Сенбі, 23 Қараша 2024
Ой түрткі 5933 5 пікір 16 Қаңтар, 2020 сағат 11:28

Бүгінгі өмір шындығын бір жарым ғасыр бұрын суреттеген шығарма

(Ф.М.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романы хақында бірер сөз)

Орыс жазушысы Федор Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романын оқып шықтым. Бұл – психологиялық шығарма. Автор бас кейіпкер Родион Романович Раскольниковтың өмір жолы, жасаған қателіктері, жан арпалысы арқылы қоғамның бет-бейнесін де әшкерелеген. 

Қаржы жетіспеушілігі салдарынан университеттегі оқуынан шығып қалған Родион күйзеліске түседі. Көпқабатты үйдің шатырындағы бөлмесін жалдап тұратын ол құстың ұясындай тар әрі төбесі өте аласа құжырасында бірнеше күн бойы сыртқа шықпай жатады. Ой мүжіп, қалжыраған Раскольниковтың жағдайы нашарлап, есі кіресілі-шығасылы халге дейін құлдырайды. Бас кейіпкердің бар уайымы – «Не істеймін? Болашағым қандай болмақ? Отбасымды қаражат тапшылығынан қалай алып шығамын?». Тығырыққа тіреліп, қиындықтан құтылудың жолын таппаған жігітке студенттердің сағат, сақина, алқа т.б. бағалы мүліктерін қабылдап, қарызға ақша беріп, кейін уәделі уақытта өсіммен қайтарып алатын кемпірді өлтіру жайлы арам ой келеді. Кейуананың үйін тонамақ болған ол барлау ретінде әжейдің тұрғынжайына барып, кепілге зат өткізеді. Сөйтіп, азын-аулақ қаржыны алумен бірге ақшаның қай жерде тұратынын да аңдап қайтады. Әйтсе де, кемпірдің баспанасынан шыққан соң, «Менің не істемек ойым бар?! Бұл не сұмдық!» деп өз-өзінен шошып, түршігіп, райынан қайтады. Тұрмыс ауыртпашылығы жанына батқаны болмаса, Родион негізі кісі өлтіретіндей жауыз адам емес. Алайда көп ұзамай өзге губернияда тұратын анасынан хат келіп, Раскольников ақылды әрі әдемі қарындасының, отбасын ақша тапшылығынан құтқару үшін дәулетті, жасы жерортаға жеткен ер адаммен шаңырақ көтермек ниеті бар екенін білген соң, жігіт намыстанып кетіп, зұлым пиғылын жүзеге асыруға бекінеді. Сөйтіп, әлгі кемпірді балталап өлтіргеннен кейін, бағалы дүниелер мен ақшаны тонамақ болып, іздеп жатқанда, үйге кейуананың жас сіңілісі келіп қалады да, ол да Родионның қолынан қаза табады. Сөйтіп, бір кісіні жер жастандырамын деп барған жігіт екі адамның қанын мойнына жүктейді. Иә, бір күнә басқа күнәға себеп болады деген осы болса керек. Сондықтан жамандық атаулыға мүлде жоламау керек екені анық.

Әжейдің тұрғынжайынан алып кеткен қаражат пен қымбат заттарды Раскольников бәрібір қолданбайды. Біреу-міреу көріп, қылмысым ашылып қала ма деп қорыққан ол заттай айғақтарды да, ақшаны да үлкен тастың астына тастап, жасырады да, содан кейін қайтып алмайды. Осы орайда байлығы шалқып жатса да, көмекке зәру жандарға жәрдемдеспейтін сараңдар көп елде кісі өлтіру, тонау, ұрлау секілді қылмыстар да жиі болады деп ой түйесің. Өйткені, Раскольниковтей көңілі таза әрі талапты жігітке біреу қолдау білдірсе, ол мұндай қылмысты жасар ма еді?! Ал қазір ше? Родион секілді әлдекімнің қолтықтан демегенін күтіп жүрген панасыз жастар аз ба қазір?!.. Тасбауыр қоғам олардың жанын түсінудің орнына әбден ашынып, шарасыздықтан от басқанын күтіп жүре бере ме?!  

Родионның қарындасы Авдотья Романовна (Дуня деп те атайды) туралы бір ауыз айтып өтейік. Марфа Петровна есімді бай әйелдің қарамағында үй қызметкері болып жұмыс істеген оған отағасы (Марфа Петровнаның күйеуі) ғашық болып қалады. Мұны білген соң, М.Петровна ашуланып, Дуняға жеңіл жүрісті қыз деп жала жауып, айналасына түгел айтып шығады. Бірақ кейін қыздың кінәсіздігі анықталып, үй иесі қатесін түсінеді де, елдімекендегі әр тұрғынжайға жеке-жеке кіріп, Авдотья Романовнаның арлы бойжеткен екенін айтып, оны ақтайды. Көп ұзамай Марфа Петровна қайтыс болады. Өзін кінәлі сезінген ол өлерінің алдында Дуняға мұраға мол ақша қалдырады. Сөйтіп, қаржы мәселесі аяқ астынан шешіліп, Авдотья Романовна мен анасы Пульхерия Александровна мұқтаждықтан құтылады. Сонымен қатар, Дуня тұрмысқа шықпақ болған ер адам Лужиннің тәкаппар әрі адамгершілігі төмен жан екеніне көзі жетеді де, оған күйеуге тимек ойынан бас тартады.

Әттең, егер Раскольников сәл сабыр еткенде, бәрі басқаша болар ма еді. Оның қарындасы әлгі кісімен онсыз да отау құрған жоқ және отбасы күтпеген жерден мол қаражатқа ие болды. Бірақ жоғарыда жазған нәрселердің бәрі Родион кемпір мен оның сіңілісін өлтіріп қойғаннан кейін орын алған жәйттар еді. Осы тұс арқылы Достоевский шыдамды болуға, сынақтарда сынбауға және Жаратушы әркімге қажетті несібені жібергенше сабыр етуге үндеп тұрғандай. 

Екі кісіні балталап өлтірген Раскольников үшін нағыз азап енді басталады. Айналасындағылардың бәрі күмәнмен қарап тұрғандай күй кешкен ол өз көлеңкесінен өзі қорқатын халге жетеді. Істеген сұмдық қылмысы ішіне сыймаған Родион кімге мұң шағарын, кімге сыр ашарын, ішіндегі запыранды кімге ақтарарын білмей, аласұрады. Өзі жер жастандырған кемпір түсіне кіріп, оның елесі тынышын алады. Тергеушілердің әр сөзі, әр қимылынан сескеніп, олар бәрін білетіндей, тек өзімен ойнап жүргендей бойын қорқыныш билейді. Тоқ мысық бірден жей салмай, ойнап, қызықтаған тышқандай сезінеді өзін. Жер бетіне сыя алмай қиналған Родион, тіпті, өз-өзіне қол жұмсай жаздайды. Ақыры ар азабына шыдауға шамасы жетпей, бәрін сүйген қызы Соняға айтып береді. Әйтсе де, өзін ғашығының алдында сұмдық төмен сезініп, қорланады. Жаны жай таппаған соң, кемпір мен сіңілісін о дүниеге аттандырғанына жарты жыл өткенде, полиция бөлімшесіне барып, қылмысын мойындайды. Расында да, күнә жасаған адамның жан-дүниесі беймаза хал мен уайымнан арылмасы, рахаттана алмасы хақ.

Сот Родион ісін қарағанда, оның ауыр тұрмыс салдарынан психологиялық күйзеліске ұшырап, сырқаттанғанын ескереді. Сонымен қатар, бас кейіпкердің досы Разумихин негізінде Раскольников қолы ашық, мейірімді әрі батыл жігіт екенін дәлелдеп береді. Родион университетте оқып жүргенде, өзінің жағдайы мәз емес болса да, ауыр дертке шалдыққан курстасына жарты жыл бойы қарайласып, соңғы ақшасымен бөлісіп жүріпті. Ал ол қайтыс болғаннан кейін Родион марқұм жолдасының кәрі әкесіне қолынан келгенше жәрдемдесіп, қария көз жұмғанда, денесін жер қойнына тапсырыпты. Бұдан бөлек Раскольников өртеніп жатқан пәтерден екі кішкентай баланы алып шығып, құтқарып қалғаны, өз өмірін қатерге тіккен сол күні күйіп қалғаны да мәлім болады. Анасы салып жіберген азын-аулақ ақшаның бәрін күйеуі ажал құшқан бір кедей, көпбалалы әйелге ойланбай бере салғаны және бар. Байқадыңыз ба, Раскольников – өзі қиналып тұрса да, алдымен өзгелердің қамын ойлайтын көпшіл жан. Мұны елеп-ескерген сот 24 жастағы жігітті 8 жылға Сібірге айдауға үкім шығарады. Ол жақта қатесін түсініп, тәубасына келген Родион қамаудан босап шыққан соң, жаңа өмір бастауға бел буады. Сүйген қызы оның артынан Сібірге еріп барып, рұқсат етілген мерзімде екеуі кездесіп тұрады. Бас қаһарманның аяққа тұрып, өзіне келуіне ғашығының қолдап, жігерлендіруі де әсер еткен еді. Раскольниковтың қарындасы Дуня досы Разумихинге тұрмысқа шығады. Ал шешесі Пульхерия Александровнаға қызы мен күйеу баласы ұлының сотталып, айдалып кеткені жөнінде ештеңе айтпаса да, ана жүрегі бір сұмдықты сезіп, дертке шалдығып, көп ұзамай құсадан сандырақтап жатып қайтыс болады. 

Шығарманың қысқаша мазмұны – осы. Достоевский оқырманға әр қателіктің арты өкініш, әр қылмыстың өтеуі жаза екенін ұғындырады. Аяқты аңдап басып, сабырмен қадам жасау керектігін түсіндіреді.

Бір қызығы, жазушы бұл әдеби туындысын бастардың алдында ақшадан қатты тарығып, қарызға белшесінен батып жүріпті. Роман жазамын деп баспагерден алдын-ала алған қаражатын казиноға тігіп, ұттырып алған Федор Михайлович ақыры Висбадендегі (Германия қаласы) қонақ үйдің тап-тар әрі қараңғы бөлмесінде ақшасыз, жарықсыз және ас-сусыз жатып, «Қылмыс пен жазаны» жазуға кірісіпті. Бәлкім, Құдай жазушының басына мұндай күйді құрқылтайдың ұясындай құжырасында жатқан Раскольниковтың аянышты әрі мүшкіл халін дәл жеткізу үшін салған шығар. Әр істің бір қайыры бар емес пе?! Сонымен бірге, Достоевскийдің Сібірге айдалғаны белгілі. Қаламгер «Қылмыс пен жазада» итжеккенге айдалған Родионның ішкі жай-күйін шебер суреттеуі де осыдан шығар?! Сөз зергерінің өмір жолын оқып, көп қасірет шеккен жүректен ғана жақсы шығарма туады деген байламға келесің. Сонымен қатар, орыс зерттеушілері Достоевскийдің романындағы көптеген кейіпкердің прототипін анықтапты. Бұл жөнінде енді қызығушылық танытқандар болса, дереккөздерден өздері оқып алар. Айтайын дегенім, демек «Қылмыс пен жаза» – кәдімгі бір кездері ғұмыр кешкен, өмірде болған адамдардың тағдыры, яғни бұл туынды шынайы оқиғаларды суреттеген. 1865-1866 жылдарда жазылып,1866 жылы жарияланған шығарманың өміршең болуының, көптеген тілге аударылуының себебі осы шығар. «Қылмыс пен жаза» оқырманға жол тартқаннан кейін көп уақыт өтпей-ақ, яғни 1880 жылдардың өзінде француз, неміс, швед, ағылшын, поляк, венгр, италия, дат, норвег, фин тілдеріне тәржімаланып үлгеріпті. 1888 жылы «Қылмыс пен жаза» желісі бойынша Парижде, 1899 жылы алғаш рет Ресейде театр қойылымы қойылды. Әлі күнге дейін Достоевскийдің шығармасы талай мемлекеттің театр сахналарынан түспей келеді. Сонымен қатар, көптеген елдің режиссерлері «Қылмыс пен жаза» деген фильм түсірген. 

Қорыта айтқанда, Ф.М Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасы» – бүгінгі өмір шындығын бір жарым ғасыр бұрын суреттеген әдеби шығарма.       

Алпамыс Файзолла    

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522