық.

Шыны сол, Қазақстанда орыстілді БАҚ-тың дәурені жүріп тұр. «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс». Оны, ең алдымен, төбесіне шығарып алған биліктің өзі. Мәселен, «Тілдерді дамытудың 2000-2010 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша қазіргі күні мемлекеттік басқарудың барлық саласы қазақ тілінде сайрап отыруы керек еді. Оған сенсек, барлық облыстарда іс жүргізу қазақ тіліне көшіп бітуге тиіс болатын. Бағдарламада солай жазылған. Бірақ, оның орындалуы былай тұрсын, былтыр қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 20 жыл толуы «құрметіне орай» іс қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру үлесін 70 пайыздан 60 пайызға түсіріп тастады. Яғни, биліктің өзі мемлекеттік заң-зәкүндерді орындамайды, мемлекеттік тілді менсінбейді. Ал, аймақтағы көршіміз Эмомали Рахмон тәжік тілінің мемлекеттік дәрежені иеленуінің 20 жылдық датасына орай орыс тілінің «ұлтаралық қатынас статусын» жоятын заң шығаруды ұсынды. Ал бізде бәрі керсінше. Егер билік орыс тілінде сөйлесе, барлық мемлекеттік маңыздағы жиналыс-жиындардың бәрі орыс тілінде жүргізілсе, халыққа қызмет көрсету орындары мен көпшілік қоғамдық орындар орыс тілінде жұмыс жасаса, қазақ тіліндегі баспасөздің беделі қалай артпақ?! Болашағы бұлыңғыр тілді кім үйренгісі келеді, ол тілдегі газетті кім оқиды? Билік ақпаратты да ең алдымен орыстілділерге береді, солардың көңілін аулауға тырысады. Бір ғана мысал, қазақ тілінде қандай өткір материал шықса да, билік оған селт етпейді, ал сол мақала орыс тіліне көшіріліп басылғанда, үлкен қоғамдық резонанс тудыратынын көзіміз талай көріп жүр. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, бұл жерде, қазақ баспасөзінің беделі, өтімділігі журналистердің біліктілігіне байланысты деген әңгіме бос сөз. Бар кінәрат қоғамда, билікте болып тұр.

Жасырып-жабатыны жоқ, Қазақстан орыстілді мемлекет, ал қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі тек көзалдау ғана. Мұндай жағдайда қазақтілді басылымдардың таралымының өсуі, беделінің артуы мүмкін емес. «Қазақ баспасөзінің дамуына биліктегі қазақ тілін білмейтін 53 мың, қазақша сөйлеуден ұялатын 115 мың қызметкердің» (Әкім Тарази) кесірі тиіп отыр. Сөйте тұра, білуімізше, біздегі атқарушы биліктің 80 пайызы өз қандастарымыз көрінеді. Бірақ, қазақ тіліне жанашырлығы жоқ. Сонда олардың көптігінен ұлтымызға не пайда? Бір нәрсені есте сақтағанымыз жөн, ана тілінің
қоғамдық-мемлекеттік өмірден шеттетілуімен бірге, тек қазақ баспасөзінің ғана емес, тұтас ұлт мәдениеті мен құндылықтары да көрінеу көзге кемсітіліп келе жатыр. Міне, шын жанымызды ауыртатын да осы жайт болса керек. Қараңыз, орыстар Екінші Дүнижүзілік соғыс туралы материалдарды жыл он екі ай бойы үзбей жарнамалатып отырады. Бұл жерде таза орыстық мүдде жатыр. Бізде Шырша тойы бір ай бұрын басталып, «старый новый годпен» жалғасып қаңтар айының ортасынан асып барып бір-ақ бітеді. Ал ұлт үшін қасиетті саналатын Тәуелсіздік күнін тойлау мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсімі бір-ақ күннен аспайды. Наурыз тойы да бір аптаға жетер-жетпес уақыт айтылып, артынша бірден ұмыт болады. Сонда неге бұлай болуы керек деп ойланып көрген жан бар ма?
Тағы бір ойлантатын мәселе, қазақ тілінің елдегі экономикалық-саяси «ойыннан» шеттетіліп қалуы себепті қазақ басылымдарына жарнама берушілер де аз. Ал жарнама БАҚ-тардың басты қаржылық тіреуі. Сондықтан қазақ басылымдарына жарнама беру ісін мемлекеттік тұрғыдан заңдастыру керек. Егер билік қазақ тілінің қазіргі мүшкіл халіне ең бірінші өзі кінәлі екенін мойындап және қазақтілді баспасөзге басымдылықтар беретін қадамдар жасаса, онда жағдай да жақсара түсетіні анық. Ондай қадамның бірі жарнамаға арналған заң болуы керек.

Енді оқырмандар жайында: еліміздегі қазақ ұлтының саны 67 пайыздан асты. Бірақ қазақ баспасөзінің оқырманы көбеймей отыр. Неге? Әлгі 67 пайыздың жарым-жартысы орыс мектептерінің түлектері, сондықтан оларды орыс газетінің оқырмандары деу керек. Бұл жерде әңгіменің ұлтжандылық туралы болып отырмағанын дұрыс ұғыңыздар. Ал қазақша мектеп бітірген қазақтың 90 пайызының өзі екі тілдегі газетті оқи береді. Сондай-ақ, қазақ емес ұлт өкілдерінің бәрі де орыс газеттерінің оқырманы. Осындай жағдайда тұрып орыс газеттерінің оқырмандарының көп болуы өзі-өздігінен түсінікті емес пе. Өйткені біздің қоғам орыстілді. Ал оны, қазақ халқының сан жағынан көп екеніне қарамай, орыстілді жасап отырған бүгінгі билік. Алла жазып, алдағы күндері мына қоғам қазақтанып жатса, онда барша республика жұртшылығы қазақша сөйлеп, дәл бүгінгі қазақ баспасөзінің күйі орыстілділердің басына келетініне еш күмәнім жоқ. Тек, сол күнге тез жеткізгей!

Қарағанды қаласы

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2142
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2547
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2328
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1653