Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Мәйекті 5783 0 пікір 27 Қазан, 2016 сағат 11:42

РӘМІЗДІ ҚОРЛАУДЫ РЕСЕЙДЕН ҮЙРЕНДІК ПЕ?

Жақында әлеуметтік желіде Ресейдің Мемлекеттік туын қорлап, онымен қоқыс тасығандарды әшкерелеген бейне жазба пайда болды. Оқиға Ресейдің Волгоград қаласында болған.

Әлеуметтік желіде қызу талқыланған бұл бейне жазбадағы коммуналдық қызмет компаниясының жұмыскерлерін қазір полиция іздестіріп жатыр екен. «Сentralasian.org» агенттігінің хабарлауынша,  Волгоград тұрғындары РФ Мемлекеттік туын қорлаған аула сыпырушылардың үстінен полицияға шағым түсірген. Шағымға сәйкес құқыққорғау органдары тексеру жұмыстарын бастап кеткен.

«Ресей туы мен таңбасын "мазақ ету" бабы бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешіліп жатыр. Аула сыпырушылардың кінәсі дәлелденсе, олар мәжбүрлі жұмысқа жегілуі немесе бір жылға түрмеге отыруы мүмкін» деп жазады агенттік.

Бұл арада...

Салыстырып көрейікші, естеріңізде болса, Мемлекеттік рәмізбен қоқыс тасып, кейін ту-талақайы шыққан туды күресінге лақтырғандар бізде де болған еді. 2014 жылы Алматыда көлігіне тиелген қоқыстың бетін Қазақстанның Мемлекеттік туымен жапқан адам ұсталған болатын. Анықтай келгенде Қарасай ауданының тұрғыны болып шыққан А.Есімбеков әкімшілік жазамен құтылған еді.

2015 жылы Шымкентте коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары қоқысты Қазақстанның туына салып шығарды. Тазалық жұмыстарын кездейсоқ көріп қалған куәгерлер бұл жайтты суретке түсіріп алған. ҚР ҚК 372-бабы «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» бойынша жауапқа тартылды да, айыппұл төлеуге міндеттелді.

Байраққа құрметсіздіктің шегін Павлодарлық тұрғын көрсетті. 2014 жылдың 17 сәуір күні Ертіс ауылының тұрғыны 3 ақпараттық баннерді бүлдіріп, сыртқы бақылау камерасын ұрлап кеткен. Сонымен қатар туберкулезге қарсы диспансер, орталық аудандық аурухана, балалар өнер мектебі мен аудандық қазынашылық басқармасы ғимаратындағы Мемлекеттік туды жұлып алған.

Ал биыл Ақтөбеде 13 мекемеге «мемлекеттік рәміздерді қорлады» деген айып тағылды. Ақтөбеде жекеменшік кәсіпорындарды былай қойғанда, мектептер мен балабақшаларда ілінген байрақтар тиісті талапқа сай келмейтін болып шыққан.

Түйін: Өкініштісі, осы жәйттардың соңы немен аяқталғаны белгісіз. Мемлекеттік туға қатысты келеңсіз жайттар соңғы кездері жиі қайталанатын болды. Мейлі былтыр ғана көк байрақты жерге сүйретіп, қоқыс тасығандар заң жүзінде жазаға тартылған еді. Әкімшілік ғимараттардың төбесіне ілінген Тудың жырым-жырымы шыққаны тағы бар. Жыртық тудың еңсені езіп, келешекке күмәнмен қарайтын ойларға жетелейтіні белгілі. Ал болашағы жарқын Қазақстанның Көк байрағы тек көкте желбіреуі тиіс-тін!

Былтырдан бері әкімшілік жазаға тартылып келген туды қорлаушыларға әлі де болса ес кірмеген екен. Оны жоғарыда келтірілген деректерден анық аңғаруға болады. Бәлкім, біз де Ресей секілді қатаң жаза қолданып, мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамды бір жылға темір торға тоғытуымыз қажет шығар. 

 Сіз не дейсіз?

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970