Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9869 0 пікір 7 Қараша, 2016 сағат 10:29

СЕМЕЙДЕ ЖЕЛТОҚСАН БАТЫРЫНЫҢ ДА, ОНЫ ЖАЗАЛАУШЫНЫҢ ДА АТЫНДА КӨШЕ БАР

  •  Қазіргі әкім – Ермак Бидахметұлы Сәлімов. Ол – Шыңғыстау даналығынан, Семей сейістерінен бейхабар жан. 
  • Семей қаласының руханиятына жауап беретін әкімнің орынбасары - Шарова Надежда Васильевна. Көкпектіде мектеп мұғалімі, аудандық әкімдік қызметкері, «Новая жизнь» газетінің редакторы болған.
  • Семейде желтоқсаншыларды жазалаған әйгілі ҚазССР бас прокуроры Ғалым Елемесовтің атында көше бар.

(Қайраттың қабірі)

Үстіміздегі жыл – еліміз үшін мерейлі де межелі жыл. Атап айтсақ, әз-Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, азаттыққа негіз салған Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы және Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы. Бәрі де - бөрікті аспанға атып,   ел болып жұмыла атсалысатын мерейтойлар.

Бірақ межелі биіктер тек той тойлау үшін ғана емес, ой ойлау үшін де қажет. Мысалы, ұлтымыздың тарихи, рәмізді өңірлері осы даталардың қадір-қасиетін өз мағынасында түсініп, жергілікті жұртқа жөнімен жеткізіп жүр ме? Елбасымыздың бір ұлағатты сөзі есімізге түседі: «Қазақтың тарихи тамырын жалғаған, дәстүр мен елдікті үйлестірген Түркістан мен Семейдің орны қашан да бөлек». Осы бағаның арғы жағында терең мағына, сарабдал ой жатқаны түсінікті. Біз бұл жолы Семей шаһарына барғанда жанымызға түрпідей тиген бірер жайтты баяндағалы отырмыз.

Рас, қазіргі Семейдің мәртебесі – тарихтың қайнауындағы, намыстың байлауындағы мәртебе. Соған қарамай «бөрі арығын білдірмес» болып тұр: жұртшылықтың көңілі шүкіршілік, тіршілік өз ағымымен жүріп жатыр. Мектеп те, университет те, емхана-аурухана да, дүкен-базар да, түрлі мекеме-шаруашылықтар да жұмыс істеп тұр. «Күніне неше түрлі пәле көрсең, Сонда да үміт үзбе бір Алладан» деген оптимист халықтың жалғыз ғана базынасы бар: «Семей – Алаштың, рухани ардың, мәдениеттің қаласы болып өмір сүре берсе екен! Тағайындалатын әкімдерге талап та осы өреде болса!» деген.

Қазіргі әкім – Ермак Бидахметұлы Сәлімов (суретте). ЭКСПО жылы 60-қа аяқ басады. Биыл Абайдың жасында. Бірақ көмекшілері жазып берген қағаздағы Абай сөзін оқта-текте ауызға алғаны болмаса, Шыңғыстау даналығынан, Семей сейістерінен бейхабар. Әу бастағы маркшейдер мамандығы қауызынан шыға алмай қалған сияқты. Ұлт ұлыларынан гөрі «қанішер Ермакты» ұлықтаймын деп, басы дауға қалғанын қаза тілді БАҚ-тың оқырманы ұмыта қойған жоқ.

Әдетте «әкімнің кем-кетігін орынбасарлары толықтырады» деген түсінікпен өз-өзімізді жұбататынымыз бар. Кезінде қазақ руханияты десе, Семейге қарайтын басымыз «Осы сіздерде әлеуметтік-мәдени мәселелерді әкімнің қай орынбасары басқарады?» - деп сұрап, жауабына құлап қала жаздадық. Танысыңыздар! Семей қаласының руханиятына жауап беретін әкімнің орынбасары - Шарова Надежда Васильевна (суретте). Иә-иә, қате естіген жоқсыздар.

Рухани дүниесі де, адами әлеуеті де кемерінен асып, төгіліп жатқан Семей қаласынан мемлекеттік тілді білетін бір маман табылмай, сонау Көкпектінің көгінде мектеп мұғалімі, аудандық әкімдік қызметкері, «Новая жизнь» газетінің редакторы болған ханымды қинағандай әкелу қаншалықты қажет еді?

Мүмкін Надежда Васильевна керемет мұғалім, маман, қаламгер шығар, бірақ «қазағы аузыменен құс тістеген Семей қаласын несімен таңғалдырам деп ойланды?» деп, біз толғанып, қамығып қалдық.

Әлде ермакшыл әкім де, оның жүрек жұтқан орынбасары да бәрін кеңседе отырып бітіруге болады деп шешті ме?

Сұрақ көп, жауап аз. Оны семейліктерге қойсақ, құмыға ашуланады. Арасында зерделілер «Бұл бір мемелекеттік қызметтің жергілікті жердегі ауы мен бауының жиналмай жатқанын көрсетеді», -  деп, ашына айтады.

Қош, айтпағымыз бұдан да тереңірек...

Біз Семейде түскен үй «Ғалым Елемесов көшесінде» екен. Желтоқсан көтерілісінің даңқты батыры, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің зиратына тәу етуге арнайы осы қалаға барған азаматыңыз үшін мынау көше аты өте тосын естілді.

Бастапқыда дүр етіп: «Бұл желтоқсаншыларды жазалаған әйгілі ҚазССР бас прокуроры Ғалым Елемесовтің дәл өзі ме, жоқ, аттасы ма?» - деп сұрадық. Масқара! Дәл өзі болып шықты. Және кейінірек қойылған.

Ызадан жарылардай болдық. Бізді күтіп алған жігіт ағасының отандық ономастикадан хабары мол екен. Тәуелсіздік, азаттық деп ай қарап жүргенімізде, советтік прокурор Ғ.Б.Елемесовтің аты туған жеріндегі облыс орталығы Көкшетауда бір көшеге беріліпті. Оны айтасыз, сол қалада ескерткіш қойылып, музей ашылыпты.

Енді ойланыңыз: осындай жағдай өз тарихы мен тағдырын сыйлаған басқа мемлекетте болуы мүмкін бе? Бес бересі, алты аласы жоқ Семейде оның аты неге жүр?.. Бұл – пендешілік деген пирамиданың жемісі екені сөзсіз. Ал, осы жағдай Ермак Сәлімовті де, оның идеологы Надежда Шарованы да ойландыруы мүмкін бе? Ешқашан! Мұны 100 пайыз сеніммен айтамыз.

Семейлік ағамыздан: «Ғ.Елемесов көшесінің бұрынғы аты қандай еді?» - деп сұрадық. «Басында Солдатская болған, кейін Красногвардейская аталды», - деді ол. Біз: «Онда сол қып-қызыл күйінде қалыпты ғой», - деген пікірімізді жасырмадық...

Ұлт батыры Қайраттың бейітіне зиярат етіп, аруағына Құран бағыштадық. Содан кейін оның көшесіне қарай аяңдадық.

Қ.Рысқұлбековке көше аты елшіл-мемлекетшіл Семей зиялыларының батылдығы арқасында Тәуелсіздікке дейін-ақ (1991 жылы қыркүйекте) беріліпті. Бір қызығы, бұл көшенің әу бастағы аты «Полицейская» екен. Яғни, Абайдан бастап, Әлихан Бөкейхандарға дейінгілерді аңдыған жандарм мен полицейлер көшесі. 1918 жылы оған Қазиларды атқан «Комиссар» аты берілген... Семей зиялылары осының бәрін ескеріп, дәл сол көшені азаттық абыройы Қайраттың есімімен атаған. Ескерткіші де аса ойлы, мағыналы!

Жолбасшымыздан тағы сұраймыз: «Елемесовтерді елеп жатқандарыңызға қарағанда, Рысқұлбековтер рухы саябырсып қалғандай ма, қалай?» - деп.

Ағамыз: «Шаровалардың шалалығына шарамыз толып отыр. Оған Елемесов пе, Рысқұлбеков пе, басқа ма – бәрібір. «Соқыр тауыққа – бәрі бидай». Әлі есімде, 1991 жылы Шәкәрім, Міржақып, Мағжандарға, 1992 жылы Б.Момышұлы мен Құлжановтарға алғаш рет көше аты беріліп, қатты қуанғанбыз. Бұл үдеріс 1997 жылға дейін жақсы жүріп, кейін тоқтап қалды. Ал, қазір мүлде қозғалмайды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын, Желтоқсанның 30 жылдығын қала қандай рухани жеңіспен қарсы алады? Бізге әділеттік маңызды. Елбасы Семейдің атын дұрыстап кеткенде, тарихқа тағзым мәселесін айрықша айтып еді. Биыл Әлихан Бөкейханға – 150 жыл, келесі жыл – Алаштың 100 жылдығы. Екеуі де Семейде өткен. Бүкіл ұлт, барша жұрт Семейге қарайды. Біз Ермак пен Надежданың арқасында жерге қараймыз...», - деді ашуланып.

Осы пікір біз үшін де зіл-батпан еді. Семейден Алматыға қуанып емес, тұнжырап қайттық.

Сонда дейміз-ау, ұлт даналары Абай мен Шәкәрімнің, Әлихан мен Халелдің, Мұхтар мен Қаныштың ізі, ісі, өнегесі, өсиеті қалған Семейді мына Тәуелсіздік заманында олардың мұрасын мүлде танымайтын, тану керек деп те есептемейтін әкімдерге, олардың орынбасарларына басқартып қою ақылға, арға, азаматтықа сыйымды ма?.. Бұл қалада Желтоқсан батырының да, оны жазалаушының да көшесі қатар болуы – азат мемлекеттегі жас ұрпақтың тарихты дұрыс, әділ бағалауына мүмкіндік бере ме?..

Сіз қалай ойлайсыз?..

Айқын ШӘРІП

Алматы-Семей-Алматы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435