Көлбеңдеп көкірегімде ескі елестер...
Қақпамды кім қағады?
Қақпамды кім қағады?
Досым ба екен.
Жоқ, әлде сағыныш па
Іздеп келген,
Көз жазып қалған менен
Бір көктемде.
Қақпамды кім қағады?
Жолаушы ма,
Адастырған аулақта қысқы мұнар.
Жабырқау жанарында,
Үміттің ең ақырғы ұшқыны бар.
Қақпамды кім қағады?
Дұшпаным ба,
Желігіп желтоқсанның желіне еріп,
Есесін алмақ болып аласұрған.
Қаны суық,
Жаралған қарақшыдай
Қара сұлба.
Білмеймін сәби ме, әлде
Анасыз, панасыз қап,
Тап келген дауылдардың өтіне кіл.
Бұйығып пеш түбінде,
Тәңірге сиынамын.
Бүлдіршін елесімен,
Жанымды жегідей жеп жетім өмір!
Кім білсін,
Махаббат па,
Мәңгілік құмар жаны жарық таңға.
Мұң еміп омырауынан,
Тамұх күннің,
Бармын деп мен өмірде,
Қақпамды қағып тұрма?
Қанаты қарға түннің талыққанда.
Қақпамды кім қағады?
Білмеймін,
Ашам ба, жоқ
Жұмбақ бәрі.
Мөп- мөлдір сағынышқа шөлдеген бір,
О, тағдыр!пендең едім,
Өлеңнің адастырған ырғақтары.
Қақпамды кім қағады?
Көлбеңдеп көкірегімде ескі елестер,
Сары аяз сақылдайды,
Жараған қарт бурадай тісін қайрап.
Жанымның ширықтырып арғымағын,
Дал ұрамын,
Тимейді жастыққа бір жар құлағым.
Ымырт
Ымырт үйіріліп келеді,
Мен мәңгілік ұйқы алдында тұрдым.
Аулада суық торғайлар,
Көктем туралы жылы әуен төгеді.
Мен ояумын,
Ауыр түс көремін,
Түсімде әлем алып кітапқа айналыпты.
Ал менің ауылым,
Кішкентай, сүйкімді,
Ақ тысты кітапқа айналыпты.
Қараңқы қоюланып келеді,
Ұлылы-кішілі екі кітап,
Алдымда жатты.
Мен қайсысын оқитынымды
Білмей,
Аңтарылып тұрмын.
Түнгі жыр
Құбыжық түн жанымды арбап тағы,
Үн-түнсіз есігімнен алға аттады.
Қап-қара қалбаңдаған көлеңкелер,
Кеудемде жапалақтай жалбақтады.
Айқасса ақ пен қара алмасқалы,
Санамның секілді еді алжасқаны.
Шырылдап торға түскен торғай-үміт,
Беймезгіл қан қақсады.
Жарық пен қараңғының керісінде,
Келе алмай отырамын келісімге.
Үңіліп тереземнен әлдекімдер,
Қанжарын жасырама?
Жең ішінде.
Сарғайып күте-күте таң құшағын,
Үрейдің үкісімен аңдысамын.
Қорқау түннен ығысқан қоян-ғұмыр,
Түбіне паналайды қай бұтаның.
Түн бойы көз ілмеген,
Секем алып үркеді сезім неден.
Ойнайды аза күйін үн алғышта,
Ішегі гитараның безілдеген.
Албырап сонау алыс көк аспанда,
Бір жұлдыз сәби сынды көз ашқанда.
Жарықты су қараңғы жанарыммен,
Аймалай бердім ессіз адасқанда.
Ұры махаббат
Жапаннан ешбір жан таба алмас сырды ашар,
Жалғыздық ұры жалғанмен ғана мұңдасар.
Қыдырып кетіп бейуақта безіп иенге,
Бөрі қиялым бөктерде жортып түн қатар.
Армандарымдай аспаннан сонау тіл қатар,
Жұмбақ ғаламда ашылмай талай сыр жатар.
Ару түндерде өртеніп тұрған кеуделер,
Сыбырлап қана сырласар.
Жанымның отын жандыратындай шырпы үміт,
Ұмтыласың да өмірге кейде құлшынып.
Уақыт дегенің, адамға шапқан арыстан,
Бара жатады азуында басың қырқылып.
Жарық сәуледей кеудеме құлар көктен шын,
Махаббат-арман барлығынан да өктемсің.
Жалпақ дүние бәрі-бәрі де қалпында,
Мен үшін ұры тек сенсің.
Ақ қайыңның елесі
Елесің жиі мазалап,
Кетпейді мүлдем күнде ойдан.
Далбаса мынау жарықтың,
Өмір деп атын кім қойған?
Кірпіктерімде түн кілкіп,
Майысады олар мұң шықтан.
Туған жер жайлы жадымда,
Бір әуен бар-ды тұншыққан.
Жүректің терең түкпірін,
Тек сол бір әуен мекендеп.
Ақ қайың әнін еске алсам,
Шытырман қиял кешем көп.
Ақ балтыр қайың елесі,
Жүргендей кезіп қаланы.
Бозамық таңның алдында,
Есігімді кеп қағады.
Жүректен қаным атқақтап,
Жанарым ұшар тау жаққа.
Қаңғырып барып сүрінген,
Қалғиды рухым аулақта.
Лашық
Айдалада жалғыз лашық тұр,
Оның іші тәтті түстермен қиялдарға толы.
Шексіз де шетсіз көбелек сезімдер,
Өлеусіреген май шамға ұмтылады.
Мен оның алдында тұрмын.
Лашықтың төбесінен сенімсіз күбірлер,
Әуеге көтеріліп жатыр.
Жалғыздық үні жанды тербейді.
Оның ішіне кіргім кеп жақындадым,
Алайда ол мені жұтып кетеме деп
Қатты қобалжып тұрмын.
Ақырзаман
Қабырғада ақырзаман туралы сурет ілулі тұр,
Шым-шытырық бояулар көз сүріндіреді.
Сол бояулардан мұрныма өлімнің иісі келеді.
Жасыл шөптер мен гүлдің иісі аңқыған дала,
Көкірегімде ескі сурет сияты қалқып жүр.
Неге екен?
Қабырғадағы сурет мені өзіне тарта береді.
Қалада қайшалысқан мотордың үні
ойымды бөліп жіберді.
Есіктен шықтым да қара нөпір адамдардың ішіне
Сүңгіп кеттім.
Ақырзаман туралы сурет,
Ту сыртымнан баспалап келе жатқандай,
Артыма жалтақтай бердім.
Уағыз
Көзімді жұмдым,
Алдымда аспанмен тірескен қара сақал тұр.
Күңіренген азан дауысы жан-дүниемді аралап жүр.
Аптап ыстық қуырып барады,
Тозақтың отына күйгендер
Жалынышты жанарларымен кемсеңдей қарайды.
Жанымның шырылы
Қара шыбындарға айналып,
Өлексе санамда үймелеп жүр.
Қанаты қырқылған періштелер,
Аспандап ұша алмай әлекке түседі.
Көзімді аштым,
Мәйхана төрінде отыр екенмін.
Қызылды-жасылды шырақтар
Бұрала бйге басқан кәнизектердің
Қимылына елітіп билегім келді.
Досым маған шарап ұсынды,
«Көбей сиырларым көбей, өмір қысқа»
Тұрдыхан Айдарханұлы
Abai.kz