Header Banner
Бейсенбі, 12 Наурыз 2026
Қоғам 188 0 пікір 12 Наурыз, 2026 сағат 14:06

Жаңа Конституция һәм адами капиталды нығайту

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Жаңа Конституция - ел болашағына бағытталған стратегиялық құжат. Ол тек құқықтық нормалардың жиынтығы ғана емес, мемлекет дамуының, қоғам жаңғыруының, ең бастысы адами капиталды нығайтудың берік іргетасы.

Бүгінгі жаһандық өзгерістер дәуірінде ұлттық мүддені қорғау, азаматтардың құқығын сақтау және ұрпақтың мемлекет пен болашақ алдындағы жауапкершілігін арттыру - уақыт талабы. Осы тұрғыда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетқан Сәрсембин жаңа Конституция мазмұнының өзегінде адам капиталы тұрғанын айтады. Сарапшының пікірінше, қазіргі кезеңде елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыру  стратегиялық басымдықтардың бірі.

«Жаңа Конституцияның мазмұны адами капиталды нығайтуға бағытталған. Бұл қазіргі әлемнің жағдайында аса қажет. Ұлттық мүддені қорғау, адам құқығын сақтау, ұрпақтың мемлекет пен болашақ алдындағы жауапкершілігін арттыру - осы құжаттың басты міндеттерінің бірі», - дейді Үмбетқан Сәрсембин.

Оның айтуынша, қоғамда ұлттық интеллигенцияны қалыптастыру маңызды мәселе. Қай салада болмасын талантты, білімді, мәдениеті жоғары азаматтар мемлекет тарапынан қолдау табуы тиіс. Әсіресе ғылым саласында қызмет ететін мамандар атақ үшін емес, ел игілігі үшін еңбек етуі қажет.

«Ғылымда адамдар құр атақ үшін емес, елге пайдам тисін деген ұғыммен қызмет етуі қажет. Мемлекет тарапынан ғалымдарға қолдау көп. Мұның бәрі болашақ үшін жасалып отырған қадамдар. Ғалымдар да осы жауапкершілікті терең сезінуі тиіс», - дейді ол.

Шынында да, әлемдік тәжірибеде адами капиталды дамыту - тұрақты дамудың негізгі факторы саналады. Көптеген мемлекеттер білім мен ғылымға инвестиция салу арқылы экономикалық әрі әлеуметтік серпіліске қол жеткізді. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы да ұлттық интеллигенция қалыптастыруда мол тәжірибе жинақтаған.

Мәселен, ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы өкілдері ел тәуелсіздігінен айырылған кезеңнің өзінде ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етті. Олар білім мен парасатты қоғамды алға сүйрейтін күш ретінде таныды. Қиындыққа қарамастан халықтың бірлігі мен рухани тұтастығын сақтауға ұмтылды.

Үмбетқан Сәрсембиннің пайымынша, бүгінгі тәуелсіздік жағдайында мүмкіндік те, мемлекеттік қолдау да бар. Ендігі мәселе әр азаматтың өз ісіне жауапкершілікпен қарауы.

«Қазір тәуелсіздік тұсында өмір сүріп жатқан елге, ұрпаққа мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Тек әр адам өз ісіне жауапты, барынша әділ болуы керек. Халық пен билік арасында рухани байланысты орнататын -интеллигенция», - дейді ғалым.

Сарапшы жаңа Ата Заңды тарихи шешім деп бағалайды. Оның айтуынша, құжатта қазіргі әлемдегі ахуал, қоғам ішіндегі өзекті мәселелер ескерілген. Бұл - мемлекет болашағын айқындайтын маңызды қадам.

Қоғамға бүгінде сенім мен жауапкершілік қажет. Адами капиталды нығайту ісі де мемлекет пен халықтың бірлігіне тікелей байланысты. Әр салада өз міндеті адал әрі сапалы атқарылған жағдайда ғана Конституцияда көзделген жаңғыру идеялары толық жүзеге аспақ. Үмбетқан Сәрсембиннің пікірінше, жаңа Конституция болашаққа бағытталған стратегиялық бағдар. Егер оның мазмұны толыққанды іске асса, ел дамуына берері мол болмақ.

Abai.kz

0 пікір