Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Талқы 5489 11 пікір 12 Қыркүйек, 2017 сағат 09:13

Павлодарлық жастар латын әліпбиіне көшуді қолдайды

Павлодарлық жастар латын әліпбиіне көшу бастамасын қолдау білдірді. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өңірге жасаған сапары барысында белгілі болды.

Павлодар түсті металлургия колледжінің студенттерімен кездескен партия Төрағасының бірінші орынбасары замана көшінен қалмау үшін латын әліпбиінің маңызы жоғары екеніне ерекше назар аударды.

«Біз латын қарпіне көшу арқылы ағылшын тіліне қарай интеграцияланамыз. Әлемдік өркениетке ұмтыламыз. Сондықтан бұл маңызды қадамның ағылшын тілін үйрену үшін де өте үлкен мәні бар. Осы ретте латын әліпбиі жастарымыз үшін ешқандай қиындық тудырмайды деген ойдамын. Себебі, жас буын латын әріптерін интернет, ұялы телефон және компьютерді қолдану кезінде кеңінен пайдаланады», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Өз кезегінде студенттер де бұл бастаманы толығымен қолдайтындарын айтып, оның сәтті жүзеге асуына бар күш-жігерін жұмсайтындарын айтты. Колледждің өндірістік оқыту шебері Серік Ибраев жастардың сапалы білім алуы үшін биыл оқу корпусы жанынан құны 580 млн. теңге болатын Студенттер үйі салынғанын айтты. «Дуальді оқытудың арқасында биыл колледж бітірген 163 түлектің 97 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты», – дейді С.Ибраев.

Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Павлодар облысында индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындарда болды. Атап айтқанда, қоспалы алюминий өнімдерін дайындайтын «Гиссенхауз» зауыты мен минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғауға арналған химиялық қоспалар, шегірткеге қарсы биологиялық дәрі-дәрмектер өндірілетін «АгроХимПрогресс» зауытына барды. Бұл екі кәсіпорын да «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Сондай-ақ, Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы «Margulan center» ғылыми орталығына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірде жүзеге асу барысымен танысты.

«Елбасымыздың айрықша қамқорлығының арқасында Павлодар облысының экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуында орасан зор өрлеу орын алуда. Тек индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша өңірде 35 ірі өнеркәсіп орны ашылып, оған 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша кейінгі екі жылда ғана облысқа 125 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Мұндай қарқынды даму өңір тарихында бұрын-соңды болған емес. Облыста балабақша, мектеп мәселесі де біржолата шешілген. Халқымызға қазақ ғылымы мен әдебиетінің айтулы қайраткерлерін берген өңірде «Рухани жаңғыру» бойынша да көптеген жобалар жүзеге асуда. Павлодарлықтар Елбасының осы қамқорлығын бағалай білуі керек», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052