Жұма, 10 Қазан 2025
Билік 897 0 пікір 10 Қазан, 2025 сағат 15:20

Қазақстандық компаниялардың өнімдерін сатып алу барлығына тиімді

Суретті түсірген – Ж.Жұмабеков.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Энергетика министрлігі Парламент Мәжілісімен бірлесіп Ақтау қаласында ұйымдастырған Мұнай-газ машина жасау форумында сөз сөйледі. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнестің, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының, салалық қауымдастықтар мен даму институттарының, сондай-ақ отандық және шетелдік мұнай-газ машина жасау кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Суретті түсірген – Ж.Жұмабеков.

Форумды ашқан Мәжіліс төрағасы Тәуелсіздік жылдары Қазақстан жаһандық мұнай нарығындағы жетекші елдердің біріне айналғанын атап өтті. Шетелдік белді компаниялармен бірлесіп ірі мұнай-газ жобаларын іске асырудың арқасында елімізде мыңдаған жоғары білікті инженерлер мен техниктер даярланды, ең озық технологиялар игерілді. Бүгінде біз мұнай мен газды өндіріп қана қоймай, белсенді түрде өңдейміз. Елімізде үш мұнай өңдеу зауыты бар, мұнай-химия саласы қарқынды дамып келеді.

Ендігі кезекте Қазақстанның алдында жаңа стратегиялық міндет тұр, ол – сапалы тауар өндіруші әрі экспорттаушыға айналып, ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылту. Осы орайда, мұнай-газ секторы ерекше рөл атқаруға тиіс. Мәжіліс спикері бұл форум алдағы мақсатқа барлық мүдделі тараптардың атсалысуымен бірлесе қол жеткізу үшін ортақ шешім әзірлеуге бағытталғанын айтты.

– Алдымызда  Қазақстанды индустриялық қуатты мемлекетке айналдыру міндеті тұр. Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше назарында. Осы жолда Парламент заңнамалық тұрғыда қолдауды жалғастыра береді. Үкімет жұмысты сапалы ұйымдастырып, бизнес өз өнімін халықаралық стандарттарға сай бәсекеге қабілетті етуге ұмтылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, Қазақстанның экономикалық дербестігі нығаяды, халқымыздың әл-ауқаты жақсарады, –  деді Ерлан Қошанов.

Суретті түсірген – Ж.Жұмабеков.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Энергетика министрлігінің дерегінше, форум аясында 440 миллион АҚШ долларының келісімшарттары жасалады деп жоспарланған.

Саладағы жалпы ахуалға тоқталған Мәжіліс спикері былтырғы жылдың қорытындысы бойынша тек энергетика секторында жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы қызмет пен тауар сатып алу көлемі 6 триллион теңгеден асқанын жеткізді. Оның 62 пайызы үш ірі компанияға – Теңізшевройл, KPO және NCOC үшеуіне тиесілі. Сөйтіп, отандық үлестің көлемі арта бастады. Бұл – Парламент пен Үкіметтің бірлескен жұмысының нәтижесі.

Суретті түсірген – Ж.Жұмабеков.

– Осы бағытта Энергетика министрлігі мен Мәжіліс депутаттары екі жыл бойы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2 жылда үш ірі компаниямен арада шамамен 900 миллион доллардың келісімшарты жасалды. Жүйелі нәтиже бар – тендерлік рәсімдерге ішінара өзгерістер енгізілді, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға басымдық берілді. Дегенмен, бұл жерде әлі де үлкен перспективалар бар, яғни бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыру керек, – деп атап өтті Мәжіліс төрағасы.

Оның пікірінше, мұнай-газ машина жасау өндірісін одан әрі кеңейту үшін бірқатар нақты шаралар қабылдау қажет. Біріншісі – отандық өндірушілерге сатып алу рәсімдерін жеңілдетіп, ұзақ мерзімді келісімдер мен офтейк-келісімшарттар жасау. Екіншісі – отандық мұнай-газ машина жасау кәсіпорындарын күрделі жабдықтар шығаруға ынталандыру. Үшіншісі – ірі мұнай компанияларының қазақстандық тауар мен азық-түлік саласындағы қызметтерге көшуі. Бұл қазіргі қажеттіліктердің біразын өтеп, соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жоспардағы міндеттерді жабады. Аталған мәселеде Қарашығанақ операторының жақсы тәжірибесі бар.

Мәжіліс спикері мемлекеттің мұнай-газ саласын кешенді қолдауы туралы айта келе, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілген жаңа түзетулерге тоқталды. Енді ірі жер қойнауын пайдаланушылар отандық мамандарға басымдық беруге міндетті. Бұған қоса, күрделі жобаларға елішілік құндылықтың үлесін анықтау бекітілді, Оф-тейк келісімшарттарда отандық үлестің ең төмен деңгейі бойынша талаптар күшейтілді. Сонымен қатар отандық өндірушілердің бірыңғай реестрі заңмен бекітілді.

Ерлан Қошанов өткен сессия барысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті жергілікті қамтуды арттыру бойынша ауқымды әрі жүйелі жұмыс атқарғанын еске салды. Мұнай-газ саласындағы ірі операторлардың есебі тыңдалды, олардың қорытындысы бойынша арнаулы хаттамалар жасалды. Өсімнің нақты индикаторлары айқындалып, орындау нәтижелерін депутаттар тұрақты түрде тыңдайтын болады.

Суретті түсірген – Ж.Жұмабеков.

Форумда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «Норд Каспиан Оперейтинг» компаниясының басқарушы директоры Рую Джанкарло, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» Бас директоры Марко Марсили және басқалар сөз сөйледі.

Форум алаңында қазақстандық өндірушілердің көрмесі өтіп, 45 компания металл құрылымдар, құбырлар, сорғылар, мұнай-химия, химиялық жабдықтар және т.б. өнімдерін ұсынды.

Өңірге жұмыс сапары аясында депутаттар Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты мен «ҚазАзот» компаниясына барды. Бұған дейін олар Жаңаөзендегі «Каскор-Машзавод» мұнай жабдықтарын өндіретін жаңа зауыттың құрылысымен танысты, сондай-ақ Жетібай ауылында су тазарту стансасын салу жұмыстарын қарап шықты.

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 801
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9850