Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 11590 0 пікір 12 Сәуір, 2016 сағат 14:01

БАЛАЛАРДЫ АНА ТІЛІНЕН БЕЗДІРУ САЯСАТЫ ЖҮРГІЗІЛЕ БАСТАДЫ

2016-2017 оқу жылынан бастап елімізде бірінші сынып оқушылары үш тілде білім ала бастайды. Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Алматыда өткен «Ғылым және бизнес» халықаралық форумында айтты.

Егер жоба сәтті басталса, келесі жылдан бастап екінші, бесінші, жетінші сынып оқушылары жаңа бағдарламаға көшеді. Яғни  пәндер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқытылады.  

«Бұл бағдарлама Назарбаев зияткерлік мектептерінде қолданылып жүр. Қазір ол оқу орындарында бір орынға 20 үміткерден келіп жатқанын көріп отырмыз, сондықтан бағдарламаны жаппай енгізуге шешім қабылдадық. Бұл білім деңгейін көтеріп, жастардың бірге жұмыс істеуіне көмектеседі. Бірінші сыныптарға 72 мың мұғалім және өте қысқа уақытта жетінші сынып оқушыларын қайта оқытуға 250 мың мұғалім дайындалды. Осы жүйенің арқасында оқушылар бес күндік оқу жүйесіне ауыса алады», - дейді ҚР білім және ғылым министрі.

Сонымен, қазір белгілі болған мәліметтерге кезек берейік. Бұл жүйе іске қосылса, ағылшын тілінде  информатика, химия, биология және физика пәндері оқытылатын болады. Қазақ тілінің еншісінде қазақ тілі, қазақ әдебиеті және Қазақстан тарихы пәндері ғана қалмақ. Ал, орыс тілінде – орыс тілі мен әдебиеті (екеуін біріктіру жоспарлануда) және дүние жүзі тарихы оқытылатын болады. Бұл стандарт, мейлі қазақ тілді болсын, мейлі орыс тілді болсын, барлық мектепте осылай болмақ.

Қош! Білім министрлігінің осы "жаңалығына" қазір түрлі пікірлер айтылып, "бұл қазақ тілін жоюдың қадамы" деп жатқан азаматтар жетерлік. Министрлік олардың қоғамдық пікіріне құлақ та аспай, өз білгенін жасайтынын байқатты. Десе де, біз осы мәселе жөнінде айтары бар азаматтардың пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Айман Сағидулла, ұстаз:

- Мен министрліктің бағдарламасымен танысып шықтым. Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде үш тілде білім беру деген реформаның шикіл тұстары аз емес. Ағылшын тілін негізгі тіл ретінде енгізу – орыс тіліне деген тәуелділіктен құтылу деген сөз емес. Соны түсініп алу керек. Біз неге орыс тіліне байланып қалдық?.. Бұл мектептерде үш тілділікті енгізу дегеніңіз – қазақ тілінің болашағына балта шабу деген сөз. Мысалы өзіңіз қараңыз, бірінші сыныптан бастап ағылшын және орыс тілін мемлекеттік тілге қосарлап қою – баланың тілін шұбарлау ғой. Бірінші сыныпқа жаңа келген бала өзінің ана тілін танымай жатып, ағылшын, орыс тілдерін қалай үйренеді? Мысалы, министрлік бағдарламасында көрсетілгендей, кейбір негізгі пәндер жоғарғы сыныптарда ағылшын тілінде оқытылатын болса, қазақ тіліне деген сұраныс мүлдем жоғалады. Өйткені оқушы жоғарғы сыныпта ағылшын тілін үйрене ме, әлде, ағылшын тілінде оқытылатын химия, биологияны үйрене ме? Әрине, қазақ тілінінің осы тұста керексіздігі байқалады. Бұл өз кезегінде халықты сауатсыздандыру деген сөз. Мектеп оқушыларын ана тілінен айыру, оқушының миынан мипалау жасау деген сөз ғой.

Мысалы, жаңа бағдарлама бойынша химия, биология, информатика, физика секілді жетекші пәндер ағылшын тілінде оқытылады екен. Оқушыға ең керекті пәндер ғой, бұлар. Сосын Дүниежүзі тарихын орыс тілінде оқыту дегенді түсіну мүмкін емес.

Министр Сағадиев мырза бізге Батысты, әлемнің дамыған мемлекттерін мысалға келтіреді. Өзі "дамыған мемлекет" деп Францияны жиі айтады. Сол Францияның өзінде жоғарыдағы негізгі пәндер мемлекеттік тілде оқытылады. Францияда ағылшын тілі тек пән ретінде қарастырылған. Ғылыми пәндерді ағылшын тілінде оқыту дегеніңіз – түптеп келгенде жаңағы оқушыдан дүмше дайындап шығару деген сөз. Жоғарыдағы министр атап өткендей дамыған мемлекеттерде 10 жасқа дейін бала таза ана тілінде дәріс алады. Ал біз бірінші сыныпқа енді кіретін балаға ағылшын тілін күштеп оқытпақпыз.

Екінші мәселе, біз неге осы үш тілділікке жабысып қалдық? Министр Сағадиев мырзаның айтуынша, БҰҰ зерттеулеріне сәйкес, қазақстандық оқушылар жаңағы дамыған мемлекеттердегі оқушылармен салыстырғанда 2,5 жылға артта қалып қойыпты.

Егер әлі әріп танымайтын бірінші сыныптың баласына күштеп үш тілді үйретсеңіз, негізгі ғылыми пәндерді шет тілінде оқытсаңыз артта қалғанның көкесі сонда болмақ.

Мысалы, қарапайым, ауылдық жерлерде ағылшын тілі тұрмақ, орыс тілін жетістіріп оқымайтын мектеп оқушылары үш тілділік бағдарламасына еніп кете ала ма? Не ғылыми пәндерді түсінбей, не тілді түсінбей артта қалды деген сонда болмақ.

Сонымен қатар, Министр мырза "ағылшын тіліндегі барлық еңбектерді қазақ тіліне аударуға қаржы жоқ" деп отыр. Ал бір сөзінде "үш тілділікке көшу үшін 73 мың ұстазды қайта оқытамыз" дейді. Бұл қайдан шыққан қаражат? Тағы да бір пародокс...

 

Аятжан Ахметжан, Республикалық «Қазбілім» орталығы директоры:

- Білім саласында бір түсініксіз асығыстық пайда болды. Күнде жаңа бір өзгеріс ұсынылып, жаңа бағдарлама қабылдануда…

Қазір ҚР Білім және ғылым министрі қызметін Ерлан Сағадиевпен бірге Дариға Назарбаева қоса атқарып жатқандай. Соңғы кездері «біздегі білім министрі кім?» деген түсінік пайда бола бастады… Неге осынша тез әрі білім саласына бәрі мойын бұра қалды? Сұрақ көп…

Үш тұғырлы тіл мәселесі, алдағы енгізілгелі отырған үш тілде оқыту бағдарламасы – бәрі де, кем дегенде, 20 жылсыз мүмкін емес екенін өздері түсінбей ме, түсінгісі келмей ме?

Өткен аптада: «Астана қаласында 17 мектеп үш тілді оқыту жүйесіне дайын, алдағы оқу жылынан бастап кіріседі», – деді. Құдай-ау, басқа басқа, Астананың жайы, елімізде ағылшынша оқытылады деп жатқан химия пәнінің жайы маған бес саусақтай белгілі ғой.

Қазір сабақты ағылшынша өткізіп жүрген Назарбаев зияткерлік мектебі, ҚТЛ, «НҰРОРДА» мектептерінің өзінде «ағылшынша өтеді» деген форма ғана, әйтпесе, 100 түгілі, 70 % ағылшынша өткізілмейді. Жақсы, бұл үш мектеп, оның сыртында халықаралық деген статусы бар екі мектеп бар, жалпы саны – бес. Бұлардың сыртында ойдан орып, қырдан қырып, бес мектеп тапсын, сонда қайдағы ағылшын тілінде беретін мұғалім? Қайдағы оқулық?

Астанадағы 100 мектепке ағылшын тілінде сабақ беретін 100 мұғалімді дайындау үшін кемінде 10 жыл керек… Ал, ауылдарға ше? Ағылшын түгілі қазақша беретін мұғалім жоқ, химия пәнін физика, информатика, кейде, тіпті, дене шынықтыру пәні мұғалімі беріп жүрген жерлер әлі де бар екені ешкімге жасырын емес. Сонда деймін – ау, Дон Кихоттың тірлігі кімге керек?! «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айырылыпты» дейтін еді атам қазақ. Сол секілді білімді ұйытпақ түгілі ірітіп, тентіретіп жібереміз ғой…

Қазір шулайтын шығар «ағылшын тілі, ойбай, ғылымның қайнар көзі» деп. Айналайын мемлекеттің бар ұрпағы ғылым қуа ма?  Әлде, елдің бәрі жоғары білім алып, доктор атана ма? Ол мүмкін емес қой? Жоқ әлде, бесік жырын ағылшынша айтатын әйелдер мен ағылшынша сөйлейтін күзетшілер керек пе бұларға?

Көрпеге қарай көсілген дұрыс-ау!

Оның үстіне шетелге барып оқитын, зерттеумен шұғылданатын жұрт, ағылшынды БҒМ-ның талабынсыз-ақ өздері оқып алады… Қазірдің өзінде оқушылардың ағылшын тілі қазақ тілінің деңгейінен екі есе жоғары…

Түйін

Демократиялық елде мұндай маңызды мәселелер қоғамдық пікірді сүзгіден өткізгеннен кейін ғана өз шешімін табады. Сол себепті Білім және Ғылым министрлігі жұртшылықтың ой-пікірімен санасуы міндет. Біздің айтпағымыз осы. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371