Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 11804 0 пікір 23 Ақпан, 2016 сағат 01:18

ҚЫТАЙ, МҰНАЙ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан мен Қытай арасындағы түрлі саладағы қарым-қатынас қоғам тарапынан үнемі қызу талқыланып, жұртшылықтың ой-пікірінен қытайға деген сақтық пен үрей қоса көрініс тауып жатады. Бұл негізсіз де емес. Өйткені, Қазақстанда жұмыс істейтін қытай компанияларындағы жергілікті жұмысшыларға еңбек қатынасы, тіл талаптарының сақталмауы және қытай компанияларының өздері жұмыс істеп отырған аумақта өздерін қожайын сезініп кетуі қоғамның ашу-ызасын тудырып, кері реакция береді. Осы айда  да Қазақстандағы қытай мәселесіне қатысты бірнеше жайт болды. Осы жайттар бізді Қытайдың Қазақстан мұнай-газ нарығындағы соңғы жылдардағы орны мен рөліне үңілуге итермеледі.

Қытай мұнай компаниялары Қазақстанға осыдан 16 жыл бұрын кірген. Нақты айтқанда, 1997 жылы қыркүйек айында Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы - CNPC (China National Petroleum Corporation) «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның 60% акциясын сатып алудан бастаған. Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясының 100% каптиалы мемлекетке тиесілі екенін ескерсек, компания ҚХР-ның меншігі. Қазақстан мұнайын игеруді осылайша бастаған Қытай компаниялары өз позицияларын жыл өткен сайын күшейте түскен. Мәселен, CNPC 2001 жылы «Buzachi Operating Ltd» компаниясының 50% акциясын сатып алса,  2006 жылы «PetroKazakhstan» компаниясының да 50% акциясын алған. Сөйтіп, Ақтөбе облысында өндірілетін мұнайдың 97% Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясына қарасты компаниялардың үлесінде болып шыға келген. Бұл 9 жыл ішіндегі бір ғана облыстағы мұнай нарығындағы көрініс. Еліміздің басқа да мұнайлы облыстарында Қытай компаниялары жұмыс істейді.

Әрине, қытай компаниялары Қазақстан мұнай нарығына кіріп, ондағы үлесін арттырып ғана қойған жоқ, сонымен бірге Қазақстанның ішкі экономикалық саясатындағы солқылдақ тұстарды өз ыңғайына пайдалан отырып, мұнай саласында қызмет көрсететін Қазақстан компанияларын нарықтан ығыстырды. Мәселен, 2013 жылы Қытайлық компаниялар Қазақстанның мұнай саласының бұрғылау қызметі рыногын толығымен басып алғаны туралы ақпарат шықты (ҚазТАГ). Онда отандық компания өкілі қазақстандық бұрғылау компаниялары банкротқа ұшырап, нарықтан толығымен кеткенін әрі оның себебін айтқан. Оқырманға түсінікті әрі Қазақстан мұнай нарығындағы Қытай компанияларының жалпы картинасы анығырақ көріну үшін ақпаратты толық келтірейік.

«Біздің кәсіпорын ұңғыларды бұрғылаумен табысты айналысып, тендерлерге қатысып, бұрғылау жұмыстарына мердігер ретінде қатысып жүрген. Бірақ 10 жыл бұрын біздің елге қытайлық компаниялар келді. Олар барлық бағаны толығымен бұзып жіберді. Олар, айталық, 400 млн теңге тұратын ұңғыны 200 млн-ға бұрғылауға келісіп, өздеріне шығынмен жұмыс істей бастады. Біз, әрине, өзімізге шығынмен жұмыс істей алмадық, сөйтіп тендерлерден ұтыла бастадық. Сөйтіп қазақстандық бұрғылау компаниялары банкротқа ұшырап, нарықтан толығымен кеткен соң ғана қытайлар бұрғылау бағасын екі есеге емес, үш есеге арттырды! Осылайша қытайлық компаниялар қазір нарықтағы монополистер.

10 жыл бұрын біз таң қалатынбыз. Қарапайым ғана, сырт қарағанда жұпыны қытайлық келіп, масқара сомадағы, айталық, 100 млн доллар қаржыны кеніш үшін немесе мұнай компаниясы үшін ұсынатын. Кейін, Аспан астындағы елге барғанымызда белгілі болғандай, егер Қытай азаматы немесе қытайлық компания Қазақстаннан мұнай компаниясын сатып алатын болса, ол мемлекет тарапынан пайызсыз шексіз несие ала алады екен. Қазақстаннан активтерді сатып алуға. Активтер тек Қазақстанда ғана болуы тиіс. Әрине, олар сол активтердің өмірде нақты барлығын тексереді, ал кейін сол несиені береді.

... Олар ірі деген жобаларға кірген бойда, сол Ақтөбенің өзінде болсын, ең бастысы - одан соң олар картаны алды. Оларда барлық геологиялық карталар бар. Олар картаны әртүрлі жолдармен алды: тікелей болмаса ортаға делдалдарды салды, сатып алды, өздерінің адамдары арқылы, айталық, қытайлықтарға үйленген қазақстандық азаматтар арқылы. Сол сияқты т.б. әдістер арқылы (бұл жерде Қазақстанның қазба байлық қор туралы айтып отыр. Ред.).

Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында және Қызылордада да сондай болып жатыр. Тек ірі мұнай компаниялары, «Шеврон» немесе Agip­KCO сияқты компаниялар әлі мықты, қалғандарын іс жүзінде қытайлық компаниялар бақылап отыр.

Қазақстандық шенеуніктер бұл жағдайды тіпті білген күннің өзінде, олар ешнәрсе өзгерте алмайды. Себебі оларда ең бастысы - саяси ерік пен біліктілік жетіспейді» (проект «DAT» № 06 (182) 21 ақпан 2013жыл).

Аты-жөнін атамаған мұнай саласына қызмет көрсететін отандық компания өкілінің сөзінде Қазақстандағы Қытай мұнай компаниялары туралы біршама ақпараттар айтылады. Бұл бір ғана компания өкілінің әңгімесі деп қоя салуға болар еді. Алайда, арада екі жыл өткенде 2015 жылы “Қазсервис” Қазақстанның мұнай-газ және тау-кен саласындағы қызмет көрсету компаниялар одағының бас директоры Дәуіржан Ауғамбай Мәжілісте өткен тыңдауда жоғарыдағы отандық компания өкілінің Қытай мұнай компанияларына қатысты айтқандарын растағандай мәлімдеме жасады.

Дәуіржан Ауғамбай мұнай-газ саласына қызмет көрсетумен айналысатын отандық компаниялардың мүшкіл жағдайын айта келіп, Қазақстан ДСҰ-ға енген соң, қытайдың қызмет көрсету компаниялары мұнай-газ нарығындағы жұмыстарды түгелдей алып қоятынын сөйтіп, отандық компаниялар тақырға отырады деп Қазақстанның мұнай нарығындағы қытай экспансиясына депутаттардың назарын аударуға тырысқан. Енді, біздегі депутаттардың жайы белгілі ғой...

Дәуіржан Ауғамбай сол жолғы Мәжілістегі сөзінде қытай мұнай компаниялары сол кездің өзінде-ақ, өз елінің мұнай саласына қызмет көрсету компанияларын есепке алып, тапсырыс бере бастағанын айтып, мынадай ақпарат келтірген: «Қытай компаниялары тек өз елдерінің ғана компанияларымен жұмыс істейді. Қазақстандық компаниялар атқара алмаған жағдайда деген сылтаумен жұмыстың кез келген түрін тек қана өз компанияларына береді. Мысалы, қаптама құбырларды 20 күннің ішінде жеткізу керек дейді. Мұны бірде-бір қазақстандық компания айтылған уақыттың ішінде істеуі мүмкін емес. Демек, тапсырыс алдын ала әлдебір қытайлық қызмет көрсету компаниясына арналып жасалып қойған деген сөз».( kursiv.kz )

Міне, жоғарыда келтірілген екі ақпаратты мұнай-газ саласындағы Қытай компанияларының үлесі мен олардың жергілікті компаниялар, жұмысшылармен жұмыс жүргізу тәсілінің анық көрсеткіші деуге болатын шығар. Тағы не қосуға болады? Иә, айтпақшы, мұнай-газ саласы Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар сала. Ал, Қытай компаниялары болса, Қазақстан мұнай нарығындағы әр қадамын ресми Бейжің ұстанып отырған саясат шеңберінде жүзеге асырады. Мәселен, ШЫҰ да Қытайдың Орта Азия және Қазақстанды өзінің экономикалық ықпалына түсірудің бір тетігі. Оның үстіне Қытай тарапы Еуразиялық мұнай-газ нарығы және энергетикалық ресурстарды тасымалдау дәлізі одағын құрайық деген ұсыныс тастап отыр. Ар жағы түсінікті болар деп ойлаймыз. Оның үстіне мұнай арзандаған сайын Қытай өзінің мұнай қорын арзан мұнаймен толтырып алуға жанталасып жатыр. Демек, Қытайда мұнай бағасы алаңдатса да негізгі саясатынан бас тартқыза алмайды деген сөз. Бұл аз десеңіз, саясаттанушы Расул Жұмалының 365info.kz сайтына берген пікірінде: «Қытаймен арада жасалған келісімдер мен контрактілер және өзгеде халықаралық келісімдер туралы ақпарат жабық. Бұл – Конституцияға қайшы. Заң бойынша, халықаралық келісімдер, пактілерді Парламент мақұлдамас бұрын ол ресми БАҚ та жариялану тиіс. Бізде ол жарияланбайды. Сондықтан біздің елде жер қойнауындағы қазбаларды пайдалану, энергетика, еңбек миграциясы туралы мәліметтер жабық» - дейді.

Міне, осылайша Қазақстанның мұнай нарығындағы Қытайдың ұлттық компаниялары арқылы жүзеге асырып отырған экономикалық саясатының жалпы картинасы толық болмаса да көзіқарақты оқырман үшін түсінікті болады деп есептейміз. Бұл Қытайдың бір ғана мұнай саласындағы істеп жатқан жұмысының бір ұшы ғана. Ал, Қытай компаниялары Қазақстан экономикасының өзге салаларына да ішкерлей еніп жатыр. Қытай Қазақстан экономикасының майлы тұстарынан үлес алу үшін Қазақстанға ірі көлемде несие беріп, әртүрлі жобаларды атқаруға қаражат құйып, бірлескен кәсіпорындар арқылы жұмыс істеу сияқты тәсілдерді пайдаланады. Ал, Қазақстан мұнай саудасымен ғана күн көріп келген ел екені белгілі. Мұнай бағасы құлаған сәттен бастап, экономиканың түрлі салалары сыр бере бастады. Сөйтіп, тағы да дағдарыс басталды. Ал, Қазақстан билігі мұнай саудасы қызған шақта одан түскен пайданың негізгі бөлігін Астананы салуға, түрлі халықаралық қымбат шараларды өткізуге, екінші деңгейлі банктерді құтқаруға емес, дұрыс экономикалық саясат құрып, оны тұрақтандыруға жұмсағанда бәлкім алтын валюталық қорға және халықтың зейнетақы қорына қол салмайтындай күйде болар ма еді деген қысыр қиялға берілесің. Бірақ, амал не, уақыт Қазақстанды күтіп тұрмайды...

 

Өміржан Әбдіхалықұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1503
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3277
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5717