Сенбі, 23 Қараша 2024
4609 6 пікір 13 Қаңтар, 2020 сағат 10:50

Иранда наразылар биліктің отставкаға кетуін талап етті

11 қаңтарда Тегеранда жұрт наразылыққа шығып, аятолла Әли Хаменеидің биліктен кетуін талап етті. Бұл туралы халықаралық ақпарат агенттіктері мен Иранның жергілікті сайттары хабарлады. Ирандағы ақпарат құралдары ел билігіне қарсы акциялардан хабар тарата бермейді.

Сенбідегі наразылыққа Иран Ислам революциясы жасағы корпусының украиналық жолаушылар ұшағын ракетамен атып түсіргенін мойындауы себеп болды.

Fars агенттігі наразылық кезінде жұрттың 3 қаңтарда АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде қаза тапқан "Құдс" күштерінің генералы Касем Сүлейманидің суретін жыртқанын хабарлады. Иран агенттіктері наразылыққа мыңға жуық адам қатысқанын айтады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter желісінде парсы тілінде пост жариялап, наразыларды қолдады.

"Басынан талай қиындық өткерген қайсар Иран халқын президент болғалы қолдап келемін. Біздің үкімет сіздерді әлі де қолдай береді. Наразылықтарыңызды бақылап отырмыз. Сіздердің қайсарлықтарыңыз қуантады" деп жазды Трамп.

Ирандағы адам құқығы белсенділерінің ақпарат агенттігі (HRANA) наразылықтан видео жариялап, полицияның наразыларды көзден жас ағызатын газбен қуғанын хабарлады.

Наразылық шарасы Тегераннан бөлек, Исфахан, Хамадан, Рашт, Сари және Бабыл қалаларында болғаны айтылады.

3 қаңтарда Иракта АҚШ ирандық әскербасы Касем Сүлейманидың көзін жойып, оқиға жауапкершілігін мойнына алғаннан кейін Иран 8 қаңтарға ауған түні "кек қайтару" үшін Американың Ирактағы екі базасын зымырандармен атқылаған. Осы оқиғадан бірер сағат өткенде Тегераннан Киевке ұшып шыққан украиналық ұшақ санаулы минуттан соң Иран астанасы маңына құлады. МАУ компаниясының Boeing 737 ұшағындағы 176 адамның барлығы қаза болды. Ұшақта жеті елдің азаматы болған. Оның ішінде көбі – Иран азаматы. Одан кейін аталатын Канада азаматтарының дені – Канада азаматтығын алған ирандықтар. Оқиға тексерілмей жатып, бірден ұшақтың "техникалық себептен құлағаны" туралы ақпарат тараған.

Ал 9 қаңтарда АҚШ-тың ресми өкілдері мен Канада премьер-министрі Жастин Трюдо Тегеран маңында құлаған ұшақты "Иран зымыраны атып түсіргенін" мәлімдеді.

11 қаңтарда Иран билігі ұшаққа зымыран тигенін мойындап, мұны "адам қателігі" деп атады.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470