АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ МЕН ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАМБЕТОВКЕ АШЫҚ ХАТ
Бұл хат Абай ақпараттық порталының электронды почтасына келіп түсті. Еліміздегі спорт мәселесі тікелей Мәдениет және спорт министрлігінің қарайтыны белгілі. Бірақ, авторымыз бұл хатты тиісті министрліктің басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлының атына емес, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағанбетовтың назарына ұсынуды жөн санапты. Біз ашық хатты өзгертпей, сол қалпында жариялауды жөн санадық.
Абай ақпараттық порталы
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс Министрі И.Н.Тасмағамбетовке
АШЫҚ ХАТ
Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы!
Өзіңізді қалың қазақ жұрты мемлекеттік деңгейдегі қоғам қайраткері, ұлттық намысы мен рухы биік халықшыл азамат ретінде таниды әм құрметтейді. Сондықтан осы Ашық хатымды өзіңізге үлкен үмітпен жолдап отырмын. Менің қызым Назым Ищанова көп жылдан бері бокспен тұрақты айналысып келеді. 2013 жылы Болгарияда өткен Әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғап, қола жүлдегер атанған. 2015 жылы Қытайдың Тайпейінде өткен Әлем чемпионатында екінші рет ел намысын бермей, қола жүлдені иемденді. Спортты оның ішінде Қазақстан боксын жіті қадағалайтын қауым Назым Ищанованың есімін жақсы таниды. Оның Халықаралық жарыстардағы жетістектерін жақсы біледі.
Былтыр қазан айында ел чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанды. Арада алты ай уақыт өткенде Қазақстан чемпионаты қайта өткізілді. Назым ол жерде де чемпион болып шықты. Бір емес, екі мәрте чемпиондық атағын қорғап қалған спортшы келесі Әлем чемпионатына жіберілуі тиіс еді ғой. Бірақ, 2016 жылдың 19 мамырында Астанада өтетін Әлем чемпионатына Назым Ищанова емес, екі ретте де Назымнан оңбай ұтылған астаналық Римма Волосенко қатысатын болды.
Қазақстанның бокс федерациясы мұндай шешімді қандай негізге сүйеніп қабылдағаны бізге де, бокссүйер көрерменге де түсініксіз болып отыр.
Римма Волосенконың Әлем чемпионатына жіберілетіндей спорттық жетістектері де шамалы еді. Әрі-беріден соң, спорт шебері атағы да жоқ. Тіпті, спорт шеберіне үміткер емес адамды Чемпионның орнына ел намысын қорғауға жіберу – елдік намысқа көз жұмып қарау емес пе?!
Бұл Әлем чемпионаты биылғы Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиада ойындарына жолдама салынатын маңызды дода.
Әйтседе ҚБФ әділетсіздік жасап, сыбайластыққа жол берді. Римма Волосенко Астана қалалық спорт басқармасының басшысы Берік Барлыбайұлы Мыржықпаевтың дайындап жүрген боксшысы еді.
ҚБФ біздің шағымымызға «Назым әлі жас қой, кейін шығады» деген сылтау айтты. Спортшы қызымыз дәл бабында тұрғанда бәсекеге қоспау – адамның жігерін құм қылып, тауын шақпай ма?!
Сонда ҚБФ үшін ел намысы мен рухының биіктеп, еліміздің көк байрағы көктен жеблірегені емес, өзара «бармақ басты, көз қыстылық» қымбат болғаны ма?
Назымның жолын кесу арқылы елімізге абырой әкелер жазғы олимпиада алтынын өзіміз кері теуіп жатқан шығармыз. Елім дейтін есті азаматтар мұндай жағдайда ойлануы тиіс!
Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Аталған Ашық хатты жолдай отырып, өзіңізден араша, әділдік әм қолдау күтеміз!
Бейбіт Ищанов, Әйелдер арасындағы бокстан Қазақтан чемпионы, спорт шебері Назым Ищанованың бапкері.
http://abai.kz/post/view?id=7902
Abai.kz