Дүйсенбі, 2 Қараша 2026
Өзекті 242 0 пікір 2 Қараша, 2026 сағат 13:12

Рәміздің мағыналық табиғаты

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

«Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» рәміз сөзіне: «1. Белгілі бір адамдар тобы үшін шартты мағынасы бар заттай белгі; 2. Символ (грек. symbolon)» деген анықтама берілген (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. XII том. О-С. – Алматы, 2011. – 456-б.).

Бұл анықтамада рәміздің бірнеше сипаты қамтылған. «Заттай белгі» тіркесі оның материалдық пішінін, «белгілі бір адамдар тобы үшін» деген тұжырым әлеуметтік ортаға ортақ мағынасын, ал «шартты мағынасы бар» деген анықтама сол мағынаның қоғамдық таным негізінде қалыптасатынын білдіреді. Демек, сөздік рәмізді белгілі бір әлеуметтік қауымдастық үшін шартты мәнге ие заттай белгі ретінде түсіндіреді.

Алайда мұндай түсіндіру рәміздің табиғатын материалдық белгі мен шартты мағына аясында ғана қарастырады. Оның тарихи-мәдени, идеялық және қоғамдық-саяси мазмұнын назардан тыс қалдырады. Рәміз – жай ғана заттай белгі емес, қоғамдық санада орныққан құндылықтар мен идеяларды білдіретін күрделі мағыналық құрылым. Сондықтан аталған анықтама рәміздің семиотикалық қырын сипаттағанымен, оның семантикалық мазмұны мен қоғамдық-мәдени қызметін жан-жақты ашып көрсетпейді.

Ең алдымен, «заттай белгі» ұғымының семантикалық табиғатын айқындау қажет. Бұл тұжырым рәміздің материалдық пішінін алдыңғы орынға шығарып, оның қолданылу аясын белгілі бір деңгейде шектейді. Айта кету керек, рәміз тек заттық нысан түрінде ғана өмір сүрмейді. Ол түс, дыбыс, сөз, кескін, графикалық бейне және басқа да пішіндер арқылы көрініс табады. Осыған байланысты «заттай белгі» терминін қате деп санауға негіз жоқ. Дегенмен бұл ұғым рәміздің барлық түрлерін қамтымайды және оларды құқықтық реттеудің ерекшеліктерін жеткілікті дәрежеде көрсетпейді. Мәселен, мемлекеттік Ту – материалдық нысан, ал оның құрамындағы көгілдір түс, күн мен қыран бейнесі – белгілі бір идеялық және қоғамдық мазмұнды білдіретін рәміздік элементтер. Олардың мәні сыртқы пішінінде ғана емес, сол пішіндерге тарихи және мәдени таным арқылы орныққан мағынада жатыр. Осыған орай рәміздің заттық пішіні мен рәміздік мазмұнын өзара ажырата қарастыру керек. Оны тек «заттай белгі» ретінде түсіндіру рәміздің семантикалық табиғаты мен мазмұндық ерекшеліктерін толық ашпайды.

Анықтамадағы «шартты мағынасы бар» деген тұжырым да тереңірек түсіндіруді қажет етеді. Семиотикалық тұрғыдан алғанда, шарттылық белгілі бір пішін мен оның білдіретін мағынасы арасында міндетті түрде табиғи немесе себеп-салдарлық байланыстың болмауын білдіреді. Сонымен бірге бұл мағынаны кездейсоқ немесе жасанды сипатта деп бағалауға болмайды. Керісінше, пішін мен мағынаның байланысы қоғамдық-мәдени таным арқылы орнығады. Мәселен, көгілдір түс өздігінен тәуелсіздік пен егемендіктің мағынасын білдірмейді. Оның мемлекеттік рәміз құрамында аталған мазмұнға ие болуы тарихи тәжірибе, қоғамдық сана және мәдени түсініктер арқылы қалыптасады. Дегенмен рәміздің мағынасын тек шартты келісімнің нәтижесі деп қарастыру да біржақты болар еді. Өйткені көптеген рәміздердің мазмұны халықтың тарихи жадынан, дүниетанымынан, мәдени дәстүрі мен рухани тәжірибесінен бастау алады. Мысалы, күн, бүркіт, тау немесе бәйтерек бейнелерінің рәміздік мәні олардың табиғи болмысымен ғана шектеліп қалмайды, белгілі бір мәдени ортада орныққан тарихи-рухани түсініктермен толығады. Демек, рәміздің мағынасы шарттылықпен қатар тарихи-мәдени сабақтастық арқылы да айқындалады.

Сөздік анықтамасындағы «белгілі бір адамдар тобы үшін» деген тіркес те рәміздің әлеуметтік сипатын көрсеткенімен, оның қоғамдық ауқымын жан-жақты ашпайды. Рәміз белгілі бір шағын топтың ғана емес, тұтас халықтың, ұлттың, мемлекеттің немесе мәдени қауымдастықтың ортақ танымында орнығады. Мұндай жағдайда ол жеке адамдарға ортақ түсінікті ғана емес, ұжымдық тарихи жадты, рухани құндылықтар мен ұлттық бірегейлікті де білдіреді. Сондықтан рәміздің мағыналық табиғатын түсіндіруде оның қоғамдық санада орнығуы мен тарихи-мәдени мазмұнын ескеру қажет.

Рәміздің мағыналық табиғатын ашуда оның сыртқы пішіні мен ішкі мазмұнының арақатынасы айрықша мәнге ие. Рәміздің сыртқы пішіні – белгілі бір мағынаны жеткізетін көрнекі немесе дыбыстық көрінісі. Ал ішкі мазмұны – сол пішін арқылы берілетін тарихи, мәдени, рухани, идеялық және қоғамдық мағыналардың жиынтығы. Бұл екеуі бір-бірінен ажырамайды, бірақ бір ұғымды да білдірмейді. Сыртқы пішін рәміздің қабылдануына мүмкіндік берсе, ішкі мазмұн оның қандай құндылықты немесе идеяны танытатынын айқындайды. Мәселен, мемлекеттік Тудың матадан жасалған материалдық пішіні бар. Алайда оның рәміздік мазмұны матаның өзінен емес, ондағы түс пен бейнелердің тарихи-мәдени және мемлекеттік мағынасынан туындайды.

Рәміздің тағы бір маңызды ерекшелігі – оның мағыналық көпқабаттылығы. Бір рәміз бір мезгілде бірнеше өзара сабақтас ұғымды білдіруі мүмкін. Мәселен, белгілі бір бейне тарихи оқиғаны, ұлттық дүниетанымды, рухани құндылықты және қоғамдық бірлікті қатар таныта алады. Бұл мағыналар бір-біріне қайшы келмей, біртұтас рәміздік мазмұн қалыптастырады. Сондықтан рәмізді бір ғана ұғымның баламасы ретінде түсіндіру оның мағыналық мүмкіндігін тарылтады. Рәміз белгілі бір идеяны тікелей атаудан гөрі, сол идеямен байланысты тарихи және мәдени түсініктерді жинақтап жеткізеді.

Рәміздің мағыналық мазмұны тарихи даму барысында толығып, қоғамдағы өзгерістерге сәйкес жаңаша сипатқа ие болады. Оның бастапқы кезеңде қалыптасқан тарихи мәні сақталғанымен, кейінгі ұрпақтың дүниетанымы мен қоғамдық тәжірибесі осы мазмұнды өзгеше тұрғыдан пайымдауға негіз болады. Нақтырақ айтқанда, рәміз өткен тарихи оқиғаларды бейнелейтін белгі ғана емес, тарихи жад пен қазіргі қоғамдық сананы байланыстыратын мәдени құбылыс ретінде көрініс табады. Сонымен қатар ол ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты нығайтып, белгілі бір қауымдастыққа ортақ құндылықтардың сақталуы мен ұрпақтан ұрпаққа берілуіне ықпал етеді.

Бұл тұрғыдан алғанда, сөздікте берілген анықтаманың басты шектеуі – рәміздің сыртқы пішінін сипаттауға басымдық беріліп, оның көмегімен жеткізілетін ішкі мағыналық мазмұнның ашылмауында. Рәміздің басты ерекшелігі де осында: оның сыртқы көрінісі белгілі бір мағынаны білдіру құралы болса, сол мағынаның тарихи, мәдени және қоғамдық тәжірибе негізінде қалыптасуы рәміздік мазмұнын айқындайды. Яғни кез келген зат немесе бейне рәміз бола алмайды. Ол белгілі бір идеялық, тарихи немесе мәдени мазмұнға ие болып, қоғамдық санада сол мағынаның көрінісі ретінде танылғанда ғана рәміздік сипатқа ие болады. Сондықтан рәмізді тек заттай белгі немесе белгілі бір ұғымды бейнелейтін көрініс ретінде қарастыру оның күрделі табиғаты мен мағыналық мазмұнын жан-жақты ашуға мүмкіндік бермейді. Оның мәні – сыртқы пішін мен ішкі мағынаның бірлігінде, ал ерекшелігі – белгілі бір тарихи-мәдени мазмұнды білдіріп, оны қоғамдық санада орнықтыру қабілетінде. Рәміз халықтың өткенін бүгінмен жалғастырып, тарихи жадын, дүниетанымы мен рухани құндылықтарын танытатын мағыналық құбылыс ретінде бағалануға тиіс.

Осыған байланысты рәміз ұғымын кең мағынада қарастырып, оның сыртқы пішіні мен ішкі мазмұнын өзара бірлікте қамтитын анықтама қалыптастыру қажет. Себебі рәміздің мәнін айқындайтын негізгі өлшем оның сыртқы көрінісі ғана емес, сол арқылы жеткізілетін тарихи, мәдени, рухани және идеялық мазмұны болып табылады. Бұл мәселені теориялық тұрғыдан пайымдау «рәміз», «нышан» және «белгі» ұғымдарының мазмұндық ерекшеліктерін саралап, олардың өзара арақатынасын анықтауға мүмкіндік береді.

Рәміздің мағыналық табиғатын ашу үшін оны нышан ұғымымен салыстыра қарастыру қажет. Өкінішке қарай, қазіргі тілдік қолданыста «рәміз» бен «нышан» сөздерін бірінің орнына бірін пайдалану жиі кездеседі. Мұндай қолданыс олардың мағыналық ерекшеліктерін көмескілендіріп, терминологиялық дәлдіктің сақталуына кері әсер етеді. Алайда бұл екі сөздің білдіретін мазмұны мен атқаратын қызметі бірдей емес. Нышан – белгілі бір заттың, құбылыстың немесе үдерістің сипатын, ерекшелігін, бар екенін не өзгерісін аңғартатын белгі. Оның мағынасы көбіне белгілі бір құбылыстың сыртқы көрінісіне, байқалған сипатына немесе соған тән ерекшелікке қатысты қалыптасады. Орыс тіліндегі баламалары қолданыс аясына қарай «признак», «примета», «симптом», «предвестие», «проявление», «отличительная черта» сөздерімен беріледі. Мәселен, «өзгерістің нышаны», «жаңарудың нышаны», «аурудың нышаны» деген тіркестерде бұл сөз белгілі бір құбылыстың белгісін, алғашқы көрінісін немесе байқалған сипатын білдіреді. Бұл қолданыста нышан құбылыстың белгілі бір сипатын немесе көрінісін аңғартады. Дегенмен нышан ұғымы да тек тікелей мағынамен шектелмейді. Ол ауыспалы және астарлы мағынада қолданылып, белгілі бір құбылыстың, ұғымның немесе қасиеттің мәнін білдіре алады. Алайда бұл ерекшелік нышан мен рәмізді өзара теңестіруге негіз болмайды. Рәміз белгілі бір бейне арқылы тарихи, мәдени, рухани және идеялық мазмұнды жинақтап, қоғамдық санаға жеткізеді. Мәселен, бәйшешек көктемнің келгенін білдіретін нышан болса, жаңару мен өмірдің қайта түлеуінің рәмізі ретінде де қабылданаы. Бұл бір бейненің қолданыс контексіне қарай әртүрлі мағыналық қызмет атқаратынын көрсетеді. Демек, нышан мен рәміздің арақатынасын олардың сыртқы пішініне қарай емес, білдіретін мазмұны мен атқаратын мағыналық қызметіне қарай ажыратқан жөн.

Осы айырмашылықты мемлекеттік рәміздер мысалында да анық көруге болады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігін, ұлттық бірегейлігі мен мемлекеттілігін білдіретін рәміз. Оның бейнелік элементтері мен түсіне белгілі бір тарихи-мәдени және идеялық мазмұн жүктелген. Мемлекеттік Туға қатысты «рәміз» атауы оның тек белгілі бір нысанды танытатын белгі емес, мемлекеттіліктің идеялық және тарихи-мәдени мазмұнын білдіретін ерекше мәртебесін айқындайды. Сондықтан Туды тек нышан ретінде атау оның конституциялық-құқықтық мәртебесі мен мемлекеттік рәміз ретіндегі айрықша мәніне қайшы келеді. Демек, нышан мен рәміздің айырмашылығы олардың сыртқы пішінінде ғана емес, сол пішін арқылы берілетін мағынаның сипаты мен қызметінде. Нышан белгілі бір құбылыстың белгісін, сипатын немесе көрінісін аңғартса, рәміз тарихи-мәдени және қоғамдық санада қалыптасқан идеялық мазмұнды білдіреді. Нышан көбіне құбылыстың бар екенін немесе ерекшелігін көрсетсе, рәміз сол құбылысқа қатысты белгілі бір құндылықтар мен мағыналарды білдіреді. Сондықтан нышан мен рәмізді бір ұғым ретінде қабылдау ғылыми тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да негізсіз. Олардың ара-жігін нақты ажырату – терминологиялық дәлдіктің ғана емес, құқықтық ұғымдардың мазмұнын дұрыс айқындаудың да талабы.

Рәміздердің қолданылу аясы сан алуан. Олар тиесілігіне қарай мемлекеттік, ұлттық, өңірлік, ведомстволық, әскери және дипломатиялық болып бөлінеді. Ал мазмұны мен қызметіне қарай тарихи, мәдени және қоғамдық сипатта көрініс табады. Сонымен қатар берілу тәсіліне қарай көрнекі және дыбыстық рәміздер деп жіктеуге болады. Көрнекі рәміздерге ту, елтаңба, эмблема, логотип, графикалық бейне және басқа да бейнелік нысандар жатса, дыбыстық рәміздерге мемлекеттік әнұран мен белгілі бір қауымдастықты танытатын музыкалық туындылар жатады. Ал космологиялық рәміздер аспан денелері, табиғат құбылыстары және ғарыш туралы дүниетанымдық түсініктермен байланысты қалыптасады. Мұндай жіктеулер рәміздің тек сыртқы көрінісін емес, оның кімге тиесілі екенін, қандай мазмұнды білдіретінін және қандай қызмет атқаратынын анықтауға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты ресми рәміз ұғымын да нақтылау қажет. Ресми рәміз – мемлекетке, өңірге, мекемеге немесе ұйымға тиесілі және белгіленген тәртіппен бекітілген, сол субъектінің атынан қолданылатын рәміз. Оның басты ерекшелігі – ресми мәртебеге ие болуы және белгілі бір субъектінің өзіндік болмысын, тиесілігін танытуы. Ресми рәміздерді әзірлеу, бекіту, пайдалану және қорғау тәртібі нормативтік құқықтық актілермен немесе тиісті ұйымның бекітілген ережелерімен реттеледі. Демек, кез келген көркем бейне немесе шартты таңба ресми рәміз болып саналмайды. Ол тиісті субъектінің ресми белгісі ретінде танылып, белгіленген тәртіппен бекітілуі керек.

Қазақстан Республикасының құқықтық терминологиясында «мемлекеттік рәміз» атауы ресми түрде орныққан. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттік рәміздер ретінде айқындалған. Олар мемлекеттің егемендігін, тәуелсіздігін, мемлекеттік бірегейлігі мен ұлттық болмысын бейнелейді. Алайда «рәміз» ұғымын тек мемлекеттік деңгеймен шектеуге болмайды. Оның мағыналық аясы әлдеқайда кең. Мемлекеттік органдарға, мекемелерге, ұйымдарға, ведомстволарға, әскери құрылымдарға және өзге де субъектілерге тиесілі ресми рәміздер де бар. Мұндағы негізгі термин – «рәміз». Ал оның алдындағы «мемлекеттік», «өңірлік», «ведомстволық», «әскери», «дипломатиялық» анықтауыштары рәміздің кімге тиесілі екенін немесе қай салада қолданылатынын нақтылайды. Мәселен, мемлекеттік рәміз – мемлекетке тиесілі рәміз; өңірлік рәміз – белгілі бір өңірге тиесілі рәміз; ведомстволық рәміз – ведомствоға тиесілі рәміз; әскери рәміз – әскери құрылымға немесе әскери қызметке қатысты рәміз; дипломатиялық рәміз – дипломатиялық қызметке қатысты рәміз. Бұл атаулар бір-біріне балама немесе бәсекелес ұғымдар емес, ортақ негізгі терминге негізделген біртұтас терминологиялық жүйенің құрамдас бөліктері.

Осы жүйе қазақ тілінің сөзжасамдық және терминологиялық заңдылықтарына сәйкес келеді. Біртектес ұғымдарды ортақ негізгі терминмен атап, олардың айырмашылығын анықтауыштар арқылы көрсету – терминжасамның қалыптасқан тәсілдерінің бірі. Сондықтан «мемлекеттік рәміз» атауының заңнамада орнығуы «өңірлік рәміз», «ведомстволық рәміз», «әскери рәміз» және «дипломатиялық рәміз» сияқты атауларды қолдануға тілдік тұрғыдан негіз қалайды. Әрине, мұндай атаулардың әрқайсысының құқықтық мәртебесі мен мазмұны тиісті нормативтік құқықтық актілерде жеке айқындалуы қажет. Терминнің тілдік тұрғыдан дұрыс құрылуы оның автоматты түрде заңда ресми бекітілгенін білдірмейді.

Рәміз ұғымы негізінде рәмізтану, рәміздеме, рәмізбаян, ұлттық рәміз, ресми рәміз, дыбыстық рәміз, рәміздер қоры, рәміздік жүйе, рәміздік бояу, рәміздік белгілер мен рәміздік таңбалар сияқты ғылыми және практикалық атаулар қолданылады. Бұл атаулар рәміздердің түрлерін, құрылымын, мағыналық сипатын, қызметін және қолданылу ерекшеліктерін сипаттайды. Оларды бірізді терминологиялық жүйеге енгізу үшін әрқайсысының мазмұнын нақтылап, өзара байланысы мен қолданылу аясын айқындау қажет.

Рәміздерді жіктеу де белгілі бір ғылыми өлшемдерге сүйенуге тиіс. Мемлекеттік, өңірлік, ведомстволық, әскери және дипломатиялық рәміздер субъектілік тиесілігіне қарай ажыратылады. Дыбыстық және көрнекі рәміздер берілу тәсіліне қарай бөлінеді. Ал космологиялық рәміздер дүниетанымдық мазмұны тұрғысынан қарастырылады. Мұндай жіктеу өлшемдерін араластырмай қолдану рәміздердің түрлерін ғылыми тұрғыдан жүйелеуге мүмкіндік береді.

Рәміздің мағыналық қызметі геральдика саласында айрықша көрінеді. Геральдика – елтаңбалар мен төлтаңбалардың қалыптасуын, құрылымын, мазмұнын және қолданылу тәртібін зерттейтін ғылым. Мұнда рәміз негізгі семиотикалық ұғымдардың бірі ретінде қарастырылады. Елтаңба мен төлтаңбадағы бейнелер белгілі бір тарихи, саяси және мәдени мазмұнды жеткізу үшін қоғам тарапынан саналы түрде таңдалып, белгілі бір композицияға біріктіріледі. Құс еркіндік пен мемлекеттік қуатты, тәж билік пен мәртебені, қалқан қорғаныс пен тұтастықты білдіреді. Соған қарамастан олардың мағынасы жеке бейнесімен ғана анықталмайды. Түсі, орналасуы, өзге элементтермен байланысы және тұтас композициядағы орны да маңызды. Сондықтан геральдикалық композицияны кездейсоқ суреттер жиынтығы емес, белгілі бір идеяға бағындырылған рәміздік жүйе ретінде бағалау қажет.

Рәміздік жүйеде әрбір элемент жеке мағынаға ие болғанымен, оның толық мазмұны басқа элементтермен байланысы арқылы ашылады. Мысалы, елтаңбадағы бейнелердің орналасу тәртібі, түс үйлесімі, композициялық құрылымы және өзара қатынасы тұтас идеяны қалыптастырады. Бір элементті жеке алып қарастыру арқылы бүкіл геральдикалық композицияның мазмұнын жан-жақты түсіндіру мүмкін емес. Осы себепті геральдикалық сараптама кезінде бейнелердің жеке мағынасы ғана емес, олардың тұтас композициядағы қызметі де ескерілуі керек. Бұл талап өңірлік рәміздерді әзірлеу мен бекіту барысында да маңызды.

Қазақстандағы мемлекеттік рәміздер терминологиясының қалыптасу тарихы «нышан» және «рәміз» атауларының ресми қолданысымен тығыз байланысты. Алғашқы кезде еліміздің Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны «мемлекеттік нышандар» деп аталды. 1992 жылы мемлекеттік рәміздердің жобаларын әзірлеуге конкурс жарияланған кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаев құжаттарда қолданылған «герб», «гимн», «символ» терминдерін өз қолымен сызып тастап, олардың орнына «елтаңба», «әнұран», «нышан» сөздерін жаздыру жөнінде нұсқау бергені туралы дерек келтіріледі. Бұл оқиға тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік терминологиясын қалыптастыру кезінде ұлттық тілдің мүмкіндіктеріне басымдық берілгенін көрсетеді.

Кейін мемлекеттік терминологияда «рәміз» атауы орнықты. 2007 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының № 258-III Конституциялық заңы қабылданды. Оның бастапқы атауы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» болды. Ал 2008 жылғы 4 шілдедегі № 56-IV Конституциялық заңмен осы заңның тақырыбы мен бүкіл мәтініндегі «нышандары», «нышандарының», «нышандарын», «нышандарына» деген сөздер тиісінше «рәміздері», «рәміздерінің», «рәміздерін», «рәміздеріне» деген сөздермен ауыстырылды. Соның нәтижесінде «рәміз» сөзі мемлекеттік деңгейдегі ресми құқықтық термин ретінде орнықты. Бұл – терминологиялық таңдаудың заңнамалық тұрғыдан бекітілуінің нақты көрінісі.

Ендеше, мемлекеттік деңгейде заңнамалық тұрғыдан орныққан «рәміз» терминін өңірлік деңгейде қолдануға неге болмайды? Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірліктері – мемлекеттің құрамдас бөлігі. Әр өңір мен елді мекеннің өзіндік тарихы, мәдениеті, географиялық ерекшелігі, қалыптасқан қоғамдық болмысы бар. Оларды танытатын геральдикалық белгілер де осы ерекшеліктерді жинақтап бейнелейді. Сондықтан мемлекеттің геосаяси және тарихи тұтастығын танытатын мемлекеттік рәміздермен қатар, оның құрамдас аумақтық бірліктерінің өзіндік болмысын білдіретін өңірлік рәміздер туралы айту қисынды. Мұндағы «мемлекеттік» және «өңірлік» анықтауыштары рәміздің тиесілігін, мәртебесін және қолданылу аясын нақтылайды.

Соған қарамастан, өңірлік деңгейде «рәміз» орнына «нышан» атауын қолдану мәселесі туындады. Республикалық терминологиялық комиссияның ұстанымына қатысты жарияланған түсіндірмеде «символ» сөзі кездесетін барлық жағдайда оны «рәміз» деп аударуға болмайтыны айтылған. Бұл түсіндіру бойынша, заңда Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттік рәміздер ретінде белгіленгендіктен, «рәміз» сөзі осы үш ұғымға қатысты қолданылуы керек деген ұстаным басшылыққа алынған. Осы негізде 2022 жылғы 10 қарашадағы Терминологиялық комиссия отырысында «региональный символ» атауын «өңірлік нышан» түрінде бекіту туралы ұйғарым қабылданғаны хабарланған.

Алайда бұл ұстанымда құқықтық және терминологиялық тұрғыдан қайта қарауды қажет ететін мәселе бар. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңда «рәміз» сөзін тек Мемлекеттік Туға, Мемлекеттік Елтаңбаға және Мемлекеттік Әнұранға ғана қолдануға болады деген шектеу белгіленбеген. Заңда аталған үш нысанның мемлекеттік рәміздер екені айқындалған. Бірақ бұл норма «рәміз» ұғымының басқа субъектілерге қатысты қолданылуына тыйым салмайды. Мемлекеттік рәміздер туралы заңның мазмұнынан өзге рәміздердің атауын міндетті түрде «нышан» деп белгілеу туралы талап туындамайды. Сондықтан Терминологиялық комиссияның ұйғарымын қолданыстағы Конституциялық заңның мазмұнымен салыстырып, оның құқықтық негізін нақтылау қажет. Заңда көзделмеген шектеуді терминологиялық шешім арқылы енгізу мәселесі де құқықтық тұрғыдан бағалануға тиіс. Бұл жерде екі мәселені өзара ажырату маңызды. Біріншісі – «рәміз» сөзінің жалпы тілдік және ғылыми мағынасы. Екіншісі – «мемлекеттік рәміз» тіркесінің заңнамада белгіленген арнаулы құқықтық мәртебесі. Мемлекеттік рәміздерге қатысты заң нормалары белгілі бір нысандардың мемлекеттік мәртебесін айқындайды, ал «рәміз» сөзінің жалпы мағыналық аясын тұтастай шектемейді. Осы екі деңгейді араластыру терминологиялық жүйеде негізсіз шектеулердің қалыптасуына әкеледі.

Өңірлік рәміздер мәселесінің мемлекеттік деңгейдегі маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен II Ұлттық құрылтайда арнайы атап өтті. Президент еліміздің геральдикалық белгілерін жетілдіру қажеттігіне тоқталып: «Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет», – деді.

Мемлекет басшысының бұл пікірі мәселенің ауқымын нақты көрсетеді. Президент аймақтар мен қалалардың таңбаларын біріздендіру қажеттігін айтты. Оның сөзінде бұл міндет облыстардың, Астананың немесе республикалық маңызы бар қалалардың таңбаларымен шектелмейді. Керісінше, ел аумағындағы аймақтар мен қалалардың геральдикалық белгілерін ортақ талаптарға сәйкестендіру көзделген. Демек, қойылған міндеттің мазмұны – барлық аумақтық деңгейдегі таңбалардың мазмұны мен пішінін жүйелеу, олардың арасындағы ала-құлалықты жою және бірыңғай геральдикалық ұстаным қалыптастыру.

Дегенмен осы міндетті орындауға арналған нормативтік құқықтық реттеуде қамту аясына қатысты мәселе бар. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-тармағының 1-17) тармақшасында өңірлік нышан жобасын әзірлеуге қатысты құзырет облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктеріне қатысты көзделген. Бұл норма аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ өзге де қалалардың таңбаларын әзірлеу мен бекіту мәселесін тікелей қамтымайды.

Осы жерде құқықтық реттеудің негізгі мәселесі көрінеді. Президент аймақтар мен қалалардың таңбаларын біріздендіру міндетін қойды. Ал оны орындауға арналған заңнамалық тетік әкімшілік-аумақтық бірліктердің шектеулі санатын ғана қамтиды. Нәтижесінде мемлекеттік деңгейде қойылған міндет пен оны жүзеге асыруға арналған құқықтық норманың қолданылу аясы арасында алшақтық қалыптасқан. Бұл – нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру арқылы шешілуге тиіс мәселе.

Аталған мәселені 2024 жылғы 30 қазандағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің № 503-НҚ бұйрығымен бекітілген «Өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидалары» тұрғысынан да қарастыру қажет. Қағидаларда өңірлік нышан жобасын әзірлеу, конкурс өткізу, қоғамдық талқылау, сараптамалық кеңесте қарау және бекіту рәсімдері белгіленген. Алайда бұл рәсімдердің барлық әкімшілік-аумақтық деңгейге бірдей қолданылуы мәселесі толық шешілмеген.

Сонымен бірге осы Қағидаларға 2026 жылғы 8 шілдедегі № 330-НҚ бұйрықпен өзгерістер енгізіліп, жаңа редакциясы бекітілді. Жаңа редакция 2026 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді. Онда да жобаларды қарау, қоғамдық талқылау және бекіту рәсімдері астана, облыс және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары мен мәслихаттарына қатысты белгіленген. Демек, қағидалардың жаңартылуы олардың құқықтық-нормативтік және рәсімдік негіздерін жетілдіруге мүмкіндік бергенімен, төменгі әкімшілік-аумақтық деңгейлерді қамтуға қатысты мәселелерді түбегейлі шешкен жоқ. Нәтижесінде, аталған деңгейлерде қағидаларды іске асырудың толықтығы мен бірізділігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

Құжаттағы тағы бір назар аударатын жайт – жергілікті атқарушы орган ұғымының қолданылуы. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда жергілікті атқарушы орган ұғымы аудан мен облыстық маңызы бар қаланың әкімдіктерін де қамтиды. Бірақ өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидаларындағы конкурс өткізу, жобаларды қарау және бекіту рәсімдері астана, облыс және республикалық маңызы бар қалалар деңгейімен шектелген. Мұндай сәйкессіздік нормативтік құжаттың жекелеген ережелерінің өзара үйлесімділігіне қатысты сұрақ туғызады. Сондықтан қағидаларды Президент тапсырмасының мазмұнына сәйкес қайта қарап, олардың қолданылу аясын барлық тиісті аумақтық бірліктерге тарату қажет.

Бұл жұмысқа жауапты мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі. Өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидаларын бекіткен орган ретінде министрлік қолданыстағы құқықтық реттеудің кемшіліктерін талдап, заңнамалық және ведомстволық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге тиіс. Әсіресе өңірлік геральдикалық белгілерді әзірлеу мен бекітудің бірыңғай тәртібін қалыптастыру, оның барлық тиісті аумақтық деңгейлерге қолданылуын қамтамасыз ету министрліктің назарында болуы қажет.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына өзгеріс енгізіп, қолданыстағы «өңірлік нышан» терминін «өңірлік рәміз» терминімен ауыстыру жөнінде ұсыныс жіберілді. Бұл ұсыныстың мақсаты «нышан» сөзін «рәміз» сөзімен алмастырумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – қазақ тіліндегі ресми терминологияны біріздендіру, рәміздердің субъектілік тиесілігіне қарай бірыңғай атау жүйесін қалыптастыру және өңірлік геральдикалық белгілердің құқықтық мәртебесін нақтылау.

Ұсыныстың лексикалық негізі екі сөздің мағыналық айырмашылығынан туындайды. «Нышан» белгілі бір заттың немесе құбылыстың сипатын, ерекшелігін, белгісін не байқалу көрінісін білдіреді. Оның мағынасы контекске қарай белгі, айғақ, ишара, алдын ала аңғартатын көрініс ұғымдарын қамтиды. Ал «рәміз» белгілі бір идеяны, ұғымды немесе құндылықты білдіретін белгі. Ол тарихи-мәдени болмысты, бірегейлікті және өзіндік ерекшелікті танытады. Сондықтан белгілі бір өңірдің тарихын, мәдениетін және қоғамдық болмысын бейнелейтін, ресми түрде бекітілетін геральдикалық туындыны «өңірлік рәміз» деп атау ұғымдық тұрғыдан дәлірек.

Терминологиялық негіздеме де осыған сәйкес келеді. «Мемлекеттік рәміз», «өңірлік рәміз», «ведомстволық рәміз», «әскери рәміз» және «дипломатиялық рәміз» атаулары ортақ негізгі термин мен оны нақтылайтын анықтауыштар арқылы жасалған. Негізгі термин – «рәміз», ал анықтауыштар оның кімге немесе қандай құрылымға тиесілі екенін көрсетеді. Мұндай үлгі біртектес ұғымдарды бір жүйеге біріктіріп, олардың арасындағы айырмашылықты нақтылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол ғылыми еңбектерде, ресми құжаттарда және нормативтік құқықтық актілерде терминдерді бірізді қолдануға негіз болады.

Құқықтық негіздеме тұрғысынан «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның өңірлік нышанға қатысты нормаларын және өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидаларын өзара сәйкестендіру қажет. Атап айтқанда, 27-баптың 1-тармағының 1-17) тармақшасының мазмұнын қайта қарап, өңірлік рәміздерді әзірлеу жөніндегі құзыреттің барлық тиісті аумақтық деңгейлерді қамтуын қамтамасыз ету керек. Сонымен бірге рәміздің құқықтық анықтамасы, мәртебесі, қолданылу аясы, әзірлеу, келісу, бекіту, пайдалану және қорғау тәртібі нақты белгіленуге тиіс. Осы өзгерістерді жүзеге асыру кезінде үш мәселені қатар шешу маңызды. Біріншісі – терминологиялық бірізділік: «нышан» мен «рәміз» ұғымдарын мағыналық тұрғыдан ажыратып, ресми атауларды бір жүйеге келтіру. Екіншісі – құқықтық сабақтастық: мемлекеттік рәміздерге қатысты қалыптасқан терминологиялық үлгіні өңірлік деңгейде де жалғастыру. Үшіншісі – аумақтық қамту: облыстармен және республикалық маңызы бар қалалармен шектелмей, аудандық және қалалық деңгейлердегі геральдикалық белгілерді де ортақ тәртіппен әзірлеу мен бекітуді қамтамасыз ету.

Әрине, терминді өзгерту барлық мәселені шешпейді. Оның құқықтық мазмұны, мәртебесі мен қолданылу шегі нормативтік актілерде нақты айқындалуы қажет. Бірақ терминологиялық дәлдік құқықтық мәдениеттің маңызды шарты екенін естен шығаруға болмайды. Ұғым дұрыс аталмаса, оның мазмұнын анықтау да, құқықтық реттеу де күрделене түседі. Сондықтан «өңірлік рәміз» атауын енгізу тілдік, ұғымдық және құқықтық негіздемелерге сүйенуге тиіс.

Рәміз терминологиясын қалыптастыруда осы үш өлшемнің бірлігі шешуші мәнге ие. Тілдік негіз терминнің қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкестігін көрсетеді. Ұғымдық негіз оның мағынасын басқа түсініктерден ажыратады. Құқықтық негіз терминнің ресми құжаттардағы қолданысын, мәртебесі мен реттелу тәртібін айқындайды. Осы талаптар өзара үйлескен жағдайда ғана терминологиялық жүйе ғылыми тұрғыдан негізді әрі құқықтық жағынан орнықты болады.

Сайып келгенде, рәміз – белгілі бір пішін арқылы тарихи, мәдени, рухани және идеялық мазмұнды білдіретін, қоғамдық санада орныққан мағыналық құбылыс. Оның табиғаты сыртқы бейнесі мен ішкі мазмұнының бірлігінен, шартты мағынаның қоғамдық-мәдени таным негізінде қалыптасуынан, тарихи сабақтастық пен ұжымдық жадты жеткізу қабілетінен көрінеді. Рәміз белгілі бір субъектінің өзіндік болмысын, құндылықтары мен бірегейлігін танытып қана қоймай, қоғамдық сананы қалыптастыруға және тарихи-мәдени мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді. Нышан мен рәміздің ара-жігін ажырату – жай ғана сөз таңдау мәселесі емес, ғылыми дәлдік пен ресми терминологияның сапасына тікелей қатысты мәселе.

Қазақстанда «рәміз» атауының мемлекеттік деңгейде заңнамалық тұрғыдан орнығуы осы ұғымның ресми термин ретіндегі мәртебесін айқындады. Ендігі міндет – қалыптасқан терминологиялық сабақтастықты өңірлік деңгейде де қамтамасыз ету. «Өңірлік нышан» терминін «өңірлік рәміз» ұғымымен алмастырып, оны нормативтік құқықтық актілерде бірізді қолдану, құқықтық мәртебесін айқындау және барлық аумақтық бірліктерді қамтитын бірыңғай геральдикалық талаптарды бекіту – заңнаманы жетілдірудің негізгі бағыттары болуға тиіс.

РӘМІЗДЕРДІҢ БІРЫҢҒАЙ ҒЫЛЫМИ ЖІКТЕЛУІ

  1. Мемлекеттік рәміздер.
  2. Өңірлік рәміздер.
  3. Ведомстволық рәміздер.
  4. Әскери рәміздер.
  5. Құқықтық рәміздер.
  6. Нормативтік рәміздер.
  7. Құрылтай рәміздері.
  8. Мәслихат рәміздері.
  9. Дипломатиялық рәміздер.
  10. Институционалдық рәміздер.
  11. Корпоративтік рәміздер.
  12. Білім беру рәміздері.
  13. Жастар рәміздері.
  14. Спорттық рәміздер.
  15. Қоғамдық рәміздер.
  16. Әулеттік рәміздер.
  17. Тарихи рәміздер.
  18. Ұлттық рәміздер.
  19. Мемориалдық рәміздер.
  20. Діни рәміздер.
  21. Этномәдени рәміздер.
  22. Фольклорлық рәміздер.
  23. Мифологиялық рәміздер.
  24. Археологиялық рәміздер.
  25. Мәдениет және өнер рәміздері.
  26. Теориялық рәміздер.
  27. Типологиялық рәміздер.
  28. Семиотикалық рәміздер.
  29. Мазмұндық рәміздер.
  30. Графикалық рәміздер.
  31. Салыстырмалы рәміздер.
  32. Алломорфтық рәміздер.
  33. Морфологиялық рәміздер.
  34. Антропоморфтық рәміздер.
  35. Зооморфтық рәміздер.
  36. Аморфтық рәміздер.
  37. Изоморфтық рәміздер.
  38. Инженерлік рәміздер.
  39. Өндірістік рәміздер.
  40. Көлік рәміздері.
  41. Қауіпсіздік рәміздері.
  42. Шекаралық рәміздер.
  43. Медициналық рәміздер.
  44. Экономикалық рәміздер.
  45. Әлеуметтік рәміздер.
  46. Туристік рәміздер.
  47. Инновациялық рәміздер.
  48. Креативтік рәміздер.
  49. Цифрлық рәміздер.
  50. Виртуалды (VR/AR) рәміздер.
  51. Медиа рәміздер.
  52. Интерактивті рәміздер.
  53. Киберрәміздер.
  54. Фан-қоғамдастық рәміздері.
  55. Әдеби және филологиялық рәміздер.
  56. Комикс және ойын рәміздері.
  57. Фантастикалық рәміздер.
  58. Саяси рәміздер.

Ескерту:

Мемлекет басшысы өңірлер мен қалалардың таңбаларын біріздендіру міндетін қойды. Алайда қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер бұл міндеттің толық орындалуын қамтамасыз етпейді. Президент тапсырмасының ауқымы – бүкіл ел. Ал оны іске асыру тәртібі – астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалармен ғана шектелген.

2023 жылғы 17 маусымда Түркістанда өткен II Ұлттық құрылтайда Президент аймақтар мен қалалардың таңбаларын бірыңғай үлгіге келтіру қажеттігін нақты айтты. Бірақ бұл ұстаным тиісті нормативтік реттеуден толық көрініс таппаған. 2024 жылғы № 503-НҚ бұйрықпен бекітілген қағидаларда конкурс өткізу және жобаларды бекіту рәсімдері де аталған үш санатпен шектеледі.

Бұл – терминологиялық мәселе емес. Бұл – мемлекеттік тапсырманы құқықтық тұрғыдан толық қамтамасыз ете алмау. «Нышан» мен «рәміз» атауларының айырмашылығын алға тарту негізгі мәселені өзгертпейді: Президент барлық өңірлер мен қалаларды қамтитын міндет қойды, ал қолданыстағы қағидалар олардың бір бөлігін ғана қамтиды.

Мұндай сәйкессіздікті қалыпты жағдай деп қабылдауға болмайды. Президент тапсырмасы нормативтік актілердің шектеулі аясына бейімделмеуге тиіс. Керісінше, нормативтік база мемлекеттік тапсырманың ауқымына сәйкес келуі керек.

Бұл олқылықты жою – Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей жауапкершілігі. Министрлік қолданыстағы қағидаларды қайта қарап, олардың қолданылу аясын барлық өңірлер мен қалаларға таратуға міндетті.

Президент тапсырмасының орындалуы сөзбен емес, құқықтық шешіммен өлшенеді. Тапсырма бар, бірақ оны толық орындауға мүмкіндік беретін нормативтік тетік жоқ. Демек, мәселе анық: заңнаманы жетілдіру қажет. Ал бұл жұмыстың неге әлі күнге дейін тиісті деңгейде шешілмегеніне жауапты орган түсініктеме беруге тиіс.

Айдын Рысбекұлы, геральдист

Abai.kz

0 пікір