Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 6239 0 пікір 11 Қараша, 2016 сағат 11:47

БАТАЛОВҚА БАЗЫНА. "АҚЫН САРА АТАУСЫЗ ҚАЛА МА?"

Тағдыры ауыр, ғұмыры қысқа, мына жалған дүниеден аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шығып, өмір жолы тұмшаланып қала беретін ғажайып тұлғалар болады. Қуаныштысы – олардың артында өлмес мұра, таңдайын қағып, қадір тұтар халқы қалады. Өкініштісі – қайсы бір іші тар азаматтар олардың өз қолдарымен жазып кеткен дүниелеріне, замандастарының куәліктеріне сенбей сан-саққа жүгіртіп, күңгірт сөйлеп, күлімсі талас тудырады.

Қазақ даласындағы осындай тұлғаның бірі және бірегейі – Сара Тастанбекқызы. Өлең сөзден торта айырған ақынның соңында да танымал тұлғаларға таңылатын орынсыз дау қалды. Сараның атына қосақталып, өз атын бір көрсетіп қалу үшін жанталасқан сан «жүйрік» құйысқан көтерді. «Сара мен Біржанның айтысы болмаған» деп тырбаңдағандар бұрын да болды, қазір де бар, болатын да шығар. Солар Шайхысыламның Жетісуға сапары туралы сапаршының ұлы Төребай Шайхысыламұлының Сараға қарата айтқан мына сөздерін бір оқыса тілін теңге қотыр басар еді:

Шайхысылам Жетісуды аралады,

Байлар мен би, болысты жағалады.

Қалдырған саған Біржан қолтаңбаны,

Өзіңнен қалап алып, кете барды.

Тайға таңба басқандай анық. Сараны көзі көрген, сол кездің куәгерінің сөзі. Біржан мен Сараның кездескені таза шындық. Ал, екі ақын кездессе, сөз қағыспай кетеді дегенге кім сенеді?

1993 жылы Сара ақынның 115 жылдық тойы өткенде қалап қосылған күйеуі Бекбайдың кейінгі келіншегінен туған немересі Бәтима апай Қарабұлақтан табылып, аса көп, өте құнды мағлұматтар беріп еді. Салынып жатқан молаға еңіреп келіп, егіліп отырып айтқан әңгімелеріне көпшілік куә. Естімеген, кеңестік идеологияның салдарынан тоны айналдырылған жайттарға қанықтық. Жиенқұлдың орыс, француз тілдерінде шешен сөйлегенін, Петербор, Мәскеуге дейін сауда жүргізген аса епті маман екенін кім білген. Олар өз алдына бір әңгіменің өзегі.

Ал бүгінгі айтпағым – Алматы облысының әкім-қаралары Жетісу тарихынан, өздері бас болып отырған өңірдің тарихи тұлғаларының ғұмырынан хабарсыздығы, ел ісіне қырсыздығы бар секілді көрінеді. Жыл басынан бері Талдықорған жақтан Сара ақынға қаратыла не шара өтеді екен деп елеңдеумен келеміз. Себебі, биыл қазақтың маңдайына біткен бір тума қызы- Ақын Сараның дүниеден өткеніне тұп-тура 100 жыл толды. Жуырда жолым түсіп, басына соғып, бет сипадым. Тозып кетіпті. Облыс әкімінің, оның алашапқын орынбасарларының, мәдениет, тіл басқармалары, телерадио, газет басшыларының, жорналшылардың қара жерге шықса қақырап қалатын табаны тимегені анық. Әйтпесе, біреу-міреуі Сараның дүниеден өткен жылына көз салар еді ғой. Түйсігі барында «Аруақтан ұят болыпты-ау!» деген ой тұтанып, қалам алар еді.

Заманбек марқұм айтатын «чинучтардан» ақын Сараға бір қайыр бола ма, жоқ па? Сенім аз. Себебі, Алматы облысының басшыларына Елбасымыздың өнегесін ежіктеп жазып, «Abai.kz» арқылы, оқысын деп жібергенмін. Президент 2002 жылдың көктемінде Әз Жәнібек пен әз Тәуке хандарға Астанада ескерткіш қоюды ұсынған. Жұртшылық түзету енгізіп, Керей мен Жәнібекке бөлмей-жармай ескерткіш қою қажет деген ұсыныс айтты. Келісілді. Ескерткіш қойылды. Мұнан соң Қазақ Мемлекетінің бастауында тұрған қос Тұлғаға көше аттары берілді. Міне, осы өнегеден үйреніп, Талдықорған қаласына кіре берістегі, әзірше атаусыз даңғылды Керей мен Жәнібектің атына беруді ұсынғанмын. Талдықорғанға кіріп келе жатқан жолаушы қазақ тарихына еніп келе жатқандай әсер алар еді. Естуімше Талдықорған облысының көзі тірі шежіресі, анасы іспеттес Бәтима Сақауова бастаған бір топ азаматтар да дәл осындай ұсыныспен облыс әкімі А.Батталовқа шыққан екен. Әзірге жақсы жаңалық болмай тұр.

Міне, осындай немқұрайлылық көз алдымыда тұрған соң Ақын Сара атаусыз қала ма деп  шошимын. Жетісу Университетінде ғалымдар, жұрт жайын ойлайтын ақындар мен жазушылар Талдықорғанда қашан да мол болушы еді. Бұл ағайындар неғып үнсіз жатыр? Шенеуіктер жүндеп тастайды деп сескене ме екен? Бірақ, өз елінде, өз жерінде кімнен қорқады? Ақын Сараның шығармашылығы мен ғұмырына арнап кең көлемді ғылыми-танымдық мәслихат ұйымдастырып, ондағы баяндамаларды жеке кітап етіп шығарса облыстың бюджеті опырылып қала ма? Ақын Сараның аруағына арнап облыс орталығында ас берсе, облыс банкротқа түсе ме?

Жетісуға кіндігі байланған інілерім бар еді. Олардікі омалып, қай отырыс? Мысалы, облыстық Тіл басқармасының ата қаздай бастығы, ақын – Ахмет Кендірбеков, Шыңғысханның жоқтаушысы, «Жетісу» газетінің басшысы, жиенім, дәуперім – Әміре Әрін, Телерадионың құлағын ұстаған, сүйрік батыр – Бейсен Құранбек, Мәдениеттің сүйегін мүжіген телқоңыр – Ахан Әбдуәлиевтер. Бұларға айтар қосымша ұсынысым және бар. Жабылып жүріп, шын мәнінде келісті «Жастар» паркін ашқан екенсіңдер. Шүкір!

Ахмет, Әміре, сендер білесіңдер, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қидаласып, қырқысып Талдықорғанның қақ ортасындағы төңкеріс көсемдерінен екі көшені тартып алып, бірін Біржанға, бірін Сараға арнадық. Ақын Сараға мейрамхананың артына ескерткіш қойдық. Сол кезде ет қызумен асығыс шешім қабылдап, қате жасағанымызды қазір түсініп жүрмін. Тасада тұр. Керемет әдемі, сүп-сүйкімді дүние көзге түсе бермейді. Осы ескерткішті «Жастар» паркінің ортасына, жастар сейіл құрар жерге орнатса қандай жарасымды болар еді. Інілерім-ау, төртеулеп, ең болмаса осы шаруаны қолға алуға шамаларың жете ме? Қаржы қажет болса жұрт жинап береді. Ал, енді осы мәселеге ақыл қосар азамат керек болса облыстық мәслихаттың басшысы Серік Мұқановпен кеңесіңдер. Сендерге де. Жетісуға да, тіпті, маған да бөтен емес. Талай тығырықтан шыққан, небір шәкімнен жол тапқан, тәжірибелі ағаларың ғой. Сөз жоқ, бір амалын нұсқайды.

Жыл соңына дейін екі ай уақыт бар. Ынтасы бар ұланға ұлан-асыр той жасауға жетеді. Біз Ақын Сараға арнап екі-ақ шара өткізуді ұсынып отырмыз. Ғылыми-танымдық конференция арнау, ескерткішін ел көзіне шығару. Өтініп отыр екен демеңіздер. Сараны ардақтау – парыз.

Облыстың қауқары жоқ болса – айтыңдар. Ұялмаңдар. Өзіміз де қалың жұртпыз. Анау жылдары Талдықорғанды облыс орталығы жасаймыз деп жүзге  жуық жігіт-қыздар «Талдықорған – тағдырым» атты ынталы топ құрып, мені дөкей басшы сайлап, бүкіл облыстың аудандарынан мыңдаған адамның қолын жинаған тәжірибеміз бар. Ол хаттың алды жанашылардың қолдауымен Президентке жеткен. Нәтижесінде  Қасымжомарт Тоқаев басқарған үлкен комиссия келіп, хатта жазылғандардың шындық екеніне көз жеткізген, бізбен емін-жарқын әңгімелескен. Осыны ести сала сол тұстағы Алматы облысының басшылығы мені «кілемге» шақырып, үш сағат тәжікелесіп, қызыл иек кеткенше тістесіп едік. Онда облыс қысқарып, қайран облысыммен бірге мен де қысқарып, қалалық Мәдениет және тіл басқармасының шынашақтый ғана басшысы едім. Мені қызметтен алмақ болған. Қала басшысы С.Жылқайдаров пен орынбасары К.Шәмшидиноваға осындай тапсырма беріп, ықтырып тастамақ-ты. Ықпақ түгілі «қыңқ» еткен жоқпын. Қайта танымал журналист, жұртты түгел бай-қуатты етпек Нұртілеу Иманғалиев екеуіміз бір амал жасап, өздерінің тақиясын айналдырып кеткенбіз. Ақыры дегенімізге жеттік. Талдықорған қаласы облыс орталығы атанды. Кешелер сол топтың біразына телефон соқсам бір-жары шау тартқаны болмаса, дені сау-саламат екен. Жанығып отыр. Ұсынысқа – айқай, жылуға – қаржы қосуға бек дайын. Бір бас қоссақ болды, шаруа жайлап жылжып кетейін деп тұр. Облыстың әкімінен бастап, Өнербаевты қосып, інілерімді шақырып, тұп-тура Тәуелсіздік Күні қарсаңында қос жылқы сойып, қазы айландырып, ас беруге шамамыз жетеді. Асқа жиналған Қазақстанның әр түпкірінен шақырылатын меймандардың, Жетісу жұртының атынан Мемлекет, Үкімет, басшыларын Қазақстан Республикасының 25 жылдығымен құттықтап, телеграмма жолдасақ дейді. Білсін өздері тағайындаған төмендегілерінің «күйкі тірлігін». Астанадан арнайы келгендеріміз құттықтауды ала кетіп, Ақорданың жәшігіне салатын сияқтымыз. Ерегескенде тура осылай істейміз.

Осы тұста тағы да Елбасының өнегесін Алматы облысы басшыларының алдына тартпақпын. Анау жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Әл Фарабидың моласы мен Бейбарыс сұлтанның кесенесін Дамашыққа іздеп барып, Құран оқып, тәу етті. Елге келісімен екі Тұлғаның басын жөндеуге нұсқау берді. Іс тындырылды.

Фариза ақынның «Мені өркеуде ақын десе бұл ақын Сараның арқасы. Сарадан үйрендім, өнеге алдым. Сара менің – пірім» деген еді. Сараға мұнан артық баға бере алмассың.

Ақын Сара – қазағы, елі тұрғанда атаусыз қалмауы тиіс. Басшылар бұқпантайлағанда жұрт бас қосып, өз білген шарасын істейтіні әлімсақтан белгілі. «Өлі разы болмай – тірі байымайды» дейтін қазақтың баласымыз. Облыс басшылары, інілеріміз бен олардың ақылшылары жұрты қозғалып жатқанда қарап отырар ма екен? Әлде қазақ қадір тұтқан Сара ақынды еске түсірер шара өтікізе ме? Сәл ғана сабыр сақтап, тосайық. Мүмкін жыбырлап қалар. Болмаса Жетісу жұртына сауын айтамыз. Шен-шекпенсіздер де таңымыз атып, кешіміз батқан халықпыз. Ақын Сараның бір ісін өзіміз көтеріп кетеміз.

Камал Әбдірахман, Жетісудың қарт жорналшысы

Abai.kz

                    

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322