Саша Коэн: Бораттың Қазақстанға еш қатысы жоқ!
Саша Барон Коэн қазақстандықтардан кешірім сұрап, Борат образының шынайы Қазақстанға еш қатысы жоғын мәлімдеді.
Британиялық комик Саша Барон Коэн Happy Sad Confused подкастында берген сұхбатында өзінің танымал кейіпкері Борат Сағдиевке қатысты пікір білдірді. Актер Борат образының арқасында ренжіген барша қазақстандықтардан кешірім сұрап, бұл кейіпкердің шынайы Қазақстанмен, оның мәдениетімен немесе халқымен ешқандай байланысы жоқтығын баса айтты.
Коэн мансабының басында, Борат рөлін алғаш сомдай бастаған кезде Қазақстан елшілігінен ресми шағым түскенін еске алды.
«Шағым өте орынды еді. Мен оны мұқият оқып шықтым. Онда шамамен "Бұған қалай дәтіңіз барды?" деген мағынадағы сөздер жазылған болатын», — деді комик.
Сондай-ақ актер қазақстандықтардың тілдік ерекшелігі мен сөйлеу мәнерінен мүлде бейхабар екенін мойындады.
«Қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Мен сіздердің акценттеріңізді айнытпай келтіре алмаймын, оны тіпті білмеймін де. Сіздер Боратқа мүлде ұқсамайсыздар. Мен ойдан шығарылған акцентпен сөйлеймін, себебі Орталық Азия халықтарының сөйлеу мәнерін жақсы білмеймін. Өтінемін, ренжімеңіздер. Мен сіздерге тек зор құрметпен қараймын», — деп қосты Коэн.
Актердің айтуынша, комедиялық жобалардың негізгі нысанасы Қазақстан емес, кейіпкермен тілдескен америкалықтардың надандығы болған.
«Бұл туындылардың Қазақстанға ешқандай қатысы болған жоқ. Басты мақсат — мен сөйлескен адамдардың таным-түсінігінің таяздығын көрсету еді. Олар бұрын-соңды естіп білмеген ел туралы кез келген ақылға сыймайтын сандыраққа оңай сеніп қала берді», — деп түсіндірді актер.
Борат туралы алғашқы фильм экранға 2006 жылы шықты. Онда Қазақстан ойдан шығарылған, намысқа тиетін дәстүрлер мен кері тартпа стереотиптер арқылы бұрмаланып көрсетілді. Сол себепті фильм елде кең прокатқа жіберілген жоқ. 2020 жылы жарық көрген екінші бөлімі де қоғамда үлкен наразылық толқынын тудырған болатын.
2026 жылдың қазан айында Саша Барон Коэн өзінің «Ali G: Who Iz I?» атты жаңа комедиясының трейлерінде Борат образын қайтадан көрсетті. Трейлердегі сатиралық сахнада кейіпкер Қазақстан бұл фильмді елдегі «екі кинотеатрдың ешқайсысында» көрсетпейтінін айтып қалжыңдайды.
Abai.kz