Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
«Соқыр» Фемида 10207 5 пікір 25 Қазан, 2019 сағат 13:24

«Қызылағаш оқиғасы» – бес қазақтың ғана қасіреті емес

Алматы облысы Қызылағаш ауылы маңында болған «қазақ-қытай қақтығысы» салдарынан бес бірдей қазақ жігітінің қамауға алынуына байланысты қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай мен азаматтық белсенділер Ырысбек Тоқтасын, Әсет Оңалбаев және адвокат Ләззат Ахатова баспасөз жиынын өткізді.  

Алдын ала айта кетейік, бұл баспасөз мәслихатында жуықта қытай-қазақ шекарасын «бұзып өтіп», Қазақстаннан саяси баспана сұрап келген қос бірдей жігіт – Қытайдағы зорлық-зомбылықтан жапа шеккен Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының қамауға алыну жағдайы да сөз болды. Олар жөніндегі сөз – кейінірек.

Бір қазақ жігітін соққыға жыққан үш қытайлық жұмысшы Әкімшілік құқық бұзу кодексінің «бұзақылық» бабы бойынша жеңіл жазамен құтылып кетіп, ұлттық намысы үшін әділдік іздеген Қазақстанның бес азаматы Қылмыстық кодекстің екі бірдей ауыр баптарымен қамауға алынғанын спикерлер тәптіштеп мәлімдеді. Шетелдік компанияларда қытай азаматтары заңсыз жұмыс істегендері, жергілікті жердегі шетелдік компаниялардың жұмысын атқарушы биліктің бақылауға алмайтыны жөнінде мәселе көтерді.

Қазанның 10-ы күні сот Қызылағаш ауылының бес азаматы – Берікбол Рысалдинов, ағайындылар – Бейбіт, Нұрбол Мұхаметалин мен Сарқыт пен Еркін Салқановтарды екі айға қамау туралы шешім шығарды. Алдағы күндерде ағайынды жігіттерді кепілдікке шығару жөнінде туыстарының өтініштері сотта қаралмақ. Ал Берікбол Рысалдиновты кепілдікке шығару үшін, ұлтжанды қайраткер Рысбек Сәрсенбайұлы өзінің жеке меншік үйі мен жеңіл көлігін кепілдікке қоятынын мәлімдеді.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, 2019 жылғы қазанның 7-де Алматы – Өскемен автожолының 303-шақырымында Қанат Жамбыл деген жігітті үш қытай жұмысшысы жабылып ұрған. Бірақ олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке қамалумен құтылған. Сол күннің ертеңінде Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылының бес тұрғыны қытай азаматтарымен төбелеседі. Соққыға жығылған екі қытайлық орташа дене жарақатымен ауруханаға түседі.

Жиында сөз алған Рысбек Сәрсенбайұлы бұл орайда былай деді:

– Бұл оқиғаның түп-тамыры арыда жатыр. Қытайлықтардың күш қолдануы кеше ғана орын алған оқиға емес. Қазақстан билігі инвестор десе ішкен асын жерге қойып, төбеде тайраңдатады. Жаңаөзендегі қанды қырғын дәл осындай қытай мен қазақтың арасындағы әлеуметтік жанжалдан шықты. «Қаражамбасмұнай» компаниясының қожайыны қытайлар болатын. Тәуелсіз кәсіподақ еңбекақыны көтеру жөнінде талап қойып еді, ұйым жетекшілерінің қуғынға түсуіне қытай тарапы ықпал етті. Соңында қара халықтың қаны төгілді, аналардың көз жасы көл болды. Жаңаөзен жарасы әлі жазылған жоқ.
Кеше Қызылағашта да қазақтар мен қытай жұмысшыларының арасындағы теңсіздіктің беті ашылды. Қазақ жігіттері неге қытайларды ұрды? Себебі – төбелесті шетелдік жұмысшылар бастады. Қазақстанда өз қазағын қорғайтын заң жоқ екені белгілі. Сондықтан да ол азаматтар қытайларды ұрған. Осы жағдайдың түп-төркіні – мәселен, сол компанияда 68 қытай заңсыз жұмыс істеген. Егер қытайлар қазақ азаматын ұрмаса, 68 қытай заңсыз біздің жерімізде жүрмесе, осы жағдай болмас еді. Біздің полиция, прокуратура, ҰҚК қайда қарап отырғаны белгісіз.

Енді Қызылағаштың жігіттерін соттаса, бүкіл қазақ көтеріледі. Біз осылай сот арқылы толқуды тоқтатамыз десе, билік қатты қателеседі. Қазір Қытайдан кіретін 51 зауыт, жалға жер беру, Қытайдың өзіндегі «саяси үйрету лагерьлері» жайлы қоғамда айтылып жатыр. Бұл онсыз да ызаланып отырған халықтың ашуына тиеді. Бес азаматты қатты жазалаудың керегі жоқ. Инвесторларды қорғау керек деген бір кісінің тапсырмасы бар.

Тәуелсіз бақылаушылар қозғалысының белсендісі Әсет Оңалбаевтың айтуынша, бес жігіттің осындай әрекетке баруына бойындағы қазақтық қаны мен ұлттық намысы себеп болған. «Төбелесті бастаған – қытай жұмысшылары. Өз елінде, өз жерінде тұрған қазақтар ар-намысын таптатып, қарап тұра алмады», – деді ол.

Қоғам белсендісі Ырысбек Тоқтасын Талдықорған қаласына, облыстық әкімдікке барып, қамауда жатқан 5 жігітке араша сұрағандарын айтты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашовтың айтуынша, заңсыз жұмыс істеген 68 қытайлықтарды елден шығарған.

«Әкімдік шетелдік заңсыз жұмыскерлерді осы уақытқа дейін қалай байқалмаған? Заң бұзғандарды шекарадан шығарумен ғана шектелген бе, жұмыскерлерді заңсыз қабылдаған қытайлық компанияға айыппұл салдыңыздар ма?» деген сұрағымызға облыс әкімінің орынбасарынан «жұмыстың тез жүруі үшін, лицензия алуға көп уақыт кетеді, сол үшін кей жағдайда қытайлық жұмысшылардың лицензиясыз жұмыс істеуіне көз жұма қарадық» дегенге саятын жауап естідік. Біздің шенділердің өзі өз заңымызды белшеден басып, заңсыздықты көре тұра, көрмеске салса, қытайлар қайдан біздің заңымызды менсінсін?!»

Жиын соңында спикерлер президент К.Ж.Тоқаевтың атына осы іске байланысты азаматтарға кешірім жасауын, елімізде жұмыс жасап жатқан барлық қытайлық компанияларға тексеріс жүргізу керектігі жөнінде ашық хат жолдайтындарын мәлімдеді.

Жеті жігітті қорғау - қазақтың мүддесіндегі міндет

Ләззат Ахатова:

Зайсандағы екі жігіт пен Қызылағаштағы бес жігітті қорғауына алған адвокат Ләззат Ахатова кешегі күнге дейінгі осы екі іске былай деп тоқталды:

– Қызылағаштық бес жігітке ҚК-тің ауыр үш бабымен, 293-баптың 3-тармағы, 2-бөлігімен, 106–107-баптармен іс қозғалған. «Жәбірленушілерге ауыр дене жарақатын салды, қару қолданып, күш көрсетті» деген айып тағылған. Ал біздің жігіттердің айтуынша, олар қолдарына қару алып шықпаған. Керісінше, қытайлықтар мінген автобуста кеспек арматуралар болған.

– Таяқ жеген-міс үш қытайлық, оларды жұмысқа алған компания туралы біле алдыңыз ба?

– Қазіргі таңда жәбірленуші тарап, яғни қытайлықтар өз елдеріне депортацияланып кеткен. Енді бес жылға дейін Қазақстанға келе алмайды. Өйткені құжаттары заңсыз болған. Ал компания басшысына осы заңсыздықтар үшін қылмыстық іс қозғалды дейді. Менің көкейімде – төбелес барысында ауыр дене жарақаттары салынған болса, олар қалай жол жүреді деген күдік басым. (Ауыр дене жарақаты – көзі шығып кету, аяқ-қолдың сынуы, т.с.с. жағдайлар). Ауыр жарақат алған адам орнынан қозғалып, алыс жаққа кете ала ма?

Ал төрт жәбірленуші ауруханада жатыр деп естідік. Олардың жағдайын журналистер барып, өз көздерімен көріп қайтыпты. Ол жерде ауыр халде жатқан адам болмаған дейді. Ең бастысы – бұл іс жай ғана төбелес немесе жеке бас араздығы үшін болған бұзақылық әрекет емес. Осындай жағдайдың орын алуына біздің елде жұмыс істеп жатқан қытайлықтардың өздері жұмысқа келген елдің заңын, әдет-ғұрпын сыйламай, шектен шыққан әрекеттері себеп болған деп білемін.

Қызылағаш тұрғындарының айтуынша, қаптап жүрген қытайлықтар қазақтың қыздарына жөнсіз тиіседі екен. Тіпті қыз зорлау дерегі болған деген әңгіме бар. Алайда туыстары ел-жұрт білмесін деп, қыздың одан кейінгі тағдырын ойлап, тиісті органдарға шағымдануға қорқып отыр екен. Жасөспірім балаларға әлімжеттік жасап, жабылып ұрып кетіп, жергілікті халық өкілдеріне шекелерінен қарап, кекетіп, орысша үйренген сөздері «казахи–бараны» деп мазақтап, ауыл тұрғындарының ренішін, ашу-ызасын тудыратын әрекеттер жасаған. Қызылағаштағы қақтығыс – жергілікті халықтың осы әрекеттерге қарсы туындаған ашу-ызасының, наразылығының сыртқа шығуының көрінісі. Осы жағдайларды көріп-біліп отырған бес қазақтың жігіті ашу-ызамен біздің елде жұмыс істеп жатқан қытайлықтарды ұрып тастаған. Алайда ешқандай қару қолданбаған, тек қолдарымен ұрған.

– Шығыстағы Зайсан ауданына барып, шекараны «бұзып» өткен екі жігітті де қорғауыңызға алдыңыз. Істің бет алысы қалай?

– Зайсан аудандық соты Шыңжаң қазақтары Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлын екі айға қамау туралы қаулы қабылдады. Қытайдың озбырлығынан, қорлығынан қашып, қалың елім – қазағым деп шекара бұзып, қашып келуге мәжбүр болған екі қандасымыз ешқандай қылмыскер емес. Олар ешқайда жасырынған жоқ, келе сала өздері босқын мәртебесін сұрап, ол жақтағы қандастардың жағдайларының ауыр екенін көрсетіп, Көші-қон полициясына арыздарын өткізді.

– Бұл екі азаматтың әрекетін халықаралық заңдылықтар шеңберінде қорғау мүмкіндігі бар ма?

– Халықаралық заң нормаларына сәйкес, қандай да бір елден зәбір көріп, жапа шеккен азаматтар шекара бұзып, басқа елге босқын мәртебесін сұрап барса, оларға қылмыстық іс қозғалмау керек. Ол конвенцияны БҰҰ қабылдап, халықаралық акт ретінде бекіткен. Ол конвенция талаптарын БҰҰ-ның құрамына кірген елдердің бәрі орындауы керек. Ешкім де бастарына қауіп-қатер төнбесе, шекараны бұзып өтіп, өз бастарын қатерге тікпес еді. Сол себепті менің қорғауымдағы ҚХР-ның екі азаматы, этникалық қазақтар Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлына қозғалған қылмыстық іс заңсыз деп есептеймін.

Қытайлық концлагерьден қашып, шекараны заңсыз кесіп өту – орта дәрежедегі қылмыс болып саналады. Қылмыстық заңнама нормаларына сай, ауыр қылмыс жасағанда ғана бұлтартпау шарасы – қамауға алуға болар еді. Бұл жағдайда олар кісі өлтірген жоқ, ауыр қылмыс жасаған жоқ. Сондықтан қамау бұлтартпау шарасы заңсыз қолданылған.

– Зайсанға барғанда, Қастер мен Мұрагерді көрдіңіз бе?

– «СИЗО»-ға кіріп шықтым. Қастер мен Мұрагер аман-есен, жағдайлары жаман емес. «Ешкім қысым жасап жатқан жоқ», – деді. Тек жылы киімдер керек екен. Мұрагердің әпкесі Нұргүл екеуіне бірдей етіп, керек-жарағының бәрін алып беріп жіберді. Келгенімізге қуанып қалды. Қолдау көрсеткен қандастарына алғыс айтып жатыр.

Тергеу изоляторының бастығы Қанат Жүсіпов мырзаға да кіріп шықтым. Сот қаулысына келтірілген жеке шағым ШҚО сотына жіберілгені жөнінде хабар алдым. Бір аптаның немесе оншақты күннің ішінде жеке шағым қаралады. Сотқа екі азаматты апарып-әкеліп тұрады. Мекеме басшысы ешкім тарапынан қысым жасалмайтынын, екі жігітті бақылауда ұстайтынын айтты.
Қоғам, ел-жұрт қызылағаштық бес жігітті, Зайсандағы екі азаматты қорғауға атсалысса, ақпараттық қолдау көрсетілсе деген өтінішім бар. Бұл біздің ұлттық намысымызды қорғау мүддесіне сай, заң шеңберіндегі ісіміз болуы керек.

Бақытгүл Мәкімбай

Тұпнұсқа: «DAT».

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516