Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 6055 0 пікір 11 Тамыз, 2016 сағат 10:50

ҚАЗАҚЫ ОЮДЫҢ ОРНЫ ҚОҚЫС ЖӘШІГІ МЕ?

Бір жылдары көк туымызбен қоқыс тасыған азаматтардың қылығы жаға ұстатқаны есте. Ол аздай егемендігіміздің тірегі туды төңкеріп іліп қойған мекеменің әрекетін де көзіміз көрді. Ал бүгін қазақтың «арқармүйізі» мен «қошқармүйізі» қала көшелерінің әр бұрышынан мен мұндалап, ұлттық құндылықты дәріптемек. "Бұның несі айып, қайта төл өнеріміздің түлегені, оның кең қолданысы қуантарлық жайт емес пе?" дерсіз. Әлбетте, ол оюлар ғимараттардың қабырғаларынан, дүкендердің маңдайшаларынан көрінсе, құба-құп қой. Оюларымыз қоқыс жәшіктерінің "көркін" келтіріп, ұлттық құндылығымызды аяқ асты қылып тұр емес пе?!


Тырнақшаның ішінде айтқанда, бұндай «инновациялық туындыны» Алматы қаласы көшелері мен саябақтарынан көре аласыздар. Бүгінде Есентай өзенінің жағалауына орнатылып бастаған әлгіндей жәшіктердің қала бойынша 8 700 данасы өз орнын таппақ. Әр жәшіктің бағасы да арзан емес, 19 мың теңге. Бастама жоспарға сай жүзеге асса, қоқыс жәшіктері қала қазынасын 170 миллион теңгеге қақпақ. Қызығушылық үшін ғаламтордан қоқыс жәшіктерін іздей қалсаңыз, қазіргі таңда кей жерлерде әлі де қолданылатын ескі жәшік үлгілерінің 6 мың теңгеден сатылатынына көз жеткізесіз. Ал бұл үлгілердің қымбаттығын Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасындағылар қалың металдан жасалғандығын айтып, түсіндіруде. Қоқыс жәшігінің сонша қалың болуының қажеті қанша? Ол сейф, я ақша  сақталатын қойма ма еді?!

Оған да толеранттылығымызды танытып, әңгіменің екінші, басты қырына ойыссақ. Өйткені желге ұшқан қазына қаржысынан бұрын, рухани қазынамыздың қорлануы қынжылтып барады. Сан ғасырлар бойы сырмақ-киіздердің, киім-кешек пен көрпе-жастықтардың, ат-әбзелдерінің бертін келе ғимараттардың фасадына, мемлекеттік рәсімдеріміздің ажарына сән қосып, әдемі қолданылуымен тұтас композицияның біте қайнасқан құрамдас бөлігі болып келген ою-өрнектермен қоқыс жәшіктеріне әр беруімізге жол болсын. Ұлттық құндылығымызды әспеттеу, насихаттау деп түсінген туынды авторлары, бұның барып тұрған ұлтты қорлау екендігін ұғынбаса керек. Немесе ұғынуға өресі жетпеді, тіпті әдейі жасауы да ғажап емес. Сонда бұны қабылдап, ақылдасып, кеңесіп осыны қала көшелеріне отырғызайық деп шешкендерде де ұлтжандылықтың дәнегі болмағаны ма?! Осы орайда қала әкімі Бауыржан Байбекке: "Қазақы оюдың орны қоқыс жәшігі ме?" деген сұрақ қойғымыз келеді. 

Мәдени інжу-маржандарымыздың қадіріне өзіміз жете алмасақ, оны өзгелер қайтсін?! Ұлтты ерекшелейтін, жаһанданудың салдарынан рухани интеграцияның төніп тұрған шағында жойылып кетпеудің бірден-бір тірегі болатын ұлттық құндылық, жәдігерлеріміз емес пе?! Әлде қымбат костюм киген шенділер оюымызға тұрмыстық деңгейден аспаған, ескінің сарқыншағы деп қарай ма?! Олай өз бәсімізді өзіміздің төмендеткеніміз жарамас. Бұл ұлтқа сын, ұрпаққа ұят. Қай елді, қай мемлекетті алып қарасаңыз да «өзім дегенде өгіздей күшім бар» дегендей, ұлттығының нышанын айғақтайтын заттарына көзінің қарашығындай қарайды. Айталық Жапония. Әлемде технологиясы қарыштаған, сандық әлемде өмір сүріп жатқан күн шығыс еліндей мемлекет жоқ шығар сірә. Соған қарамастан жапондықтар ұлттық дәстүрінен еш ажырамаған. Тұрғындарының 100 пайызы өз ана тілінде сөйлеп, ата-баба салтын тегіс ұстанады. Ұлттық киімдері Киманоға деген құрмет қандай... Таза өздері өндіретін Киманолар бір көліктің құнымен пара-пар десе-ді. Сол жаққа ағылған туристер де сол киімді киіп көруге асық. Алысқа бармай-ақ солтүстіктегі орыс ағайындардың матрешкасын алайық. Әлем елдерінде Ресей десе ойға оралатын бірнеше ұғымдардың ішінде осы ойыншықтардың орны тым ерек. Ол жақта болған кез келген елдің өкілі кәдесый ретінде басқа-басқаны емес осы матрешкаларды іздейді. Сондықтан ойланған жөн. Аталған елдердің бірде-бірі біздегідей ата-баба қолтаңбасы қалған жәдігерін қоқыс жәшігінің деңгейіне төмендетпеген. Кейін бұнымыз өзімізге таяқ болып тимесін. «Қазақ қай жерден сүрінер екен» деп аңдып отырған небір аяқтан шалғыштар, ертең «қазақтың оюы қоқыс, оны өздерің де көрсеттіңдер» деп таңудан тайынбас. Биліктің сан саласында жүрген ел ағалары осыны назарларына алса игі. Қазақ әр нәрсенің бағасын білген халық. Қадірлімізді қадірсіз етпелік!

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299