Нұрбол Назарбаев неге банкрот болды?

Нұрбол Назарбаевтың банкроттығы байлығын қорғаудың амалы ма?
Қазақстан қоғамы соңғы айларда күтпеген жаңалыққа куә болды — белгілі бизнесмен, бұрынғы билік әулетінің өкілі Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп жариялады, үкімет оның шет елге шығуына тиым салды. Бұл жаңалық ел ішінде түрлі пікір туғызды: бірі мұны адал экономикалық қадам десе, енді бірі — саясат пен капитал арасындағы жаңа ойынның көрінісі деп бағалайды.
Анықтама: Банкрот (банкроттық) – бұл жеке тұлға немесе заңды тұлғаның (компанияның) өз қарыздарын белгіленген мерзімде өтеуге қабілетсіз екенін ресми түрде мойындау және сот арқылы бекіту жағдайы. Яғни, борышкердің активтері (мүлкі, табысы) оның міндеттемелерін (қарыздарын, несиелерін) жабуға жетпейді.
Шынын айту керек, біздің қоғамда «банкрот» сөзі әлі күнге дейін «сәтсіздік», «жоғалту» деген ұғыммен байланысады. Көп жылдар бойы банкрот болу «ұят» саналып келді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ‑ 2023 жылдан бастап Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Енді азаматтар мен кәсіпкерлер өз қарызын өтей алмайтын жағдайда оны ашық түрде мойындап, қарыздық қысымнан заңды жолмен шығуға мүмкіндік алды.
Бірақ, оны қолданғандар саны қанша екені ешкімге белгісіз боп қалды. Яғни, қазақ қоғамы оны қабылдай алмады – ұят пен намыс жібермеді – десек шын сияқты...
Алайда, әлемдік тәжірибеде бұл түсінік әлдеқашан өзгерген. Дүние жүзі үшін банкроттық – кәсіпкерге екінші мүмкіндік беретін заңды тетік саналады. Сол арқылы бизнесмен бұрынғы қарыздардан құтылып, жаңа парақтан бастауға жол табады.
Нұрбол Назарбаев неге банкрот болды?
Банктерден кредит алып, өтей алмай шаршаған жандар бізде өте көп. Егер олар банкрот болып жатса, ол аяушылықтан өзге эмоция тудырмайды. Бірақ, депутаттар Ринат Заитов пен Ермұрат Бапидың айтуынша «57 млрд теңгесі тәркіленді» деген Нұрбол Назарбаевтың банкроттық туралы шешімін қоғам өзінің санасына сидыра алмай жатыр...
Сондықтан, сарапшылардың біраз бөлігі бұл шешімді жай экономикалық емес, саяси-құқықтық амал деп бағалады. Н.Назарбаевтың өзін банкрот деп жариялауы – мүлікті тәркілеуден қорғау, капиталын заңды түрде қайта құрылымдау тәсілі болуы мүмкін деп айтылуда...
Бұл сөздің жаны бар, себебі, «назарбаев әулеті» өзінің қаржылық пирамидасын басқаруға әлемдік деңгейдегі мамандарды тартып отырғаны көпке белгілі. Бұл да сол тараптан ұсынылған құйтырқы амал болуы әбден мүмкін...
Әрине, егер қоғамда банкроттық мәдениеті қалыптасса, оның жағымды әсері болары сөзсіз. Ал, егер, ол тек байлар үшін «мүлікті сақтап қалудың құралына» айналса, ол қоғамда оған жол беріп отырған билікке деген, жалпы, мемлекетінің болашағына деген сенімді шайқалтады деуге болады. Сондықтан, бұл мәселеде Әділеттілікке және Заңға жүгінгеніміз жөн.
Abai.kz