Сейсенбі, 9 Маусым 2026
Әдебиет 172 0 пікір 9 Маусым, 2026 сағат 13:57

Уәде (әңгіме)

Сурет: википедиядан алынды

Бесінші сыныпты бітірген кездегі бір оқиғаны ешқашан ұмытпайтын сияқтымын. Анам ғылым жолында жүрген адам болғандықтан, сабағымды тексеруге кейде уақыты жетпейді. Есеп шығарсам «GPT-ді қолданба, өзің шығар» дейді. Басқа үй тапсырмаларын орындап жатсам «Нұрислам, асығыс-үсігіс орындама, аса қажет болмаса жасанды интеллекті қолданба» дейді. Ал мен басқа сыныптастарымнан қалмай, ЖИ-дің көмегімен үй тапсырмаларын бас-аяғы жарты сағаттың ішінде бітіріп тастаймын да, ROBLOX ойындарына көбірек уақыт қалдырам.

Анам мені сабаққа ынталандырудың басқа бір жолын ойлап тапқысы келді ме, әлде телефон мен компьютерге телміргенін қойсын деді ме:

– Егер тоқсанды үздік бағамен бітірсең, күшті самокат алып берем, – деді. Маған анамның ұсынысы қатты ұнады. Тағатсыздана:

– Мама, маған сол самокатты қазір алып бере берші, мен үздік болуға сөз берем! – дедім. Анам уәденің салмағын сездіре:

– Уәде – уәде ме? – деді.

– Уәде – уәде! – дедім.

– Кеттік ендеше! – деді де, күтпеген жерден маған қиялымдағы ең әдемі, ең мықты самокатты алып берді. Маған сыйлық қатты ұнады, себебі анам мың самокаттың ішінен таңдау мүмкіндігін де өзіме берді.

Көрші пәтерде тұратын Диас пен Арсен кейде маған өз самокаттарын бере тұратын еді, енді өз самокатыммен олардан қалмай, біраз шапшаң қимылдарды жасауды, тіпті тіп-тік биікке шығып кетуді де үйреніп алдым. Арсен екеуміз Диастан үйренеміз. Ол бізден екі жас үлкен. Анам:

– Таза ауада ойнаған қандай жақсы! Тамаққа да тәбетің ашылды, бойың да өсіп қалған сияқты, қозым менің, қошақаным менің! – деп, маңдайымнан иіскейді, бетімнен, мұрнымнан сүйеді. – Дегенмен, бірінші жұмысың сабақ оқу екенін ұмытпа, балам! – деп ескертіп қояды.

Көп уақытымыз үйімізге ең жақын жердегі Құрмаңғазы мен Назарбаев көшелерінің қиылысындағы скейтпаркте өтетін болды, кейде жүйткіп отырып басқа скейтпарктерге де барып, «өнер көрсетіп» қайтамыз. Бір-бір темірді мініп алып, кең шалбар кигендермен өткізген уақытым барған сайын өзіме ұнап барады. Шексіз кеңістіктің барлығы өзіңдікі іспетті зулап бара жатасың! Кедір-бұдыр кедергілерді еңсергенде кеудеңді бір керемет сезім кернейді. Сен де зулайсың, уақыт та зулайды.

Тоқсанның да соңы келіпті. Сынып жетекшісі Лаура Тәңірбергенқызы «Мақсұт Нұрислам» деп, қорытынды бағаларымды дауыстап айта бастағанда көңіл-күйім сылқ етіп төмен түсті. Бірнеше «төрттік» түсіпті, өзге балалардан оқ бойы озып жүрген қазақ тілі сабағымның өзінен емтиханды «төртке» жазыппын.

Енді не болмақ, анама берген уәдем қайда? Бұл жағдайды анама қалай айтам? Неден бастаймын? Бәрібір айтуым керек қой... Тәуекел деп, үйге келдім. Әкем жұмыстан әлі келмеген екен. Айтпай-ақ қойсам ба екен деген де ой келді. Мен айтпағанмен, көздерім айтып тұр-ау деп тағы уайымдадым.

– Балам, көңіл-күйің дұрыс емес қой, не болды? – деп жақындады анам. Үнсіз тұра бердім.

– Не болғанын айта ғой. Маған не болғанын айтып берсең, екеуміз ақылдасып, қандай мәселе болса да шешеміз, – деді жақындай түсіп. – Айта ғой, қозым.

Менің көңіл-күйім дұрыс болмай тұрса, қай кезде де анам айналып, толғанып не болғанын айтқызады. Содан соң өзіммен ақылдасып отырып, мәселені шешуге кіріседі. Бұл жолғы жағдайым, тіпті басқаша ғой. Айтпай құтылып кететін жағдай емес.

– Мама, менің бағаларым шығыпты, ішінде «төрт» бар екен, – дедім құтылмасымды біліп.

– Ия, солай болыпты. Сен сабаққа кеткенде-ақ тағатым жетпей, электронды журналдан қарап алғанмын, – деді сәл ғана жымиып. Менің одан да басқа бір пәледен аман екеніме қуанып, жымиса керек.

– Қорытынды бағаларың бұрынғыдан да нашарлап қалған сияқты, бұрын бір-екі ғана төрттік болатын еді, енді бірнешеуі тұр, бұл неден болды екен?

Менде үн жоқ. Неден болғанын айтып жатудың өзі артық.

– Нұрислам, уәде берген жоқ па едік? Айтылған сөз атылған оқпен тең деген. Оқ кері қайтпайды. Самокатты үздік болуға берілген уәдеге сеніп алған едік қой. Уәде орындалмады. Енді самокатты мешітке апарып береміз, басқа амал жоқ немесе бір мұқтаж балаға берейік, – деп кесімді шешімін айтты.

Бұл шешімді құлағыммен емес, бүкіл денеммен қабылдағандай болдым. Сол сәтте есіме скейтпаркте жүретін бір бала түсе кетті. Ол самокат тебуге емес,  бізге қарап отыру үшін ғана келетін. «Мына самокатты кім алып берді? Менің де осындай самокатым болса ғой!» деп маған көзі қызығып жүретін. Анама сол балаға сыйлау туралы өз ұсынысымды айттым. Анам бірден келісті.

Келесі күні ойнау алаңына барып, әлгі баланы күттім. Самокатымды теуіп жүрмін, бірақ екі көзім сол баланың келетін жолында. Оның келе жатқанын көріп, кілт тоқтадым. Ол жақындағын сайын көзіме жас үйірілді. Келді. Ең жақсы көретін затымды оның қолына ұстатып жатып, жылап жібердім. Ал ол болса, «Шын ба? Шын ба?» деп, күтпеген жерден бақытқа кенелді. Қуанғаннан оның да көзіне жас келді. Қуаныштың көз жасы мен өкініштің көз жасы қол алысты. Видеоға түсіріп анама көрсеткім келіп еді, келіспеді. Өзі күнделікті тапжылмай отыратын ойын алаңына тіпті бөгелмеді. Атын да айтпады. Рақметін жаудырды да, келген ізімен көз ұшынан бір-ақ шықты.

Бұл көрініс жасым жүз он бірге келсе де көз алдымнан кетпейтін шығар. Сол күн мені жақсы көретін самокатымнан айырса да, айрықша бір сабағын беріп кетті. Уәде дегеннің жай айта салатын сөз емес, өте қасиетті ұғым екенін ұқтым. Өмірдің өзі берген бұл сабақ маған базардағы мың самокаттан да қымбат еді. Рақмет саған, анашым!

Нұрсәуле Мақсұтқызы

Abai.kz

0 пікір