Талғат Теменов: Абайды шетелдік шүрегейлер емес, өзіміз түсіруіміз керек!
Өткенде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жария болды. Онда Абайдың 175 жылдығын орай Абай туралы фильм түсіру керектігін айтты. Абай туралы фильм қандай болуы керек? Оны кім түсіруі керек? т.б. Біз Қазақстанның халық әртісі, режиссер, киносценарист Талғат Теменов мырзаны сөзге тартып, сұхбат құрдық.
- Талғат аға, өткенде ғана президент Қ.Тоқаев Абай туралы мақала жариялап, онда Абай туралы фильм түсіру керектігін айтты. Әуелі осы жайында пікіріңізді білсек...
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайды еске алып, оған қайта айналып соғып жатқаны үлкен қуаныш. Өздеріңіз білесіздер өткен жылы ол кісі Абай өлеңдерінен эстафета жасап, Абайдың 175 жылдығына ерекше көңіл бөлетінін айтты.
Меніңше, Абайға күнде оралып тұрсақ та артық болмайды. Өйткені Абай - біздің рухани темірқазығымыз. Ол біздің ар-ожданымыз. Сондықтан Абай туралы деректі, көркем кино түсіру, спектакльдер қою өте қуанарлық нәрсе. Өйткені қазіргі ұры-қары толып кеткен, жемқорлық жайлаған қоғамда Абайдың рухани мұрасы бізге ауадай қажет. Себебі, сол қылмысты жасап отырғандар Абайды оқымағандар дер едім. Әйтпесе, Абайдың кез-келген өлеңі сол тоғышарларға арналған.
- Абай туралы фильмді кім түсіру керек?
- Мен өткен жетіде "Қазақфильмге" бардым. Сонда Абай операсын ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің түсіретінін естідім. Біреулер солай деп ұсыныс айтыпты-мыс. Бірақ, оны кім айтқанын білмейміз. Мұны біреулер Наталья Орынбасарованың алдында жақсы аттану үшін айтты ма немесе Мәскеуден маман шақырттық деп мақтану үшін айтты ма, білмеймін.
Көзіміздің қарашығы - Абайды қазақ режиссерлеріне сенбей, сырттағы біреуге береміз деген ойдың өзі қауіпті. Бірақ, бұл өте ұят нәрсе. Сонда, бізде сол операны түсіретін адам жетпей қалып па? Мен мұны даңғаза, атаққұмарлық деймін.
Егер Манас туралы фильм түсірілсе, оны тек қырғыздар түсіреді. Сол сияқты Абай туралы киноны да тек қана қазақ режиссері түсіруі керек.
Мәселен, Пушкин түсірілетін болса, оны тек қана орыс түсіруі керек. Бальзак болса, оны тек қана француз түсіруі керек. Мысалы түріктер неге өз сериалдарын өздері түсіріп жатыр. Кемал Ататүрікті кім түсіреді? Түріктер түсіреді. Сол секілді неге Абайды басқа адам түсіруі керек?! Мен соны түсінбеймін. Бұл Абайдың аруағын сыйламау деген сөз. Бұл масқаралық. Бұл соқыркөз шенеуніктердің істеп отырғаны. Бұл креслосын бір күн сақтап қалғысы келіп отырған адамдардың істеп отырғаны. Бұл халықтың қаржысы, сондықтан халықтың режиссері түсіру керек!
Тағы бір айтарым - былтыр "Ұлттық киноны дамыту орталығы" дейтін құрылып, оған Гүлнара Болатовна Сәрсенова дейтін ханым келіпті. Оның қазақ киносына қайтіп жаны ашитынын білмеймін. Өйткені олардың өндіріске жіберіп жатқан киноларының біздің ұлттық киноға қатысы жоқ. Мемлекеттік тілде, қазақ тілінде сөйлей алмайтын адам Абайды қайтіп оқиды? Бұл масқара емес пе?! Бізге Абайды тәржімадан оқитын адам емес, бізге Абайды түпнұсқадан, қазақ тілінде оқитын адам керек! Бұл бүгінгі өмірдің заңы! Бұл Абайдың заңы! Баяғыда бір ескі айтқан екен ғой, "бір қойымның сойылары хақ. Кім сойса да қасапшы сойсын" деп. Сол айтпақшы, Абай да айтар ма еді, "Мені кім түсірсе де - менің тілімді, менің ділімді, менің жанымды, менің рухымды, менің ойымды түсінетін адам түсірсін" деп...
- Бұл фильмді шеберлікпен түсіреді деген бір-екі адамның атын атай аласыз ба?
- Оны қазақ режиссерінің Абайға жақыны түсіреді. Қалыптасқан, Абайды түсінетін, оның философиясын түсінетін адам түсіруі керек! Ол үшін бірақ нәрсе - кәсіби мамандар керек. Және ол қазақтың дәстүрін, тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын, психологиясын, болмысын білетін, соның ішінде Абайдың жанын түсінетін адам болу керек. Абай оның пірі болу керек. Жамбыл: "Менің пірім - Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай" дейді, сол секілді кім түсірсе де, "Менің пірім - Абай" деп бастауы керек.
- Ал, фильм, фильмнің айтар ойы қандай болу керек?
- Абайдың кез-келген қара сөзі бір-бір киноға лайық нәрсе. Оның кез-келген өлеңінен бір-бір кино жасауға болады. Жалпы, біз Абайды тек ақын ғана емес, үлкен философ ретінде, онда да тек өткен ғасырдың философы емес, осы заманның да, келер ғасырдың да ұлы ойшылы ретінде көрсетуіміз керек. Сол ойшылдың өз заманында көрген қиындығы, азабы, қорлығы, махаббаты, тағдыры, шығармашылық жолы, оның тобырмен алысуын көрсетуге тиіспіз. "Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма" деген Абай философиясына мән беруге тиіспіз. Әрине, Абайдың балалық кезі бар, жастық шағы бар, махаббат кезеңі бар, Тоғжан мен Айгерімге кездескені бар. Оның бәрі бөлек-бөлек әңгіме. Бірақ, қазіргі күнге мыңмен жалғыз алысқан Абай керек.
- Осыған дейін де Абай туралы түсірілді. Және бір емес... Олар жайлы не дейсіз?
- Енді өткенге тас атып керегі жоқ. Әртүрлі кинолар болды. Бірақ, маған жаныма жақыны - Қалибек Қуанышбаев ойнаған Абайдың киносы ғана.
- Егер осы фильмді түсіру туралы ұсыныс сізге айтылса ше?
- Неге болмасын? Шәкен Айманов осы Абайды түсіремін деп жүріп, Мәскеуде қайтыс болып кетті ғой. Неге түсірмеске? Абайды бір адам білсе мендей-ақ білсін. Ұсынып жатса түсіруге дайынмын. Бірақ, біздің пысықайлар оған мүмкіндік бере ме, білмеймін. Өйткені мен олардың айтқанына көнбеймін. Менің өз Абайым бар. Ал, оларға "Мәскеуден шақырдық", "Америкадан шақырдық" деген атақ керек шығар...
- Егер ұсыныс түссе, сізге бұл фильмді түсіру үшін қанша қаражат керек?
- Оны продюсерлер біледі ғой. Бірақ, Абайдан аяған ақшаны ит жесін.
- Рахмет аға!
Сұхбаттасқан Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz