Сенбі, 23 Қараша 2024
Масқара! 8248 30 пікір 22 Қараша, 2019 сағат 14:47

28 жылда екі-ақ заң қазақ тілінде қабылданды

Тәуелсіздіктің 28 жылында елімізде тек екі заң ғана қазақ тілінде дайындалған екен. Оның бірі - Әкім Ысқақтың ықпалымен әзірленген "Көші-қон туралы" заң болса, екіншісі -  Фариза Оңғарсынованың бастамасымен дайындалған "Бала құқықтары жөніндегі" заң. Ал, қалғаны тек қана орыс тілінде дайындалған. Бұл туралы "inbusiness.kz" сайты жазды.

Сайттың мәліметінше, жуырда елордада сенатор Мұрат Бақтиярұлының бастамасымен заңды қазақ тілінде жазу туралы дөңгелек үстел өткен. Оған ғалымдар мен заң шығарушы орган өкілдері қатысып, аталмыш саладағы қазақ тілінің хал-жайын талқылаған.

Жиынға қатысқан Парламент Мәжілісінің Заңнама, сот - құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нұрлан Дулатбековтың айтуынша, заңды қазақ тілінде жазу туралы осы уақытқа дейін Парламентте бірнеше мәселе көтерілген. Алайда, олардың ешбірі нәтиже бермеген.

Ал, тікелей заң аудармасымен айналысып жүрген Дәуітәлі Омашұлы бар мәселе Үкіметтің қазақ тіліне деген ниетінде ғана, дейді. Оның айтуынша, Тәуелсіздік алған 28 жылда Үкімет өздігінен бір де бір заңды қазақша дайындамаған көрінеді.

Дәуітәлі Омашұлы, Парламент аппаратының өкілі:

-Осы күнге дейін заң жобаларының 90%-ан астамын әзірлейтін Үкімет бір де бір жобаны ана тілімізде дайындамапты. Бүкіл күш пен қаржы қолында десек те, Үкіметтің осы күнге дейін шыбық басын сындырмай отырғанын еш нәрсемен түсіндіре алмаймыз. Сондықтан да Үкіметіміз бұл мәселені алдағы уақытта мықтап ойлануы тиіс.

Сонымен қатар, Омашұлы заңды қазақшалау ісін тек аудармашыларға артып қоймау керектігін айтты.

Тағы бір сенатор Ләззат Сүлейменнің айтуынша, еліміздің бірнеше өңірінде соңғы уақытта қазақ тілінде жүргізілетін сот істерінің саны 3 есеге азайып кеткен. Ал, мұны Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының профессоры Әділ Құрықбаев қазақ тіліндегі заңның түсініксіздігінен көру керек дейді.

Әділ Құрықбаев, Сот төрелігі академиясының профессоры:

-Бізде кеше ғана қабылданған заңға өзгертулер енгізіліп жатады. Заңның тұрақсыздығы оның сапасына күмән тудырады. Жаңа қабылданған заңға бір жылдың ішінде 100-ден астам өзгерту мен түзету енгізілгенін көрдік. Ал оның қазақ тіліндегі нұсқасын қарапайым азамат түгіл заңгерлер де ұқпайды. Судьялар істі қазақ тілінде қарап отырған кезде де қазақша мәтінге сүйенбейді. Бәрі орысша мәтінге сүйене отырып, қазақша іс жүргізеді.

Сонымен қатар, «Серпін» білім және инновация ұлттық палатасының басшысы Мұрат Әбеновтің пікірінше, заң жобасы қазақ тілді ортада талқыланбаса, оның қазақ тіліндегі нұсқасы сапасыз болып қала береді.

Мұрат Әбенов, қоғам белсендісі:

-Заң шығару процессі бірнеше сатыға бөлінеді. Бірінші саты – заң шығару керек пе, жоқ па деген талқылау, ұсыныс жасау сатысы. Ол жерде біз қазақ тілін пайдаландық па? Қазақ тілді ортада бұл талқыланды ма? Екінші саты – заң қандай болу керек деген сұраққа қоғамдық пікір мен мамандардың ойын, мемлекеттік органдар ұстанымын ортаға салу сатысы. Өкінішке қарай, қазақ тілінде болашақ заңды талқылау, оны жан-жақты қарау процессі көп жағдайда жоқ. Заңды әзірлеу осы екі сатыдан кейін келеді. Алдыңғы екі кезеңде қазақ тілі қатыстырылмаса, жасалу кезеңінде оның қатысуы әлсіз болатыны түсінікті. Сол үшін қазақ тілінде заң талқылайтын білікті мамандардың ортасын қалыптастыру керек. Интернет дәуірінде мұның бәрі оңай шешіледі

Жиын соңында аталған сын ескертпелер негізінде бірнеше ұсыныс әзірленіп Әділет министрлігіне жіберілген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Заңды қазақ тілінде әзірлеу туралы бастама көтерген. "Abai.kz" ақпараттық порталы сенатордың бұл бастамасын сүйіншілей хабарлаған еді. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Сенаттың "Заң шығару процессін одан әрі жетілдіру" тақырынба өткен Парламенттік тыңдауда "Заң әуелі мемлекеттік тілде жазылуы керек" деп сөйлеген.

Ал жоғарыдағы айтқан жиында сенатор: "Көрші Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде заң өз мемлекеттік тілдерінде қабылданады. Мәселен, Өзбекстан тәуелсіздік алғалы 4-5 заң ғана орыс тілінде қабылданыпты. Бізде әлі күнге дейін заңдар ресми орыс тілінде қабылданып, сосын қазақшаға аударады. Аударма сапасыз болғандықтан, түсінбеушіліктер туындап жатыр" депті.

Түйін. Расында, Қазақстан Тәуелсіздік алған 28 жылдың ішінде 2 заңды мемлекеттік тілде қабылдаған екен. Олар:

- 1997 жылы "Халықтың көші-қоны туралы" заңы;

- 2002 жылы "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" заңы.

Конституция бойынша Қазақстанынң мемлекеттік тілі - қазақ тілі. Ендеше заңды қазақ тілінде, мемлекеттік тілде әзірлеуге, талқылауға және қабылдауға не кедергі? Қазақ тіліне қырын қарайтын кім? Парламент пе, әлде Үкімет пе?

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394