Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ. Ақмола оқиғасының ақиқаты
1979 жылғы Ақмола оқиғасы жастардың сана-сезiмi өскендiгiнiң, ақыл-ой, азаматтық көзқарасының кемелдiгiн көрсеттi. Жаңашыл көзқарастардың ашық трибунасына айналған бұл оқиға орталықтың парықсыз шешiмiне деген қарсылық көрсетудiң алғашқы дабылы едi. Мұнда қазақ жастарымен бiрге өзге ұлттардың өкiлдерi де орталық алаңға шығып, өз талап-тiлектерiн бүкпесiз ашық бiлдiрiп, бейбiт шеруге шыққан болатын.
Оқиға стихиялы жағдайда өрбiдi. Маусым айының екiншi жартысында аталмыш облыстың Ерейментау ауданының негiзiнде немiс автономиясы құрылмақ екен деген суық хабар елге лезде тарайды. Облыс, тiптi республика көлемiне тараған бұл үрейлi әңгiме халықтың ашу-ызасын тудырады. Кешегi Ұлы Отан соғысы, қиын-қыстау кезеңде ел-жұртынан ауып, азып-тозып келген немiс халқының өкiлдерiн қазақ даласы нанмен қарсы алып, өз баспанасының астына алды. Ажал аузынан қалған аз ғана халық өсiп-өнiп, сана-сезiмi толысқан шағында үй iшiнен үй тiгiп, дербес ел болғысы келiптi-мыс.
Мұның өзi қазақ халқының ашу-ызасын келтiрдi.
Жалпы, Ақмола оқиғасына басты кiнәлiлердiң бiрi қазiр белгiлi болып отыр. Бақсақ, қазақ халқының сыртынан тон пiшiп, байыпсыз шешiм қабылдаған СОКП Орталық Комитетi, яғни, КСРО Мемлекеттiк қауiпсiздiгi комитетiнiң төрағасы Ю.Андропов болып шықты. Бұл шешiм кеңес немiстерiнiң ФРГ-ға қоныс аударуын тежеу мақсатында қабылданған асығыстау шешiм болды. Алайда олардың өз отандарына оралуды аңсаған талап-тiлектерi ұзақ уақыт шешiмiн таппайды. 1980 жыл қарсаңында берiлген мыңдаған талаптардың не бары 300-iне ғана рұқсат берiледi. ФРГ канцлерi Аденауэрдiң Мәскеуге ресми сапары қарсаңында кеңес немiстерiне жасалып жатқан артықшылықтардың бiр шарасы ретiнде оларға автономия берудiң жолдары қарастырылады. Ұсыныс Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнде құпия дайындалып, СОКП Орталық Комитетiне түсiрiледi.
«…Түбегейлi шешiм қабылдауға ешкiмнiң батылы бармады», – дедi сол кездерге баға берген Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi төрағасының бiрiншi орынбасары, армия генералы Ф.Бобков өзiнiң «КГБ және билiк» деген кiтабында. (Москва. «Эксмо», «Алгоритм – книга» 2003 ж).
«Мұндай құрметтi орындау КГБ-ге тапсырылды. Ал бiздегi әрбiр басқарма мұндай аса қиын мәселелердi түрлi сылтауларды алға тартып орындаудан бас тартатын. Қорытындысында бұл iс жаңадан құрылған 5-шi басқармаға жүктелдi. Қызмет мiндеттерiнiң аясына кiрмесе де, барлық iс-шара осы басқармада дайындалды.
Мәселе оқып-зерттелдi. Бiз СОКП Орталық комитетiне автономия құру жөнiнде ұсыныспен шығып, туған-туыстарымен қосыламын деушiлерге егер олардың мемлекеттiк құпияға қатысы болмаса, рұқсат беру керектiгi турасында хат түсiрдiк. Егер ОК бiздiң ұсынысымызды дер кезiнде қабылдағанда мәселе өз шешiмiн табатын едi де, ол ондаған жылдарға созылмас едi.
Автономия жөнiндегi мәселе күн тәртiбiнен түсiрiлмей, бос ауада iлiнiп қалды, ал немiстер өздерiнiң қалаған жақтарына кетуiне мүмкiндiк алды. Ақыры тың көтерiлген кезде немiстер орнығып қалған Қазақстан аумағынан автономия ашу шешiмiн тапты. Әйтпесе, Отанымыздың негiзгi астық өлкесi игерiлмей қалу қаупi туындайтын.
Мәселе СОКП Орталық Комитетiнiң Саяси Бюросында шешiмiн тапқанда, қарсылықтарға тап болдық. Қазақстанда Целиноград педагогикалық институтының студенттерi қарсылық акциясын ұйымдастырып шыға келдi. Оларға өздерi автономия құруға және оның әкiмшiлiк шекарасын айқындауда дайындық жұмыстарына көмектессе де Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi мен Үкiметi қолдау бiлдiрдi. Iс насырға шауып, одан шығудың жолдарын ешкiмнiң iздегiсi келмедi. Әйтсе де тығырықтан шығудың жолы бар едi. Ол – Поволжьедегi немiс автономиясын қайта қалпына келтiру болатын. Саратов облысының басшылығы оны қуана қарсы алды.
Алайда СОКП Орталық Комитетi бұл вариантты қолдамады», – дейдi байырғы чекист.
Шынтуайтында, кеңес немiстерiнiң әу бастағы сұраған жерi өздерiнiң бұрынғы ата қонысы Поволжьедегi Энгельс қаласы болатын. Орталық бұл жердi оларға қимай, миллиондаған қазақстандықтардың ұлттық мүддесiн белден басады. Сөйтiп, Конституция талаптарын өрескел бұрмалап, халыққа жария етпей, республика басшыларының өз қолымен жасағысы келедi. Алдын ала жасалған iс-шаралар бойынша Ерейментау ауданының орталығына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы Коркин бастаған республиканың бiр топ басшылары келедi. Қазiр белгiлi болғанындай, сол кезде Ерейментауға 13 министр мен көптеген ведомство басшылары жиналған көрiнедi. Олар болашақ автономиялық облыстың әкiмшiлiк орталығымен танысып, облыс басшылығын сайлап қояды. Автономия басшылығы мен оның құрылымдық жүйелерiне кеңсе үйлерi таңдалып, кейбiр мекемелер көшiрiледi. Бiрақ олар жағдайдың, елдiң, халықтың мүлдем өзгерiп кеткендiгiн, олардың бұрынғы құлдық психологиядан арыла бастағанын ескермейдi. Халық, жас демократия өз ар-намысын таптатуға жол бермейдi.
19-маусым күнi жастар қала сыртындағы бос алаңға жиналады. Ереуiлшiлердi орталық алаңға жiбермеу мақсатында көше-көшелерге автобустармен бөгет қойылады. Iшкi iстер қызметкерлерi мен халық жасақшыларынан тосқауыл жасалады. Жастармен бiрге алаңға еңбек, соғыс ардагерлерi де қатысып, өз көзқарастарын бiлдiредi. Ерейментауға тоғысатын жолдардың бәрi жабылып, қалаға тосқауыл жасалады.
Жиналғандар облыстың бiрiншi басшысының алаңға шығып, бүкпесiз шындықты айтуын талап етедi. Сол кездегi облыстың бiрiншi басшысы Н.Морозов халық алдына шығып, немiс автономиясы туралы әңгiменiң жалған, ойдан шығарылғанын айтып түсiндiредi. Партия жетекшiсiнiң ел алдына шығып, орталықтың пиғылы мен өтiрiк пен шындықтың аражiгiн ашып түсiндiруiнiң өзi ереуiлшiлер талабының аса зор айбынының жеңiсi едi.
Автономия мәселесi iске асқанда оның шекарасы Ақмола облысының Сiлетi ауданы, Павлодар облысының Ертiс ауданы, Көкшетау облысының Уәлиханов ауданы, Қарағанды облысының Молодежный ауданының Молодежный поселкелiк кеңесi, Дальный, Пролетар, Родников, Тельман және Шiдертi селолық кеңесiн бiрiктiредi екен.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ
«Алаш айнасы» газеті 19 маусым 2009 жыл