Қазақта ұлттық буржуазия бар ма?
Тарихи тамыры терең кез келген елде ұлттық буржуазия мемлекеттің тірегі, іргетасы болып саналады. Олар, тіпті, бүкіл мемлекеттік құрылымда ірі саяси-экономикалық потенциалы арқылы шешуші рөл ойнайды. Елдің негізін құрайтын ұлттан бастау алатын осы топ, ұлттың елдің белгілі кезеңінде жан-жақты дамуы үшін ықпалға да ие бола алады. Кезінде қазақ даласындағы ірі феодалдар ру-тайпаның қорғаны болу арқылы, ұлттың ұйытқы күшіне айналды. Ал 300 жыл жалғасқан отарлық езгіден енді ғана еңсесін көтерген Қазақстанда ұлттық буржуазияның қабырғасы биік қаланып, бағыты айқындалып үлгерді деуге бола ма? Жалпы, қазақта ұлттық буржуазия бар ма?
Аманкелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:
Тарихи тамыры терең кез келген елде ұлттық буржуазия мемлекеттің тірегі, іргетасы болып саналады. Олар, тіпті, бүкіл мемлекеттік құрылымда ірі саяси-экономикалық потенциалы арқылы шешуші рөл ойнайды. Елдің негізін құрайтын ұлттан бастау алатын осы топ, ұлттың елдің белгілі кезеңінде жан-жақты дамуы үшін ықпалға да ие бола алады. Кезінде қазақ даласындағы ірі феодалдар ру-тайпаның қорғаны болу арқылы, ұлттың ұйытқы күшіне айналды. Ал 300 жыл жалғасқан отарлық езгіден енді ғана еңсесін көтерген Қазақстанда ұлттық буржуазияның қабырғасы биік қаланып, бағыты айқындалып үлгерді деуге бола ма? Жалпы, қазақта ұлттық буржуазия бар ма?
Аманкелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:
Иә
- Ұлттық буржуазия бар. Біздің қоғамды әлеуметтік құрылымы жағынан саралап көрсек, 5 пайызға дейін байлар бар. Сол байларды ірі буржуазиялық топ деп айтуға болады. Олар, негізінен, қазақ ұлтының өкілдері. Ірі байлар мен орта таптың арасында ірі бай деуге деңгейі жетіңкіремейтін, орта тап деуге табысы олардан молырақ бір топ бар. Оларды орта буржуазия деуге келеді. Бүгінгі кәсіпкерлердің бәрін буржуазия деп атау лайық бола қоймас. Дегенмен Кеңес Одағы ыдырап, социалистік жүйе тарағаннан кейін, меншіктің түрлері көбеюі арқылы буржуазия пайда болды. Біздегі алғашқы буржуазия өкілдері негізінен кәсіпкерлер, банкирлер жалпы олигархтардан тұрады. Басым көпшілігі ашқарақ, әлі де болса қалталары қалың болғанымен, мәдениеттері жұқалау, ұлтына деген жанашырлығы аз топ болып тұр.
Буржуазия өкілдері Үкіметтегі шенеуніктердің арасында да жүр, мемлекеттік қызметте істейтіндердің ішінде жеке кәсіптері бар адамдардың қатары аз емес. Шындығында, ашық түрдегі байларымызды біле алмай жүрміз. Бәрі жасырын. Кімнің қандай дәулетінің барлығы ашық айтылып, халық мынау Джон Рокфеллер, мынау Билл Гейтс деген секілді біліп отырса. Сондай ашықтыққа, жариялылыққа жете алмай жатырмыз. Біздікілер негізінен табиғи шикізат көздерінен табыс тауып отырған байлар. Олар тауар өндіріп, үлкен зауыттар құрып, өндірісте аты шығып жатқан жоқ. Өйткені елімізде табиғи байлық емес, тауар өңдейтін кәсіпорын, табан тірейтін ірі өндіріс орны аз. Дағдарыс келгенде кімді бірінші құтқардық? Қаржы саласындағы банкирлерге ақша бөлдік. Ана зауытқа жәрдем берейік, мына өндіріс орнына қаржы құяйық деп айта алмадық. Негізінен ұлттық буржуазияны еліміздің экономикасына үлес қосушы, орта тапқа негіз болатын, өндіріс саласын жандандыратын және тауар өндіретін топ деуге болады. Олар шын мәнінде нарықтық экономикада өзінен-өзі қалыптасқан, адал еңбегімен жетістікке жеткен болуы керек. Америкалық Теодор Драйзер деген жазушының «Америкалық трагедия» деген романында «бәрібір, аяқкиім тазалайтын американдық түптің түбінде бай бола алады» дейді. Яғни буржуазияның қатарына қосылады. Тірнектеп ақша жинап, оны іске қосып, ірі бай атанады. Сосын ол да бір кезде осындай дағдарыс заманына тап болып, құлдырайды. Оның орнына басқалары келеді. Осылай алмасып жатады. Өмір бойы бір адамның маңдайына байлықты жазып қоймайды ғой. Себебі бәсекелестік болған жерде біреуін келесісі ығыстырып шығарады. Бірақ бәрін ақылмен, парасатпен, ептілікпен істеген жөн. Сөйтіп, байлар орын алмастырса да, экономика ілгері жылжып, жұмыс орны ашылып жатады. Әйтсе де біз ондай деңгейге әлі жете алмай жатырмыз. Мүмкін тарих бізге аз уақыт беріп жатқан шығар. Экономикамызда тазалық, жариялылық болса, тауар өндірушілерімізді қолдасақ ондай өреге жету қиын емес. Біздің бүкіл Еуропаға аты шыққан ет, қазы-қарта, қымыз өндіретін кәсіпкерлеріміз болуы, кеңінен танылуы әбден мүмкін. Қалай десек те, соған тырмысып жүрген ұлттық буржуазия бар.
Берік ӘБДІҒАЛИЕВ, саясаттанушы:
Жоқ
- Ұлттық буржуазияны қазір орта тап деуге болады. Ал менің түсінігімдегі ұлттық буржуазия - ұлт үшін жауапкершілік арқалауға дайын болуы керек. Бүгінгі күні біздің елдегі ірі өндіріс орындарының иесі болып отырған кәсіпкерлер, олигархтар негізінен ұлттық жобалармен айналыспайды. Қазақи топтар көбінесе шағын-орта бизнестің маңайында жүр. Олар тек стихиялы түрдегі ұлттық жобалар жасаумен шектелуде. Мысалы, біреуі байыса, ауылына барып мешіт соғады. Одан байығандары облыс орталығына барып мешіт салады. Олар үшін бұл - өзіндік ұлттық жоба. Кейбіреулері ауыл мектебіне, мәдениет үйіне керекті жабдықтар алып, көмектеседі. Болмаса, ұлттық спортқа демеушілік жасайды. Айтайын дегенім, мұның бәрі қоғамға аса қажет дүниелер.
Бірақ мұны ұлттық буржуазия деңгейінде істелген іс деп атауға келе қоймас. Ұлттық буржуазия болса, шағын істер емес ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі аса ірі жобаларды қолға алуға қауқарлы болуы қажет. Бізде ондай бағытты қаржыландыратын топтың әлі қалыптаспағаны байқалып қалады. Сондықтан да шағын-орта кәсіп иелерінің үлкен жұмыстарға шамасы келе бермейді. Ал ірі кәсіпорындар ұлттық санадағы кәсіпкерлердің қолында емес. Ондай үлкен кәсіп иелерінің қаны қазақ болғанымен, ұлтқа бүйрегі бұрылатындар жоқ десе де болады. Олардың көбі қалада өскен, қала арқылы орыс, Батыс мәдениетін алғандар. Олар, тіпті, ұлттық жоба дегенді түсінбейді. Ұлттық жобадан гөрі оларға Элтон Джонды немесе Алла Пугачеваны алып келіп, тойында ән айтқызғаны артық. Сол ақшаға керемет мультфильм, болмаса рухты көтерер тамаша көркем кино түсірудің, тарихи тұрғыдағы зерттеу-ағарту жұмыстарын жүргізудің орнына олар өзінің жеке басының атын шығаратын іске ұмтылады. Бірақ олар да салығын төлейді, Үкіметтің айтқанын екі етпейді. Тұрмысы төмен әлеуметтік топтарға аз да болса қарайласып, мерекелерде асханада дастархан ұйымдастырып дегендей, тамақ бірдеңелерін береді. Ол әлеуметтік жауапкершілікке жатады. Ал одан басқа, ұлттық жауапкершілік деген бар. Міне, ұлттық буржуазиялық топтың деңгейі әлеуметтік жобаларды емес, ұлттық, былайша айтқанда идеологиялық жобаларды қаншалықты қолдайды, осыдан байқалады. Мысалға, Қасым ханның ескерткіші бізде болу керек пе? Керек. Осындай хан-батырларымыздың ескерткіштерін қойып, сол арқылы тәрбие жұмыстарын жүргізсек үлкен жетістік болар еді. Тек ескерткіш қана емес, ұлттың дамуына байланысты әртүрлі күрделі проблемалар баршылық. Мысалға тіл тағдырын алайық. Онымен кәсіпкерлер неге айналыспайды? «Неге салық органдары қазақша есеп бермейді, бүкіл қаржы жүйесі неге мемлекеттік тілде емес» деп мәселе көтерсе қайда жүр. Басқаны былай қойғанда, үлкен кәсіп иелері өздерінің ішінде барлық қағаз-құжаттар мен сөйлесулердің бәрін қазақша жүргізуге болады ғой. Үлкен мекеме өкілдері, банк иелері келген адамдармен қазақша сөйлессе, кім оған заң бұзды дей алады? Ұлттық буржуазия деген осындай жауапкершілікті мойнына алуы керек. Ұлттың болашағына алаңдап, «ұлтымыз қалай дамып жатыр?», «Заманға сай болар қазақтың сапасы қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеп, ұлтымыздың қасиеттерін ұштайтын жобаларға атсалысса, міне, сол нағыз ұлттық буржуазия. Үлкен кәсіпкерлерден, қаржылық топтардың өкілдерінен қазақы иіс аңқып тұрса, әр тиынын қазағым деп жұмсаса соларды шынайы ұлттық буржуазия дер едім. Өкінішке орай, бізде ондай ұлттық буржуазия жоқ. Тек енді-енді қалыптасып келе жатқан, жұқанасы ғана байқалады.
Бейтарап пікір
Әбдіжәлел БӘКІР, саясаттану докторы
- Бүгінгі күні ұлттық буржуазияның өкілдері жоқ деуге бола қоймас. Қалыптасып жатыр. Кезіндегі Алаш партиясының бағдарламасында жазылғандай, олардың негізгі бағыты - буржуазиялық, демократиялық республика құру болатын. Егер олай болады екен, біз буржуазия ұғымынан қашпауымыз керек. Бірақ сол буржуазия қалай және қандай жолмен қалыптасып жатыр дегенде, мәселе басқаша болуы мүмкін. Мысалы, шетелдегі ұлттық буржуазияның қалыптасуы, зауыт-фабрика секілді шағын-орта кәсіпкерліктің негізінде жүрді. Өркениетті елдерде орта тап 50-60 пайыз болса, бізде 2002 жылғы есеп бойынша 20 пайыздай ғана екен. Өзінің жеке меншігі бар, содан табыс тауып отырған адамда белгілі мөлшерде буржуазиялық сипат бар. Бірақ Еуропа елдеріндегідей ұлттық буржуазия қалыптасты деп айту өте қиын. Бізде олар өте әр текті. Меніңше, нарыққа енді қадам басып жатқан елде әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Мұның бәрі сабасына түсіп, белгілі бір ұлттық буржуазия қалыптасып, қоғамда қызмет атқарғанша әлі де дайындық қажет болады.
Дайындаған Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ, Астана
«Алаш айнасы» газеті 19 маусым 2009 жыл