Өзін табу
Әңгіме
Күз. Қала көшелері үнсіз, ағаш бастарында суық торғайлар қонақтап отыр, сарғайған жапырақтар жерге құлауда. Терезе ар жағында Алмагүл. Баласын ерткен әйелден басқа ешкім көрінбейді, көшеде күндегі көп көлік жоқ, деседе тынымсыз тірішілік үзілмеген. Үй іші тым-тырыс. Радио да, теледидар да өшіп тұр. Әшейінде осы тыныштықты қалайтын, ал бүгін елеңдеп біреумен кездесетіндей елеғызып тұр.
Қырыққа таяған шағы. Арқасында жиырма жылдық еңбек өтілі, универде істеген ұзақ жылдар, бірнеше диплом мен сертификатттар. Бірақ бәрі сөре үстінде шаң басқан зат секілді. Кеудесі бос, көңілі жүдеу.
Көзі бұрыштағы суретке түсті. Бір кездері курстас қыздармен түскен. Бәрінің жанары жанып тұр. Алмагүлдің де жүзінде күлкі. Ол кезде бәрі мүмкін сияқты еді. Ал қазір… ең алдымен “неге бұлай болды?” деген сұрақ мазалайды.
Түнде ұйықтай алмай жатқанда, есіне еріксіз олар түсті. Кезінде өзіне сөз салған, хат жазған, жанарымен көп нәрсе айтқысы келген жігіттер. Өзінің жоғары оқу орынын бітіргенін, олардан өзін артық көргендігін, болашақты тек жастық шағымен, әдемі сұлу қалпымен елестеткенін ұқты. Солардың ішінде ең көп ойға оралғаны – Нұрлан еді.
Ұяң, тым көп сөйлемейтін, бірде почтадан хат келді, Нұрланның салған хаты екен. Алмагүл ол хатты оқыды да, жауап қайтармады. Ол кезде өзіне лайық көрмеген. Бірақ дәл бүгін сол жуас жігіттің өзіне ынтық жанары мен қарапайым да адалдығы көз алдына келді. Нұрлан сыныптас жігіттердің ішінде оқығаны, оқуын бітірген соң қартайған анасына қарау үшін ауылға келіп электрик болған, соңғы кезде әйелі қайтыс болыпты...
Көңілден өткізу, өткенді шолу – бұл ностальгия емес. Бұл – ішкі есеп.
"Сол кезде таңдаған жолым осы болды. Бірақ сол жол мені бақытқа жеткізді ме?"
Бұл сұраққа жауап жоқ. Тек ауыр тыныс пен терең күрсініс.
Еламан, Сұлтандар да сөз салды, олар кезінде ауылда ойларын жеткізді, иә, құрбысы Гүланда арқылы айтқызды. Бүгінде олар үйлі-баранды, екі жігіт те бақуатты күн кешуде....
Ойсыз телефонын қолына алды. Саусақтары өздігінен ескі фотолар мен байланыс тізімін ақтара бастады.
Сол сәтте, кенет, бейтаныс нөмірден қоңырау түсті.
Қоңырау ұзаққа созылмай, үш рет шырылдады да, қайта өшті. Алмагүл телефон экранына ұзақ қарап отырды.
+7 707 ... бейтаныс нөмір. Бірақ неге екенін білмейді, жүрегі сәл дір етіп, тынысы тарылғандай болды. Әлдебір сезім... таныс емес, бірақ бөтен де емес.
Қайта қоңырау шалынбады. Бірақ тыныштық күшейе түсті. Жарты сағаттай телефонды қайта-қайта шолып отырып, шыдай алмай, "кім болды екен?" деп іштей күбірледі. Әлден соң телефонына хабарлама түсті:
"Сәлеметсіз бе, Алмагүл ханым. Бұл – Нұрлан. Сізді мазаласам, кешіріңіз. Бір сәт сөйлесе аламыз ба?"
Жүрегі шым ете қалды. Қолындағы телефон кенет ауырлап кеткендей болды. Үнсіз отырып қалды.
Нұрлан... Тек есімі ғана емес, өткен өмірінің жартылай жабық парағы да қайта ашылғандай.
Тура жауап жазуға батпай, қайта оқып шықты. Хабарламаның соңында ешбір талап, кінә, реніш жоқ. Жәй ғана бір адамның адами үндеуі. "Сөйлесейікші" деген сыбырдай ғана өтініш.
Ақыры терең дем алып, жауап жазды:
"Сәлем, Нұрлан. Иә, сөйлесуге болады. Қалайсың?"
Жауап тез келді.
"Шүкір. Сізге аяқ астынан хабарласқым келді!"
Алмагүл орнынан тұрып, бір айналып барып қайта отырды. Өмірінде бірінші рет жігіткке жауап беріп отыр. Жастық шақта оның қолында бәрі болған – уақыты да, мүмкіндігі де. Бірақ сол кезде ешкімге жауап бермеген. Ал енді бәрі кеш секілді. Бірақ жүрек соғып тұр...сол қалпы айнаға барып өзіне қарады...көз алдына үзақ сызықтар түскен, шашының етегін қырыу шалған. Осыдан он жылдың алдында осы ауылдағы бет біткеннің өңдісі өзі еді. Қайран жастық, гүл сияқты қыз дегенде құлпырып жайнап....ары қарай ойлағысы келмеді.
" Қаладасыз ба, егер қолыңыз бос болса, жай ғана шай ішіп сөйлессек деймін. Ешқандай басқа ойым жоқ. Кездескім келді."
Ұсыныс тым қарапайым. Бірақ дәл осы қарапайымдылық Алмагүлдің жүрегін мазалады. Бұл – бұрынғы өмірге оралу емес. Бұл – өзінің қателіктерімен, таңдауымен, өткен сезімімен бетпе-бет келу.
Сәл ойланып, бүгін десе, өз салмағын жоғалтып алатын сияқты, «аттан түсседе үзеңгіден түспей»: «Жарайды. Ертең түсте уақытым бар, Кездескенше» деп жазды.
Түн. Терезенің ар жағында үлген иттің үні мен жабайы мысықтардың мазасыз шуылы. Көліктердің үйреншікті даусы. Ал Алмагүлдің ішінде бәрі оянды. Өткен өмірдің қақпағы ашылғандай. Бір кездегі елеусіз жігіттің дауысы мен хаты, оның үнсіз кешірімі мен бүгінгі батылдығы жүрегін тербеп өтті.
Ол жай ғана кешкі шай ішіп қана қоймайтынын сезді. Ертеңгі кездесу – ішкі дүниенің бұрылу нүктесі болмақ.
Келесі күні Алмагүл әдеттегідей оянып, терезе алдына барып тұрды. Күздің салқын лебі бетіне тиіп, жанын сергітті. Күн бұлтты, бірақ көңілге ауыр емес. Ішімен бір шешімге келіп, өз-өзіне тыныштық орнағандай.
Киінуге ұзақ уақыт кетті. Не артық сәнденгісі келді, не тым қарапайым болғысы келді. Ақыры, орта жолды таңдады: көгілдір жейде, сұр пальто, мойынға жұқа орамал. Айна алдында тұрып, өзіне қарап: "Бұл – өзің үшін. Біреуді таңдандыру үшін емес," – деді сыбырлап.
Екеуі қала орталығындағы шағын кафелердің біріне келіп кірді. Алмагүл бұл жерді жақсы көретін. Мұнда музыка бәсең, дауыстар сыпайы, ал терезе жанында отырып, сыртқа көз тастауға болады.
Олар жайғасты. Алғашқы минуттардан үнсіздік басталды. Бірақ бұл үнсіздік ыңғайсыз емес еді. Екеуі де шулы сөзден шаршаған, жылтырақ әңгімеден ада, енді тек шындық пен тыныштықты қалайтындай.
- Қалайсың?
- Шүкір. Қалада қызметте жүргеніме он жылдан асты. Уақыт өткен сайын өмірді бағалай бастайды екен адам.
-Иә, - деді Нұрлан күліп, - Қазір уақыты тез өтеді. Бірақ кейде мәнсіз. Бұрынғы кісілер атпен, түйемен талай-талай алыс жолдарды бағындырып, қонаққа барып апталап жатып қайтатын, уақыт баяу сияқты болатын ол кезде, қазіргі адамдар ұшақпен, зулаған темір тұлпармен жүреді. Бірақ ауылдағы туыстарының үйіне бір қонуға уақыты жоқ, асығыс... өзіміз уақытты тездетіп жүрген жоқпыз ба екен. Дүниеге бауыр басып, өмірімізден артық арман құрып, соған жетуге тоқтаусыз ұмтылып, асығыс болып, заманды кіналап қоятын сияқтымыз.
Олар осылай кеше мен бүгінгі өмір туралы, жұмыс, отбасы жайлы айтты. Әңгіме жай басталып, бірте-бірте тереңдеді. Алмагүл алғаш рет бір адаммен шынайы сөйлесіп отырғанын сезді. Қысылмай, жасандылықсыз, табиғи қалпында.
- Неге маған хабарластың? – деді ол, тура сұрақ қойып.
Нұрлан бір сәт ойланып қалды.
-Білмеймін...ішімнен бір үн хабарлас деп...
Алмагүл де ішкі үнін тыңдап келісім бергені есіне үсті. Жігіттердің өзіне сөз айтқан кездерін сонау жиырма жылдың арғы жағынан іздеді. Үнсіздік.
Кездесу ұзаққа созылмады. Бірақ екеуі де асықпады, бір-біріне қарап бірге оқыған кластас қыз-жігіттерді естеріне алды. Ол кезде бір сыныпта 18 оқушы еді, 11 қыз 7 жігіт. Қыздардың 8-і, жігіттен осы Нұрлан ғана оқуға түсті. Бүгінде сол қыздардан Айдынгүл мен Бақар ауылға қайтып оралып өздері оқыған мектепе мұғалім, олар ауылдағы көп етіктіні де көк еткітіні де жақтырмай бойдақ. Қалған тоғыз қыз қалада қалды. Жігіттің екеуі бақилық болды, басқасы үйлі-баранды, ел қатары күн кешуде.
- Е, адам бәрін кеш түсінеді екен, - деп Алмагүл терезеге қарады...
- Дұрыс айтасың, жасың үлкейген сайын адам-адамға керек екенін біледі екен, иә, бұрыннан таныстарды басқаша сағынады екенсің.
Бұл бір сағат – соңғы он жылдағы ең шынайы сағат болды. Екеуі өмірді жаңадан бастауға іштей серттесті, Алмагүл «дүние оты аз ауылға» келіп қарапайым бақытты өмір сүруге ниет етті, ағаштың басындағы алма, өрік секілді айқайлап қалада жүргенше, жеуге дайын болған сайын сабағын жасыратын картоп сияқты ауылда үнсіз елге үлес қосуды ойлады.
Жүрек түбіндегі тұман біртіндеп сейіліп, жаңа үміт пайда болды. Бұл сезім –үміт емес, бірақ бос кеңістік. Ал бос кеңістікке жаңа өмір енуі мүмкін...
Кафеден шыққан соң Алмагүл мен Нұрлан бірден үйлеріне қайтпады. Кешкі мезгіл, аспан бозғылт сұрланып, ауаны күзгі салқын басып қалған. Олар жас кездегідей жақын жүріп саябаққа барды. Орындыққа отырып, айналасындағы адамдарға үнсіз көз салды: балалармен жүрген аналар, қол ұстасқан жастар, бір өзі серуендеген қарттар...
"Адамдар әртүрлі, бірақ бәрі бір нәрсені іздейді: тыныштық пен шынайылық."
Басынан өткен сәттер тізбектеліп өте берді: университеттегі алғашқы жылдар, алғаш жұмысқа тұрған кез, үлкен үмітпен басқан қадамдар, шетелдік тағылымдама, конференциялар... бәрі де жалтырақ. Ол сәттердің ешбірі жүрегінде із қалдырмағанын енді ғана түсінді.
"Сырттай бәрі бар сияқты еді, бірақ ішінде не қалды?"
Көп жылдан бері өзі үшін өмір сүрмегенін, өз сезіміне емес, қоғам талабына сай жүріп келе жатқанын енді ұқты. Қызмет, атақ, "бәрі елге жақсы көріну үшін керек болды" осы ойлармен жүргенде, өз жүрегі, рухы үндемей қалған.
Сол кеште үйіне оралғанда, кабинеттегі сөрелерге ұзақ қарап тұрды. Марапат қағаздары, сертификаттар, шетелде түскен фотолар... бәрі сүреңсіз көрінді. Бір кезде бүкіл тірегі болған бұл заттардың енді ешқандай мәні қалмағандай.
Келесі күні жұмысқа барғанында да бәрі жалған екенін сезді: кеңсе, компьютер, әріптестердің сыпайы, бірақ суық жүздері, шала-жансар кездесулер мен хаттар. Алмагүлдің ішкі көзқарасы шынында да мүлдем өзгерген еді. Енді бұл орта оған тар, жат, жасанды көрінді.
Түстен кейін кабинетіне кіріп, терең тыныс алып, таза парақ ашты. Біраз үндемей отырып, ақыры қалам алып, баяғыдан бері батпай жүрген нәрсені жасады:
"Өтініш. Қызметтік орнымнан өз еркіммен босатуыңызды сұраймын."
Өтінішті жазып біткенде, қолы дірілдеген жоқ. Керісінше, бойын бір жеңілдік биледі. Бұл – жеңіс емес. Бұл – өзін табу. Өмірін шындыққа бұру.
Кешке Нұрланға қысқа ғана хабарлама жазды:
"Сенің кешегі сөздеріңнен кейін көп ойландым. Өзімді қайта тани бастадым. Рақмет."
Бірнеше минуттан соң жауап келді:
"Шынайы жол – өмір жолы, жан қалауы. Кейде тек соған себепші бір ғана сөз, бір ғана жан қажет."
"Бәлкім, мен өз жолымды енді ғана тапқан шығармын..."
Күзгі таң тым ерте ояндырды. Қала көшелерін көк тұман басқан, аспан төмен түсіп кеткендей. Бірақ Алмагүлдің бойында қобалжудан гөрі, біртүрлі сабырлылық басым еді. Өзімен бірге көп зат алмады – бір шабадан, бір сөмке ғана.
Жолға шығар алдында айна алдына келіп, біраз тұрды. Жүзінде бұрынғыдай мазасыздық жоқ. Көзінде – біртүрлі қабылдау. Бұл жол – жаңа өмірдің бастауы екенін іштей сезген.
Қарапайым киінген Алмагүлдің жанарында жаңа от ұшқыны лаулайды, өзіне сенімдірек.
Ауылға кіре бергенде жүрегі сәл сыр берді. Бала күннің естелігі – көше бойындағы талдар, бастауыш мектептің ескі ғимараты, ауыл дүкені – бәрі орнында. Бірақ өзі өзгерген. Нұрлан мен Алмагүл екеуі қол ұстасып өз туған ауылдарына үлес қосуға келді.
Нұрлан бірден өз үйіне бастады – ауласы кең, бау-бақшасы бар қарапайым ауыл үйі үнсіз мүлгиді, бәрі жинақы. Есік ашылды... ақ кимешекті, жылы жүзді ана қолын жайып:
- Аман келдің бе қызым? – деді. Нұрлан ештеңе көрмеді, Алмагүл Нұрланның анасының рухы екенін сезді, бір сәтке бөгеліп қалды да, сәлем беріп, ішке енді. Ішке кірген олар, жаюлы дастарханды көрді, ауылдағы Нұрланның туыстары бәрін реттеп тосын сый әзірлеп, көрші үйдің терезесінен қарап отыр екен, шулап-шұрқырып жетіп келді, Алмагүлдің басына жаулық салып Нұрланды қолына қонған құсымен құтықтады. Қалада естімеген есті сөздері жанын жайландырды. Ауыл жылылығын шын сезінді, бәрі де жүрегіне сіңіп жатты.
-Ауылда мұғалім жетіспей жатыр, – деді Нұрланның нағашы апайы шай үстінде. Алмагүл жымиды.
Сол түні өзгеше болды. Терезенің ар жағында жел есіп тұр. Иттердің анда-санда үретіні, тау жақтан жеткен самал – бәрі балалық шақтың даусындай. Жан дүниесі тынышталып, бұл дүние енді оны тұншықтырмай, емдейтін тылсымға айналды. Жанның да, тәннің де жылуын сезінді. Өмір қандай рахат!!!
Бірнеше күннен соң таң ата Алмагүл көне мектепке қарай бет алды. Мектептің сыртқы көрінісі сол қалпында. Бірақ бұл жолы Алмагүл бала кездегідей қорыққан жоқ.
Сыныпқа кіргенде, кішкентай балалар орындарынан тұрып амандасты. Қарапайым "Сәлеметсіз бе, апай?!" – деген сөздердің өзі жүрегіне тіке тиді.
Сабақтан соң, бір кішкентай қыз жүгіріп келіп:
- Апай, сіз бізге мұғалім боласыз ба? – деді.
Алмагүл күліп тұрып, шашынан сипады.
— Иә.
Сол сәтте ол басқаша бір жылылық пен үлкен махаббатты шын сезінді:
«Бұл жер – менің жан жарамның емі болды».
Күн сайын таңертең мектепке барып балалардың көзінен үміт көрген сайын Алмагүл өз ішінде бірдеңе ояна бастағанын байқады. Балалармен бірге жасарғандай сезінді, жаны ғана емес тәні де жасарған, көзінің алдындағы сызықтары да жоғала бастапты...Бұрын мағынасыз көрінген ұсақ-түйек нәрселер – баланың сауатты жазған бір сөйлемі, қолын көтеріп сұрақ қойғаны, ашық күлкісі – бәрі жанын жылытады.
Сабақтан соң мектеп ауласында жалғыз отырып ойға шомып кететін әдет пайда болды. Қаладағы жалған достар, суық кеңселер, толып жатқан ереже, жоспар, жиналыстар – бәрі алыстап бара жатты. Ал мынау өмір... қарапайым, бірақ жанды еді.
Нұрлан кешкісін хабарлама жазады:
"Мен сізге тосап қайнатып қойдым".
Бұл хабарламаларда махаббаттан бұрын түсіністік пен қамқорлық бар еді. Алмагүл бұрын мұндай қарым-қатынасты білмейтін. Ол сүйіспеншілікті әрдайым үлкен сезім, от, сөз, кино сияқты көретін. Ал мынау... бұл – күнделікті жанашырлық, сабырлы жақындық.
Бір күні мектеп директоры шақырды.
- Алмагүл ханым, сізге балалар да, ата-аналар да риза. Алмагүл «адамдар неткен тамаша, бастық та жылы сөйлейді» екен деп ойлады.
Кешкісін Нұрланмен бірге ауыл сыртындағы тоғайға барды. Күздің сары жапырақтары жерге төселген, желдің лебі баяу тербейді. Екеуі үнсіз келе жатты.
-Бұрынғы Алмагүл мен қазіргі Алмагүл арасында не өзгерді? – деді Нұрлан кенеттен.
- Бұрын мен өзіме ұқсамайтын адамның өмірін сүрдім. Қазір өз дауысымды тыңдай бастадым. Мүмкін, бақыт деген сол шығар – өз үнін есту.
Мен өзімді таптым.... Нұрлан басын изеді. Қол ұстасқан екеуінің арасында сенім мен тыныштық.
Сол түні Алмагүл күнделік жазды. Бұрынғыдай басқалар үшін емес, өзінің жүрегіне арнап:
«Мен өмірімді өзгерттім. Өзгенің емес, өзімнің бақытым үшін».
Нұхалық Абдырақын
Abai.kz