Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ШЫҒАРМАНЫҢ ТҰТҚАСЫ – АВТОРЛЫҚ ИДЕЯ (жалғасы)
Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:
http://abai.kz/post/view?id=7271
http://abai.kz/post/view?id=7292
http://abai.kz/post/view?id=7363
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7819
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7963
http://abai.kz/post/view?id=8004
http://abai.kz/post/view?id=8164
http://abai.kz/post/view?id=8190
http://abai.kz/post/view?id=8438
http://abai.kz/post/view?id=8635
http://abai.kz/post/view?id=8747
http://abai.kz/post/view?id=8925
http://abai.kz/post/view?id=8955
http://abai.kz/post/view?id=9050
http://abai.kz/post/view?id=9536
http://abai.kz/post/view?id=9857
http://abai.kz/post/view?id=10194
http://abai.kz/post/view?id=10277
http://abai.kz/post/view?id=10532
http://abai.kz/post/view?id=10740
http://abai.kz/post/view?id=10973
http://abai.kz/post/view?id=11107
http://abai.kz/post/view?id=11260
http://abai.kz/post/view?id=11485
http://abai.kz/post/view?id=11583
http://abai.kz/post/view?id=12512
http://abai.kz/post/view?id=12602
http://abai.kz/post/view?id=12674
II
Өмiрдегi бастан кешкен оқиғаны көркем сюжетке арқау ету дәстүрлi әлем әдебиетiнде, оның iшiнде, iрi суреткерлерде жиi кездесетiн жағдай. Мұндай әдеби тәжiрибенi қолданған жазушының творчествосы өз заманында да, не кейiнгi дәуiрлерде үлкен-үлкен түсiнiспеушiлiктер мен қате тұспалдардың тууына себепкер болған. Шындық пен шығарманың арасындағы шымылдықты ажырата алмай көркемдiк бейне үшiн қиыннан қиыстырылған, әсiреленген оқиғалардың жиынтығының барлығын қаламгердiң өз өмiрiнен iздеген. Өздерiнше үкiм кескен. Жағымсыз кейiпкер сол-ау деген адамдардың ұрпақтарын жазғырған. Мысалы, Джек Лондонның «Мартин Иден» романы да автобиографиялық туынды. Тiптi, жазушы өзiнiң қалай өлетiнiн де бiлiп, Мартиндi мұхиттың суына батырып жiберген. Романдағы Руфь Морзе бейнесiндегi, Джектiң ғұмыр бойы ғашық боп өткен әйелi Мейбл Эпплгарт. Ол да шындық. Сан-Хосе қаласындағы әйелдер клубындағы кешке «Мартин Иденнiң» жазылу тарихын талдап беруге шақырылған әдебиетшi Миссис Майру Макклей: «Лондонның қапаланып жүрiп қаза тапқанына бiрден-бiр кiнәлi – Мейблдiң шешiмсiздiгi, Джекке қол ұшын бермегендiгi» деп айып таққан да, шашына ақ кiрген егде әйел – алдыңғы қатарда көзiнен жасы мөл-мөлт тамып жылап отырыпты. Ол адам – Мейбл Эпплгартың өзi боп шығыпты. Нағында, Джектiң Мейблға үйленбеуiне анасының да. Әкесiнiң де, қыздың да кесiр тимептi. Ал жазықсыз Эпплгарттардың отбасы ұзақ уақыт бойы бүкiл газет-журналдардың байбаламының астында қалып, жәбiр шегiптi. Қазiргi оқырмандардың санасы жетiлген. Көркемдiк шығарманың iшкi заңдылығынан хабардар. Сондықтан да, орынсыз өкпе мен назды желеу етпейтiнi анық. Баспасөз де мұндай мәселелерге байсалдылықпен қарайды. Демек, шындықты айту – айыпқа саналмайды. Қайта, тарихи танымымыздың түбiрiмен қопарылған тұсындағы ақыл-ой, сезiм-қайрат, салт-сана, адамгершiлiк қозғалыстарын терең бағалауға. Сондай толғақты дәуiрлерде ел үмiт күткен «оқыған азаматтардың» өздерiн қалай ұстағандарын аңғаруға жол ашады.
Шығарманың тұтқасы – авторлық идея. Барлық тiлдiк, желiлiк, көркемдiк нышандар соған бағынды. «Оқыған азаматтың» жазылуына да себепкер – осы iлхам. Ол тұспал – Мұхтардың 1920 жылы 5 қантарда «Қазақ тiлi» газетiнде жариялаған «Қазақ оқығандарына ашық хатынан» тамыр тартады. Онда ол ел iсiне араласудан бойын тартқан оқығандарға: «Кең заманнан пайдаланып, тиiстi сыбағамды жырып алып қаламын десе, ауыр заманда ауыр бейнет, қиын жұмыста бар қайратын салып келiп, мақсаты iске асатып күнi. Еңбегiнiң жемiсiн оратын күнi қашып кетудiң не мағынасы бар? Бұл – шалалық, елдiк сезiмнiң әлi күнге «басшы мен» деп жүрген оқығанның өз бойына сiңбегендiк. Әйтпесе, осынша сыңар езу болуға мүмкiн бе? Қазақ оқығаны екi жарылатын заман әлi күнге туған жоқ. Оның тууына талай жылдар бар... Қазақтың қамын жейтiн оқыған болса, қашқаны болсын, қашпағаны болсын, қырда бос жүргендерiнiң бәрi де келуi керек. Жоқ, кешегi ананың қатыны маған өш едi, мынаның малшы-қосшысы өкпелi еді деп қашып жүрген болса, олардың жолы болсын игiлiктi сол ұзақ жолынан тапсын. Жылы күнде жайлы орында отырып, ерiккеннен елге тәттi сөздi сайрап-сайрап, күннiң түсi бұзылғанда жылы жаққа ауа жөнелетiн жаздың гүлi, қарлығаш, тоты болмақ болса, оның жөнi бiр басқа. Айналып келгенде жақсы жiгiттiң көбiнiң себебi осы болып шығатыны мәлiм... Әйтпесе, қазiргi күнде қалада отырып, совет өкiметiне қызмет қылып отырған кейбiр кiсiлерден жазықты емес сол қашып жүргендер. Бiрақ қайтемiз. Дүние-дүние оған жарастық үшiн де жаратылатын нәрсе бар. Кейбiр азаматтар, қарлығаш, тоты болғандар, дүниенiң сол кетiгiн толтырмақ шығар. Ол да болса – мақсұт, жолдары болсын»–, ашық тiл қатқан.
Расында да «сайрап-сайрап», тоты қуып, қызметке араласқансыған «қаратаяқтар», ел iсiне жаны ашымай, жан қызығын күйiттегендер көп-ақ едi. Олар – тек қана зиян әкелетiн. «Оқыған азамат» деп тақырып қоюында ирониялық кекесiн, мысқыл бар. Адамдық қасиет-нәрi жоқ, бiлген заң-закүнiн өз құлқынын тойдыруға жұмсаған Жұмағұл сияқтыларды: «Шiркiн адамшылық қарызы деген бар емес пе?!» «Оқыған» деген атың қайда? Пысық жiгiт болдың тегiн қатын алдың. Үйiнен әкелген мүлкiн алдың... Қақаларсың әлi-ақ»– деп жазғырып, «Оқыған азамат» деп ызамен әжуалаудан туған тақырып. Ондай астарлы иронияға құрылған шығарма аттары бiреу, екеу емес. Баршылық. Лев Толстой «Анна Каренинаның» алғашқы нұсқасын «Сылан сылқым» («Молодец баба»)– деп атапты. Данышпан қаламгер кейіпкер әйелдiң қылтың-сылтыңын мысқалдай кекетiп, келемежге айналдырмақ екен. Әйелдiң әуелгi аты Анна емес, Анастасия, бiрақ көркем шығарманың болмысы толыса келе айыпкер – айыптаушы болып шығыпты.
Творчествоның тәлкегi деген сол, әне! «Оқыған азаматтың» оқиғасы нақты, шағы әрi автордың мақсаты айқын. Сондықтан да әуелгi идеялық атауы өзгермеген, мысқыл да сол күйiнде сақталған. Мұхтар қызмет бабымен Орынборға, одан Ташкентке ауысса да, осыдан алты ай бұрынғы сұмдық оқиға ұмытылмай, жанына тыныштық бермеген тәрiздi. Не ел басқару, не ағарту iсiне араласпаған делдал оқығандардың қатарының көбеюi де көкiрек қыжылын молайтқан iспеттi. Содан, 1921 жылы күзде Ташкенттегi «Шолпан» журналына тәжiрибе жинақтаған журналист ретiнде шақырылған кезде, көктемгi оқиғаны, Семейдiң көшелерiн еске ала отырып, жазып шыққан.
Оқиға қысты күнi кәшәуә шанасымен Мейiрханның хал үстiндегi досы Мақсұттың көңiлiн сұрауға келе жатқан сәтiнен басталады. Жазушының баяндауынан-ақ, қай қала, қай көше екендiгiн бiрден танып, орын-орнына қойып, анықтап беруге болады. Әңгiмеде: «Тұрған халықтың көбi қазақ болған Сiбiрдiң кiшiлеу қаласы қыстың ақ киiмiн даламен бiрге жамалып, жабайы табиғаттың жайлы күйiн күйлегендей» – дейдi. Бiрден Семей ойына оралды. Кейiнгi отызыншы жылдарға дейiн қала халқының құрамы жөнiнен бiрегейлеу шаhар болғаны мәлiм. Төртiншi қайырымда (абзацта): «Бұл қала Сiбiрдегi үлкен өзендердiң бiрiнiң сол жағында» – орналасты деп нақтылайды. Сол жағасындағы қала – бұрынғы Алаш, қазiргi Жаңа Семей қаласы. Егер де, қаланы алпысшыны жылдары аралаған адам, Земский (қазақтар Аңдамас деп атаған) көшесiнің кiшкене жайма базарды, Қаражанның үйiн оп-оңай-ақ орнында тұрып шолып шығар едi. Қаражан көпестiң үйi әуелi клуб, одан кейiн «Қазақстан» рестораны болды. Жетпiс үшiншi жылдары бұзылып, қазақ – орта мектебiн салды. Базардың орнына «Мұхит» универсамы бой көтердi. Тек Ертiске құлайтын тұста, қалтарыста ғана ескi қоралар қалқиып тұр. Олардың да күнi санаулы. Тек оқ бойы озықтау жерде Абай оқыған медiресе-мешiттiң мұнарасы ғана бағзы заманның қалған көзi – менмiн дегендей мойнын созып тұр. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ оқығандарының денi осы «Бер жақта» – сол жағалауда пәтер жалдаған. Мұхтардың өзi Семайде – оң жағалаудағы екi қабатты үйдi мекен жай еткен. Әңгiмедегi оқиғаның географиялық орналаусы осындай.
Жалпы, адам тағдырының қатыгездiкпен жекпе-жекке шығар тай-талас тартысы тұсында, оның жан дүниесiмен табиғатты астастыра қабылдау мақсатымен, көбiнесе боранды, аязды күндердi алу – ежелгi әдеби машық. Алайда, «Оқыған азаматта» Мұхтар табы әлi жүрегiнен өшпеген оқиғаның нақты мерзiмiн алған. Жоғарыдағы «күйiнiштi өлiмдi елге естiрткен қаза хабарында «21 февральда затондағы қазақ жұмысшыларына сауық қойып, содан ауырып қайтты» – делiнген. Үшiншi наурыз күнi Сейт дүниеден қайтты. Қысы қатты Арқа елiне көктемнiң күшi наурыздан соң ғана кiредi. Ызғырық есiп тұрғанда, Мұхтардың жасынан бiрге өскен досының көңiлiн сұрай барғаны анық. «Ел ағасы» спектаклiн от жағылмаған, суық клубта қойып, бұрын да дiмкәсi бар, көкiрек ауруын қоздырып алған Сейттiң, әңгiмедегi сияқты қоштасып қалу үшiн шақыруы да сенiмдi. Төңкерiстiң толқынында сан рет өлiммен бетпе-бет келген екi азамат, «Уақ – жәрдем серiктiгi» тұсында үлкен мақсат жолынан айнымасқа уәде берiсiп, серт байласқаны бартын. «Мен еңбек сiңiре алмадым... Менi сөкпейсiндер ме? Менде жазық жоқ қой» – дегенде, бiрге бастаған iстi аяқтай алмағанына өкiнедi. Аманатқа тапсырады.
«Оқыған азаматтың» ертедегi нұсқасында оқиға үшiншi жақпен баяндалып келе жатып, кенет Мейiрханның өз атынан: «Сол күнге дейiн тiрi отырса, кемпiрдiң қайғысы қандай болады... Содан үлкен дерт бола ма? Жалғыз-ақ құдайдан тiлейтiнiм, осы қатында алатын кiсi Масғұттың жолдасының бiрi болмаса екен. Бүгiнгi жүрген жолдасының бiрi алса, ол қайғы сорлы кемпiрге мұнан да жүз қабат артық болады ғой. Тағдыр ендi ең болмаса осы жерде ая, дегендей ой ойлады. Қайғыланып мұңайды» – деп айтып келе жатып, қайта түзеледi. Кейiпкер мен автордың ойының араласып кетуi – шығармаға желi тартқан оқиғаның жазушыға қатты әсер еткенiнен туындайды. Iшкi әсер мен сыртқы әсер астасып, сезiм буырқанасы тұтаса төгiледi. Сондықтан да, Мейiрхан мен Мұхтар есiмдерiнiң дыбыс үндестiгi де бiраз сырды аңғартады.
Мейiрхан арқылы өзiнiң жан күйзелiсiн бейнелеген кейiпкердiң «менімен» Мұхтардың «менi» шығарманың орындалу барысында араласып кетуiне бiр себеп – «Оқыған азаматтағы» оқиғалардың әсерiнен автордың толық арылып кете алмауында. Уақыт межесi жақын. Сейттiң қазасы мен әңгiменiң жарық көру арасы – әрiсi он ай. Елу томдық көркем мұра қалдырған ұлы жазушы «Оқыған азаматтан» басқа бiрде-бiр туындысында хатты толық пайдаланбайды. Мазмұнынан ғана мағлұмат жасайды. Ал мұнда: «Мейiрхан жолдас! Ертеңгi сағат 12-де бiздiң тойға кел. Сен естiген шығарсың, мен Хадишаны алатын болдым. Құдай ұрып, сөзiмiз осылай боп қалды, Жұмағұл» – деп түгелдей көшiредi де, «хаттың үстiне iрi жазумен: «Бармаймын, тойың құрысын!» – деп қысқа түртiндiсiн қондыра» салады. Болымсыз тұрмыстық детальдi осыншама тәптiштеп жазу өзге еш шығармасында кездеспейдi. Зады, Мұхтар, тойдың шақыру қағазын әңгiмеге еңгiзгенде, оның өмiрлiк шындығын басымырақ көрсету үшiн әдейi кiргізген тәрiздi. Тарқамаған және тарқамайтын өкпесiнiң салмағын үстей түскiсi келгендей.
Сонымен, «Оқыған азаматтағы» Мейiрхан – Мұхтардың өзi, Мақсұт – оның досы Сейт деген тұжырымға тоқтаймыз. Ол пiкiрдi тағы да дәлелдей түсетiн мынадай дәйектер мен оқиға куәларының сөзiн келтiремiз.
Қайым Мұхаметханов «Семей театының тарихынан» («Қазақ әдебиетi», 1984 жыл. 4 мамыр) атты мақаласында: «Ес-аймақ» ағарту қоғамының мүшелерi: Уәли Тұрлыбеков, Құсайын Әубәкiров, Омар Бейсенов, Жеңiс Сәлменов, Әбiл Бейсенбаев, Ахмет Әуезов, Кенжебек Ұлғарин сияқты совет қызметкерлерi, Ғалиасқар Төребаев, Латиф Әшкеев, Фатиха Әшкеева, Кәбiр Махмутов, Әжен Махмұтова, Сәруәр Арықова сияқты бастауыш совет мектебiнiң жас оқытушылары ағарту қоғамының басшысы – Сейтқазы Тоқымбаев болды. «Ес-аймақтың» талантты ұйымдастырушысы, қоғам жұмысын қызу қолға алып, ел көзiне бастаған алғашқы қадамында. 1921 жылы 21 ақпанда «Ел ағасы» пьесасын сахнаға шығарыпты да, мезгiлсiз дүниеден көшiптi. «Ес-аймақ» мүшелерi, жолдастары, Уәли, Шәкiман, Құсайын, Жүнiс, Омар, Кәбiр, Әжен, Кенжебектер, Сейтқазы қазасын «Қазақ тiлi» газетiнде (29.III. 1921 ж.) қайғырып хабарлап, «Күйiнiштi өлiм» деген атпен некролог жариялаған... Газет редакторы Мұхтар Әуезов болатын және Мұхтардың «Оқыған азамат» атты әңгiмесiнiң кейiпкерi Мақсұттың прототипi – Сейтқазы Тоқымбаев едi.
Қазақтың жас совет мәдениет қайраткерiнiң тұңғыш түлектерiнiң бiрi – «Ес-аймақ» халық-ағарту қоғамының басшысы – Сейтқазы Тоқымбаевтың бастаған игiлiктi, өнегелi iсi кең өрiс алып, өркендеп өсе бердi.
Бұрынғы «Ес-аймақ» труппасы 1922 жылдан бастап, «Семей губерниясының қазақ драма труппасы» деп аталады. Труппа 1922 жылы 30 желтоқсан күнi «Еңлік-Кебек» пьесасын қойды. Ойын программасында: «Мұхтар Әуезовтiң екiншi рет түзетiлiп басылған «Еңлік-Кебек» қайғылы хал пьесасын (трагедия), Жаңасемей қаласындағы губерниялық драма труппасы ойнайды» – деген және программада: «Екiншi бөлiмде атақты Иса ақын мен труппаның әншiлерi өнер көрсетедi. Ойын арасында духовой музыка ойнап тұрады. Труппаның бастығы – Әуезов, кештi басқарушы – Жаулықбаев болыпты» – деп жазды.
Ғайса Сармурзин «Өнеге» атты Мұхтар Әуезов туралы естелiктер жинағында нақты деректер келтiрiптi. Бiз, шығарманың жазылу тарихын егжей-тегжейлi бiлу үшiн тағы да әңгiмелесiп едiк. Естелiктерiн оқи отырып Ғайсакең әңгiмесiн сабақтады. Онда аңықталған жайлар мынадай:
– Семей қаласының сол тұстағы сұрқын: «Бұл қала Сiбiрдегi үлкен өзендердiң бiрiнiң сол жағында орналасқан. Ретпен салынған сұлу қала емес, орта жерi болмаса, шеттерiнде тәртiп жоқ. Оның үстiне шет-шетiне шашыратып салған қазақтардың жер үйлерi тәртiпке ұқсаған сиықтың бәрiн бұзып, қаланың шеттерiн түйенiң жыртылған ескi жабуындай жалба-жұлба ғылып ыдыратып, тоздырып тұр» деп басталатын 1922 жылы Ташкенттегi «Шолпан» журналында жарияланған «Оқыған азамат» атты ұзақ әңгiмесiнiң түп тарихы, өмiрлiк дерегi бар. Мен осы шығарманың оқиғасың оған қатысы бар адамдарды көрген адаммын. Естелiгiмде мiне былай: «Оқыған азамат» әңгiмесiнде кәдiмгi өзiм көрiп-бiлген жайттар екен. Осы әңгiмедегi қайғылы оқиға мен жанжалдар Семей қаласының (бер жақта) Аңдамас көшесiндегi қарама-қарсы екi үйдiң арасында болғаны әлi есiмде. Мұндағы Мақсұт (1960 жылғы басылымда М. Әуезов кейiпкердiң атын Мақсұт деп өзгерткен. Ал 1922 жылғы басылымда Масғұт – Т.Ж.) дегенi – Тоқымбайдың мезгiлсiз қаза болған аяулы ұлы Сейт, арам ой мен зұлымдық әрекет жасаған Жұмағұл дегенi – Әмзенiң Смағұлы, оны жақтап демеушi болған Ақтай дейтiнi – Әуездiң Ахметi. Хадиша Жолдыбайдың жесiр қалған қызы – Қанипа, ал Әмiре – қатыгез, сараң адам – Әмзе, дүниеқұмар Қондыбайы – қисық ауыз Жолдыбай болатын. Мұхан сондағы оқиғаға қатысты адамдардың жақсылы-жаманды кейiптерiн қалай қиыстыра келiстiрiп, суреттей бiлген десеңiзшi», – деп жазыппын. Мұхтар Әуезовтiң «Қорғансыздың күнiнен» кейiнгi екiншi көркем шығармасы да көрiп отырғаныңдай өмiрдегi оқиғаға құрылған. Сейттiң өлiмiне бүкiл қала жастарының қабырғасы қайысты. Мұхтар рухани көсемi болса, Сейт жастардың басын қосатын ұйымдастырушысы едi. Өзiнiң ауылы Мұхтар талай аң қағып, серiлiк құрған Көкен тауында едi. Қалада өсiп, қаланың ұсақ саудагерiнiң қызына үйленген. «Мына жас қатын жолдасының рухын сыйлап, бiрге қайғы жеп отыра ма? Отырмайды. Бұл және... қала қызы» – деп Мұхтар тегiн айтып отыр ма. Сол тұста әйел теңдiгiн желеу еткен шолжақ оқығансымақтар да қылтия қалған. «Шытырман оқиға, есiл Сейттiң қазасы, Жұмағұл – Смағұлдың зұлымдығы, сорлы кемпiрдiң қайғы-қасiретi мен өлiм халi, панасыз жетiмнiң қорқынышты тағдыры әрқилы аяныш-күйiнiштер көз алдымнан елестеп өтедi»– деппiн тағы. Сол дұрыс. НЭП-тiң кезiнде шолтандап шыға келген «Оқыған азаматтар» елдiң iшiн бұзды ғой. Не толық оқуы жоқ, не түйiндi мақсаты жоқ, дәуiрлерiнiң тез өтетiнiн бiлдi ме, бұлданып қалды ғой. Тiптi, жақсы азаматар да iлiнiп кетiп жүрдi. Сейт солардың бiрiне ұқсамайтын. Жиырма бiрiншi жылды бiлесiң. Жаппай азық-түлiктен, отыннан қысылған шақ. Кеңсе түгiл үйiндi жылытуға қу тезек таппайсың. Базарда тезектiң өзi қымбаттап кеттi ғой. Аш құрсақ жүрiп елдiң басын құрап. Суық үйде ойын-сауық дайындау оңай ма? Сейт сөйтiп алаөкпе болып жүрiп, көкiрек дiмкәсiн асқындырып алды. Мұхтар дер кезiне тыйым салып, емдете алмадым деп өкiнiп едi бiрде. Жағдай солай, оқығанның көбi – жұмыстан сырғақтап, сырт жүрген тұс... Тiрi жүрсе. Кiм бiледi, Жұматтың қатарында, режиссурамыздың төл басы атанып жүрер ме едi. Әйтеуiр, жерде қалатын жiгiт емес болатын».
– Сейт Тоқымбаевтiң өмiрi сәл болса аңықталды. 22 жасында өмiрi үзiлген. Талантты, қабiлеттi, аяулы адам. Мұсылманша, орысша оқыған. Ендi, сiздiң естелiгiңiзде көмескi, нақтыланбай қалған бiр-екi жай бар. Сейiттi жақсы бiлгенде, оның үй-iшiнiң тағдырынан да мағлұматсыз емес шығарсыз. Сондай-ақ, әйелдiң аты – Қанипа ма, Қатипа ма, Хабиба ма? Жұмағұл – Смағұл кiм? Сейттiң қызы Жамиланың шын аты солай ма? Бар ма?
– Менiң тiлiмнiң ұшына Қапипа деген есiм орала бередi. Ондай әйел аттары жеткiлiктi. Қатипасына күмәнiм бар. Хабиба емес. Көп уақыт өттi, жаңылып қалатын болдық. Қызының аты-жөнiн айта алмаймын. Шешесi жалғыз ұлдың қасiретiнен, келiнiнiң тiрiдей қорлағанынан азап шегiп өлдi. Есiгiнiң алдынан өткен-кеткен жас жiгiттердi тоқтатып, Сейттi сұрайтын. Көп қиналмады. Сол жазда-ақ қайтыс болды. Смағұл – оқыған, сол «Ес-аймақтын» белдi мүшесi. Ессiз жiгiт емес-тiн. Есебi мықты болды ма, қайдам. Егер Қапипа екеуi Сейттiң жылын тосса, кемпiрдiң көк шатырлы үйiне көз салмаса, сонша жек көрiнбес те едi. Сейттiң жатақ ағайындары көп болатын. Солар үйге кiрiп алады деп қорықты ма? Менiңше, сол үй туралы әңгiме Смағұл мен Қапипаның әке-шешелерiнiң қысымымен болды-ау деймiн. Смағұлдың әкесi – Әмзе, осы Шыңғыстың бiр сiлемi Ашан тауын мекендейтiн, саудаға үйiр, атақты Қаражанмен жең ұшынан жалғасатын пысық байшыкеш. Смағұл – бетi шұбар, секпiл-секпiл едi. Қапипа – қала саудагерi Жолдыбай дегеннiң қызы. Саудагер есепшiл, епшiл келедi. Жас баланың «опекунын» тапқан да сол шығар. Смағұл Қапипаның сәулетiнен гөрi дәулетiне қызықты ма, әйтеуiр, кiрiсуi қатты болыпты. Ол – Мұхтардың тетелес iнiсi Ахметпен дос, жымдас едi. Екеуiнiң пиғылын сезiп Мұхтар: «Сен жолама. Аулақ жүр. Обал болады. Сейт өлгенде сен де жыламап па едiң?» – деп Ахметке ұрсады. Жiгiтшiлiктiң өз желiгi бар. Смағұлдың тойында оның күйеу жолдасы болыпты Ахмет. Тойларына Мұхтар бармапты. Ағайынды екеуi қырғи қабақ күйге түсiптi. 1956 жылы Ахмет маған келдi. Мұхтардың үйiне алып бардым. Бiр салқындық сездiм. Сұрауға батпадым Ахметке, жоғарыдағыны айтып, ұзақ уақыт «аруақты қорлады» деп ұрсып жүрiптi. Ол – ұмытылған iс қой. Себебi басқа, одан гөрi терең әрi кейiнгi жылдардың салқыны ма деп ойлаймын. Мұны айтып қажетi жоқ едi, сен шындықты iздеп жүрмiн деген соң, бiле жүрсiн дегенiм ғой, – деп сөзiн аяқтады Ғайсаекең.
Иә, шындық – үнемi жанға жаға бермейдi. Бiрақ айтпаса, сөздiң атасы өледi дейдi қазақ. Бiлген жақсы. Бiле тұрып, ағайын арасындағы өкпе-назды сан саққа жүгiрту – жараспайды. Бiз де оқырманның ықыласының түзулiгiне сендiк.
Көркем шығарманың өз заңдылығы бар, өмiрдiң заңдылығы тiптi басқаша. Үлкен мақсат жолында адам ретiнде бiр-бiрiн сыртқа теуiп, жаратпай тұратын жандардың қатар қызмететiтiн жайлары аз емес. Федор Михайлович Достоевский өзiнiң «Нақұрыс», «Әзәзiл» романдарында белгiлi орыс баспагерi, Лев Толстойдың қатты сыйлаған адамы – Николай Николаевич Страховты бiлгiш, сәнқой, керiтартпа кейiпкерлердiң прототипi ретiнде алып, жеккөрiнiштi кескiнде суреттептi. «Қателессе де қателiгiн мойындамайды», «екiге-екiнi қосса – төрттен басқаны ұқпайды», «тым бiлгiш, оқу соққан, түсiне кiрмейтiн байлықтың иесi», «мен оны жек көремiн», «жиiркенемiн», «өмiр бойы шығармам арқылы масқаралаймын», – деп кiжiне отырып, Страховқа қолжазбаларын ұсынып, журналға басып шығаруды өтiнген. Ол Достоевскийдiң тiлегiн орындап отырған. Әрине, Страхов та «тырнақтың астына ине сұғып», Толстойға Достоевскийдi жеккөрiнiштi көрсеткен. Көзi тiрiсiнде ашық күресуден сескенiп, Достоевский өлген соң Толстойдың алдында жазушыны жерлеу үшiн, оның өмiрлiк мұраттарын, шығармаларының мақсаттарын бұрмалап хат жазды. Ол белгiлi дәрежеде әдеби ортаға салқынын да тигiзедi.
Әрине, «Оқыған азаматтағы» ащы мысқыл кiмдi де болса мақтамен бауыздағандай ауыр тиерi анық. Әуезовтiң иiрiмi күштi психологиялық шығармалары, эмоциялық әсерi қарапайым шындықтың өзiн тағына жеткiзе қайырады. Қолымен iстеген жөнсiз қылықтарының ауыртпалығын мойнымен көтере бiлiп, автордың бетке айтқан ащы шындығын қабылдаса – құба-құп. Бұл арасын ажыратудың мүмкiндiгi болмады. Қажетi де шамалы шығар. «Оқыған азаматта» Қапипамен қосылуын қостамаған Мейiрханға қарсы «қызғанды» деген қауесеттi таратады Жұмағұл. Бұл, әрине, көркем шығарманың желiсi.
Сол жылдардағы мәдени өмiрдiң хал-ахуалы хақындағы газет хабарларын, естелiктердi шолып қарасақ, Смағұл Әмзеұлының халықтың рухани өмiрiне, мәдени-ағарту саласында бiраз игiлiктi iс атқарғаның аңғарамыз. Және Мұхтар екеуiнiң жолы үнемi тоғысып, жұмыла кiрiскен шаруалары бар екен. «Ес-аймақтың» тұңғыш мүшелерiнiң бiрi Ғалиасқар Төребаев «Оқыған азаматқа» қатысты үш азаматтың есiмiн атап, «Еңлік-Кебек» пьесасын сахнаға қалай дайындап, кiм қайсы рөлдi ойнағаны туралы:
«Пьесаны суфлер Кәбiр Махмутов оқып шықты. Ондағы басты рольдер былай бөлiндi: Абыз – Т. Оспанов, Қараменде – Л. Әшкеев, Көбей – А. Сағынаев, Еспенбет – Ғ. Төребаев, Кеңгiрбай – Т. Оспанов, Кебек – Ахмет Әуезов, Еңлік – Ф. Кәрiмова, Есен – С. Әмзин, Жапал –Ғ. Төребаев, «Еңлiк-Кебектi» екi айға жуық даярлап, 1922 жылы 20 декабрьде спектакльдi Луначарский атындағы театрда қойдық. Билет жетпейдi, жұрт театрға толып кеттi. Спектакль соңынан Әмiре Қашаубаев бастаған әншiлердiң шырқата салған әнi мен Иса Байзақовтың суырып салма, екпiндi желдiрме өлеңдерiмен, Абайдың скрипкашысы Әлмағамбеттiң тамылжыта күй тартуымен концерт бердiк. Ойын соңынан залда отырған бүкiл жұртшылық ду қол шапалақтап, автор – Мұхтарды сахнаға шақырып, зор құрмет көрсеттi, оған қымбатты сыйлықтар тартты» – дейдi.
Жалпы деректерге сүйенсек, Мұхтар Әуезов бұл жылдары Орынбордан Ташкентке ауысқан. Алайда, үй-iшi Семейде қалған. Сондықтан да, университетке қабылданған соң, ауылына демалысқа келiп, содан кейiн Ташкентке аттанған сияқты. Сейттiң отбасының тағдырын сол сапарда анық-қанық бiлiп барып қолына қалам алуы ықтимал. Орайы осыған әкеп тiрейдi. Смағұл Әмзин – «Еңлік-Кебекте» Кебектiң бейнесiн сәттi ойнап шыққан. Бұл кезде әңгiме әлi жарияланбаған. Мүмкiн, жазылмауы да. Халықтың Мұхтарға «қымбатты сыйлықтар тартуы», оны құрметтеп шығарып салудың рәсiмiне ұқсайды.
Дүние кең, өмiр жолы – ұзақ. Ортақ мақсатты мұрат еткен жандардың тiршiлiктегi тұрақтары тоғыспай тұрмайды. Әңгiме жарияланып кеткен соң да, олар кездескен. «Қарагөз» пьесасы 1926 жылы Семейде кiтап боп басылып шықты. Мұхтар қазақ оқу комиссарының өтiнiшi бойынша Ленинград университетiнен шақыртылып алынып, мектеп оқулықтарын, «Қазақ әдебиетi тарихы» атты монография жазды. «Қарагөз» Семей театрында қойылып, Мұхтардың өзi жетекшiлiк етедi. Актерлердi өзi iрiктеп алады. Солардың қатарында Смағұл Әмзин де бар. Ахмет Әуезов екеуiне Сырым рөлi тапсырылады. Бұған қарағанда, Смағұл талантты, келбеттi, әншi адам болғаны анық. Өзара тiл табысып, шығармашылық ынтымақтастық ниетте қарым-қатынас жасағаны сезiлiп тұр. Оның үстiне, өзi өнер адамы болғандықтан да, көркем шығарманың табиғатын мақсатын түсiнген пейiлмен қабылдауы да мүмкiн. Әйтеуiр, көңiлдерiнде кiр де, кiрбiң де сақталмағаны сезiледi. Ал отызыншы жылдардың ортасында, Смағұл Әмзеев Мұхтардың жақын күйеу баласы болды. Тағдырдың бұл тоғысын «тәлкек, мазақ» ретiнде түсiнген әке Мұхтар Смағұлға терiс батасын бердi. Қайтып олар кездескен жоқ. Отыз жетеншi жылғы нәубетте Смағұл да ұсталып кеттi-мыс» делiнген сыбыста бар. Шежiрешi Сейтқали Қарамендин Смағұл Әмзеевтi (кейiн Ғалиев боп өзгердi) бiлетiнмiн. Шымкентте тұрды» – дейдi. Мұның барлығы бiз үшiн онша қызығарлық дерек емес. Мұхтардан тыс өмiр иесiнiң тағдыры.
Мiне, Мұхтардың жиырма бес жасқа толып, зар күйiндегi кемел кезеңiнде өзiнiң басынан кешкен оқиғаны арқау еткен «Оқыған азамат» атты әңгімесiнiң жазылу тарихы осылай. Дос отбасының қасiретiн көрген күйiнiштен туғанмен де, «Мен еңбек сiңiре алмадым» деп өкiнiшпен өткен Сейттiң аяулы бейнесi көз алдыңнан кетпейдi. Бар мұң-наласымен жан түкпiрiне сәуле құйып, көңілiне адамгершiлiктiң бiр түйiр ақ тамшысындай боп ұйып қалады.
«Оқыған азамат» – Мұхтар Әуезов туындыларының iшiндегi автобиографиялық сипаты басым, өмiрдiң өзiнен алынған бiрден-бiр шығармасы.
Айтар ойдың, түйер тұжырымның барлығы да осы сөзге сиып тұр.
(жалғасы бар)
Abai.kz