Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Арылу 6890 49 пікір 13 Сәуір, 2018 сағат 19:19

Брюссельдегі жиында не айтылды, не айтылмады?

Өткен аптаның аяғы мен осы аптаның басында Белгьяның Брюссель қаласында «Жаңа Қазақстан» дейтін форум өтті. Оған еліміздегі бір топ белгілі саясаткерлер, журналистер барып, қатысып келді. Қажыгелдин қонақ болған алқа-қотан жиыны жайлы, оған елімізден барған саяси тұлғалар жайлы жұрт пікірі екіге жарылып, әртүрлі болжамдар айтылды. Біреулері – бұл форумды Әбләзовке қарсы күш формуласы деп түсінсе, енді біреулері – керісінше Қажыгелдиннің қауқары «Жаңа Қазақстанды» құруға жетеді деп сенеді.

Сонымен, көкектің 9-10 жұлдызында өткен форумға Қазақстаннан ұзын-ырғасы 15 шақты адамнан құралған делегация барған. Брюссельге барған азаматтардың біразы елге оралды. Олар не айтады? Біз сұрап білдік.

- Неге Брюссель? Шетелдегі азаматтардың да ойын тыңдағымыз келді

Расул Жұмалы, саясаткер:

- Қазір қоғам қызу талқылап жатқан «Жаңа Қазақстан» атты форум екі-үш күн бұрын Брюссельде өтті. Неге өзіміздің елде емес, Брюссельде өткіздік? Бұған негізгі 3 себеп бар. Әуелі, осындай жиын, кеңес өткізу мәселесі бұрын да ойымызда болған. Қазақстандағы экономикалық, саяси дағдарыс және одан шығудың жолдары, билік транзиті жағдайындағы азаматтық қоғам қалай әрекет етуі керек, жағдай бақылаудан шығып кетпеу үшін алдын-ала  дайындық шаралары қандай болуы керектігі тұрғысында бір ортақ тұжырымға келу мәселесі ойластырылып жүрген еді. Ал бұл тақырыптарды талқылайтын жиынды Қазақстанда өткізу, бәлкім қиындау болар еді. Жер мәселесіне, тіл мәселесіне,  Байқоңырға қатысты жиындардың барлығы үлкен қиындықтармен өткені белгілі. Тіпті, мүлде өтпей қалған кездер де болды.

Екіншіден, бұл жиынға Қазақстанда тұрып жатқан азаматтар ғана емес, шетелдегі «елім», «жерім» деп жүрген белсенді азаматтар да қатысты. Олар белгілі себептермен Қазақстаға келе алмайтын еді.  Олар да белсенді, тәжірбиелі азаматтар ғой. Олардың да ойын, тыңдағымыз келді.

Үшіншіден, Брюссель, ірі Еуропалық ұйымдардың шоғырланған жері. Штаб-пәтерлері сонда орналасқан.  Еуропарламент, Еуропалық комиссия, Еуропалық кеңес сол жерде. Аталған ұйым өкілдерімен де кездесу өткізу жоспарланған. Сондықтан Брюссельде бас қостық.

Алғашқы күні, Қазақстан өкілдері өзара үлкен жиын өткізіп, пікір алмастық. Уақыт тапшылығына байланысты, барлық мәселені талқылап үлгердік деп айта алмаймын. Бірақ, ең керек мәселелер қамтылды.  Оның ішінде:  қазіргі Қазақстаның ішкі-сыртқы жағдайы,  өзгеріп келе жатқан аймақтық геосаяси ахуал, Ресейдің басқыншылық саясаты, Ресейге салынған санкциялар және оның Қазақстанға әсері, Қытайдың күш алып келе жатқаны, әсіресе, Қытайдағы қандастарымыздың  үлкен қысымға ұшырап отырғаны, Ауғанстандағы жағдай, экстремизмнің ушығуы, яғни Орталық Азиядағы геосаяси жағдайлар сөз болды.

Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай мәселесі, себептері мен оны еңсерудің мүмкіншіліктері қандай деген мәселе де, сонымен қатар, демократиялық құндылықтар, сөз бостандығы жағдайы да талқыланды.

Транзиттік мәселеге де тоқталдық, әрине. Ерте ме, кеш пе, транзиттің болатыны анық. Сол шешуші сәтке қазақ қоғамы мен қазақ билігі қаншалықты дайындықпен келеді деген мәселе бар. Ол өте өзекті. Дағдарысқа ұшырамай ма? Себебі, әлемдік практикада басқа мемлекетерде дәл осындай жағдайлар болған. Ондай тәуекелдердің алдын алу шаралары қандай болмақ?

Айта кететін тағы бір мәселе – келешекте Қазақстанның толық парламенттік басқару жүйесіне көшуі. Негізінен талқыланған мәселелер осы болды. Және бір айта кететіні - ортақ мәмілеге келгеніміз. Себебі, Брюсселде жиналғандардың тек бір топтың өкілдері ғана емес, ол түрлі идеологиялық ұстанымдардың өкілдері екенін көріп отырсыз. Осы азаматтардың ұлт мүддесі үшін ортақ келісімге келуі қуантады, әрине.

«Жаңа Қазақстан» форумын алдағы уақытта жүйелі түрде жүргізіп тұру мәселесі де қарастырылды. Жиын Қазақстанның ішінде де, сыртында да өткізіледі.

Осы жолғы сапар барысында Еуропалық институттар өкілдерімен кездестік. Кездесулер өте жоғары деңгейде өтті. Бізді олар шақырды. Шыншыл әрі обьективті ақпарат алмастық. Және  Еуропарламент өкілдерінің де Қазақстандағы жағдайды бақылап, сараптап отырғаны белгілі болды. Көп нәрседен хабардар екен. Біз де өз ұсыныстарымыз бен нақты ақпараттарымызды бөлістік.

Алдымыздағы мамыр айында Астанада үлкен жиын өтеді. Олар «Қазақстан және Еуропалық одақ» деп аталатын жиынға қонақ болып  келетін болды. Бұл ресми жиын. Біздің Үкімет ұйымдастырып отыр. Осы тұрғыдан қарастырғанда, осы жолғы жиынның да маңызды болғанын айтар едім.

Біз қаласақ та, қаламасақ та, транзиттік кезең таяп қалды

Ермурат Бапи, тәуелсіз журналист:

- Қазір, алаң арқылы радикалды түрде билікке қарсы жұмылу мүмкін емес. Форумның негізгі тақырыбы осы болды.  Елдегі биліктің қайнар көзі халық дейміз ғой. Халықтың мүмкіндігі шектеулі екендігіне көзіміз жетті.

Мемлекеттік машиналардың барлық тетіктерін қосып,  жапырып, жаншитындай алдын ала ұран көтерген белсенділік емес. Бұл – Брюссельге барамыз, сол жақта жүрген, Қазақстанға келіп, кіре алмайтын азаматтармен бірігіп, бас қосып, «Жаңа Қазақстан» деген мәселені талқылаймыз деген сөз.

Ал, «ол билікпен келісілген», «биліктің рұқсатымен» деген сөздің барлығы тап таза – былжырақ. Ешқандай да келісім болған жоқ. Егер билікпен келісілген дүние болатұғын болса – мен оған бірінші кезекте қатыспайтын едім. Себебі – Қазақстанның билігімен бірігіп саяси ойын ойнауға болмайды. Ол шахмат тақтасына  сенімен бірге отырады да, ұтылып бара жатса, үстелдің  астында тұрған бейсбол битасын алады да төбеңнен ұрады. Сондықтан, бұл билікпен келісіп, ымыраласып жұмыс істеу мүмкін емес.  Иә, қоғамды өзгерту жөнінде ымыраласуға болатын шығар. Ал енді әлі басталмай жатқан, әлі мән-мазмұны белгісіз, талқыланбаған тақырыпты «бұлар билікпен ымыраласып осылай істеп жатыр деген сөз» басы артық сөз, біріншіден.

Екіншіден, Брюссель форуымын өткізген азаматтардың контингентін қарасаң, ондай топтың басын біріктіріп, біздің билік осындай саяси сапарға жібермес те еді. Оның ішіне, құрып кеткенде 4-5 өзінің «ләпбай тақсыр» боп жүрген, «Қазақстан қозғалыстарының алянсы» деген сияқты ұйымдарды қосып, солардың өкілдерін жіберетін еді.  Қарап отырсақ, барғандардың ішінде билікпен етене жақындасып жүрген ешкім жоқ.

Біз қаласақ та, қаламасақ та, транзиттік кезең таяп қалды. Мұның артында қазақ ұлтының тағдыры, мемлекеттің тағдыры тұр. Себебі, геосаяси жағдайды қарап отырсақ, анау шығыстағы Қытай, солтүстіктегі Ресей, оңтүстіктегі исламдық терроризм секілді қауіптің төніп келе жатқаны рас.  Мұндай жағдайда біз қазақ қоғамын тұтас мемлекет ретінде сақтаудың кез келген жолын бірігіп ойластыруымыз керек.

Бұл жерде, «ол топтың ішінде анау бар екен, мынау бар екен» деген әңгімені қолдамаймын. Тіпті, биліктің өзі шақырып ап, осындай әңгеме айтып жатса, мен оған да қатысамын. Бұл да талпыныс. Оны да тыңдап көремін. Ол ойын ба, әлде шын көңілден шыққан, қоғамның, Қазақстанның болашағына деген мүддеден туған тақырып па?

Демократиялық оппозицияның ішінде алауыздық болуы – болашақтың мүддесіне қайшы. Сондықтан, біз жаңа құрылып жатқан «Жаңа Қазақстан» болсын, тағы да басқа ұйым болсын, ең бастысы қоғамға азаматтық мүдделілікпен қай-қайсысымен де жұмыс істеуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде жаңағыдай бос сөздерді мен қолдамаймын.

Менің көзқарасым мынау: елдегі  билік транзиті қыр астынан тақап қалғанда бір бірімізбен, «сен ақсың, сен қарасың» деп отыруымыз дұрыс емес. Ал осындай азаматтардың бастарын біріктірмеудің саяси технологиясын Қазақстан билігі 2000-жылдардан бері әбден игеріп алған. Бұл өзара іріткі салу деген бұрыннан бар технология. Осындай  әрекеттер әлі де жалғаса береді.

Қазіргі Қазақстан қоғамының марғау жағдайында, қалғып жатқан қазақты тепкілеп тұрғызып алып, алаңға бар дейтін жағдай ескірген. Ол процесс жүзеге аспайды. Оған әбден көзіміз жетті.  Осыған дейін талай үндеу айтылып, жұртты алаңға шақырдық. Кім ерді? Ергендері ары кетсе, 100 мың шығар, және оларға ерген тағы 100 мың. Ол 200 мың адамның тең жартысы алаңға шығатын жағдайда емес еді. Тіпті, таным өресі, түйсігі төмен жағдайда болды. Мейлі, өресі жетті деген күнінң өзінде олардың азаматтық ұстанымдары, батылдығы, елге қоғамға деген іс қимыл әрекетімен сай емес еді. Осының барлығы бүгін пісіп жетіліп, осындай форум құруға әкелді.  Менің айтпағым, жалғыз бұл ғана емес, басқа азаматтар да қарап жатпасын. Олар құрған ұйымның контексті біздің демократиялық, халықтық билік қалыптастыруға деген ынта-жігерімізге сай келетін болса, мен оған да қатысамын. Бұ жерде, менің жеке басым, «Жаңа Қазақстанға кіріп алдым, ешқайда шықпаймын, осында омалып отырамын» деген сөз емес. Егер ертең Қазақстанда жаңа партия құрылып, ол шынында қоғамды өзгертуге бет алған, «Нұр Отанға» алтернатива бола алатындай партия болатын болса, мен оған да қосыламын.

 

Жауапкершілікті сезіне отырып, өзгерістерге жол бастамау қылмыс болар еді!

Әміржан Қосанов, саясаткер:

 - Көп жылдан бері тұңғыш рет, елдің іші мен сыртындағы бірқатар саясаткерлер мен журналистер, қоғам қайраткерлері мен құқық қорғаушылардың елеулі басқосуы өтті. Талқыға салынған негізгі сұрақтардың өзі не тұрады:

Елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы;

Мемлекет алдында тұрған негізгі геополитикалық түйіткілдер мен түйіндер;

Елдегі негізгі саяси және қоғамдық институттардың дағдарысы кезінде орын алғалы жатқан билік транзиті;

Азаматтық қоғамның жаңа жағдайдағы мұрат-мақсаттары, міндеттері;

Қарапайым халықтың қолына шынайы билік беретін саяси, соның ішінде конституциялық реформа;

Елдегі саяси тұтқындар, адам құқы, сөз бостандығын шектеу мәселелері;

Жеке және арнайы мәселе ретінде ел сыртындағы қандастардың жағдайы, әсіресе Қытай қазақтарының мәселесі;

Билік пен қоғам арасында салиқалы диалог құрып, өркениетті саяси орта қалыптастыратын институттарды құрып, дамыту мәселелері.

Жоғарыда аталған сұрақтар турасында жасы мен көзқарасы әрқилы, бірақ ел деп жүрген белсенді азаматтардың бас қосып, ой қозғауы өте маңызды еді. Жиынға қатысушылардың Қазақстанның ертеңі алдындағы азаматтық, тіпті адами борышын сезіне отырып, ортақ пікірге келгені қуантты. Аса зор маңызы бар бұл сұрақтардың шешуін бір топ шенеунік пен олигархтардың қолына ұстата салуға болмайды. Өмір де, саясат та, әлдеқайда күрделі, сол себепті ондай таңдаудың өзі қате әрі ел тағдыры үшін қауіпті болады! Ұлт қамы деп, кеше Алаш үшін қан төккен ата-бабаларымыз бен ертең, бізден кейін келетін ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, өзіміздің ар-намыс алдында да, ашық сөйлеп, өзгерістерге жол бастамау қылмыс болар еді!

Осының бәрін ескере отырып, біз алдағы уақытта да мемлекет тағдыры туралы әңгімеге жүрегі ел деп соққан барша азаматтарды мейлінше кең тартып, осындай кездесулерді тұрақты өткізуге уағдаластық. Біздің таңдауымыз – біздің ортақ арманымыз бен еркін таңдауымыздан туған өркениетті, әділетті, демократиялық жаңа Қазақстан.

Сол себепті де осы форматты біз «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» деп атауды жөн санадық. Өз жауапкершілігімізді сезіне отырып, біз барша сындарлы саяси күштер үшін ортақ диалогқа ашықпыз.

Біздің осынау мақсаттарымыз Еуропарламент те, Еурокомиссия да, Еуропа Кеңесінде өте жоғарғы, Еуропарламенттің вице-президенті деңгейінде қолдау тапқаны қуантады. Бұл жайт, әсіресе, алдағы мамыр айында Астанада өтетін «Қазақстан-Еуроодақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің отырысы қарсаңында ерекше маңызды.

Түйін

Біз бұл пікірлер топтамасын ертең де жалғастыратын боламыз!

Пікірлерді топтастырған Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

49 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2019