Жексенбі, 1 Желтоқсан 2024
Қоғам 10174 0 пікір 23 Қыркүйек, 2014 сағат 17:06

РЕСЕЙЛІК ШОВИНИЗМ МЕН УКРАИН ҰЛТШЫЛДЫҒЫНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Бүгінгі күні Ресей немесе орыс тілді ақпарат кеңістігінде негізінен «украин ұлтшылдығы» туралы мәселе кеңінен талқылануда. Алайда «украин ұлтшылдығы» деген не? Ол қайдан бастау алады? Неліктен қазір дамып отыр? Және ең бастысы «украин ұлтшылдығы» мен «ұлыресейлік шовинизмнің» арасында қандай айырмашылық бар? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

         Біріншіден, бүгінгі күні Ресей арналары «украиндық ұлтшылдықты» кезіндегі Бандераның әрекеттерімен тығыз байланыста, тіпті Петр 1-дің тұсында Ресей құрамынан бөлініп, тәуелсіз Украин мемлекетін құруға ұмтылған Мазепамен байланыстыра қарастырады. Әрине, бұл орынды сәйкестендіру. Украин тарихындағы Бендера да, гетман Мазеппа да бірінші кезекте ұлттық мүдеге арқа сүйейтін, дербес мемлекет құруды көксеген болатын. Екеуі де бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Батыс мемлекеттеріне арқа сүйеді. Екеуі де тоқырап жатқан ұлттық құндылықтарды қалпына келтіріп, жаңа белеске көтеруді көздеді. Екеуі де ұлттық мүддені ешқандай атақ-лауазымға сатпады. Екеуі де еш уақытта орыс ұлтына қысым көрсетуді көздемеді. Екеуінің де негізгі мақсаты батыстық құндылықтарға арқа сүйеген заманауи мемлекет құру болды.

Сонда Бандера мен Мазепа кімнің жауы? Украинаның ба, жоқ әлде Ресейдің бе? Бұл мәселе осы уақытқа дейін оң шешімін таба алмай келе жатқан «тұлғаның тарихтағы орны» ұғымымен тығыз байланысты. Бұл тұлғаларға біз сондай баға бере аламыз ба? Онда Түркістанды азат ету үшін Алаштың айбынды азаматы Мұстафа Шоқайдың құрған «Түркістан легионы» «фашисттер» ұйымы болып табылады ма? Жоқ әлде қуатты, дербес мемлекет құруды мақсат еткен азаматтардың тобы ма? Сондай-ақ, өз елі мен үлтына қызмет етіп, тәуелсіздік үшін күрескен тарихи тұлғалардың барлығын «фашисттерге» айналдырып жібереміз бе деген қорқыныш жоқ па?

Екіншіден, бүгінгі Украин мемлекеті өз алдына орыс тілін немесе мәдениетін төмендетіп, орыс ұлтын кемсітуді өзінің негізгі мақсаты деп жариялаған жоқ. Қайта ғасырлар бойы Ресей ықпалында болып түрлі өзгерістерге ұшыраған өз тілі мен мәдениетіне өз мемлекетіндегі заңды орнын алып беруді көздейді. Бұл талаптың қай жері заңсыз? Шынымен де түсініксіз. Киевте немесе ресми билікті қолдап отырған аймақтардағы орыс ұлтының үдере көшуі байқалып отырған жоқ. Қайта ресми Киев Донбасстан келген босқындарға жағдай жасап, оларға қолдау көрсетіп отыр. Мұны орыс халқына қарсы геноцид деп қарастыруға бола ма?

Үшіншіден, ресми Ресейге қарағанда Украина Ресейдегі украиндардың жағдайы жайында мәселе көтерген емес. Яғни ішкі қақтығыстардың неізгі себебі болып табылуы мүмкін «ұлттық сұрақты» көтеріп отырған жоқ. Тек өз ішіндегі мәслелерді шешуге ынта танытуда. Бұл да ешқандай «фашизмнің» жоқ екендігінің көрсеткіші.

Төртіншіден, Украина өз бетінше біржақты негізде Ресейге байланысты өз міндетін орындамай тастап отырған жоқ. Яғни, «Ұлы көршісіне» өз бетінше «экономикалық санкциялар» қолданып, газын өшіріп, өнімдерін алмай, шекарасын бекітіп тастап жатқан жоқ. Тек Ресейдің экономикалық саясатына жауап ретінде санкциялар енгізуге мәжбүр екендігін мәлімдеуде. Мұны Ресейге деген және орыс ұлтына деген қиянат деп қарастыруға болмас.

Бесіншіден,   ішкі қақтығысты басынан кешіруі мүмкін Ресейге әскерін кіргізіп, территориясының бір бөлігін басып алып та жатқан жоқ. Ресей мемлекеттігіне қарсы әрекет етіп бастаған топтарға саяси, экономикалық, әскери қолдау көрсетіп жатқан жоқ. Осы әрекеттерге бармағаны үшін Украинаны «фашисттік» мемлекет деп атай аламыз ба? Әрине жоқ.

Ал енді Ресейге көз салып көрелік.

Ресей Украина территориясынан Қырымды аннексиялады. Халықаралық шарттардың бәріне, соның ішінде КСРО-ның ыдырағанын заңдастырған «Беловеж келісімі» мен «Алматы декларациясына», ядролық қарудан бас тартуға негіз болған Будапешт келісімдерін де бұзды. Мұндағы негізгі дәйек Қырым халқының қалауы мен Украинаның НАТО-ға кіру ықтималдығы. Біріншіден, Қырымда болған референдум не Қырым ұлты өкілдерінің не өзге де этникалық топтар мүддесін ескерместен жүзеге асырылды. Ресейдің өзінен егмендігін алуға тырысқан шешеннің Ичкерия мемлекетінің не болғандығы есімізде ғой. Ал, Ичкерияда барлық әлеуметтік-этникалық топтардың мүддесі ескерілетін референдум болған. Ендеше ресми Мәскеу неге шешен халқының пікірімен келіспеді екен? Бүгінгі Қырым мен Шешенстанның арасында үлкен айырмашылық жоқ. Бұған Мәскеу қалай жауап берер еді?

Екіншіден, әр елдің егмендігінің басты көрінісі оның ерікті түрде, дербес ішкі және сыртқы саясат жүргізе алу құқығынан тұрады. Яғни Украинаның Еуропа одағы мен НАТО-ға кіруі мемлекеттің дербес таңдауы болып табылады. Мұндайда «бауырлас, көрші» халықтың территориясын басып алғанша, Еуропа одағы мен НАТО-дан әлде қайда тиімді шарттарды ұсыну арқылы шешуге болар еді. Бірақ ресми Кремль дипломатиялық әдіске қарағанда, мәселені бір жақты шешетін әскери әдіске жақын екендігін көрсетті. Шынында Украин экономикасын жандандыру және қайта құру үшін миллиондаған доллар жаратқанша оны басып алған тиімді емес пе? Оның үстіне Украина ылғи Ресейге қарсы шығуы мүмкін. Себебі украиндықтар тәуелсіздіктерінен айырылғысы келмейді. Мұндай жағдайда тиімдісі белгілі бір аймақты басып алып, күш көрсету. Бірақ мұнда украиндық ұлттық рух «ұлыресейлік шовинизмнен» басым екендігін көрсетті. Іс насырға шапты. Бірақ басты мәселе украинадағы «орыс ұлтының» өкілдерінің құқықтарын қорғау мәселесі шешілмей қалды. Кезінде Гитлер Чехословакияны қосып алғанда ол жердегі «неміс ұлтының» жағдайына уайымдайтындығын айтып дәйектеп еді. Не деген ұқсастық десеңізші?

Бұл әрекеттер Ресейдің сыртқы саясатында санкциялармен, ал ішкі саясатында украиндықтар мен өзге ұлт өкілдеріне деген сенімсіздік әрекеттерімен ұштастырылды. Яғни күмәнді «украин» халқының өкілдерінің Ресей аймақтарындағы тіркеуге-тұрған тұрмағандығын анықтау, олардың құқықтарын бұзу, көп жағдайда тікелей қудалау, кавказдықтарға деген сенімсіздіктің   нығаюымен тұспа тұс жүрді. Ал, бұл кезінде  «Ұлы Германиядағы» «ариийлік емес» ұлт өкілдерін қудалауға ұқсастығы айқын аңғарылады.

Путиннің: «Керек болса Киевті екі күнде аламын» деген мәлімдемесі, әрине, «демократиялық» мемлекеттің басшысы айтатын сөз емес.

Ал ең қызығы өзіне бағындыру барысында өлтірілген миллиондаған халықты Ресей «азат ету» деп қабылдаса, өзге мемлекеттің тәуелсіздікке ұмтылуы «фашизм» болып табылады. Бірақ ненің не екендігін салыстырып, саралап қарасаңыз бұл туралы екі-ұдай пікірде қалатындығыңыз айқын.

 

Шыңғыс Ергөбек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар