Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 6083 1 пікір 27 Ақпан, 2017 сағат 10:16

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «ТЕНТЕК КҮНДЕРДIҢ ТАҢБАСЫ...» (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

http://abai.kz/post/view?id=12512

http://abai.kz/post/view?id=12602

http://abai.kz/post/view?id=12674

http://abai.kz/post/view?id=12762

 

 

 

«Тарихи дерек дегенiмiз, мен үшiн киiм iлетiн шеге ғана. Қалғанының барлығын оң қолым мен хикаяға құштар көңiлiм шешедi».

 

                                 Александр Дюма.

 

 

   «Даладағы мөлдiр таза ауадан, сүйкiмдi суреттен көңiлге белгiсiз бiр үмiт кiргендей болады, қиял кезедi. Көңiлдiң осы шағына не үйлесер едi деп ойлап келе жатқанда, көңiлiме бұрыннан есте жүрген бiр нәрсе түстi. Ол – қасымда келе жатқан Жортар ақсақалдың ерте замандағы басынан кешкен бiр әңгімесiн тыңдау едi, Жортар жас шағында осы ортаның айдынды қолбасы, батыры болған. Ол кезде маңайдағы ел атағынан шошитын...»

 

Мұхтар Әуезов.

«Сыбанның моласында».

 

I 

 

Жастықтың аты – жастық. Өмiрдiң аласапыранын, тағдыр талқысын өткерiп, ақыл-ойы сарабдал тартса да, тез әсерленiп, жылдам сергитiн қызыққұмар қасиетiнен арылмайды. Ташкенттегi университетке түсiп, творчество жолына бүтiндей берiле пейiлi құлаған соң, Мұхтардың да жан дүниесi түлеп сала бердi. Қаншалықты жауапты парыз санап, ел билеу iсiне араласқанымен, жүрегiнiң түбiнде үлкен аңсарлы арман қозданып жатқан болатын. Ташкентке келiсiмен «Шолпан» журналын шығарушылардың ықылас-пейiлiне жолығып, қысылып-қымтырылмай еркiн араласып кеттi. Көңiлiнде бөгде алаңы аз, «қазақтың басына келiп тұрған әрi ең қиын, әрi ең пайдалы жайлы заманда» қаламын қапысыз сiлтеп қалуға ұмтылды. «Абай» журналы Мұхтардың қоғамдық ой-пiкiрiн жеткiзуге мүмкiндiк жасаса, «Шолпан» оның нағыз көркемдiк кестесiнiң қалыптасуына жол ашты. Бұл оның, алғашқы жазушылық мектебi, зиялы ортасы болды. Қазақ автономиясының астанасы Орынбордан Ақмешiтке (Қызылордаға) ауысқан соң, ғылыми-мәдени ой иелерi ежелден игi дәстүрiн үзбеген Таштентке топтасты. Мемлекет қайраткерiмен терезесi тең сөйлесетiндей беделi де бар едi. «Шолпан» журналының көркемдiк дәрежесiне, бағыт-бағдарына ықпалы да жүрдi. Мұхтардың «Қара сөз қаламгерi» атын шығарған «Қыр әңгiмелерi»,  «Қыр суреттерi», «Үйлену»,  «Сөнiпжану», «Кiм кiнәлi» әңгiмелерi бiр-бiрiне жалғаса, арасын сыналатпай жарияланды.

Жазушының осы кезеңiндегi туындылары, негiзiнен қазақ аулының төңкерiске дейiнгi тiршiлiгiн қамтады. Өзiнiң балалық, жастық шақтарындағы естiген, көрген бiлген жайларын қысқа-қысқа лирикалық қоңыр әуенмен баяндады. Әлемнiң әдебиет классиктерiнiң оның iшiнде Тургеневтiң туындыларындағы, әсiресе, қара сөздерiндегi әсершiл сезiмдi бейнелеген новелларын сүйсiнiп оқиды. Мұхтар, ендi формалық iзденiске, фантастикалық сыпаттағы оқиғаларға ден қояды. «Қыр суреттерiнде» жылдың төрт мезгiлiн суреттеу арқылы дала экзотикасын жырлайды. «Қыр әңгiмелерiнде» – «естен кеткен ескi күндердiң», «ер серiгi – ат, мақсаты – жортуыл кезiндегi»  би мен бектер дәуiрiнiң елесiн көз алдына әкелдi.

Қызықты оқиғаға, тосын шырғалаңға құрылып серiлiктiң желiгiне, жiгiттiктiң буына бусанған, арасында романтикалық трагедия ұшқына аңғарылатын дүниелердiң жазылуы – данышпан атаулы суреткерлердiң барлығының шығармашылығына тән. Әрiге ат iзiн салмай, берiден қайтарсақ, Пушкиннiң «Белкиннiң повестерi», Лермонтовтың «Бiздiң зааманның каhармандары», Тургеневтiң «Аңшының әңгiмелерi» олардың алғашқы прозалық қадамдарының жемiсi, Әуезов те сол тәлiмнен бас тартпаған. Осы аңыздық-тұрмыстық хикаялардың түгелiнiң бойынан далаға, даланың өтiп кеткен жортуылды дәуiрлерiне, аң қуып, қыз айттырған серуендерiне деген ерекше ықылас. Сағыныш есiп тұрады. Зады. Сәби шағынан бiте қайнасып, әбден қанына сiңген суреттердi ұмыта алмай, сағынышты көрiнiстi қаз-қалпында қағазға түсiрiп, құмарынан шыққандай күй кешкен сияқты. Бұрын қалада тұрса да. Ұзақ сағындыртпай, көзайым болып қайтқандықтан ел-жердi ойлауы да, бiр сәт соның еркiнде кетiп, егiлуi де табаиғи сезiмнен тууы мүмкiн.

Мұхтардың сол кездегi бажасы Ғали Жақыпұлының баласы Шаймерден Ғалиев Ташкентте Сахипи-де (Орта Азия Мақта шаруашылығы институты) оқыған. Шаймерден қарттың әңгiмесi кейiнгi кездi қамтыса да Мұхтардың туған жерден шет жақта жүргендегi көңiл күйiнен хабар бередi. Адамның жан дүние жүйесiндегi сезiмдiк құбылыстардың шығармаға, оның iшiндегi лирикалық «менi» бар туындыларға тiкелей әсерiн тигiзгенi анық. Сондықтан да, бұл естелiктен де творчество психологиясына қатысты, «Қыр әңгiмелерiнiң» тууына себепшi көңiл-күй құбылысын аңғаруға болады. Және Шаймерден Ғалиевтiң әңгiмесiнiң арнасы тiкелей «Сыбанның моласына», «Текшенiң баурайына» келiп құйылады. Бiздiң бұл тараудағы сабақтар сырдың түйiнi сол кiсiнiң қолында. Сондықтан да, бар жағдай түсiнiктi болу үшiн, өмiрбаяндық мағлұмат та қамти баяндалады.

– Ташкент – Мұхтар үшiн сыралғы қала. Көше орамдарын, оқыған зиялылар қауымен, мемлекет қайраткерлерiн жақсы таниды. Кәкiтайдың ұлы – Даниал Ысқақов оқу ағарту комиссиариатының жауапты қызметкерi. Оқыған. Бiлiмдi. Жебрейiл екеумiз Шымкенттен сонда оқуға бардық. Тайталасқан қиын кезеңде Абай ауылының барлығы сол жаққа көшкен. Түстiк. Оқып жүрмiз. Қолымыз қалт еткенде Мұхаңның үйiне барамыз. Ләйлә бесiкте. Валентина Николаевна жас келiншек. Салар өзеннiң жағасында, Орман техникумының ауласындағы үш бөлмелi үйде тұрады. Райханнан туған қызы (Мұғамила) бар. Даниял Ысқақов та сол үйдiң бiрiншi қабатында едi. Әр жексенбi сайын сонда тартамыз. Мұхан Жебешке ән салғызады. Содан соң, елдiң әңгiмесiн айтады. Сабақтан демалысқа шыққаны, таудағы серуенi, алтыбақан, қыз-ойнақ, сол сияқты жастық хикаяларын қозғайтын. Кейде, белгiлi билердiң батырлардың оқиғасын айтады. Шешiле сөйлесетiн адамның жоқтығы ма, әлде Жебiрейiлдi ерекше құлай ұнатып, сырлас болуынан ба, бiлмеймiн. Жебiш – тамаша әншi едi. Ғұмыры қысқа болды. 1930 жылы дүниеден қайтты. Тұрағұл әкесiне телеграмма бердiм. Екеумiз жерледiк. Иә, содан соң, бiздi ертiп көшеге шығады. Кейде жатақханадан ертiп әкетедi. Елден алыс жүргендiкi ме, әңгiмесi сол. Ол кезде ауылға бару – жеке басына қауiп төндiретiн. Жазықтыға жазықсыз да қосақталған конфискациялау тұсы.

Бiр жолы үшеумiз көше бойлап келе жаттық. Мұхан ортамызда, көңiлдiмiз. Оған себеп табылады ғой, «Ташкент – тоқ қала»  деп тегiн аталған ба. Содан сөз туып, Мұхтар елде жақсы көретiн адамының бiрi Өтекелдiнiң қылықтарын еске алды. Өтекелдi (кейде еркелетiп, Еркеқара, Кәрiқара дейтiн) – өте алғыр, тапқыр, күлдiргi адам. Түйенi шөгерiп қойып, қоян боп өркешiнен секiредi. Бүркiт боп пыштақтайды, қасқыр боп ұлиды. Домбыраны бақайымен тартады. Барып тұрған домбырашының өзi. Мен де бiлетiнмiн. Әр нәрседен күлкi тудырады. Мұхан бiр оқиғадан кейiн бiреуiн сүйсiне айтады. Көшеде үшеумiзден басқа жан жоқ сияқты. Күлкiден iшегiмiз түйiлдi. Өтекелдiнiң үш сөзi есiмде қалыпты. Соны айтайын. Мұхаңның сөзi ғой, жаңғыра жүрсiн.

Әдетiнше, Өтекелдi бiрде Тұрағұлдың үйiне келiп, тура төрге шығып, шынтақтай жантая кетедi. Әр жолы әр адамның мiнезiн сала келетiн сырына қанық Тұрағұл оның «төре» боп отырғанын сезе қояды. Өтекелдi қымызды шертiп, iшiп, үлкен-кiшiнi көзге iлмейдi. «Ролiнен» жаңылдырмақ боп, Тұрағұлдың әйелi қымызды ұсынады. Ала бергенде:

– Әй, Өтеке, қымызға қол жалғап, жасы үлкен сыйлы қонаққа әрi берсеңшi, – дейдi. Астарын сезе қойған Өтекелдi бөгелместен:

– Ой, жеңеше-ай, менiң жүрісiм жаман, шоқырақ. Төгiп аламын – деп ең бiрiншi боп өзiм iшiп жатырмын, – деп «төрелiгiнен» жаңылмапты.

Қыңыр тiлiне қызығып Мұхтар Өтекелдiден қалай үйленгенiн сұрапты.

– Ей, құдай-ай, оның несi қиын. Бәріне бiр-ақ күнде қарық болдым. Қайындап бардым. Қыз келiншек, жеңгелерi қарсы алды. Күйеу жолдас қасымда. Алдымыздан шымылдық кердi, бiр үйге жетелеп кiргiздi. Тамағымызға үкi таққамыз. Жан-жағыма қарасам, бұрыштағы шымылдықтың iшiнен әйел көрiнедi. Сәлден соң келiншектiң бiреуі тымағымды жұлып алып: «Сүйiншi! Әйелiң ұл тапты!» – дейдi. «Е, құтты болсын. Ұрын келiп, әуреге түсiп, одан тағы тоғыз ай күтiп жүргенше, осынысы дұрыс бопты!» – деп, сүйiншiсiн бердiм. Ертеңiнде үшеу боп үйге қайттық. Рахат, түк қиналғаным жоқ. Бәрi дайын күйiнде, жеңiлге түстi! – дептi ғой сабазың.

«Қалай бұлтартып, оқыстан сұрақ қойып, састырмақ болсаң да, – жорғасынан жаңылмайтын «сайқымазақтың» өзi ғой, Өтекеңдер. Осы табан астында, өтiрiктi шындай қиыстырады. Күлкiсiз сөз сөйлемейдi», – деп тамсанатын Мұхан. Жиырмасыншы жылдары Мұхтар Семейде Керекулiк досы Ахметбек Шикiбаевпен бiр пәтерде тұрды. Үлкен қызметте iстейдi. Егер де, жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы қиын-қыстау кезде сол Ахметбектiң басын бәйгеге тiккен достығы болмаса, кiм бiледi. Осы күнi Мұхтарды iздемес пе едiңiздер, қайдам... Сол үйге Мұхтарды Өтекелдi iздеп келедi. Әңгiмеге қарық болады. Ара-арасында базарға барады. Ылғи тасырлатып шауып жүредi екен. Мұхтар:

– Қаланың iшi ығжығы, иiр-иiр. Бұл үйдi адаспай қалай тауып келесiз? – дептi.

– Е, ол оңай. Мүсiннiң ұн тиiрменiнiң мұнарасы ұзын. Соның түбiне де, еңiске қарай кететiн көшеге ат басын бұрам да шаба жөнелем. Сонда алдымнан бiр кәнден үре шығады. Солға бұрылып, тоқтай қалам сол осы үй.

– Егер кәнден шықпаса қайтесiз?

– Тағы бұрылып, тағы шабам. Қашан шыққанша шабам.

– Осы дүкеннен затты қайтып сатып аласыз?

– Түй, оп-оңай. Дүкенге маңғаздана кiрiп келем. Ұзақ қараймын. Дүкеншiлер жылмыңдап жетiп келедi де: «Не керек, не керек?» – дейдi. «Не бар?» – деймiн. «Жаннан өзгенiң бәрi бар» – десе, тiптi, құдайдың маған бергенi. «Үш қанат үйдiң шаңырағы бар ма?» – деймiн. «Жоқ» – дейдi. Содан соң «Неге өтiрiк айтасың? Алдамшы» – деп қиғылықты салып, жағасынан ала кетем. Керегiмдi арзанға тауып берiп, әзер құтылады, – дейдi Өтекең.

Сол жолы осы әңгiмелердi айтып келе жатып Мұхан:

– Ей, шiркiн десеңшi. Әй, Жебеш, Шәмiл (менi солай атайтын), дәл қазiр осы бұрылыстан көлденеңдей өтiп, Өтекең жалбандап шаба жөнелсе ғой, ә... Не iстер едiк, а? Жебеш сен қуасың ба? А, айтшы, – дегенi.

– Бiлмеймiн, қумасам да айқайлаймын ғой, – деп, Жебештiң жылап-ақ жiбергенi.

Мұхтар да көзi жасаурап, орамалымен көзiн сүртiп, пысқырынып қалды. Көңiлдi әңгiме ақыры көзге жас алдырып тынды. Күлкiмiз сап басылып, әркiм өз ойымен үйге үнсiз келдiк. Елдi-жердi екеуi де қатты сағынатын. «Ел»  десе жанарлары жасаурап шыға келетiн» – дейдi Шаймерден Ғалиев.

Бұл оқиға кейiн, Мұхтардың алыс-жақынды аралап, Ленинградта оқып, елден алыс жүргенге төселiп қалған көзiнде өткен.

(жалғасы бар)

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5264