Дүйсенбі, 23 Наурыз 2026
Әдебиет 102 0 пікір 23 Наурыз, 2026 сағат 15:00

Қуандық Түменбай – ұлт әдебиетіне еңбек еткен жазушы...

Сурет: Abai.kz

Алматыда қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі, белгілі жазушы Қуандық Түменбай жаңа кітабының тұсаукесерін өткізді. «Көк кептердің көргені» атты жинақтың жарыққа шығуы – ұлттық әдебиеттегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Кітаптың баспагері – Атамұра корпорациясы, ол бүгінде қазақ руханиятына қызмет етіп келе жатқан жетекші баспалардың қатарында.

«Көк кептердің көргені» – өмірдің сан қырын көркем бейнелейтін, адам болмысына терең үңілетін туынды. Жинаққа екі хикаят пен он алты әңгіме енген. Автор шығармаларында қарапайым тіршіліктің өзінен философиялық түйін жасап, оқырманды ойлануға жетелейді. Әсіресе, өмірді «көк кептердің көзімен» бейнелеу тәсілі – кітаптың көркемдік ерекшелігін айқындайды. Бұл туынды – қазақ тілінің байлығын, ауыл өмірінің тынысын, адам тағдырының күрделілігін шынайы суреттеген құнды еңбек.

Сурет: Abai.kz

Рахымғали Абырарұлы:

– «Атамұра» корпорациясы туралы айтар болсақ, бұл мекеме қазір ұлт руханиятына жұмыс істеп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Келесі жылы біздің ұжымға отыз бес жыл толады. Осы барыста біз біршама еңбектер жасадық деп санаймын. Өткен жылы біздің баспа «Үздік баспа» атағын алды. Бұл да бір жетістік. Бүгін біз осындай жақсы ай, жақсы күнде белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Айбоз» ұлттық сыйлығының иегері, жиырмадан астам кітаптың авторы Қуандық Түменбайдың «Көк кептердің көргені» атты кітабының тұсаукесеріне жиналдық. Менің Сыр өңіріне бүйрегім бұрып тұрады. Ол жақтан қазақтың қаймағы болған тұлғалар шыққан. Сондықтан Қуандық ағамызды да солардың қатарында көреміз. Бұл кісі елімізге белгілі «Лениншіл Жас», «Алматы ақшамы», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сияқты басылымдарда жұмыс істеді. Сол санатта біздің әріптесіміз деп санаймын.

Ағамыз жазған әр шығарма оқырманның көңілінен шығып келеді. Бүгінгі кітаптың да жөні бөлек. Екі хикаят пен он алты әңгімеден тұрады. Өткен жылы ағамыз жетпіске толды. Сол себепті біздің тарапымыздан сый ретінде осы кітапты сіздерге ұсынып отырмыз.

Сурет: Abai.kz

Қуандық Түменбай:

– Жаңа кітабым осы күнге сәйкес келіп тұр екен. Оған да шүкір. Шындығында, осы кітабым екі рет мемлекеттік бағдарламаға өтпей қалды. Сөйтіп жүргенде, Рахымғали бір кітабыңызды дайындасақ деді. Біздің түсінігімізде бұрын кітап баспаға кетерде редактор оқитын. Ал бұл жердегі бір ерекшелік баспа президентінің өзі оқыды. Оқып шығып, өзі ескертпесін айтты. Бәрі дұрыс болды. Кітабым ақыры шығып, сіздермен жүздесіп отыр. Бұл баспадан қазақтың маңдай алды жазушыларының кітаптары шықты. Содан кейін қаншама көркем әдебиет, танымдық кітаптар шығып жатыр. Бұл да болса баспаның руханиятқа, ұлт мүддесіне көңіл бөлгені. Мен осы кітабым үшін қатты қуанып отырмын.

Сурет: Abai.kz

Кәдірбек Сегізбай:

– Қалай айтсақ та, «Атамұра» баспасы өзімнің төркінім сияқты. Алғаш құрылғаннан бері осы баспаға бүйрегіміз бұрыла береді. Бұл баспа осыған дейін әдеби, танымдық кітаптар шығаруда алдына жан салмай келеді. Оқулықтары да керемет шығып жатыр. Бұның бәрі ұжымның сапалы жұмыс істейтінін, бәрінің руханиятқа жақын екенін білдіреді. Қазір бұл баспа рухани бай баспа атанды. Менің барлық кітаптарым «атамұрадан» шықты. Ал Қуандық Түменбай ұлт әдебиетіне еңбек еткен жазушы. Оның шығармаларын көп оқитын адамның бірімін. Кез келген шығармасында қазақтың бай тілі бар. Сонымен ерекшеленеді.

Әділғазы Қайырбек:

– Кітап оқу қазір ең үлкен мәселе болды. Шопенгауэр деген философ бірде «кітап оқу деген өз басыңмен емес, сол кітапты жазған адамның басымен ойлану» депті. Қазір көбі сол автордың басымен ойланғысы келмейді. Өз басымен, өз ойымен жүргісі келеді. Бәрін телефон арқылы білем дейді. Содан қателеседі. Осы мәселеден кейін біздің көп кітаптарымыз оқырмандарға жетпей жатады. Тираж да аз. Ал сапалы кітап бәрібір оқырманға жетеді. Сондай кітаптарды «Атамұра» баспасы шығарып жатыр. Отыздан астам кітап шығарған Қуандық Түменбайды университет оқып жүрген кезінен білемін. Сол кездің өзінде қаламы жүйрік еді. Қуандықтың шығармалары өмірдің өзінен алынған дүниелер. Мысалы, бүгінгі кітабының атауы «Көк кептердің көргені». Ал бұнда өмірге кептердің көзімен қарау, сол арқылы түйсіну бар.

Сурет: Abai.kz

Қайнар Олжай:

– 1974 жылы мектеп бітіріп, ауылда қой бақтық. Сол кезде аптасына бір рет қойлы ауылға почта келеді. Сол кезде келген газеттер мен журналдың бәрін оқимыз. Оралхан Бөкейдің әңгімелері, Кәдірбек ағамыздың шығармаларын үзбей оқып тұрдық. Осыдан кейін екінші буын келді. Солардың ішінен екі ағамның шығармаларын сүйсініп оқыдық. Соның бірі Қуандық ағамыз еді. Екіншісі Қуаныш Жиенбай. Осы екі қаламгердің шығармаларындағы ауылдың көрінісі, тілдің тазалығы мүлдем бөлек. Қуаныш ағаның қарамағында жұмыс істедім, ал Қуандық ағамызбен үнемі телефонда хабарласып тұрдық.

Қуандық ағаның шығармашылығы образды өмірден алуымен ерекше. Болмайтын оқиғаларды ешқашан іздеп жүрмейді. Баяғыда Алтынбек туралы жазғаны қандай керемет еді. Хасен Қожахмет туралы да жазды. «Көк кептердің көргені» атты кітаптың да ерекшелігі осында. Осы кітаптағы бірінші хатшының жүрегіне операция жасайтыны, оның өмірге кептердің көзімен қарайтыны өте тамаша суреттелген.

Abai.kz

0 пікір