Дүйсенбі, 10 Тамыз 2026
Абай.tv 7671 0 пікір 6 Тамыз, 2026 сағат 17:56

Тойдағы тәртіп – қоғамдағы тәртіптің көрінісі: Бекең мен Мұхаң не дейді?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Намазхан ақсақалдың жақында тойда айтқан сөзі қазақ қоғамында үлкен дүмпу қозғады. Оған қатардағы әлеуметтік желіні қолданушыдан бастап, Президент әкімшілігінің бірінші орынбасары Ерлан Қаринге дейін пікір білдірді. Нәтижесінде тойда жақсы тілек айтудың орнына «ер мен әйел бөлек отыруы керек», «музыка – харам», «әнші – шайтанның азаншысы» деп әсіре уағыз айтқан мосқал кісі қамалып тынды.

Кезінде домбыраны серік еткен Мұхамеджан Тазабек те Facebook желісіндегі парақшасында «Ақорданы алаңдатқан алты ауыз сөз» деп жазба жариялады. Оның пікірімен толық келіскендей Бекболат Тілеухан да әріптесінің жазбасын бөлісті.

Мұхамеджан Тазабек жазбасында қасиетті пайғамдарымыздың ғибратты өмірінен мысалдар келтірген. «Пайғамбарымыз ﷺ Мекке алынғанға дейін Қағбаның ішінде пұттар тұрғанына қарамастан, мұсылмандарға Қағбаны айналып тауап жасауды тоқтаттырмады. Алдымен адамдардың жүрегін өзгертті, қоғамды дайындады, содан кейін ғана пұттар сыртқа шығарылды. Төзім, жағдаймен санасу, өзгенің де ахуалын ескеру — осы даналықтың ішінде жатқан жоқ па?!»,  «Бірде, бір бәдәуи мешіттің ішінде дәрет сындырғанда сахабалар оны бірден тоқтатпақ болды. Бірақ Алла Елшісі ﷺ: «Тиіспеңдер, бітірсін», – деп сабырға шақырды. Кейін әлгі адамға жұмсақ түрде түсіндірді. Өйткені кейде мәселені күшпен емес, көрегендікпен шешу әлдеқайда үлкен нәтиже береді» деп жазды ол.

«Діндар қауымның да ескерер дүниесі көп» дей келе, «Зайырлылықты дінге қарсылық деп ұғу дұрыс емес. Зайырлылық — әр азаматтың ар-ождан бостандығын қорғай отырып, қоғамдағы ортақ тәртіп пен заңның үстемдігін қамтамасыз ететін қағида. Сондықтан зайырлы қоғамда да қасиетті дүниелерді әдейі қорлау, адамдардың діни сезімін аяққа таптау немесе қоғамды арандататын әрекеттер еркіндік болып саналмайды. Еркіндік әрқашан жауапкершілікпен бірге жүреді» деп нықтады.

Оның бұл ойы да Бекболат Тілеуханның Аман Тасығанға берген сұхбатымен үндес жатыр. Өз сөзінде ол: «Намазыма тиісті, сөйлеген сөздері ме де...қай жерде көп сөйлегенімде тиісті» деп шағынған.

Журналист Айнұр Асенберді жақында жариялаған бейне сұхбатында діндар Дарын Мубаров: «Бекболаттың әнді қойып кетуіне сіз әсер етті дейді, сол рас па?!» деген мағынада сұрақ қойған. Сұхбат беруші Бекболат Тілеухан орындаған әндердің гибратқа толы дүниелер екенін айтқан.

Бекболат Тілеухан бір пікірінде жаттанды болған «киелі сахна» деген сөзге де тоқталып, бұл ұғымның жаңсақтығын ашып беріпті.

Ал той туралы Мүхамеджан Тазабек: «Той — біздің мәдениетіміздің айнасы.Тойдағы сөз — халқымыздың ойлау деңгейінің көрсеткіші.

Тойдағы әзіл — біздің тәрбиеміздің өлшемі.Тойдағы тәртіп — қоғамдағы тәртіптің көрінісі.

Сондықтан асаба да, ақсақал да, имам да, өнер адамы да, қарапайым қонақ та бір нәрсені ұмытпауы керек: бүгін айтылған әр сөз ертең бүкіл елдің бағытына айналуы мүмкін» дейді. Одан ары: «Қазақтың дәстүрі де, Исламның тәрбиесі де адамды әдепке, сабырға, жауапкершілікке шақырады. Мемлекеттің де басты мақсаты – қоғамның тұрақтылығы мен татулығын сақтау. Бұл үшеуі бір бағытқа жұмыс істегенде ғана ел күшейеді» деген ой қорытады.

Мұхамеджан Тазабек пен Бекболат Тілеуханның кезінде бірі айтыскерлігімен, енді бірі әншілік өнерімен ұлтымыздың мақтанышына айналғаны белгілі. Өнерден алшақтап, діни бағытқа бір жолата бет бұрған арда азаматтар жоғарыдағы кесек ойларын жазып қана қоймай, домбырасымен бұрынғыдай екіленіп елге жеткізсе нұр үстіне нұр болар еді. Домбыраны «харам» санайтындардың саны азаяр еді, дәстүрге деген теріс пиғыл түзеліп елдің ішкі бірлігі нығаяр еді.

Abai.kz

0 пікір