Жексенбі, 20 Қазан 2019
Құйылсын көшің 2941 13 пікір 4 Мамыр, 2018 сағат 15:01

Шекарадан кері қайтарылған жүкті келіншектің мәселесі қоғамдық пікір тудырып жатыр

Күні кеше ғана «Abai.kz» ақпараттық порталында «Масқара! Алматы әуежайы. Шекаралық бақылау қызметі жүкті әйелді кері қайтарды» атты мақала жария болды. Онда Нұрсейіт Төлегенұлы есімді Қазақстан азаматының екіқабат әйелін Алматы әуежайындағы шекаралық бақылау қызметінің елден депортациялағаны баяндалды.

Оқиғаның қысқаша мазмұны былай: 2 мамыр күні таңғы 03:20 шамасында Нұрсейіт Төлегенұлы, әйелі Жайнагүл Ғажапқызы және 1,5 жасар ұлы Мысырдан Алматы әуежайына келіп қонады. Жайнагүл ҚХР азаматшасы. Қазақстанды жүріп-тұруы үшін берілген Ықтиярхаты бар. Ықтиярхаттың жарамдылық мерзімі 2021 жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда бұлар Қазақстан аумағында 183 күннін артық уақыт болмағандықтан, Жайнагүлдің Ықтиярхаты автоматты түрде жарамсыз деп танылған. Әуежайдағы шекара қызметі солай деп түсіндірген. Осылайша Нұрсейіттің өзін және 1,5 жасар ұлын елде қалдырып, жүкті әйелін сол күні Мысырға қайтарып жіберген. Бұл жайлы мына сілтемеден толық оқи аласыздар. http://abai.kz/post/69884

Нұрсейіттің басына түскен ауыр жағдайды толық баяндаған мақала «Abai.kz» ақпараттық порталына жарияланды. Іле-шала бұл мәселе қоғамдық пікір тудырып, басқа да ақпарат құралдары аталған мақаланы жариялап басты. Атап айтсақ, «qazaquni.kz», «dalanews.kz», «kaz.365info.kz», «talqy.kz», «minber.kz», «adyrna.kz» сайттары Нұрсейіттің мәселесін қоғам талқысына ұсынды.

Сондай-ақ, бұл мәселеге әлеуметтік желі қолданушылары да үн қосып, талқы жасады. Материалды бөліскен жұрттың қарасы көп.

Бүгін Алматы Халықаралық әуежайында орналасқан Кеден қызметіне хабарластық. Әуежайдағы Кедендік қызмет маманы Ермек Болатбекұлы деген азамат, бұл іске Кеден қызметінің қатысы жоқ екенін айтты.

«Бұл іске Кеден қызметінің түк қатысы жоқ. Жекелеген адамдармен айналыспаймыз. Ол кісі шекаралық тексерістен өту кезінде ұсталған ғой. Шекара қызметкерлері адамдардың құжаттарын тексереді. Солар біледі бұл істің мән-жайын», - деп жауап қайырды.

Ермек Болатбекұлы ұсынған контакті бойынша Алматы әуежайындағы шекара қызметіне хабарластық. Телефон тұтқасын орыс тілінде сөйлейтін бір келіншек көтерді. Әуежайдың шекара қызметі телефон арқылы кеңес, ақпарат бермейтінін айтты.

«Біз телефон арқылы ақпарат немесе кеңес бермейміз. Біз 24 сағат бойы жұмыс жасаймыз. Алматы Халықаралық әуежайының 2 қабатындағы Халқаралық ұшу бекетінде орналасқанбыз. Сол жерге келіп, өзіңізге керек тілде ақпарат ала аласыз», - деп қысқа қайырды.

Мақұл біз барамыз. Керекті ақпаратты аламыз. Ал Мысырға қайтарылған Жайнагүлдің ендігі тағдыры не болмақ? Біз тек болжап айта аламыз. Әрине, Мысырға жеткен Жайнагүлдің тұрғылықты тіркеуі Қытайда. Оны Қытайға жібереді. Ал Қытайда Жайнагүлді сөзсіз «оқу-үйрету лагері» немесе түрме күтіп тұрғаны анық.

Айтпақшы, «Abai.kz» ақпараттық порталында аталған жария болысымен, Алманиядағы қандасымыз Өмірхан Алтын хабарласты, редакциямызға. Даусында діріл бар.  Аталған мәселеге қатысты өзінің пікірін білдірді.

Өмірхан Алтын, Алманиядағы қазақ:

- «Abai.kz-тен» анау Египетке қайтарып жіберген екіқабат әйелдің жағдайын оқып, қаным басыма шапшып тұр. Бауырым, ызадан қан құсып отырмын. Мынау неткен масқара жағдай! Бұл барып тұрған сатқындық, қазаққа жасалған қиянат қой. Қазақтар ел болып, жұрт болып, Қытайдың қысымынан қашып, елім деп келгенде, кішкентай сәбиінен, жолдасынан айырылып, өз Атамекенінен қуылған анау екіқабат әйелді, қаны қазақ бір адамды өз Отанына дереу қайтару керек. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бір шара қолдануы керек. Онсыз да Қытайдың қысымынан қашып келген аз қазақты қашанғы қуалай бермек?

Бұған кім жауапкер? Сол адамдар анықталуы және жазалануы тиіс. Ол Атамекеніне келді. Оны кеудесінен итеріп, жау көргендей келген бетімен кері қуып жіберу ұяттың ұяты ғой.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ:

- Масқараны оқып шықтым. Шекара қызметкерлері өз құқын асыра пайдаланып жіберген сыңайлы. Жайнагүл елге конторбандалық тауар әкеліп жатса, әңгіме бір бөлек. Мені ойландырғаны, неге біздің аэропортта миграциялық полициясының өкілі жоқ? Бар болса, іске сол араласып, Ықтияр хат шарты бұзылғаны жөнінде хаттама толтырып, шешім қабылдауы керек еді.

Оның үстіне, Жайнагүлдің Қазақстан азаматымен тұрған неке куәлігіне, одан туған баланың паспортына, дәрігерлердің анықтамасына қалайша назар аударылмағанына таң қаласың.

Жалпы, осындай жағдайда, аэропорт аймағында ондай азаматтардың құқықтық мәселесі шешілгенше оларды оқшаулап ұстайтын арнайы «шегаралық аймақ» болуы керек сияқты. Бірден қайтарып жібергендері дұрыс болмады. Ұшаққа төлеген ақшаға Жайнагүлді аэропорт аймағында, мәселе анықталғанша ұстауға болатын еді. Енді, шекарашылардың қызметі қате екені анықталса, онда осыған кеткен шығынды Шекара қызметі төлей ме, әлде, қателік жіберген шекарашы өз қалтасынан төлей ме? Қызықтың көкесі сонда болайын деп тұр! Халықтың ақшасын әрбір сауатсыз шенеуніктің қателігін жабу үшін жұмсай берсек - Қазақстан бюджетінен көк тиын қалмайтын шығар...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

13 пікір