Сейсенбі, 25 Ақпан 2020
Көршінің көлеңкесі 1393 13 пікір 12 Ақпан, 2020 сағат 15:06

Путинге де «мәңгілік» статус берілмек

Ресейдің экс-президенттері енді Федерациялық кеңесті өле-өлгенше басқару және оған мүше болу құқына ие болмақ. Әрине, президенттік өкілеттігін тапсырып берген соң. Бұл бастаманы Дума депутаттары мен сенаторлар ұсыныпты.

Ол бойынша, Ресей президенттері өзінің өкілеттік мерзімі аяқталған соң немесе мерзімінен бұрын өз еркімен отставкаға кеткен жағдайда Федерациялық кеңеске өмір бойы мүшелікке өту құқы беріледі. Сондай-ақ, мүшеліктен бас тарту құқы да сақталады.

Бұл бастаманың авторлары -  депутат Павел Крашенников, ФК-ның мүшесі Андрей Клишас, ФК-ның мүшесі Константин Косачев, сенаторлар Светлана Горячева мен Алексей Пушков, депутаттар Андрей Макаров, Ярослав Нилов және Галина Хованская.

Орыс ақпаратының айтуынша, Ресейдің басты Конституциясына өзгерту енгізу үшін құрылған арнайы комиссия мүшелері тоғыз күн толғанып, он күн ойланып жүріп, ақыры осындай тұжырымға келіпті.

Путин ұсынған норма бойынша Федерациялық кеңеске өңірлерден 17 адам мүше бола алады екен. Ал ақылдастар алқасы олардың санын 30 адамға дейін көбейтуді ұсынған. Ал бұрынғы президенттер өмір бойы мүше бола алуы керек. Бұл норма өзгелер үшін 6 жыл деп көрсетілген. Қысқаша ақпарат осы. Енді тақырыпты тарқатып жазайық...

Путиннің жолдауы - билік транзитінің басталуы...

Әлгінде, қаңтардың орта тұсында Ресей президенті Владимир Путин халыққа жолдау жасаған. Сонда, Конституцияға өзгерту енгізуді ұсынып, қазір өзге түгілі орыстың өзі бар-жоғын білмейтін Федерациялық кеңестің құзыретін көтеріп, оған ерекше статус берілуі керектігін айтқан. Айтпақшы, сол бір алқа-қотан жиында «президенттер мерзімінен бұрын отставкаға кете алады» деп сөйлеген. 15 қаңтарда Ресей Үкіметін командасымен бірге отставкаға жібергенде де Дмитрий Медведевтің қызметсіз қалмайтынын, мүмкін болған жағдайда жаңағы Федерациялық кеңеске орынбасар болып баратынын ашық айтқан. Сол кездің өзінде-ақ, орыс сарапшылары «Путин президенттіктен кетсе де, биліктен кетпеудің қамын қылуда» деп болжаған.

Жиырма жылдан бері Кремльде кресло ауыстырып көрмеген Владимир Путин осылайша билік транзитінен хабар берген.

Путиннің таңдауы - қазақстандық модель!

Сөйтіп, Путин билігінің транзиті басталған көрінеді. Ал сарап қылған көп жұрт Путиннің таңдаған транзиттік жолы – қазақстандық модель деді.

«Путиннің конституциялық идеялары «билік транзитінің» базалық моделі ретінде қазақстандық нұсқаның қарастырылып жатқанын меңзейді. Ол – ресми құжатта жалпылама айтылатын МемКеңеске (Қазақстаннан айырмашылығы оларда – ҚауКеңес) конституциялық рөл беріп, Путинді төрағалыққа тағайындап, конституциялық заңға сәйкес, МемКеңеске шексіз құзырет беру», деп жазған журналист Григорий Голосов.

«Конституциялық фан-тюнинг парламенттік сайлаудың жақындағанын аңғартты. Ал қалғаны сол баяғы қазақстандық сценарий», деп жазды орыс саясаттанушысы Екатерина Шульман.

«Айтпақшы, көсемді бұдан бұлай қалай атауға болады? Владимир Абишевич Путин, Нұрсұлтан Владимирович Путин әлде Владимир Владимирович Назарбаев?», деген публицист Иван Давыдов.

Айтпақшы, сол жолы бірқатар шетелдік басылымдар да Путин бастамасын «қазақстандық сценарий» деп бағалаған еді.

Енді міне, орыс саясаткерлерінің ойындағысы дөп келгенге ұқсайды. Кремль пәрмен беріп, арнайы комиссия құрылыпты. Ол комиссия жаңағы Федерациялық кеңестің құзыретін арттыру үшін аянып қалмайтынын, реті келіп тұрғанда Путинге мәңгілік статус беру керектігін айта бастапты.

Айта кетейік, 2018 жылдың мамыр айында Қазақстан Парламенті «ҚР Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңды мақұлдап, шілдеде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойып, бекіткен.

Құжатта «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі» екені жазылған.

Оған, президент, мәжіліс және сенат төрағалары, премьер-министр, мемлекеттік хатшы, президент әкімшілігі жетекшісі, қауіпсіздік кеңесі хатшысы, бас прокурор, ҰҚК төрағасы, сыртқы істер министрі, қорғаныс министрі және ішкі істер министрі мүше бола алады. Қауіпсіздік кеңесінің құрамын президент және кеңес төрағасы ақылдаса отырып жасақтайды.

Қауіпсіздік кеңесі 1991 жылы Қазақ ССР президенті болып тұрған Назарбаевтың жарлығымен ел тағдырына байланысты маңызды мәселелер шешілетін консультативті-кеңесші орган болып құрылған. Ол 1993 жылы Қазақстан республикасының Қауіпсіздік кеңесі болып қайта құрылған.

Ал 2019 жылдың наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін жариялады. Қазір ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде елішілік және Халықаралық саяси процесстерге белсенді араласып келеді.

Abai.kz

13 пікір