Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 8991 0 пікір 19 Мамыр, 2016 сағат 22:33

ҚАРАСАЙЛЫҚ АҚСАҚАЛДАР ҰСТАЗҒА ҚЫСЫМ КӨРСЕТТІ

Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылындағы мектептің ұстазы Айман Сағидуллаеваны оқырман қауым жақсы таниды. Осы шынашақтай ғана Айман қыз ұстаздардың сенбіліктерге баруына, директорлардың пәрменімен түрлі концерттерге билет сатып алуға, сонымен қатар мұғалімдерді мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыстарға салуға қарсылығын білдіріп, оқытушылар құқығын қорғап жүр. Мұғалімнің жанайқайы министрліктің құлағына ілініп, талай күрмеулі мәселені шешкенін де жақсы білеміз. Сол Айман Сағидуллаеваға бүгін Қарасай ауданының біртоп ақсақалдары қысым жасапты. Оны бізге ұстаздың өзі хабарлап айтып берді.

Айман Сағидуллаева, ұстаз:

– Бүгін сағат екі жарымдар шамасында мені директор шақыртты. Түстен кейін сабағым жоқ еді. Барсам мені бір топ ақсақал мен бір әйел күтіп отыр екен. Олар менің мәселемді қарауға жиналғанға ұқсайды. Осы бір түсініксіз жиынға Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылдық округының әкімі  Айдын Әуесбай бастаған, Елтай және Райымбек ауылдық окургтарының ақсақалдар алқасының төрағалары, Қырғауылды ауылының ақсақалы және кім екені беймәлім бір әйел кісі қатысты. Мені тезге салмақ болған бұл жиналыста ұзын саны он адам болды. Өзіме керек болар деп, олардың аты-жөндерін толық жазып алған едім. Сыртқа шығып келсем, әлгі қағазды әйел азаматша умаждап сөмкесіне салып жатыр екен. «Ол қағазды көрген жоқпын» деп тән алмай қойды.

Жиналыстағы алғашқы сөзді әйел азаматша алды.

Ол біздің мектепке баласын әкелмекші екен. Сол үшін осы мектепті сырттай зерттепті. Ол кісінің сөзіне сенсек, мектептің айналасы лас көрінеді, ешқандай жұмыс жасалмайды екен, ұстаздар арасында ынтымақ-бірлік жоқ екен. Бұған басты себепкер оппозицонер Айман Сағидуллаева-мыс. «Мұндай мұғалімі бар мектепке баламды қалай оқытамын, оның болашағын қайтып сеніп тапсырамын» дегенге саятын біраз әңгіме айтып, маған дүрсе қоя берді. «Сіз неге мұғалімдерді сенбілікке шықпа деп үгіттейсіз, Отанымыздың таза болуына қарсысыз ба? Ата-ана мен ұстаздар болып бірігіп, тазалық жүргізсек, оның несі жаман?» деген ыңғайда маған ұрсып та алды. «Мектептегі жұрттың директорды тыңдамайтыны», «оқушылардың мені жақсы көретіні», «мұғалімдердің мені қолдайтыны» ол кісіге іріткі салу болып көрінеді екен.

Өзіңіз ойлаңызшы... Әлі біздің мектепке баласын әкелмеген адамның менің мәселемді бұлай қарауға хақысы бар ма? Мені қандай дерекке сүйеніп қаралап отыр?. Баласы осы мектепте оқитын ата-ана болса түсінуге болар. Ал, айдаладағы адам келіп, мені тарпа бас салатындай қылмыс жасаған жоқпын.

Мұны кім ұйымдастырғанын сұрап білмек болдым. Асылбек Қожанов атты ақсақал «мектепте ынтымақ, бірлік болсын деп ұйымдастырып едім» деді. Сонда Жаңатұрмыстың халқы аз болғандай, менің мәселемді аудан ақсақалдары қарайтын болғаны ма? Бұлардың бәрі неге белсене қалды? Түсінбеймін.

Иманжан деген ақсақал: «Қайда барсам да, Айман деген атты естимін» деп ренішін білдірді.

Менің тамағым кеуіп, сөйлеу қиындап кеткен соң, су ішуге шықпақ болдым. Бірақ, олар мені суға да жібермей, үш сағат бойы жиналысқа жақсылап тұрып салды. Үш сағат бойы танымайтын адамдардың қысымын көру оңай ма? Мені суға жіберген соң, жазып отырған қағазымды да ұрлап алды. Жиналыстың ортасында журналистерге «қысым жасалып жатқанын» айтпақ болып сыртқа шығып кетіп едім, ол үшін де біраз сөз естідім.  

Ақыры жүрегім ауырып, соғуы жиілеп кеткен соң, «Жәдел жәрдем» шақыруға мәжбүр болдым.

Бұл мектепке баласын оқытуға әлі әкелмеген ата-ананың табасына қалдыратындай не жазығым бар еді?. Мектебіміздің директоры Бекжан Базарқұлқызы Нүсіпбековадан аталмыш ата-ананың кім екенін сұрадым. Ол кісі ол әйелді танымайтынын айтты. Сонда танымайтын адам мемлекеттік мекемеге келіп жиналыс өте беретін болғаны ма? Мұғалімдерді басы артық, қоғамдық жұмыстарға жегіп қоюға қарсылық білдіріп, аудан көлемінде ұстаздардың құқығын қорғағаным үшін бұлай жиналысқа салу дұрыс емес.

Түйін

Айман Сағидуллаеваның негізсіз үш сағаттық жиналысқа салуға Ата Заңымыз қалай қарайды?

Мұғалімнің құқығын аяққа таптап, ақсақалдар мен белгісіз ата-ананың табасына қалдырып отырған кім?

Бұл сұрақтарға жауап таппай, Айман Сағидуллаева да, Abai.kz ақпараттық порталы да  тоқтамайды.

А, айтпақшы, мектептің директоры Айман Сағидуллаеваға осы сенбі күні, яғни 21 мамырда, педкеңес өтетінін, оған қатыспаса, қызметтен босайтынын ескертіпті.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329