Жадымда қалған – Желтоқсан...
Мұхтар Шаханов
Желтоқсан алаңы
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер…
Желтоқсанда ызғырықтан тiтiркенiп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып, күзге айналған көктемдер…
Алаң шетiн қоршап тұрған шыршаларға ала көк,
Жас бүлдiршiн, сезiмiңдi жанар етiп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейдi қара бет,
Қара беттiң көбi бүгiн дара тұлға, дара бет.
Жас бүлдiршiн, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңiсi мен жеңiлiсiн санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Ал бiреулер намысы жоқ, жiгер, қауқар, қары жоқ
Кемсiтпекшi “желтоқсанның жалаң аяқтары” деп.
Жоқ!!! Кешегi сын сағатта көкiрегiнде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттiң ары боп,
Дәуiрiнiң тауығына шашылмаған тары боп.
Тiрлiктегi әр iсiңнiң жаңғырығы болады,
Бұл табиғи жасырын заң өзгерiссiз қалады,
Сол заңға сай сенi бақыт не сор iздеп табады.
…Дүниенi дүр сiлкiнткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкiм, ешкiм бүркей алмас.
Оны да еске салады,
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.
***
Ықылас Ожайұлы
Жадымда қалған – Желтоқсан...
Жуғанмен жылдар жылысы мұздағы қанды,
Қыздарымыздың көзінде мұз қалды.
Бойымды қарытып соғатын желтоқсан желі,
Жүрегімді тағы бір сыздатып алды.
Толқындар талай соғады жағаны ұрып,
Кетпейді өткен оқиға таралып ұмыт.
Бодауын үзбек ботадай бұлқынған сонда,
Түсіме кейде кіреді жаралы жігіт.
Өмірден мынау келемін аласымды алып,
Түскенде сонау есіңе қаласың налып.
Қыршын қыздардың көзімде елесі тұрар,
Отырғандары баланың баласын бағып.
Топ жарып шығар, ал бірі шаруасына нық
Қызғанда аз-кем досымен дауласып анық.
Жүретін еді-ау жігіттер болғанда есен,
Жорғасын мініп, қолына қауғасын алып.
Мұз тоңған қайта көздері ашылды бұлақ,
Өкінішті күннің өкпесі басылды бірақ.
Жаңа алаңдағы ескерткіш жадымды қозғап,
Алдына келіп бас идім жасымды бұлап...
Тас мүсін қашау, әрине ғасырға мұра,
Бұл елдіктің құрметі асылдарына.
Кептерлерге дән сеуіп шапқылап жүрген,
Бақытты болсын балғындар, қасымда мына!
***
Ырысбек Дәбей
Алаңдағы ой
Қалың елім, қазағым,
Жасқа толып жанарың.
Үрей билеп есірген,
Сұлап жатыр алаңым.
Желтоқсаның желіккен,
Желі сұйып тұр үнсіз.
Еркіндікпен еңсегей
Көкке асылған жалауым.
Шашын жайып жылайды,
Бір елестің сұлбасы
Азаттығымды аңсаған,
Көк бөрінің тұлғасы.
Жеті басты жалмауыз
жерге кіріп кеткен деп.
Мінбелерден сөйлейді,
Ауық-ауық бір басы.
Ұл-қызымның түңілген
Обалы мен сауабы.
Елдігімнің ертеңге
Айтар жалғыз жауабы.
Талықсыған бір үнді
естіп жатып оянам.
Қобызымның кетеді
Мұңға толып шанағы.
Мұқмін болып туылып,
Кәріп болып шоқындым.
Жатырында жалғанның
Жәдігөй боп жетілдім.
Күнім үшін күлік жеп,
Алаңғасар күн кешпей.
Атой салып алаңда
Өлмегеніме өкіндім.
Еркек тоқты құрбандық
Екендігін ұғынбай,
Бас сүйекпен қан ішкен
ғасырларда туылмай
Ділім тозып, тіл шайнап,
Өз өзімнен жерідім.
Өртке оранған кешегі
Рухыммен жылынбай.
Құтылғаным осы ма,
Баста қарғыс құрсауым.
Мен отырмын тастағы
Тарихыма мұң шағып.
***
Ұларбек Нұрғалымұлы
Желтоқсан алаңындағы жыр
Ұжданымды ұлтан етпек табанға,
Қарғыс айтып қан соқталы зауалға.
Айналып жүр қазақтың кең аспанын,
Ұлы ерліктің сыймас жыры қағазға.
Ей, намыстың найзағайдай ұлдары,
Қызыл тілін қылыш еткен қыздары!
Қанды тарих қалшиып тұр мәңгіге,
Жанарында - Желтоқсанның ызғары.
Не көрдің сен қара жұлдыз, қара аспан,
Қан жұттың ба сен де қайсар қазақтан.
Өрімдей қыз өлмес ерлік жыры боп,
Саған қарай рухы ұшып баратқан.
Жер бетінде жеңіс алған белестер -
Есіл бабам ерлік қылған егестер…
Желтоқсанда қайта шауып басына,
Буырқанған бабам қаны емес пе ол!
Оу, мені кім дейсің?!
Қарсы алдымда хас жауымның қаңқасы,
Қос қолымда Қобыландының балтасы.
Азығыма ақ анамның малтасы,
Азуымда найза таудың жаңқасы.
Қонысыма көз қызартқан қалмақтың,
Қанжығама басын берді қаншасы.
Тұлпарының тұяғымен сызылған,
Қазақтың бай даласының картасы.
Ей, ұлы Алаң, лаңды Алаң!
Өзен шайып, өте алмайтын қанды Алаң.
Қара жерден шөлі қанған сенсің-ау,
Қан мен жасқа әлі шөлі қанбаған.
Сұрап алып сұрқы кеткен айдан нұр,
Азаттыққа арпалысқан майдан бұл.
Құрмет саған, Желтоқсандық боздақтар,
Өшпейтін жыр бұл- алаңға ойған жыр!
Солмайтын гүл, бұл алаңға қойған гүл,
Солмайтын гүл ойсыздарды ойландыр.
Орысшалап қала қызы қарқылдап,
Бір-біріне қар лақтырып ойнап жүр…
Кім бар енді тағдырына үңілер,
Босамаған болат жүрек, сірі қол.
Жалғыз өзі жаттап жүр ме ішінен,
Тас түрменің жазып болып жырын ол?
Қатал уақыт заулап бара жатыр-ау,
Әділетті әлі іздеп жүр тірілер.
О, желтоқсан аждаһамен алысқан,
Соған жаны жігеріңді жанытсаң.
Қайраттардың рухын айт алдымен,
Жер бетінде қай қазаққа жолықсаң.
Жасыл шарда қазақ деген атыммен,
Қанаттасып ұшып барам ғасырмен.
Желтоқсанда жауап бергем жаһанға,
Бодандыққа бағынбайтын басыммен!
Abai.kz