Ноябрь Кенжеғараев. Абай өлеңдерінің жаңа жанрлық қырлары
Қазіргі таңдағы әдебиеттану ғылымында жаңа арналар болып табылатын дискурстық поэтика, теоретикалық поэтика шеңберінде, көркем антропологиялық әдісте көркем шығармашылық үдерісіне байланысты невротикалық, шизофрениялық, экзистенцианалдық, психотерапевтік сынды дискурс түрлері қолданылып, зерттелініп жүр. Психологиялық дискурстың зерттеу нысаны әдеби дискурске байланысты қолданылып жүрген жоғарыда аталған дискурс түрлерінен өзгеше екендігін атап өтуіміз керек.
Поэзия, оның ішіндегі лирика жанры субъективті жанр екендігі белгілі. Лирикада ақынның ой-сезімі, толғанысы ішкі жан әлемінің елегінен өтіп, тебіренісі арқылы сыртқа шығады. Ақынның психологиялық тұлға ретінде психикасы, эмоциясы, көңіл-күйі, реакциясы өлең түрінде өрнектеліп беріледі. Демек біз көркем шығармашылықты, өнерді психологиялық тұрғыдан зерттеудің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым К.Г.Юнгтың мына пікірлерімен келісуіміз керек: «Искусство в своей художественной практике есть психологическая деятельность и в качестве таковой может и должно быть подвергнуто психологическому рассматрению» [1, 214]. Сөз өнерінің, оның ішінде лириканың табиғатына сай, психоэмоциялық сезімдерсіз поэзия болмайтыны да заңдылық.
Қазіргі таңдағы әдебиеттану ғылымында жаңа арналар болып табылатын дискурстық поэтика, теоретикалық поэтика шеңберінде, көркем антропологиялық әдісте көркем шығармашылық үдерісіне байланысты невротикалық, шизофрениялық, экзистенцианалдық, психотерапевтік сынды дискурс түрлері қолданылып, зерттелініп жүр. Психологиялық дискурстың зерттеу нысаны әдеби дискурске байланысты қолданылып жүрген жоғарыда аталған дискурс түрлерінен өзгеше екендігін атап өтуіміз керек.
Поэзия, оның ішіндегі лирика жанры субъективті жанр екендігі белгілі. Лирикада ақынның ой-сезімі, толғанысы ішкі жан әлемінің елегінен өтіп, тебіренісі арқылы сыртқа шығады. Ақынның психологиялық тұлға ретінде психикасы, эмоциясы, көңіл-күйі, реакциясы өлең түрінде өрнектеліп беріледі. Демек біз көркем шығармашылықты, өнерді психологиялық тұрғыдан зерттеудің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым К.Г.Юнгтың мына пікірлерімен келісуіміз керек: «Искусство в своей художественной практике есть психологическая деятельность и в качестве таковой может и должно быть подвергнуто психологическому рассматрению» [1, 214]. Сөз өнерінің, оның ішінде лириканың табиғатына сай, психоэмоциялық сезімдерсіз поэзия болмайтыны да заңдылық.
Классикалық талдауда көңіл-күй лирикасы деп айдар тағылып талданатын әдістің шеңбері дискурстық талдаудың ауқымына жете алмайды. Дискурстық талдау ауқымы өте кең және біздің лирикалық шығарманы, лирикалық шығарма табиғатын талдауды елеулі кеңінетін жағдайы бар. Невротикалық, шизофрениялық дискурстерді сөз еткенде, санада психикалық ауру түрлерінің қылаң беретіні ғажап емес. Ал одан жүйкесі ауруға ұшыраған ақын-жазушылар шығармашылығын зерттейді деген жалған түсінік қалыптаспағаны жөн. Дискурстық талдауға паталогиялық невроз бен психоз емес, шығармашылық невроз бен психоз арқау болады. Адамның күнделікті өмірдегі қуаныш, реніш, жақсы көру, жек көру, ашу, ыза, сүйіспеншілік, риза болу, наразы болу, т.б.с.с. толып жатқан психоэмоциялық күйлер субъективті өнер лирикадағы ақын шығармашылығында да орын алатын әдеби-психологиялық жағдайлар. Тек айырмашылығы психофизиологиялық реакция ғана емес, әлеуметтік интеракцияларға жауап ретінде, идея, тұжырым, көзқарас, дүниетаным, ұстаным ретінде туындайтын сезімдер болып ортаға шығады.
Ақынның өзінің ортасына, қоғамына, заманына деген қарым- қатынасы, бағасы, реакциясы өлеңдері арқылы көрініс табады. Лирикадағы ақынның көңіл-күй сезімдері оның тек жеке басының жағдайы, жеке эмоциясы ғана емес, ол оның қоғам жағдайына, қоғамдағы әлеуметтік, этикалық, саяси жағдайларға берген бағасы болып саналады.
Адамның рационалды және иррационалды әркеттерінің барлығын басқарушы орталығы - ми десек, мидің барлық үдерістері нерв жасушалары арқылы іске асатыны дәлелденген. Ми мен жүректің белсенді әрекетінің жемісі болып саналатын сөз өнерінде ақынның интеллектуалды әлемі арқылы қабылданған объективті шындық ішкі әлемі, психикасы арқылы қордаланып, эмоциясы мен қатар әдеби-шығармашылық ұстанымы, дискурсы мәтін деңгейінде пайда болып, сыртқа шығып, әлеуметтік қатынасқа жол тартады.
Белгілі зерттеуші Б.О.Корманның мына сөздері лирикадағы эмоцияның, көңіл-күйдің өзгешелігін анықтап береді: «Настроение в лирике - это не просто настроение. Это всегда определенная идейная позиция, определенный взгляд на мир.
Основной эмоциональный тон - это определямые мировоззрением эмоциональные реакции, лирическое самосознание самих различных людей. Этим понятием обозначается содержание лирического способа изображения человека» [2, 68].
Ақын өмір сүрген қоғамдағы жағдайға, дәлірек айтсақ оның саяси-әлеуметтік қалыбынан бастап, тұрмыстық, әкімшілік, рухани-моральдық, діни-дүниетанымдық, ғылым-мәдени жағдайларына дейін назарынан тыс қалдырмай, баға беретін тұстары жоқ емес. Поэзияның ерекшелігіне сай бұл қоғам мен халық тынысы туралы «салмақты», «рационалды» бағалар емес, поэтикалық санадан, поэтикалық ойлаудан туындаған эмоционалды, экспрессивті бағалар. Қоғамдағы жағдайдың, заман бейнесінің ақынға әсері, ақын психикасына әсері, өлеңдерінде ашық, өткір түрінде орын алады.
Абайдың 1886 жылы жазған «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деген өлеңінен бастап бірқатар өлеңдерінде ақынның өз қоғамына, қабылдаушыларына реакциясы эмоционалды түрде көрініс алған.
Ақының өз бейнесін сомдау барысында қоғаммен күресіп күйзелген, оның жамандық іс-әрекеттерінен жеріген, қажыған адамның бейнесі сомдалуы тегін емес. «Ішім өлген, сыртым сау» деген шығармасында өлеңнің атауы болып тұрған осы тармаққа психологиялық тұрғыдан талдау жасайтын болсақ, адамның ішін өлдіге санауы, не ішкі әлемі жалғыздықтан, түсініспеушіліктен, қабылдамаушылықтан, өз білгенін, түйгенін ортасына айтып одан ешқандай әрекет шыққанын көре алмау, яғни ақын өнердің «әсер етуші» қырын пайдаланғанымен, одан еш нәтиже шықпағанына қамығу сынды пікірлер ортаға шығатына анық.
«Сегіз аяқ» өлеңі эмоциялық бояуларға, тебіреністерге толы өлең.
Ауырмай тәнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды.
Тарылды көкірек,
Қысылды жүрек,
Ағызды сығып жасымды.
Бір кісі мыңға,
Жөн кісі сұмға,
Әлі жетер заман жоқ.
Қадірлі басым,
Қайратты жасым
Айғаймен кетті, амал жоқ.
Болмасқа болып қара тер,
Қорлықпен өткен қу өмір [3, 112],-
деген жолдарында өз өміріне, өз жағдайына баға беріп отыр. Әрине, баға жағымды емес. Ақынның қан қысымын көтеріп, басын қысып, жүрегін ауыртқан не нәрсе?Немесе, физиологиялық, терапевтік тұрғыдан адамның қандай жағдайда қан қысымы көтеріліп, басы қысып, жаны ауырады? Автор осындай тән мен жан ауруларына алып келген дерттің басы - рухани дерт, рухани түсініспеушілік екендігінен хабар беріп отыр. Рухани дертке адам қай жағдайда ұшырайды? « Духовные страдания не есть еще душевная болезнь, невроз, но может быть причиной невроза.
Духовное страдание - это когда человек переживает отсутствие каких-либо ценностей, которые могли бы делать его жизнь осмысленной, целенаправленной. Это состояние полной апатии ко всему, к жизни вообще. Человек может не осознавать причину или истоки этого своего состояния, эти истоки часто скрыты в сфере бессознательного» [4, 121],- деген ғалым ойлары айқындап отырғандай, Абай өзінің жеке басының дертінен, не өз болмысына қатысты кемшіліктерден күйзеліп отырған жоқ. Абайды дертті етіп отырған - қоғам мен түзелерлік ниет танытпаған халқы. Халқын түзетудің жолындағы қару етіп өнерді тандап алған ақынның Сөзіне құлақ аспаған, бойыңа сіңірмеген, бойыңа сіңірерлік деңгейі де жоқ болған халықтың теріс амалдарын тізбектеп те айтып өтеді:
Жаяуы қапты,
Аттысы шапты,
Қайрылып сөзді кім ұқсын.
Іште дерт қалың,
Ауыздан жалын
Бұрқ етіп, көзден жас шықсын.
Күйдірген соң шыдатпай,
Қоя ма екен жылатпай?
Автор осындай өткір сөздер арқылы өз жан жағдайын білдіруі невротикалық дискурс аясында жүзеге асқан. Ақынның өз қайғысымен торығып, томаға тұйықталып қалмай, жанын жеген дертін өлеңге арқау етуі - бұл да күрестің бір тәсілі ретінде бағаланса керек. Өзінің рухани дертін, жалғыздығын, халқының түсінбейтіндігін, қабылдамайтындығын ашына айту - адресатына қайтара әсер етудің жолы, адресатқа психотерапиялық ықпал ету тәсілі болып танылады. Ақылмен айқанға, бастан сипап, іш тартып айтқанға көнбеді, еш нәтиже шығармады, ендігі тәсіл бетіне шыжғырып, өткір айту, ауыр айту қалып отыр. Психотерапиялық, невротикалық дискурс нысанындағы әрбір айтылған сөз, біздің жағдайымыздағы поэзиялық шығарма жайдан-жай айтылмайды: «Ведь в психотерапии говорить - это не столько обмениваться информацией, сколько осуществлять вмешательство, воздействовать на собеседника, владеть коммуникативной ситуацией, менять систему представлений клиента, его мысли и поведение» [5].
...Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым - тап шыным!
А.Құнанбаевқа дейінгі қазақ поэзиясында рухани жалғыздық туралы сөз еткен Ахмет Ясауи болса, Абай рухани жалғыздық сарынын психологиялық қатпарлармен тереңдетіп, адамның ішкі жан дүниесі, сыры, адам өмірінің мақсаты, елдің, ұлттың мақсаты, адамзат баласының адамгершілік мұраттары тұрғысынан байытып, жалғыздық тақырыбын жаңа деңгейге көтереді.
Ақынның «Келдік талай жерге енді» өлеңінде де невротикалық дискурс орын алған. Қан қысымы жоғары, ашынған ақын тайсалмай жалғыз басы қараңғы қалың көпшілікке қарсы шығады. Ашуы у болған ақын осы сөзіме тым құрығанда селт етерсін дегендей, мірдің оғындай өткір сөзін айтады:
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар,
Өтірік пен өсекке
Бәйге атындай аңқылдар [3, 157].
Абайдың халқына қаратып айтқан осындай ауыр сындарынан кейін кейде көпшілік арасында ақынды сынаған пікірлер де естіліп қалып жатады. «Абай халықтан үлкен емес, неге сонша қатты ауыр сөздер айтады» деген сияқты сөздерді бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі кездестіреміз. Бұл сындарға жауапты былайша беруге болады. Біріншісі, Абай халық туралы не айтса да, көзі жеткендіктен және ақиқатты білгендіктен айтқан. Екіншісі, ақынның осыншама өткір сынай отырып айтуы, тыңдаушыға әсер етудің тәсілі ретінде қолданылған деп талдасақ болады.
«Менсінбеуші ем наданды», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Қуатты оттай бұрқырап», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», «Жүректе қайрат болмаса», «Жүрегім менің қырық жамау», т.б. өлеңдерінде невротикалық дискурс орын алған. Ақын бұл өлеңдеріндегі өз басындағы рухани дертті сөз етіп, қабылдаушымен арасындағы қарым-қатынас мәселесі сөз болады. Ақын бұл өлеңдеріндегі эмоционалдық тон ашыну, жалғыздық зардабын тарту, түсінбестік аясында болғанымен, автор ашу-ызасын тежеп отырғандығы байқалады.
Абайдың көңіл-күй тақырыбында жазған өлеңдерінің ішінде ақын эмоциясы айқын білдірілген өлеңі - «Өзгеге көңілім, тоярсың».
Өздерің де ойлаңдар,
Неше түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың [3, 158],-
деген жолдарынан ақынның қоғамның деген өкпесі ызаға айналып, психикалық жағдайы невротикалық қалыптан шизофрениялық халге ұласқан. Невротикалық дискурсте жазылған көптеген өлеңдерінде ақын өзімен ақырын сырласып, философиялық ойға бой алдырып, салқын ақылға жеңдіріп былай деп жырлап:
Мен - қажыған арықпын,
Қатын-бала қонағы.
Сендерге де қанықпын,
Жұртың анау баяғы.
Мұндай елден бойың тарт,
Мен қажыдым, сен қажы!
Айтып-айтып өтті қарт,
Көнбеді жұрт, не ылажы! -
тағдырға мойынсұнған, қажыған, шарасыздық танытқан сынды сыңай білдіргендей болады. Ал «Өзгеге көңілім тоясындағы» ойлар ақынның надандық пен жамандыққа, әділетсіздік пен имансыздыққа төзбейтіндігін, мойынсұнбайтындығын аңғартып, агрессивті көркем тәсілді пайдаланады. Тіпті агрессивті тәсіл дегеніміз де орынсыз болар, шынтуайтқа келгенде ақиқат ақын жағында сыңайлы. Ақын ол байламын тарихи салыстыру әдісімен көз жеткізіп айтып отыр, көрші елдермен салыстырғанда ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ елінің мәдени-ғылыми жағдайы ауыз толтырып айтарлық жағдайда емес еді.
«Күлімсіреп аспан тұр» өлеңінде экзистенциялық дискурстың белгілері баршылық. Өзіне, өміріне көңілі толмау, дүниенің мәнін жоғалту, Мәнсіздікке, Жалғыздыққа, Бостыққа, Абсурдке бой алдыру сарындары экзистенциялық дискурстың негізгі белгілері болып табылатын болса, ақынның мына өлең жолдарынан осы айтылған қасиеттердің бәрін байқауға болады:
Қапамын мен, қапамын,
Қуаныш жоқ көңілде.
Қайғырамын жатамын,
Нені іздеймін өмірде? [3, 185].
Экзистенциалдық әдебиет, бағыт Батыс Европада ХХ ғасырда пайда болды деп айтылады. Алайда біз Абай өлеңдерінен модернистік деп саналатын экзистенциалдық сарынын көреміз, экзистенциалдық әдебиеттің бастауында тұрған әлемдік деңгейдегі классик ақын деп санауымызға болады.
Қайтты ма көңіл бетімнен,
Яки бір қапыл қалдым ба?
Өткен күнге өкінбен,
Әм үміт жоқ алдымда.
Руханият пен ділдің, жанның тамағын ойлап алыс-жақынға, өткен-кеткенге шолу жасаған ақын өмірінің мәнін ұғынуға бел байлап, бағалауға тырысады. Поэтикалық сана шеңберінде сырлы әлем жетегінде жан тебіренткен ақын тиянақты, тұрақты, баянды ешнәрсе таппағандай. Алайда біз бұл экзистенциалдық дискурстің де автопсихотерапиялық көркемдік тәсіл екендігін ескеруіміз керек.
А.Құнанбаев бірлі-жарымды өлеңдерінде ғана болмаса, экзистенцияға көп бой алдыра бермейді. Абай өлеңдерінің көпшілік бөлігінде күрескер, прагматик.
Ақынның өмірінің соңғы кезеңдерінде қоғамдық тартыстың, жеке бас драмасының шиеленісе түскендігі белгілі. Абайдың өмірінің кенеттен 59 жасында үзілуі де, оның қоғамдық, шығармашылық қайраткерлігінің жүрекке, жүйкеге салмақ түсіргендігін дәлелдейтіндей. Жоғарыда талданған ақын өлеңдерінің туу тарихын тарихи-функцианалдық тұрғыдан таратып талдап, түсініктер берітін болсақ, көп нәрсеге қол жеткізер едік. Автор өлеңдерінің қандай жағдайда, қандай интерактілердің себебінен туындағанын зерттеуді әлі күнде де қолға алуымыз керектей көрінеді. Көрнекті әдебиеттанушы Т.Есембековтің мына ойлары да абайтануда кемшін қалып тұрған мәселені айқындайтындай: «А.Құнанбаевтың өлең өрімдерін жүйелеп зерттеу көркем мәтінмен ғана шектелмеуі керек, ақын өмір сүрген ортадағы әдеби дәстүр мен сабақтастық, жалғастық, ақынның ішкі сезімі, сыртқы дүниеге қатысы, шығармашылық мақсаты мен нәтижесі сияқты мәселелер де ғылыми ойтүрткі бола алатынын білген жөн» [6, 35]
Абайдың соңғы өлеңдерінің бірі болып табылатын «Жалын мен оттан жаралған» деп аталатын өлеңінің соңғы шумағының:
Несі өмір,
Несі жұрт?
Өңшең қырт,
Бас қаңғырт! [7, 116]-
деп аяқталуы жай кездейсоқтық па екен? Бұл жолдарда да бағалау жатыр, сарказм сарыны байқалғанымен, идеялық жағынан өте ауыр, тебіреністі, терең, психологиялық жүгі ауыр ой. Ақын өз шығармашылығының соңғы аккордтарын невротикалық дискурсте аяқтап отыруы да, қоғамына көңілі толмаған ақынның тілегін болашақ адресаты түсінер, бағалар деген ниет жатырғандай ой қалдырады. Абай үнемі өзінің «қиялдағы оқушысымен», симулякрымен сөйлесіп, тілдесіп, соған иек артып отыратындай. Ақын бұл тұрғыдан да өзінің классик ақындығын, сөз өнерінің, поэзияның, лириканың табиғатын ғажап шебер білдендігін көрсететіндей. Данышпан, хакім Абайдың мәңгілік таң қалып, таңырқап жарыса жазып, айтып жататын ғұламалығының бір көрінісі де болар.
Әдебиеттер
1. Юнг К.Г. Об отношении аналитической психологии к поэтико-художественному творчеству. В книге: Зарубежная эстетика и теория литературы ХІХ-ХХ вв. Трактаты, статьи, эссе. Москва: Изд.Московского университета, 1987. - 512 с.
2. Корман Б.О. Изучение текста художественного произведения. Москва: Просвещение, 1972.
3. Құнанбайұлы А. Шығармаларының екі томдық жинағы. Т.1. -Алматы: Жазушы, 1995.
4. Абишева А.К. Проблемы ценностного смысла в философии и психоанализ. Алматы: НИЦ Ғылым, 2002.
5. Анализ психотерапевтического дискурса. [WWW-документ] URL. Электронды ресурс. http: // culture. niv.ru/doc/psychology/kalina/040.htm.
6. Есембеков Т.У. Көркем мәтінді талдау негіздері. - Алматы: Қазақ университеті, 2009.
7. Құнанбайұлы А. Шығармаларының екі томдық жинағы. Т.2. -Алматы: Жазушы, 1995.
Резюме
Бұл мақалада қазақтың классик ақыны А.Құнанбавтың өлеңдері дискурстық поэтика шеңберінде талданады. Лирикалық шығармалар әдеби дискурстың аясындағы невротикалық тәсілмен сараланады.
В данной статье исследуется особенности и функции невротического дискурса в лирических произведениях великого казахского поэта-классика А.Кунанбаева.
Ноябрь Кенжеғараев,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
«Абайтану» ғылыми-зерттеу
орталығының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.
«Абай-ақпарат»