Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Аласапыран 1018 0 пікір 27 Қараша, 2024 сағат 14:39

Ливандағы соғыс аяқталды: Тараптар не келісті?

Суреттер: iz.ru және wikipedia.org сайттарынан алынды.

Израиль армиясы «Хезболла» тобына қарсы операция жүргізіп жатқан Ливанда сейсенбіге қараған түні Израиль үкіметі мақұлдаған атысты тоқтату режимі күшіне енді.

Әскери қақтығыстар түннің ортасына дейін жалғасты: «Хезболла» Тель-Авивтегі әскери нысандарға дрондар жіберсе, Израиль әскері Бейруттың кейбір аудандарын эвакуациялау туралы бұйрық берген соң, атысты тоқтатуға бір сағаттан аз уақыт қалғанда Бейруттың оңтүстік маңына әуе соққылары жасады.

Енді келісім шарттарына сәйкес, Израиль әскерлері Ливаннан 60 күн ішінде шығарылады. Ал «Хезболла» жауынгерлері шекаралас аймақтардан кетуі тиіс. Бұл аудандарға Ливан армиясының сарбаздары орналастырылады.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху тележолдауда бұл келісімнің ұзақтығы «Хезболланың» әрекетіне байланысты болатынын айтты. Егер топ қайта қарулануға тырысса, бұл келісімді бұзу ретінде бағаланатынын ескертті.

Сондай-ақ ол Израиль әскери күштері шабуылының арқасында «Хезболла» ондаған жылдарға «кері кетті» деп мәлімдеді.

АҚШ президенті Джо Байден де келісім жасалғанын, оның жергілікті уақытпен сәрсенбі күні сағат 04:00-де күшіне енетінін айтты: «Әскери қимылдар тоқтатылады. Бұл атыстың тоқтауы тұрақты болуы керек», - деді Байден.

Байден Ливандағы бейбітшілік бүкіл Таяу Шығыста тұрақтылық орнатуға және Газа секторындағы соғысты тоқтатуға ықпал етуі мүмкін деген үмітін білдірді.

Сәрсенбі күні таңертең Ливан тұрғындары соғыс салдарынан тастап кеткен үйлеріне қайта орала бастады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен:

«ХАМАС әуел бастан басқа тараптарды соғысқа тартуды, сөйтіп Израилге қарсы бірнеше майдан құруды көздеді. Алайда, бұл жолы ХАМАС қақтығысты тоқтату үшін қажетті қадамдар жасаудан бас тартты», - деді Блинкен Италияда «Үлкен жетілік» елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуде.

Келісімге сәйкес, Израиль әскерлері Ливаннан 60 күн ішінде шығарылады.

«Хезболла» өз жауынгерлері мен қаруларын Израиль мен Ливан арасындағы бейресми шекара саналатын «көк сызық» пен шекарадан 30 шақырым жерде орналасқан Литани өзені арасындағы аумақтан шығарады. Бұл аймақты Ливан армиясының күштері бақылауға алуы тиіс.

Жаңа келісім 2006 жылы қабылданған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1701 қарарына ұқсас. Ол Израиль мен «Хезболла» арасындағы соғысты тоқтатуға негіз болған еді. Бұл жолғы келісім де халықаралық қолдауға ие болуда.

Келісім Иран қолдайтын «Хезболла» тобын Израиль шекарасынан алыстатып, өз шегарасы маңына Ливан армиясының тұрақты күштерін нығайтуға мүмкіндік береді. Израиль әскерлері шыққан соң, олар шекара бойына орналастырылады.

Бұл келісім «атысты тоқтатуды» және «Израиль құрған буферлік аймақты жоюды» қарастырады.

Сонымен бірге, келісім Израиль үшін маңызды тармақты қамтиды: оған сай Израиль «Хезболла» тарапынан қауіп төнген жағдайда Ливанда әскери қимылдарды жалғастыра алады.

АҚШ атысты тоқтату режимін бақылау үшін бес елден тұратын комитет құрады. Бұл орган «Хезболла» келісімді бұзды деп танылған жағдайда, Израильдің Ливанға соққы жасау құқығын танитын құжат жариялайды.

АҚШ басшылығымен өткен келіссөздер барысында Ливан билігіне 2006 жылдан кейін қалыптасқан жағдай қайталанбайтыны айтылды. Ол кезде «Хезболлаға» шекара бойында кең ауқымды инфрақұрылым құруға рұқсат берілген еді.

Алда не күтіп тұр?

Атысты тоқтату мәселесінде көптеген сұрақтар бар:

Келісімге сәйкес, Ливанның мыңдаған әскері Израиль мен «Хезболла» әскерлері шығарылғаннан кейін елдің оңтүстігіне орналастырылады. Бірақ олардың нақты қалай орналастырылатыны белгісіз.

Бұл тек қаржыландыру мәселесіне ғана байланысты емес. Қаржыны Ливанның халықаралық одақтастары тауап береді деп күтілуде. Ең бастысы: – Ливан әскері қажет болған жағдайда «Хезболлаға» қарсы тұра ала ма? – деген сұрақ болып отыр.

Мұндай жағдай Ливан ішінде ливандықтардың өзара қақтығысуына әкелуі мүмкін. Бұл дінаралық келіспеушіліктер әлі де күшті елде тұрақсыздық тудыруы мүмкін.

Дегенмен, Ливан билігі жағдайды өзгерту керектігін түсінген сияқты. Оған деген саяси ерік-жігердің бар екені осы келісімнен белгілі болды.

Анықтама:

Ливан билігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың қазан айынан бері елде кемінде 3823 адам қаза тапты. Олардың көпшілігі соңғы бірнеше аптада, Израиль «Хезболлаға» қарсы операциясын күшейткен кезде қайтыс болды.

Израиль тарапының мәліметінше, 82 сарбаз және 47 бейбіт тұрғын қаза тапқан. 

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1436