Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5491 0 пікір 24 Тамыз, 2011 сағат 04:02

Жорж С.Клейсон. Байлық кілті. Бабылдағы ең бақытты адам (жалғасы)

БАЙЛЫҚ  КІЛТІ

ҚАБЫСҚАН  ӘМИЯНДЫ ҚАМПАЙТУ ЖОЛЫ

немесе

ЕЖЕЛГІ  БАБЫЛДАҒЫ  ЕҢ  БАЙ АДАМ

 

Аңыз-шыны аралас

 

БҰЛ  КІТАПТЫ  ӘРБІР  МИЛЛИОНЕР  ОҚЫП  ШЫҚҚАН

 

Бабылдағы ең бақытты адам

Керуеннің басында бабылдық саудагерлер қаханы Шарру Нада желіп келеді. Ол жарасымды киінгенді ұнатады, сондықтан да үстіндегісі - көздің жауын алар әдемі де ыңғайлы киім. Ол әсем жылқыны жанындай жақсы көретіндіктен де, астындағысы - сүліктей жылтыраған арап сәйгүлік. Оған қараған адам, оның соншалықты егде тартқан кісі екеніне сенбес еді. Сондай-ақ, оны мазалаған ойды да байқамас.

Шамнан (Дамаск) бастау тартқан саяхат шөл дала арқылы сондай ұзақ әрі азапты болар ма! Бірақ оны мазалаған жол емес еді. Араптың жабайы тайпалары керуенге бас салып, тегін байлықты талауы да, оны үрейлендіріп келе жатқан жоқ, оның атты күзеті сондай мығым болатын.

БАЙЛЫҚ  КІЛТІ

ҚАБЫСҚАН  ӘМИЯНДЫ ҚАМПАЙТУ ЖОЛЫ

немесе

ЕЖЕЛГІ  БАБЫЛДАҒЫ  ЕҢ  БАЙ АДАМ

 

Аңыз-шыны аралас

 

БҰЛ  КІТАПТЫ  ӘРБІР  МИЛЛИОНЕР  ОҚЫП  ШЫҚҚАН

 

Бабылдағы ең бақытты адам

Керуеннің басында бабылдық саудагерлер қаханы Шарру Нада желіп келеді. Ол жарасымды киінгенді ұнатады, сондықтан да үстіндегісі - көздің жауын алар әдемі де ыңғайлы киім. Ол әсем жылқыны жанындай жақсы көретіндіктен де, астындағысы - сүліктей жылтыраған арап сәйгүлік. Оған қараған адам, оның соншалықты егде тартқан кісі екеніне сенбес еді. Сондай-ақ, оны мазалаған ойды да байқамас.

Шамнан (Дамаск) бастау тартқан саяхат шөл дала арқылы сондай ұзақ әрі азапты болар ма! Бірақ оны мазалаған жол емес еді. Араптың жабайы тайпалары керуенге бас салып, тегін байлықты талауы да, оны үрейлендіріп келе жатқан жоқ, оның атты күзеті сондай мығым болатын.

Оны мазалаған нәрсе - Шамнан ертіп келе жатқан жанындағы бозбаланың жайы еді. Ол - алдында төленбестей қарыздар бұрынғы серіктесі Арат Құланың немересі Хадан Құла. Шарру Нада серіктесінің немересіне қамқор болуды өзіне міндет санайды, бірақ неғұрлым көп ойлаған сайын, ол міндеті күрделі бола түсті. Өйткені, мәселе бозбаланың өзінде болып тұр.

Жас жігіттің жүзігі мен сырғасына қарап ол ішінен былай ойлады: «Ол әшекей жігіттің сәні деп ойлағанымен, келбеті атасының ерікті жүзінен аумайды екен. Бірақ атасы мынадай жарқын киімге әуес емес еді. Иә, мұрадан қалған байлықты пышыратқан әкесінің қиранды өмірінен құтқарып, дербес ғұмырын бастауға бағыттау үшін мұны ертіп алған өзім едім, не болар екен?».

Хадан Құла үнсіздікті бұзып, сөз бастады:

- Сен неге ылғи өзіңді азапқа салып, шөл даламен керуен тартасың? Неліктен өмірдің рахатын көруге құлқың жоқ?

- Өмірдің рахаты дейсің бе? - Шарру Нада күлімсіреп, қайыра сұрады.

- Ал, сен менің орнымда болсаң, өмірден қалай рахаттанар едің?

- Егер мен сен секілді алпауыт болсам, ханзада сияқты ғұмыр кешер едім. Ми қайнатқан шөл даланы кезуді ойламас едім. Шекел біткен әмияныма қалай тез келсе, солай тез жұмсар едім. Үстіме ең қымбат киім киіп, ең сирек әшекей тағынар едім. Осындай өмірді мен қуана сүрер едім.

Екеуі де мәз болысты.

- Сенің атаң әшекей тағынған жан емес,- деп Шарру Нада турасын айтты да, әзіл ыңғайға көшті.

-  Ал, сен жұмысқа уақытты қайдан іздемексің?

- Жұмыс деген құлдікі ғой,- деді Хадан Құла. Шарру Нада ернін тістеледі де, ештеңе дей қоймады.

Ол үндеместен төбенің басына шыққанша жүре берді. Төбе басында ол айғырының тізгінін тартып, созылып жатқан ойпатты нұсқады:

- Ана ойпатты қара. Анау, әріректе көрінген Бабылдың бекінісі. Ең биік ғимарат - Ваала тәуханасы. Көзің өткір болса, сен тіпті, оның шатырындағы мәңгі алауды да көре аласың.

- Бабыл... Әлемдегі ең бай сол қаланы көруді аңсаған едім, - деді Хадан Құла.

- Менің атама байлық қонған Бабыл ғой. Ол тірі болғанда, біздің әулетімізде осынша сор болмас еді.

- Өлгендер рухына шектеулі уақыттан тыс тірілерді аралауға болмайды. Әкең екеуің олсыз да өз істеріңді жөнге салуға болар еді.

- Өкінішке орай, онда да, менде де ол іске қажет қабылет болмай тұр ғой. Әкем екеуміз қолымызға алтын шекел тартатындай құпияны білмейміз.

Шарру Нада жауап берместен, айғырын тебініп қалды да, төмен қарай желіп кетті. Оның соңынан түйдектеген шаңды көтеріп, керуен ілесті. Біраздан соң керуен суармалы алқап арқылы барып, оң тұсқа бұрылатын патша жолына түсті.

Шарру Наданың назарын жер жыртқан екі қарт аударды. Олардың жүзі бұған таныс болып көрінді. Таң қаларлық жайт! Қырық жыл өткесін де соларды көру қызық екен. Бұған олардың сол кісілер екенін айнытпай танытатындай әлдебір түйсігі жәрдемдесті. Олардың бірі соқаның тұтқасын жай ғана ұстап тұр. Екіншісі өгіздерді күйбеңдеп таяқтап жүр.

Қырық жыл бұрын ол осы адамдарды осылайша көріп еді. Сол кезде олардың орнын басуға әзір болатын. Содан бері қалайша бәрі өзгеріп кетті десеңші! Ол Шам қаласынан алынған қымбат тауар артылған таңдаулы түйелер мен есектерден құралған керуенге  мақтанышпен көз салды. Өйткені, мұның бәрі оның байлығының аз ғана бөлшегі болатын.

Ол шаруаларды нұсқады да былай деді:

- Қырық жыл бұрынғы жерді әлі дәл солай жыртып жүр.

- Неге оларды қырық жыл бұрынғы шаруалар деп ойлайсың?

- Мен оларды бұрын да осы жерде көргем.

Оның басына сол кездегі көріністер біртіндеп келе бастады. Бұл неге өткен шақты жерлеп, осы шақпен ғұмыр кеше алмайды? Көз алдына Арат Құланың жымиған түрі келді. Өзіне ілесіп келе жатқан бозбалаға ойы қайта ойысты. Мына бір жеңіл байлыққа ұмтылған бозбала мен оның бағалы әшекейге қор болған саусақтарына бұл қалай қол ұшын берер екен? Ол еңбекке дайын адамға кез келген жұмыс тауып берер еді, ал еңбектің басқаға ғана арналғанын пайымдайтын пендені қайтпек? Қалай болғанда да, Арат Құланың құрметіне бірдеңе істеуі керек қой. Ол екеуі кез келген істі соңына жеткізуге дағдыланған еді-ау.

Кенет оның басына әлдебір жоспар сұлбасы келе қалды. Әрине, оны тиянақты жоспар деуге келмес. Бұл жоспар оның жанұясы мен өзінің абыройын соққыға тігетіндей, әрі қатал, әрі ауыр. Бірақ Шарру Нада әрдайым да шешімді тез қабылдайтын, бұл жолы да солай шешуді ұйғарды.

- Атаңмен екеуміздің пайдалы ісімізді қалай бастағанымыз жайлы тыңдағың келмей ме?

- Алтын шекелді қалай табу жайлы болса, әңгімені содан бастамайсың ба? - деді бозбала.

Бозбаланың  ескертпесіне құлақ аспаған күйі Шарру Нада сөзін жалғады:

- Анау шаруалардан бастайын. Ол кезде мен сенен үлкен емес едім. Құлдар тобыры осы маңға жеткенде, маған шынжырланған Мегиддо шаруа осы жер жыртушыларды кекетіп, былай деді: «Ана жалқауларға қараңдар. Жерді тереңірек жыртудың орнына мыналар тырналап қана жүр. Ал анауысы, тіпті, өгіздерді атызға айдай алмауда. Жер жырта алмаса, бұларда қандай егін болар екен?»

- Сен немене, Мегиддо өзіңе шынжырланған дедің бе? - қайран қала сұрады Хадан Құла.

- Иә, мойнымызда шынжырға байласқан қола қарғы болатын. Оның қатарында қой ұрлаумен айналысатын Забадо келеді. Онымен Харрунда танысқам. Құлдар тізбегінің соңында Қарақшы байланған, ол өз есімін айтпағасын солай атап кеттік. Кеудесінде өрілген қос жыланды көрген біздер оны әуелде теңізші деп ойладық. Құлдардың сабы осылай бір біріне шынжырланған төрттіктен тұрды.

- Сендерді немене, құлдарша шынжырлады ма? - Хадан Құла сенімсіз сұрады.

- Саған атаң менің бір кезде құл болғанымды айтпады ма?

- Ол сен туралы жиі әңгімелейтін, бірақ бұл жөнінде айтқан емес.

- Оған нағыз құпия сырларымды сеніп ақтаратынмын. Саған да сенуге болатын сықылды. Әлде, мен қателесіп тұрмын ба? - Шарру Нада бозбалаға қадала қарады.

- Сен менің тіс жармайтыныма сенуіңе болады. Менің бірақ мына сырыңнан есім танып тұр. Ал әңгімелеші, қалай құл болдың?

- Құлдықтан әркім де қашып құтылмауы мүмкін, - Шарру Нада иығын қиқаң еткізді. - Мені отқа салған ойынхана мен арпа сыра ғой. Бәрі де менің бауырымнан басталды. Бір төбелесте ол жолдасын  өлтіріп алды. Бауырымды сот пен өлім жазасынан құтқару үшін әкем мені өлген кісінің жесіріне кепілге берді. Бірақ ол мені кері қайтару үшін жеткілікті күміс бақыр таба алмады да, жесір әйел мені ерегесіп, құл базарына салып жіберді.

- Қандай абыройсыздық, қандай әділетсіздік еді! - Хадан Құла қынжыла айқай салды. - Сонда құлдықтан қалай босадың?

- Оған асықпа, соңыра айтамын. Онан да саған одан әрі не болғанын әңгімелейін. Біз шаруаларға қатарласа келгенде, олар бізге бақырая қарап қалды. Олардың бірі жұлма-жұлма қалпағын шешті де, басын иіп, айқайлады: «Бабылға қош келдіңдер, патша меймандары. Патша ағзам сендерге кірпіш пен пияз сорпаны әзірлеп, бекіністе күтуде».

Қарақшы оған жындана айқайлап, ақыры балағаттасып кетті.

«Патшаның бекіністе күтуін қалай түсінуге болады?» - деп сұрадым.

«Арқаң сөгілгенше бекініске кірпіш тасуға әкеле жатыр. Оған жеткізбей, ұрғылап өлтіруі де мүмкін. Ал, мені ұруға батылдары жетпес. Мен бәрін де қырып тастаймын әлі».

Осы жерде Мегиддо араласты: «Қожайынға өзін тыңдайтын әрі еңбекқор құлды сабап не керек? Еңбекшіл құлдарды қожайындар жаман көрмейді, оларға дұрыс қарайды».

«Кім барын салып жұмыс істегісі келеді? - әңгімеге Забадо араласты.- Ана дихандарға қара. Олар арқаларын босқа бүкірейтпес. Не болса да, көріп алдық».

«Жалқаулықпен қарын тойдырмайсың, - Мегиддо қарсылығын білдірді.

- Егер күніге тиесілі жерді жыртсаң, кез келген қожайын оны бағалар. Ал, оның жартысын жыртсаң, демек, жалқау болғаның. Өз басым ерінбес едім. Еңбекті жақсы көремін, әсіресе, жақсы істелетін жұмысты. Еңбек - ең қайырымды дос. Ол маған бәрін де берді - жерді, сиырды, астықты».

«Қайда, енді соның бәрі? - Забадо кекете сұрады. - Дұрысы, қулықпен бәрін де босқа алған жөн. Сен әлі көресің Забадо не істейтінін, бәрімізді бекініске айдағанда. Өзім шелекпен су тасып, жеңілдеу бірдеңе істермін, ал сен еңбекқорсың ғой, арқаңды кірпішке тосасың, онда». - деді де ол қарқылдап күлді.

Сол түні менің жаным түршікті. Ұйқым келмеді, жұрт ұйқыға бас қойғанда, мен Годозо айдауылға жақындадым. Ол әмияныңмен бірге өзіңді бауыздап салар қанішер араптардың бірінен еді.

«Годозо, айтшы,- деп сыбырладым.- Бабылға жеткенде, бізді бекініс салуға сатпақ па?»

«Мен қайдан білейін?» - деді сабырлы қалыппен.

«Неге түсінбейсің? - дедім жалынышты түрмен. - Мен - жаспын. Дұрыс өмір сүргім келеді. Жұмыстан зорығып не тепкінің астында өлгім келмейді. Қайырымды қожайын қолына түсудің аз да болса мүмкіндігі бар ма?»

«Мен саған бірдеңе айтайын,- деді ол сыбырлап.- Сен жақсы жігітсің. Годозоны азапқа салған жоқсың. Шамасы, әуелі біз құл базарға баратын болармыз. Енді тыңдап ал. Алармандар келгенде, сен өзіңнің жақсы жұмыскер екеніңді, қайырымды қожайынға қызмет етуді қалайтыныңды айта бер. Қайткенде де, өзіңді біреудің сатып алуына қам жаса. Егер сатып алмаса, онда келесі күні кірпіш тасуға түсесің. Ол өте ауыр жұмыс».

Ол жөніне кеткенде, мен жылы құмға шалқамнан жата кетіп, жұлдыздарға қарадым да, ертеңгі жұмыс туралы ойға баттым.

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397