Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2498 0 пікір 6 Қыркүйек, 2011 сағат 07:53

Жасарал Қуанышәлі. Міндеттемейтін заң - заң емес (жалғасы)

Міндеттемейтін заңның заң емес екендігі кез келген көзі ашық адамға белгілі болуға тиіс .

Осындай аксиоманы дәлелдеуге мәжбүр болған екенбіз, амал жоқ, оны растау үшін  белгілі тарихи фактіге, атап айтқанда - осыдан жарты ғасыр бұрын палестиналық арабтардың қалың ортасында Израиль мемлекетінің пайда болу фактісіне жүгінелік. Мұндай феномен қалайша мүмкін болды? Жауабы тіпті қарапайым: жойылып кеткенінен бері бірнеше мың жыл өткен соң (!) еврей мемлекетін қайтадан құру, дәлірек айтқанда - тірілту кезінде ұлттық, діни және басқа ерекшеліктеріне қарамастан оның барлық азаматтары әу бастан-ақ еш бұлтақсыз орындауға міндетті айқын, тастай заң актілері қабылдануының арқасында. Әйтпегенде, сөз жоқ, бүгінгідей әлем мойындаған қуатты мемлекетке айналмақ түгіл, Израиль "бесіктен белі шықпай жатып-ақ" жойылып кетер еді!

Тек өміршең тіл заңының көмегімен ғана көне еврей тілі - иврит те, ескі еврей жазуы да тірілтіп алыңды. Тек өміршең көші-қөн  заңының көмегімен ғана миллиондаған еврейлер бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен "уәде етілген жерге" қайта оралды (репатриация). Бүгінгі Израиль мемлекеті құрылған 1948 жылы оның халқының, қателеспесем, бар  болғаны 20 пайызы шамасын құраған (қалған 80 пайызы, демек, палестиналық арабтар болатын) бірнеше жүз мың ғана еврейдің саны қазір 4785 мыңға жетіп, ел халқының 80 пайызынан асты!

Міндеттемейтін заңның заң емес екендігі кез келген көзі ашық адамға белгілі болуға тиіс .

Осындай аксиоманы дәлелдеуге мәжбүр болған екенбіз, амал жоқ, оны растау үшін  белгілі тарихи фактіге, атап айтқанда - осыдан жарты ғасыр бұрын палестиналық арабтардың қалың ортасында Израиль мемлекетінің пайда болу фактісіне жүгінелік. Мұндай феномен қалайша мүмкін болды? Жауабы тіпті қарапайым: жойылып кеткенінен бері бірнеше мың жыл өткен соң (!) еврей мемлекетін қайтадан құру, дәлірек айтқанда - тірілту кезінде ұлттық, діни және басқа ерекшеліктеріне қарамастан оның барлық азаматтары әу бастан-ақ еш бұлтақсыз орындауға міндетті айқын, тастай заң актілері қабылдануының арқасында. Әйтпегенде, сөз жоқ, бүгінгідей әлем мойындаған қуатты мемлекетке айналмақ түгіл, Израиль "бесіктен белі шықпай жатып-ақ" жойылып кетер еді!

Тек өміршең тіл заңының көмегімен ғана көне еврей тілі - иврит те, ескі еврей жазуы да тірілтіп алыңды. Тек өміршең көші-қөн  заңының көмегімен ғана миллиондаған еврейлер бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен "уәде етілген жерге" қайта оралды (репатриация). Бүгінгі Израиль мемлекеті құрылған 1948 жылы оның халқының, қателеспесем, бар  болғаны 20 пайызы шамасын құраған (қалған 80 пайызы, демек, палестиналық арабтар болатын) бірнеше жүз мың ғана еврейдің саны қазір 4785 мыңға жетіп, ел халқының 80 пайызынан асты!

Тек осындай қатаң алғышарттар арқасында ғана тіпті еврейлердің өзі иврит тілін білмейінше не жұмысқа (тек мемлекеттік қызмет емес, жалпы жұмыс атаулыға!) тұра алмайтын, не оқуға түсу құқығы жоқ еврей ұлттық мемлекетінің ғажайып тірілуі мүмкін болды. Бұған ұқсас өзге мысалды адамзам тарихы білмейді!

Ал, Қазақстанда мұның бәріне тіпті жуықтайтын да ештеңе көрмейміз: не сол тәрізді қатаң заңдар жоқ, не, тым құрығанда, қолда бар әлжуаз заңдардың өзін қатаң орындау жоқ, не бір ілгерілеу байқалмайды, өйткені сол бағытта жасалған кез келген қадамға жоғарыда көрсетілген "құлақ-мұрын шұнтиту" сценарийі бойынша дереу тосқауыл койылады да тұрады! Оның есесіне үнемі еститініміз - "орыс тіліне Қазақстанда қысым көрсетіліп, олардың қудаланып, қуылып, ығыстырылып, жанышталып жатқаны" жөнінде "орыс отаншылдарының" жаны ышқына байбаламдаған ащы дауыстары. Ал, енді, тіл және көші-қон туралы аса қатал заңдар негізінде өмір сүріп жатқан тап сол Израиль немесе Германия, Франция тәрізді мемлекеттерді айыптамақ түгіл, оларға қырын қарау да ешкімнің басына келмейді. Ол аз болса, бәрі тіпті керісінше - аталған мемлекеттер осы салада "үлгі-өнеге" боп есептеледі, ал  Израиль анау-мынау емес, бүгінгі демократияның "тасқамалы" - Америка Құрама Штаттарының ең жақын досы һәм әріптесі саналады.

Осының бәрін көріп, біліп отырып, мынадай көңілсіз қорытындыға келесің: шамасы, біздің соншама уақыт (ал, он жыл қазіргі буырқанған-бұрқанған озық технологиялар заманы үшін - тұтас бір тарихи кезең!) өзіміздің аяғымызға тұсау салып, өзімізді өзіміз бейшара қылып, тілімізді кім көрінгенге мазақ етіп жүргеніміздің жалғыз себебі - отаршылдық кезден бойымызға әбден сіңген құлдық психологиядан, соның ішінде, әсіресе, өз көлеңкесінен өзі үркетін әсіресақтықтан арыла алмай жүргеніміз болса керек. Әйтпесе, "жуас түйе жүндеуге жөндем" дейтін ата-баба даналығын мансұқтамас едік қой!

Біздің бұл осалдығымызды "орыс отаншылдары" да жақсы біліп алған. Өз ұлттық мүдделеріне бекем өзге мемлекеттерде бұрынғы империялық артықшылықтарынан түгел жұрдай болып, көптің бірі ғана болып отырса да, жұмған аузын ашпайтын бұлардың бізде қит етсе қоқаңдап шыға келетіні де сондықтан.

Меніңше, уақыттың өзі "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңның ЕНДІГІ ЖЕРДЕ КӘДЕГЕ ТОЛЫҚ ЖАРАМАЙТЫНДЫҒЫН, өзгерген заман талаптарына сай өзгертілуге тиістігін айқын дәлелдеп берді. Ешкімді ештеңеге міндеттемегендіктен оның, және де, біз үшін алтыннан да қымбат, ешқандай баға жетпес қазақтың асыл тілін кемсіткені соншалық, оны көлденең көк аттыларға қалай "өткізудің" амалын таптырмайтын "жатып қалған тауар" жағдайына әкеліп отыр! Осыған төзіп жүрген біздер "жаным - арымның садағасы" деп, сірә, әншейін қызыл сөз үшін ғана айтамыз-ау деймін!..

Мұндай масқара жағдайдан абыроймен шығудың жалғыз жолы - ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ РЕТІНДЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҮКІЛ АЗАМАТТАРЫ БІЛУГЕ МІНДЕТТІ деген талапты заң жүзінде бекіту және тәжірибе жүзінде іске асыру! Бұл - мен ойлап тапқан жаңалық емес, әлемдік тәжірибеден шыққан, халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес келетін талап. Мұны Израиль, Германия, Франция мысалдары арқылы жеткілікті дәрежеде дәлелдедік қой деймін.

Тек осы шара ғана қазақ тілінің еш талассыз, толыққанды мемлекеттік тіл ретіндегі болашағына кепілдік бере алады. Ар мен намысты жүн қылатын жалынып-жалпаю түгіл, үгіт-насихат және басқа енжар, бойкүйез (пассив) іс-әрекеттердің өзі (ал, қазір біздің айналысып отырғанымыз - тек осы ғана) - аталмыш шараға қосымша, оның өзінде оған белгілі уақытқа дейін еріп қана жүретін көмекші амалдар ғана...

 

ӨЗ ТІЛІМІЗДІ ӨЗІМІЗ ҚОРЛАТПАЙЫҚ!

Айтпай кетуге болмайтын және бір проблема - қазақша топонимикалық атауларды, ұйымдардың атауларын, сондай-ақ, адамдардың аты-жөнін ОРЫСША АЙТЫП, ЖАЗУҒА байланысты заң ережелері. Бұл саладағы, кешіріңіз, былықтар да өзгелердің қазақтарды өзінің төл Отанында ұлт ретінде қорлап, мазақ қылатын жағдайға қойып жүр.

Заңға сәйкес "тарихи қалыптасқан қазақша атаулар" орыс тілінде транслитерация ережесіне сәйкес, басқаша айтқанда, орыс емілесінде бар әріптермен қазақша түпнұсқаға мейілінше жақын жазылуға тиіс. Ал, қазақша кімі есімдеріне байланысты құжатта бұл  да жоқ.

НЕГЕ БҰЛАЙ БОЛУҒА ТИІС? Бұрын, отаршылдық кезінде осылай қалыптасқандықтан ба? Олай болса, біз тәуелсіздікті не үшін алдық, "тәуелсіз мемлекетпіз" деп несіне ауызымызды қомпайтамыз? Неге біз кезінде жүйкемізді жүн қылып, құтылдырмай қойған, онсыз да әбден мезі қылған, шаршатқан, әбден қорлап біткен отаршылдық дәстүрлерді бүгінгі өзгерген заманда да сары майдай сақтап, тіпті заң күшімен бекітуге тиіспіз?..

Өзіңіз-ақ ойлап қараңызшы: біздер, қазақтар, өз Атамекенімізде жүріп ана  тілімізде де, орыс тілінде де орысша  қандай да болсын атаулар мен есімдерді орыстардың өздері қалай айтып, жазса, тап сол қалпында, түпнұсқа түрінде, еш өзгеріссіз айтып, жазамыз. Мәселен, Владивосток, Ульяновск, Архангельск, Южно-Сахалинск, Благовещенск және басқа елді мекен атаулары, Федоров, Егор Афанасьевич тәрізді аты-жөндер құрамында қазақ тіліне жат дыбыстар, әріптер болса да, біз оларды қазақ тілі заңдылықтарына сай, айталық, Шодырыб, Жагор Апанасұлы деп бұрмалап айтпаймыз да, жазбаймыз да, тап сол қалпында қолданамыз ғой.

Ендеше неге басқалар қазақтың ұлттық атаулары мен есімдерін біздің өз Отанымызда көзімізді бақырайтын қойып... ЗАҢДЫ НЕГІЗДЕ бұрмалап, бұзып айтуға, жазуға құқықты болуға тиіс?!

Күні бүгінге дейін жүйкемізді жұқартып келе жатқан отаршылдық сарқыншақтары - Боровое, Эмба тәрізді елді мекен, жер-су атауларын, Исингарин (неге екенін, тап осы "заңдылыққа" сәйкес Есенинді "Исинин" деп жазып, айтқан біреуді көрсем, көзім шықсын!), Умербаев ("өмірді" өз  мағынасына тікелей қарама-қайшы "умер" нұсқасына ауыстырған "дәстүрге" не дерсіз!) сынды кісі есімдерін былай қойғанда (сол ныспылар иелерінің өздері қалайша бұған төзіп жүр - ол, әрине, өз алдына бөлек әңгіме), орыс тілінде тек қазақ тіліне ғана тән (ә, ғ, қ, ң, ө...) дыбыстар мен әріптердің болмауына орай орысша қанша жақындатып жазам десе де, қазақ сөздері бәрібір бұрмаланып, өзгеріп, кейде бір әрпітің ғана басқаша белгіленуіне байланысты мағынасы мүлде "қисайып" кететінін көзіміз көріп жүр ғой.

Ал, енді, қазақ сөздерінің орысша қалыппен айтылуынан... Құдай сақтасын! Құлаққа түріпідей тиетін нағыз сорақылықтар алдыңнан өріп шыға келеді... Және де мұның көбісі "орысша" екпінсіз буында тұрған қазақтың "О" дыбысы бар сөздеріне байланысты "сапқа тұратыны" бар ғой: Отанымыз - Атанға, Олжасымыз - Алжасқа, Орманымыз - Арманға, Оспанымыз - Аспанға, Оразымыз - Аразға, Ордамыз - Ардаға, Оралымыз - Аралға немесе Қостанайымыз - Қастанайға айналып кете барады! Ертең кезегі келіп Уральскіні Оралға түзете қалсақ, "Арал деме, Орал де!" - деп, жалынып жүретін шығармыз!

Және бір қызығы, байқаған болсаңыз, орыс газеттерінде түрлі шетелдік атаулар (музыка ансамбльдері, түрлі фирмалар, т.б.) көбіне түпнұсқа түрінде, латын әріптерімен жазылады, ал, радио мен теледидардан айтқан кезде де оларды сол шетел тіліндегі қалпын бұзбай, дұрыс айтуға жанын салып жатады! Сонда қалай - шетелдіктердің тілін құрметтеу керек те, ал, өздері нанын жеп, суын ішіп отырған ел, мемлекет халықының тілін құрметтемей, керісінше, оның анау-мынау емес, мемлекеттік тіл екеніне де қарамастан, белінен басып жүре берсе де бола ма?! Және, қайталап айтам, не себептен мүлде ақылға сыймайтын мұндай "құқықты" оларға тәуелсіз Қазақ мемлекетінің өзі заңдастырып беруге тиіс?!

Меніңше, бұлай болмайды, сондықтан ұсынатыным: қазақ сөздерін ауызша айтқан кезде де сол ереженің (қазақтардың орыс сөздерін өзгертпей айтуына сәйкес) сақталуын талап ететін заң нормасын ойластырған жөн. Әлбетте, бұл талап толық мәнінде тек өзгелер қазақ тілін қазіргі қазақтар орыс тілін игергендей дәрежеде үйренген кезде ғана орындалатыны белгілі, сондықтан әзірше жоғарыда келтірілгендей оспадарлықтарға жол бермеу үшін, мәселен, ең алдымен орыс тілді электронды ақпарат құралдарының журналистерінен, әсіресе дикторларынан, қазақ сөзіндегі екпінсіз буындағы (ал, қазақ тілінде екпін сөздің тек қана соңғы буынына түсетін болғандықтан, содан өзге буындардың бәріндегі) "О" дыбысын ОРЫСША ҚАЛЫПҚА САЛМАЙ, СОЛ ҚАЗАҚИ ҚАЛПЫНДА АЙТУДЫ талап еткен абзал. Оларға орыс сөздеріндегі екпінсіз буындағы "О" - "А"-ға айналған кезде сөздің мағынасы бұзылмайтындығын, ал, қазақ сөздерінде жиі бұзылатынын арнайы түсіндіру қажет.

Аталмыш проблеманы шешу үшін, бәлкім, тым құрығанда орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларындағы компьютерлерге қазіргі қазақ әріптерін кіргізу қажет болар. Әрине, бұл шаруа қосымша қаражатты талап ететіні белгілі, бірақ неге мемлекеттік тілге байланысты мәселелерді тек тегін атқарылтын болса ғана қолға алып, басқа жағдайда доғарып қою керек?! Мұндай шаралар, ақыр аяғы, қит етсе қазақ тілі есебінен үнемдеуге дағдыланып алған қазіргі көпшілік психологиясын түп-тамырымен өзгертіп, мемлекеттік тілге деген құрметті қүрт арттыру үшін де қажет.

Тіл заңында назар аударатын баптардың бірі - 21-ші бап былай дейді: "Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немес төменгі жағына орналастырылады".

Біздің елімізде, өкінішке қарай, осы талапты бейне бір өзіне берілген бұйрықты еш ойланбастан орындайтын құлтемір-робот тәрізді қабылдаушылар жыртылып-айырылатындықтан, "Дүкен "Айгүл", "Кафе "Болашақ" (бұдан да тұрпайы түрлері: "Дүкені "Айғұл", "Кафесі "Болашақ") тәрізді жарымжан жазбалар қаптап кеткендігін ескеріп, аталмыш бапқа "Қазақ тілінің заңдылықтарын сақтай отырып" деген нақтылау қосқан дұрыс болар.

Әңгіме соңында жоғарыда айтылған ой-пікір, ұсыныстарға қосымша

 

 

ОЙДА ЖҮРГЕН  ЖӘНЕ БІРНЕШЕ ҰСЫНЫСТЫ

айта кетелік.

1. Тәуелсіздік алғалы бері көз аша алмай келе жатқан бір проблемамыз - елді мекендер мен көшелер атауларын өзгерткен не түзеткен сайын айқай-шу, айтыс-тартыс, ырду-дырдудың астында қаламыз да жатамыз! Және де бұл жәй айқай-шу болса бір сәрі ғой, соның ішінде тағы да қазақтың, қазақ тілінің түрлі мазақ, әжуа, мысқыл объектісіне айналып жүре беретіні, осы жағдайды пайдаланып, небір арам ниеттілердің тағы да біздің ұлттық ар-абырой, намысымызды қорлап қалуға тырысып жататыны! Соңғы мысал - Қарағанды қаласының орысша жазылуын түзетуге байланысты орыс газеттерінің жерден жеті қоян тапқандай дереу әлгіндей жымысқы тірлікке бірімен бірі жарыса кірісіп кетуі: "Операция "Ы" ("Экспресс К", 17.11.2000 ж.), "Куды, куды?.. В Караганды!" ("Эврика", 24.12.2000 ж.). Бұл тек менің көзіме  түскендері және мен, орын алмау үшін, ішінде талай "ит өліп жатқан" әлгі мақалалардың мазмұнына тоқталып отырған жоқпын.

Шамасы, проблеманың осы жағын алдын ала ескерсе керек, кезінде Балтық бойы мемлекеттері, Украина, Молдова, көршіміз Өзбекстан және басқа бірқатар бұрынғы "кеңес республикалары" тәуелсіздік алған соң көп ұзамай ондаған қалалар, жүздеген ұсақтау елді мекендер мен мыңдаған көшелер атауларын бір мезгілде өзгертіп жіберді де, "бас ауруынан" құтылып алды. Меніңше, бұл мәселені шешудің ең дұрыс, ең тиімді, ең төте жолы - осы, сондықтан 99 пайызы отаршылдық кезінде қазақтың ықтиярынсыз орыстанып кеткен қала, елді мекен, көше атауларын өзгерту-өзгертпеу (дәлірек айтқанда - қалпына келтіру) процесін Қазақстанның көптеген аймақтарында патша және кеңес тұсында үлес салмағы келімсектер пайдасына өзгеріп кеткен "жергілікті тұрғындар ықтиярымен санасу" принципіне салмай, жеке-дара Президент жарлығымен шешкен дұрыс. Әрине, оны алдын-ала мұқият дайындап және жұртшылық арасында кең көлемді тарихи-танымдық һәм қоғамдық-саяси түсіндіру шараларын қамтамасыз ете отырып. Басқасын айтпағанда, ұлттық ар-намысты қорлаудың жолын кесу - ол да аз пайда емес...

2. Көп жағдайда, әсіресе түрлі анкеталық сараптамаларда, өзге ұлттар өкілдерінің Қазақстаннан кету себептері арасында "Қазақ тілін үйреніп, білу қажеттігі" (және де бұл  осы мазмұндағы уәждердің ең жұмсақ нұсқасы десе де болады) бейне бір көңілге қонатын, дәлелді, қалыпты себеп тәрізді айтылып жатады. Ал, енді, маған салсаңыз, бұл - барша қазақтың көзін бақырайтып қойып, ұлттық ар-намысты қорлау! Бұл дүниеде бәрі салыстырған кезде айқындалатыны рас болса, көз алдыңызға елестетіп көріңізші: Ресейден кетіп бара жатқан әлдебір қазақ мұның себебін... орыс тілін үйреніп, білу қажеттілігімен түсіндірсе, соны естіген орыс өзін қалай сезінер еді? "Мені сенің Отаныңнан кетуге мәжбүр етіп отырған осы жер мен елдің иесі - сенің тілің!" - дегеннен артық қандай қорлау болуы мүмкін?

Сондықтан, меніңше, әлгіндей сөздерді тиісті заң орындары қазақтардың ұлттық ар-абыройын қорлау ретінде бағалап, оларды таратқан адамдар мен хабар-ошар құралдарын соған сәйкес жауапкершілікке тартып отырса, сауап болар еді.

3. Өзім жақсы көретін ақын ағам Қадыр Мырзалиевтің (иманды болсын! - Ж.Қ.) қазір көше-көшеге көрнекті етіп іліп қоятын дәрежеге жеткен бір өлең шумағы бар. Ол:

Ана тілің - арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

Сіздерді қайдам, ал, менің осы сөздерді оқыған сайын ішімде бір наразылық тұрады да қояды. Логикалық тұрғыда келісе алмаймын! Неге мен өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімді тек құрметтеуім ғана керек? Логика бойынша, онсыз да бүгінгі қазақтың жағдайы осыған келеді емес пе? Бізге қазір жетіспей жатқаны - басқа тілді, тілдерді білу емес, ең алдымен өз тілімізді білу ғой!

Кезінде Гегель: "Білімділіктін ең басты факторы туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады", - деген екен. Ендеше барша қазақ істі ең алдымен өз тілін әрі біліп, әрі құрметтеуден бастаса, тіпті құба-құп болар еді!

 

«Абай-ақпарат»

(Соңы)

 

P.S. Мақала «Егемен Қазақстан» газетінде 2001 жылдың 23-қаңтарында жарияланған. Автордың өтініші бойынша «Abai.kz» ақпараттық порталында қайыра жарық көріп отыр.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434