Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Құйылсын көшің 10547 0 пікір 14 Қыркүйек, 2015 сағат 15:15

КӨШІ-ҚОН МӘСЕЛЕСІ. МӘРТЕБЕҢ ӨССІН, МЕРКЕЛЬ ХАНЫМ!

Үкімет басшысы болса, Ангела Меркельдей-ақ болсын! 

 Басына күн туып, туған жерін тастап қашқан босқындарды қабылдау туралы бірінші болып Германия үкіметі шешім қабылдады. Бұл ел «Болжам бойынша биыл Германия 800 мыңға таяу мигрант қабылдауы мүмкін» -деп отыр. Үкіметін Ангела ханым басқаратын Алмания елі осындай бастама көтеріп еді,  бүкіл Батыс мемлекеттері біртіндеп  босқындарды қабылдауға мән беріп жатыр. Тіпті, АҚШ екеш, АҚШ-тың өзі де!

Қарап отырып, Ангела Мееркельге риза боласың! Сан мыңдаған сол бейбақтарға «Ұлтың кім?», «Руың қалай?» деп жатқан жоқ. Қай дінге сенетініне, қай ағымның жетегінде жүргенінде де жұмысы аз сияқты. Керек болса, терроризммге қатысы бар ма, жоқ па, өз елінде сотталған ба, сотталмаған ба, оны да сұрған жоқ!

Қайта, алыстан жетпіс жеті атасы, елжіреген етжақыны, туған бауырлары немесе төркіні келгендей мәре-сәре болып, қуанып жүр Ме́ркель апай! Сонау жылы ыдыраған Совет одағының темір құрсауынан босап, көшіп келген  қандастарын көргендей жарқ-жұрқ етеді байқұс!!! Қазірдің өзінде бұл ел босқындарға арнап тұрар жай дайындап жатыр. Евро дегеніңді миллиондап шашуда. Келешекте, мұсылман босқындарға деп 200-дей мешіт салынатыны да айтылды. Онымен қоймай, Ме́ркель ЕО-ның барлық елдері босқындарды қабылдауға міндетті екенін де мәлімдеді...

Ал, біздің Үкімет?!!
Біздің Үкімет босқын тұрмақ, өз аяғымен, өз қаражатымен көшіп келгелі отырған өз қазағымызды қабылдауға қарсы! Елбасы Үкіметке қайтадан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тапсырма бергелі қашан?! Сөйтіп Президент 2014-жылдың 04-мамырында  Үкіметке №1026 бұйрық түсірген болатын. Содан бері табаны күректей бір жыл, төрт ай өтті, Заң жобасы Мәжілістің талқылауынан әлі шыққан жоқ. Қолданыстағы Көші-қон заңының қандастарымыздың тұрақты тіркеуіне бас кедергі болып отырған 49-бабының 9-тармағына Мәжіліс өзгеріс енгізіп, Үкіметке жолдаған еді, К.Мәсімов оны қабылдамай, кері қайтарып тастапты. Себеп, Қазақстанға оралмандармен бірге «террористер» мен «экстремистер» кіріп кетеді екен! Бұл содан сақтанған түрі екен өзінше!!!

Демек, Көші-қон туралы Заң жобасы осы беті қабылданса, сырт елдерден  келетін қандастарымыз азаматтық алу былай тұрсын, тұрақты тіркеудің өзіне тұр алмай бар мүмкіндіктен қағылмақ. Қазірдің өзінде көшіп келіп алған неше мыңдаған отбасы сол кедергінің зардабын тартуда!
 
Кеше ғана өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ұлық жиында Елбасы «Еліміз егемендігін алғаннан кейін, жағдайдың қиындығына қарамастан, тағдырдың жазуымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен миллионнан астам қандасымызды атамекенге қайтарып алып келдік. БҰЛ КӨШ ӘЛІ ЖАЛҒАСУДА», - деді. Осыған қарағанда Үкімет  «Қандастарымыз көшіп келіп жатыр» деп бәрімізді алдап жүргенге ұқсайды. Көш тоқтағалы қаша.?!.

Міне, осы шындықты кезекті рет жария ете отырып, босқындардың обал-сауабына қарап, оларды ел экономикасын еселеуге үлес қосатын жұмысшы күші, адам ресурсы деп қуана қарсы алып жатқан Меркель ханымға мәртебеңіз өссін дейміз!

Ауыт Мұқибек

14.09.2015
 Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1530
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3311
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5976