Көш басында кімдер тұр?
Елімізде 2006 жылдан бері жоғары оқу орындарының рейтингі жасалып келеді. Рейтинг - білім беру сапасын анықтайтын индикатор ғана емес, ол көпшілік дұрыс шешім қабылдауы үшін ЖОО-ның ерекшеліктері, материалдық-техникалық және ақпараттық базасының жағдайы, инновациялық әдістемелер мен технологияларды енгізуі, түлектерінің еңбек нарығындағы қажеттілігі т.б. жайында ақпарат береді. Сондай-ақ, ЖОО-ларды саралау олардың арасында бәсекелестіктің артуына да ықпал етеді.
Елімізде 2006 жылдан бері жоғары оқу орындарының рейтингі жасалып келеді. Рейтинг - білім беру сапасын анықтайтын индикатор ғана емес, ол көпшілік дұрыс шешім қабылдауы үшін ЖОО-ның ерекшеліктері, материалдық-техникалық және ақпараттық базасының жағдайы, инновациялық әдістемелер мен технологияларды енгізуі, түлектерінің еңбек нарығындағы қажеттілігі т.б. жайында ақпарат береді. Сондай-ақ, ЖОО-ларды саралау олардың арасында бәсекелестіктің артуына да ықпал етеді.
2009 жылдың рейтингінде қай оқу орынының беделді саналары әзірге белгісіз. Ұлттық аккредиттеу орталығы бізге биылғы рейтингтің нәтижесі 20 маусымнан соң ғана белгілі болатындығын айтты. Ал бұған дейін үш рет жүргізілген саралау нәтижесінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көш басын басқаларға бермей келді. Былтырғы зерттеу нәтижесі еліміздің 60 жетекші ЖОО-сының бас рейтингінде бірінші, екінші орындарды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алды. Бұлардан кейінгі орынды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қайтадан (2006 жылдағыдай) иемденді. Ал 2007 жылы осы үшінші орыннан Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті көрініп еді. Былтыр бұл университет төртінші орынға табан тіресе, бесінші орынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті алды. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП) үздік ондықтың қатарында.
Еліміздегі Ұлттық аккредиттеу орталығы осы жылдың рейтингін кейінге қалдырып отырса, есесіне, шетелдік рейтинг агенттіктері ЖОО-лардың әлемдік рейтингін жариялап жіберді. Мәселен, ресейлік «Рейтер» тәуелсіз агенттігі биыл тұңғыш рет әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің рейтингін саралаған. Дүниежүзіндегі 15 мың университеттің ішінен 500-і ең үздіктер қатарына енгізілді. Оның ішінде Массачусет технологиялық университеті көш бастаса, М.Ломоносов атындағы ММУ - бесінші, Гарвард университеті - алтыншы, Кембридж - сегізінші, Оксфорд - он төртінші, Пекин университеті 103-інші орыннан көрінді. Осы тізімге еліміздің жеті жоғары оқу орны енген және әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ - 372-нші, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ - 379-ншы, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ 418-нші орынға тұрақтады. Ал ТМД мен Балтық елдері ЖОО-лар арасында батысқазақстандық университет 79-орынды иеленді.
Енді тағы бір шетелдік агенттіктің саралауына сүйенсек, Қазақстандағы №1 бизнес-мектеп болып Халықаралық Бизнес академиясы (ХБА) табылады. EDUNIVERSAL әлемдік рейтинг агенттігі аталған марапатты 8 маусымда ХБА мен Коммерциялық Жоғары мектеп (НЕС, Франция) ынтымақтастығының он жылдығына орай өткен халықаралық конференция барысында тапсырды. EDUNIVERSAL рейтингі әлемнің 150 елінің мың бизнес-мектептерінің арасында жүргізіліпті. Оған еліміздің екі ЖОО: Халықаралық Бизнес академиясы мен Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты ғана енгізілген.
Оқу орындарының сапасын саралау - қазақстандық дипломдардың танымалдығын, білімнің жоғары деңгейін, еліміздегі ЖОО түлектерінің мемлекеттің өз ішіндегі және әлемдік еңбек нарығындағы қажеттілігін қамтамасыз етуге ықпал ететіні анық. Сондықтан да рейтингтің оқу орнын таңдаған талапкердің шешім қабылдауына әсер ететіні де түсінікті.
Клара НАҚЫП
«Нұр Астана» газеті 18 маусым 2009 жыл