Сенбі, 3 Қазан 2026
Айқай 1715 0 пікір 1 Қазан, 2026 сағат 13:19

«Бізге қатысы жоқ»: ҚМДБ Исматулла жайлы не дейді?

Суреттер: muftyat.kz, aquday.wordpress.com сайттарынан алынды.

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен онлайн сұхбат алаңдарында Исматулла Мақсұм есімімен танылған азаматқа және оның қолдаушыларына қатысты бірқатар сұхбаттар мен жазбалар жарияланып, қоғамда кеңінен талқылануда.

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исматулла Мақсұмға қатысты ресми мәлімдеме жариялады.

«Исматулла Мақсұм және оны қолдаушылардың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ешқандай қатысы жоқ екендігін мәлімдейміз. Олардың әрекеттері мен діни ұстанымдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымымен сәйкес келмейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін де олардың әрекеттері мен діни ұстанымдарына қатысты ресми мәлімдеме жасаған.

Дінімізде адам баласына зорлық-зомбылық жасау, қорқыту, біреудің ақысына қол сұғу, адамды мәжбүрлеу ауыр күнә болып саналады», - деді ҚМДБ.

«Ислам діні адамзат баласын ізгілікке, өзара құрмет пен ынтымақ-бірлікке үндейді» деген ҚМДБ Қожа Ахмет Ясауи мұрасы қандай да бір топтың жеке мұрасы емес екендігін баса айтқан.

«Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі мен рухани мұрасын қандай да бір жеке тұлғаның немесе топтың теріс діни пиғылда өз мүдделеріне пайдалануға болмайтынын жеткіземіз. Себебі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұрасы – халқымыздың сан ғасырлық рухани қазынасы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымызды дін атын жамылып, өзінің ғана діни ұстанымын дұрыс санап, адамды өзіне тәуелді етуге және соқыр сенімге үндейтін кез келген ортадан сақ болуға шақырады», - делінген ресми мәлімдемеде.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 575
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 832