Жұма, 5 Маусым 2026
80 0 пікір 5 Маусым, 2026 сағат 11:54

Мемлекеттік рәміздер – ұлттық тұтастық пен қоғамдық жауапкершіліктің негізі

Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі мен мемлекеттік құрылымы жаңа, серпінді белеске қадам басты. Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік рәміздер мәртебесін көтеру, жаңа саяси архитектураны қалыптастыру, Конституция философиясын байыту және тарихи сананы жаңғырту бағытындағы стратегиялық бастамалары ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарларын айқындайды. Бұл өзгерістер тек құқықтық немесе саяси реформалар шеңберімен шектелмей, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға және«Адал азамат» қағидатына негізделген жаңақоғамдық мәдениетті орнықтыруға жол ашады.

Ел болашағын айқындайтын осынау ауқымды реформалар мен Президент үндеуінің мән-маңызы, жаңа қоғамдыққұндылықтар мен жауапты азаматтық сананың рөлі төңірегінде С. Аманжолов атындағыШығыс Қазақстан университеті КЕ АҚ Басқарма төрағасы – ректоры, профессор, заң ғылымдарының кандидаты, философия докторы (PhD) өз ойымен бөлісті. Ол Мемлекет басшысы ұсынған жасампаз отаншылдық пен білімге негізделген даму моделінің өзекті тұстарын ғылыми әрі практикалық тұрғыдан кеңінен тарқатып, өзпікірін білдірді.

Президент мемлекеттік рәміздерді «мемлекеттіліктің үш тұғыры» деп атап, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді. Сіздің ойыңызша, Мемлекет басшысы бұл шешімі арқылы қандай маңызды үндеу жасап отыр?

Өздеріңіз жақсы білетіндей, жаңа Конституциямызда мемлекеттік рәміздердің маңызы мен құндылығы ерекше атап көрсетілген. Осыған орай Мемлекет басшысы бүгін Астанадағы «Атамекен» этномемориалдық кешенінде өткен Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысып, халыққа кезекті үндеуін жариялады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік рәміздерді «мемлекеттілігіміздің мызғымас үш тағаны» деп атауы – қазіргі Қазақстан қоғамына бағытталған өте маңызды әрі терең мазмұнды үндеу. Бұл жерде әңгіме тек Ту, Елтаңба және Әнұран туралы ғана емес, мемлекеттіліктің негізін құрайтын құндылықтар жүйесі туралы болып отыр. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің, тарихи сабақтастығы мен ұлттық бірегейлігінің көрінісі. Олар халықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын, азаматтардың ел тағдырына деген жауапкершілігін арттыратын маңызды идеологиялық құрал. Сондықтан Президенттің бұл бастамасы қоғамдағы мемлекетшілдік сананы күшейтуге, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және патриотизмді жаңа деңгейде қалыптастыруға бағытталған деп есептеймін.
Қазіргі геосаяси жағдайда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі тек экономикалық көрсеткіштермен немесе әскери әлеуетпен өлшенбейді. Ұлттық бірегейліктің беріктігі, азаматтардың өз елімен рухани байланысы, ортақ құндылықтарға деген сенімі барған сайын маңызды факторға айналып келеді. Сондықтан Президент мемлекеттік рәміздерді мемлекеттіліктің тұғыры ретінде атай отырып, қоғамға өте маңызды идея ұсынып отыр: Қазақстан азаматтарын біріктіретін басты күш – ортақ құндылықтар мен ортақ жауапкершілік.

Мемлекеттік рәміздер – елдің құқықтық атрибуттары ғана емес. Олар ұлттың тарихи жадын, тәуелсіздік жолындағы күресін, мәдени кодын және болашаққа деген стратегиялық ұмтылысын бейнелейді. Мемлекет басшысы рәміздердің мәртебесін көтеру арқылы қоғамның назарын дәл осы мәселеге аударып отыр. Өйткені тәуелсіздіктің басты кепілі – шекара ғана емес, азаматтардың санасындағы мемлекетке деген құрмет.

Президенттің мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын өзгерту туралы бастамасы да осы тұрғыдан қарастырылуы керек. Менің ойымша, бұл шешім рәміздерді ресми рәсімдердің атрибуты ретінде ғана емес, қоғамдық өмірдің табиғи бөлігіне айналдыруды көздейді. Яғни азаматтар Туды немесе Елтаңбаны тек мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де ұлттық мақтаныштың белгісі ретінде қабылдауы қажет.

Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Соңғы жылдары Қазақстанда «Адал азамат», «Заң мен Тәртіп», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» сияқты жаңа қоғамдық құндылықтар жүйесі қалыптасып келеді. Президенттің рәміздерге қатысты үндеуі осы өзгерістердің идеологиялық негізін бекіте түседі. Себебі мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениеті қалыптасқан қоғамда мемлекетке деген сенім де, қоғамдық жауапкершілік те жоғары болады. Жоғары білім беру саласының өкілі ретінде бұл бастаманың жастар үшін ерекше маңызы бар деп есептеймін. Бүгінгі студенттер – ертеңгі мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, ұстаздар мен қоғам көшбасшылары. Сондықтан олардың бойында мемлекеттік рәміздерге құрмет сезімін қалыптастыру – жай ғана патриоттық тәрбие емес, болашақта ел тағдырына жауап бере алатын азаматтарды тәрбиелеу мәселесі.

Президенттің бұл үндеуін мен ұлттық бірлікті нығайтуға, қоғамдық сананы жаңғыртуға және жаңа тарихи кезеңдегі қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бастама ретінде бағалаймын. Өйткені мемлекеттің қуаты ең алдымен азаматтарының мемлекетпен рухани байланысының беріктігімен өлшенеді. Ал сол байланысты қалыптастыратын негізгі құндылықтардың бірі – мемлекеттік рәміздер.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ауқымды өзгерістер кезеңіне қадам басқанын атап өтті: 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді, тамыз айында бір палаталы Құрылтайға сайлау өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы жасақталады. Сіздің пікіріңізше, бұл жаңа саяси архитектура қандай негізгі міндеттерді шешуі тиіс?

Президент атап өткен өзгерістерді жеке-жеке саяси науқан ретінде емес, Қазақстанның жаңа қоғамдық-саяси моделін қалыптастыруға бағытталған біртұтас реформалар жүйесі ретінде қарастырған жөн. Меніңше, жаңа саяси архитектураның басты міндеті – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімнің жаңа моделін қалыптастыру.

Соңғы жылдары әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттердің тұрақтылығы тек экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейіне де тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда жаңа Конституция, Құрылтай және Қазақстан Халық Кеңесі халықтың мемлекеттік басқару процестеріне қатысу мүмкіндігін кеңейтетін тетіктерге айналуы тиіс.

Екінші маңызды міндет – қоғамдық консолидацияны қамтамасыз ету. Қазіргі таңда қоғамның әлеуметтік, кәсіби және өңірлік топтарының мүдделері күрделене түсті. Мұндай жағдайда мемлекет тек басқарушы институт емес, әртүрлі қоғамдық күштердің мүдделерін үйлестіруші платформа болуы қажет. Президент айтып отырған жаңа институттардың басты миссиясы да осындадеп ойлаймын.

Үшінші міндет – стратегиялық шешімдердің сапасын арттыру. Бүгінгі әлем технологиялық революция, жасанды интеллект, геосаяси қайта бөлініс және жаһандық экономикалық өзгерістер дәуіріне қадам басты. Осындай жағдайда мемлекеттік шешімдер қысқамерзімді саяси мүдделерге емес, ұзақ мерзімдіұлттық мақсаттарға негізделуі керек. Құрылтаймен Қазақстан Халық Кеңесі осы мәселелер бойынша сарапшылық пікір мен қоғамдық сұранысты біріктіретін алаңға айналуы тиіс. Әсіресе Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясат арасындағы байланысты күшейтетін маңызды институтқа айналуы мүмкін. Ал Құрылтай ұлттық даму бағыттарын айқындайтын, қоғамның түрлі өкілдері қатысатын стратегиялық диалог алаңы ретінде қызмет етеді.

Жалпы алғанда, Президент ұсынған саяси реформалардың түпкі мақсаты – азаматтардың мемлекетке деген сенімін күшейту, жауапты азаматтық қоғам қалыптастыру және ұлттық бірлікті жаңа сапалық деңгейге көтеру деп есептеймін.

Президент жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарымен қатар заңды сақтау, табиғатты қорғау, волонтерлікті қолдау және білім беруді дамыту секілді міндеттердің де бекітілгенін айтты. Конституциялық құндылықтардың осылай кеңеюі нені аңғартады?

Бұл жерде ең маңызды мәселе – Конституцияның философиясы өзгерді деп айтуға болады. Бұған дейін қоғамдық санада Конституция көбіне азаматтардың құқықтары мен кепілдіктерін айқындайтын құжат ретінде қабылданып келсе, енді ол мемлекеттің ғана емес, қоғамның да даму бағдарын көрсететін стратегиялық құндылықтар жүйесіне айналып отыр.Президент атап өткен нормалардың ерекшелігі – олар азаматтың мемлекеттен не талап ете алатынын ғана емес, мемлекеттің дамуына әр адамның қандай үлес қосуға тиіс екенін де көрсетеді. Бұл өте маңызды өзгеріс. Себебі қазіргі заманда табысты мемлекеттер азаматтарға барлық жағдай жасап қана қоймайды, сонымен қатар қоғам мүшелерінің ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады.

Мәселен, «Заң мен Тәртіп» мәселесін алайық. Президент соңғы жылдары бұл қағидатты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналдырды. Өйткені экономикалық өсім де, инвестиция тарту да, ғылым мен бизнестің дамуы да ең алдымен құқық үстемдігіне байланысты. Заң бәріне бірдей жұмыс істейтін жерде ғана әділ бәсеке қалыптасады, кәсіпкер де, ғалым да, қарапайым азамат та өз болашағына сеніммен қарай алады. Сондықтан Заңға құрмет тек құқық қорғау органдарының мәселесі емес, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын фактор.

Табиғатты қорғау мәселесінің Конституция деңгейіне көтерілуі де жаһандық үрдістермен тікелей байланысты. Бүгінде әлемде су ресурстарының тапшылығы, климаттың өзгеруі, өнеркәсіптік ластану мәселелері ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін факторлар қатарына кірді. Қазақстан үшін бұл мәселенің маңызы одан да жоғары. Ертіс, Іле, Сырдария секілді трансшекаралық өзендер, өндірістік аймақтардағы экологиялық жүктеме, су тапшылығы сияқты сын-қатерлер табиғатты қорғауды тек экологиялық емес, стратегиялық міндетке айналдырып отыр. Сондықтан экологиялық мәдениетті қалыптастыру әр азаматтың жауапкершілігі ретінде қарастырылуы заңды құбылыс.

Президент ерекше тоқталған волонтерлік қызмет те жаңа қоғамдық мәдениеттің көрсеткіші. Әлемнің дамыған елдерінде азаматтық қоғамның күшті болуы адамдардың қоғамдық мәселелерді шешуге ерікті түрде араласуымен өлшенеді. Қазақстанда соңғы жылдары табиғи апаттар кезінде, әлеуметтік жобаларда, қайырымдылық және экологиялық бастамаларда мыңдаған еріктінің белсенділігі байқалды. Бұл қоғамның жетілуінің маңызды белгісі. Конституцияда мұндай құндылықтардың көрініс табуы азаматтық жауапкершіліктің институционалдық деңгейде мойындалғанын білдіреді.

Ал білім мен ғылым мәселесіне келсек, бұл болашаққа тікелей қатысты. Президент өз сөзінде жасанды интеллект, цифрландыру және технологиялық даму дәуіріне аяқ басқанымызды бірнеше рет атап өтті. Мұндай жағдайда мемлекеттің негізгі капиталы жер қойнауындағы байлық емес, интеллектуалдық ресурс болады. Сондықтан білім мен ғылымды дамыту тек әлеуметтік салаға қатысты міндет емес, елдің экономикалық қауіпсіздігі мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің басты шартына айналып отыр.

Меніңше, Конституциядағы осы өзгерістердің түпкі мәні бір нәрсеге келіп тіреледі: Қазақстан азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ететін мемлекеттен жауапты азаматтар қоғамын қалыптастыратын мемлекет моделіне көшіп жатыр. Бұл жерде құқық пен міндет, еркіндік пен жауапкершілік, мемлекет пен қоғам арасындағы тепе-теңдік жаңа мазмұнға ие болуда. Сондықтан бұл өзгерістерді тек заңнамалық тұрғыда емес, жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық қадам ретінде бағалау қажет.

Президент атап өткен Алтын Орда мұрасын зерттеу және ұрпақтар сабақтастығын сақтау бағытындағы бастамалардың тарихи сананы нығайтудағы рөлі қандай?

Бұл мәселеге ерекше тоқталуының астарында өте маңызды мемлекеттік ұстаным жатыр деп ойлаймын. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде біздің негізгі мақсатымыз егемен ел ретінде қалыптасу болса, бүгінгі міндет – сол мемлекеттіліктің тарихи негіздерін терең түсіндіру және оны қоғамдық санада орнықтыру.

Мемлекет басшысы Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық еңбегі дайындалып жатқанын, оның бір томы толықтай Алтын Ордаға арналатынын айтты. Бұл жай ғана ғылыми жоба емес. Бұл – ұлттық тарихқа деген көзқарастың өзгеріп жатқанын көрсететін маңызды қадам. Өйткені ұзақ уақыт бойы біздің тарихымыз көбіне жекелеген кезеңдер арқылы түсіндіріліп келді. Ал бүгінде қазақ мемлекеттілігінің тамыры әлдеқайда тереңде жатқанын ғылыми тұрғыдан көрсету қажеттілігі туындап отыр.

Ұлытауға, Жошы хан мұрасына және Жошы ұлысын зерттеу институтының жұмысына ерекше назар аударуы да осы сабақтастықты күшейтуге бағытталған. Ұлытау тек географиялық аймақ емес, қазақ мемлекеттілігінің символдық орталығы. Ал Жошы хан тұлғасы мен Ұлы дала тарихы біздің елдің саяси және мәдени дамуын түсінуде ерекше орын алады.

Меніңше, мұнда бір маңызды мәселе бар. Кейде тарихты тек өткеннің естелігі ретінде қабылдаймыз. Ал шын мәнінде тарих - болашаққа деген сенімнің қайнар көзі. Өзінің қайдан шыққанын, қандай өркениеттік негізге сүйенетінін білетін қоғам ғана ұзақ мерзімді мақсат қоя алады. Сондықтан Президент айтып отырған тарихи саясаттың мәні өткенді дәріптеуде емес, тарихи сананы күшейту арқылы ұлттық тұтастықты нығайтуда жатыр.

Алтын Орда тақырыбының маңызы да осында. Бұл мемлекет өз дәуірінде Еуразия кеңістігіндегі ең ықпалды саяси құрылымдардың бірі болды. Оның басқару жүйесі, халықаралық байланыстары, сауда қатынастары мен құқықтық дәстүрлері сол кезеңдегі көптеген мемлекеттердің дамуына ықпал етті. Сондықтан Алтын Орда тарихын зерттеу арқылы біз өз өткенімізді ғана емес, қазақ жеріндегі мемлекеттік басқару мәдениетінің эволюциясын да тереңірек түсінеміз.

Бұл бастама, әсіресе, жастар үшін ерекше маңызды екенін айтқым келеді. Өйткені тарихи сана оқулықтағы деректерден ғана қалыптаспайды. Ол адамның өз елінің тарихына деген мақтанышынан, оның өркениеттік мұрасын түсінуінен қалыптасады. Егер жас ұрпақ Қазақстан тарихын тек жекелеген оқиғалар жиынтығы ретінде емес, мыңжылдықтардан жалғасқан мемлекеттілік дәстүрінің бір бөлігі ретінде қабылдай бастаса, бұл олардың азаматтық ұстанымына да, ел алдындағы жауапкершілік сезіміне де оң әсеретеді. Сондықтан бұл бастамаларды мен тарих ғылымын дамытуға бағытталған жоба ғана емес, ұлттық бірегейлікті нығайтудың, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың және жаңа буынның тарихи дүниетанымын қалыптастырудың маңызды тетігі ретінде бағалаймын.

Мемлекет басшысы шынайы патриотизм сөзбен емес, ел игілігі жолындағы нақты істермен өлшенетінін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда патриотизм ұғымының мазмұны қалай өзгеріп келеді?

Қараңыз, бұл пікір қазіргі қазақстандық қоғамдағы патриотизмнің жаңа мазмұнын өте дәл сипаттайды. Өйткені бүгінгі күні патриотизмді тек рәміздерді құрметтеу немесе Отан туралы әдемі сөз айту деңгейінде түсіндіру жеткіліксіз. Әрине, мемлекеттік рәміздерге құрмет, ұлттық тарихты білу, ана тіліне жанашырлық патриотизмнің маңызды құрамдас бөліктері. Бірақ қазіргі кезеңде оның мазмұны әлдеқайда кеңейді. Меніңше, бүгінгі патриотизм ең алдымен азаматтың өз ісіне деген жауапкершілігімен өлшенеді. Дәрігердің науқасты сапалы емдеуі, мұғалімнің шәкіртке сапалы білім беруі, ғалымның елге қажет зерттеулер жүргізуі, кәсіпкердің жаңа жұмыс орындарын ашуы - мұның барлығы мемлекетке қызмет етудің нақты көрінісі. Мысалы, соңғы жылдары қазақстандық ғалымдардың халықаралық деңгейдегі зерттеулері, жастардың әлемдік олимпиадалардағы жетістіктері, IT саласындағы стартаптардың пайда болуы елдің интеллектуалдық әлеуетін көрсетіп отыр. Бұл да патриотизмнің жаңа формасы. Өйткені олар Қазақстанның беделін халықаралық деңгейде көтеруге қызмет етеді.

Президент өз сөзінде білім, ғылым, цифрландыру және жасанды интеллект мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл кездейсоқ емес. XXI ғасырда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен емес, білім мен технология арқылы анықталады. Сондықтан қазіргі студенттің сапалы білім алуға ұмтылысы, жас зерттеушінің ғылыми жаңалық ашуға талпынысы немесе инженердің жаңа технология әзірлеуі де елге қызмет етудің көрінісі.

Университет ректоры ретінде мен жастар арасындағы патриотизмнің мазмұны да өзгеріп келе жатқанын байқап жүрмін. Бүгінгі студенттер патриотизмді тек ұран ретінде емес, қоғамға пайда келтіру мүмкіндігі ретінде қабылдай бастады. Олар волонтерлік қозғалыстарға қатысады, әлеуметтік жобалар әзірлейді, ғылыми зерттеулермен айналысады, стартаптар құрады. Бұл өте маңызды үрдіс.

Президент атап өткен «Таза Қазақстан» бастамасы да патриотизмнің жаңа мәдениетін қалыптастырып жатыр. Өйткені туған жергедеген сүйіспеншілік ең алдымен өз аулаңнан, өз қалаңнан, өз өңіріңнен басталады. Қоғамдықкеңістікті таза ұстау, табиғатты қорғау, қоршаған ортаға жанашырлық таныту мұныңбәрі азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.Сондықтан бүгінгі Қазақстандағы патриотизм ұғымы эмоциялық сипаттан практикалық мазмұнға көшіп келеді деп есептеймін. Манағыайтып отырған жасампаз отаншылдықтың мәні де осында. Қуантарлығы, Қазақстанда дәл осындай жауапты әрі жасампаз патриотизм мәдениеті қалыптасып келеді.

Егер Президенттің осы сөзінің негізгі идеясын қорытындылайтын болсақ, оның түсінігіндегі қуатты әрі табысты Қазақстанның басты негізі неде?

Негізгі тұжырым, мемлекет тағдырын ең алдымен оның азаматтарының сапасы айқындайды. Үндеуде мемлекеттік рәміздерден бастап Конституцияға, тарихи мұрадан бастап жасанды интеллект технологияларына дейінгі әртүрлі тақырыптар қозғалды. Бірақ олардың барлығы бір ортақ мақсатқа бағытталған. Ол – болашақтың сын-қатерлеріне дайын, бәсекеге қабілетті және ішкі тұтастығы берік қоғам қалыптастыру.

Президент бірнеше рет заң мен тәртіп, білім мен ғылым, қоғамдық жауапкершілік, тарихи сана және ұлттық бірлік мәселелеріне тоқталды. Бұл кездейсоқ емес. Өйткені қазіргі әлемде елдердің табысы табиғи ресурстардың көлемімен емес, адами әлеуеттің деңгейімен анықталады. Мұны әлемдік тәжірибе де дәлелдеп отыр. Табиғи байлығы аз болса да, білімге, технологияға және тиімді институттарға сүйенген мемлекеттер жаһандық көшбасшылар қатарына шықты. Осы тұрғыдан қарағанда, Президент ұсынған даму моделінің өзегінде үш іргелі қағидат жатыр деп ойлаймын.

Біріншісі – білімге негізделген даму. Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды ерекше атап өтті. Демек, Қазақстанның келешектегі орны шикізат көлемімен емес, университеттерде дайындалатын мамандардың сапасымен, ғылыми жаңалықтармен және технологиялық шешімдермен айқындалады.

Екіншісі – жауапкершілік мәдениеті. Жаңа Конституцияда құқықтармен қатар міндеттердің де көрініс табуы осыны аңғартады. Қоғамның тұрақтылығы әр азаматтың өз ісіне, өз ортасына және өз еліне деген жауапкершілік деңгейіне байланысты.

Үшіншісі – тарихи сабақтастық пен ұлттық тұтастық. Президенттің Алтын Орда мұрасы, Ұлытау, Жошы хан тақырыптарына тоқталуының өзі мемлекеттің болашағы өткеннен қол үзбей құрылуы керек деген ойды білдіреді. Тамырын білетін халық қана даму бағытын дұрыс таңдай алады.

Үндеуден тағы бір маңызды ойды көремін. Қазақстанның болашағын тек мемлекеттік бағдарламалар мен саяси реформаларға тәуелді емес, әр адамның жеке жауапкершілігіне, кәсіби біліктілігіне және ел дамуына қосатын нақты үлесіне байланысты. Сондықтан қуатты Қазақстан дегеніміз – білімді жастар, білікті мамандар, адал еңбек, ғылыми ізденіс және қоғамдық жауапкершілік үстемдік құрған Қазақстан. Президент айтқан табысты мемлекеттің басты формуласы өте қарапайым әрі терең: тарихынан тағылым алған, біліміне инвестиция салған және ортақ мақсат жолында жұмыла алатын ұлт қана ұзақ мерзімді табысқа жете алады.

Abai.kz

0 пікір