Жаңа Конституция ел дамуының келесі кезеңін ашады...
Қазақстанның жаңа Конституциясы мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді бағдарларын айқындап, елдің одан әрі дамуына негіз қалыптастырады. Мұндай пікірді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Отбасылық және гендерлік саясатты зерттеу орталығының директоры, әлеуметтанушы Эльмира Отар білдірді.
Сарапшының айтуынша, жаңа Конституцияның маңызы құқықтық нормаларды жаңартумен ғана шектелмейді, сонымен қатар мемлекетті дамытудың стратегиялық қағидаттарын айқындауында.
«Жаңа Конституция ел дамуының келесі кезеңін ашады. Меніңше, оның маңызы құқықтық нормаларды жаңартумен ғана емес, ұзақ мерзімді перспективаға арналған мемлекеттік саясаттың жаңа бағдарларын қалыптастырумен де байланысты. Конституция заңнама, мемлекеттік институттардың қызметі және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл кейіннен құрылатын базалық қағидаттарды айқындайды. Сондықтан оның ықпалы әрдайым құқықтық шеңберден әлдеқайда кең болады», – деді Эльмира Отар.
Эльмира Отар Негізгі заңда отбасын қорғау, адам құқықтары, заңдылық, қоғамдық қатысу, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың бір-бірі алдындағы жауапкершілігі мәселелеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті.
«Мен үшін жаңа Конституцияда отбасын қорғау, адам құқықтары, заңдылық, қоғамдық қатысу мәселелерінің, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың бір-бірі алдындағы жауапкершілігіне қатысты құндылықтардың бекітілуі аса маңызды. Қазіргі жағдайда бұл ерекше мәнге ие. Әлем барған сайын күрделеніп, болжамдылығы азайып келеді, демографиялық, технологиялық және әлеуметтік сын-қатерлер күшеюде. Мұндай жағдайда мемлекетке ағымдағы саяси немесе экономикалық ахуалға қарамастан дамудың сабақтастығын қамтамасыз ететін орнықты институттар мен түсінікті ережелер қажет», – деді ол.
Әлеуметтанушы Конституцияның отбасы институтына қатысты ережелеріне де жеке тоқталды.
«Отбасыға қатысты ережелерді ерекше атап өткім келеді. Бүгінде әлемнің барлық дерлік елдері демографиялық құрылымның өзгеруімен, отбасылық қатынастардың трансформациясымен, ата-аналарға түсетін жүктеменің артуымен, жастардың құндылықтық ұстанымдарының өзгеруімен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан отбасы институтына назар аудару – заңды құбылыс. Отбасы – адамның мінез-құлқының негізгі үлгілері, жауапкершілікке, құрметке, еңбекке, өзара көмекке және заңға деген көзқарасы қалыптасатын орта. Сондықтан отбасыны, ана мен әке болуды және балалық шақты мемлекеттік қорғауды конституциялық тұрғыдан бекітудің құқықтық қана емес, стратегиялық маңызы да бар», – деп атап өтті әлеуметтанушы.
Сарапшының пікірінше, жаңа Конституцияның қабылдануы реформалардың аяқталуы емес, заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік институттарды дамыту жөніндегі одан әрі жұмыстың басталуын білдіреді.
«Бұл ретте Конституцияның қабылдануы реформалардың аяқталуы емес, ауқымды жұмыстың басталуы екенін түсіну маңызды. Алда заңнаманы жетілдіру, жаңа институттарды дамыту, құқық қолдану практикасын қалыптастыру міндеттері тұр. Дәл осы кезеңде конституциялық нормалардың нақты өмірде қаншалықты жұмыс істейтіні және олардың қоғамның сұраныстарына қаншалықты жауап бере алатыны айқындалады», – деді ол.
Ол сондай-ақ республикалық референдум конституциялық өзгерістерге қоғам тарапынан жоғары деңгейдегі қолдаудың бар екенін көрсеткенін еске салды. Сонымен бірге әлеуметтанушының айтуынша, мемлекеттік институттарға деген сенім ең алдымен Конституцияда бекітілген нормалардың қаншалықты дәйекті жүзеге асырылатынына байланысты.
«Республикалық референдум конституциялық өзгерістерге қоғам тарапынан қолдаудың жеткілікті жоғары деңгейін көрсетті. Ресми мәліметтерге сәйкес, дауыс беруге сайлау құқығы бар азаматтардың 73,12%-ы қатысты, ал дауыс беруге қатысқандардың 87,15%-ы жаңа Конституцияны қолдады. Референдум өткізілгенге дейінгі зерттеулердің өзі халықтың ақпараттану деңгейінің жоғары екенін және ұсынылып отырған өзгерістерге оң көзқарас қалыптасқанын көрсетті. Алайда кез келген реформаның қоғамдық қолдауы тұрақты шама емес. Адамдар нақты әрі түсінікті нәтижелерді көріп, қабылданған шешімдердің олардың өмір сапасына шын мәнінде әсер ететінін сезінген кезде ғана бұл қолдау нығая түседі. Әлеуметтану тұрғысынан алғанда, мемлекеттік институттарға деген сенім жаңа құжаттарды қабылдау арқылы емес, ең алдымен олардың дәйекті түрде іске асырылуы арқылы қалыптасады. Егер азаматтар заңның әділ қолданылатынын, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін, өз құқықтарының қорғалатынын және қоғамдық өмірге қатысудың түсінікті тетіктерін көрсе, сенім біртіндеп орнықты сипатқа ие болады. Сондықтан конституциялық нормаларды іс жүзінде жүзеге асыру олардың мазмұны сияқты маңызды», – деп қосты Эльмира Отар.
Сөз соңында Эльмира Отар жаңа Конституцияның тиімділігі ең алдымен оның іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынына байланысты бағаланатынын атап өтті.
«Меніңше, жаңа Конституцияның басты әлеуеті де осында. Ол мемлекетті одан әрі дамыту үшін негіз қалыптастырады, алайда оның нақты құндылығы онда бекітілген қағидаттардың заңнамада, мемлекеттік институттардың жұмысында және адамдардың күнделікті өмірінде қаншалықты дәйекті жүзеге асырылатынымен айқындалады. Кез келген конституциялық реформа уақыт өте келе бағаланады. Жаңа нормалардың сенімді нығайтуға, институттардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және Қазақстанның одан әрі дамуына қаншалықты ықпал ете алатынының басты өлшемі де уақыт болмақ», – деп қорытындылады сарапшы.
Abai.kz