Басылымның мәліметіне сенсек, жылжымайтын мүлік Женева кантонындағы Коллонж-Бельрив коммунасында орналасқан. Жер телімі Динара Құлыбаева былтыр сатып алған Бельрив салтанатты сарайының аумағымен шектесіп жатыр. Газеттің ақпаратына сенсек, 1,5 гектардай болатын жерді Құлыбаева Монако резиденті Марк Серсоктан сатып алған.
17 ғасырда салынған Бельрив сарайы - ұлттық маңызы бар тарихи нысан. Өткен жылдың наурызында биліктен кеткен экс-президенттің қызы сарайды да дәл сол қожайыннан алған. Швейцария басылымдарының былтырғы жазғандарына сенсек, ағайынды Серсоктар – БҰҰ-ның босқындар жөніндегі бұрынғы жоғары комиссары Садруддин Ага-ханның мұрагерлері. Ол болса мұсылман-исмаилиттердің имамы, принц Ага-хан ІІІ-тің ұлы. Иелері сарайды 120 миллион франкқа сатпақ болғанымен, ұзақ уақыт алушы таба алмаған. Ақыр соңында оны Динара Құлыбаеваға 62 миллион франкқа сатқан. Сол кезде баспасөз ағайынды Серсоктардың Женева кантонындағы екі жер телімін сататыны туралы да хабарлаған. Америкалық Forbes журналы 3,2 миллиард доллар байлығы бар деп болжаған Динара Құлыбаева сол жер телімдерінің бірін алса керек.
2009 жылы Құлыбаева осы елдегі Аньер коммунасында шамамен 75 миллион франкқа вилла сатып алған еді.
“Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының және мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының KAZENERGY қауымдастығының басшысы қызметін атқаратын күйеуі – Тимур Құлыбаевпен бірге бұл жұп Орталық Азиядағы ең бай әулеттің бірі саналады. АЛМЭКС компаниясы арқылы бұл отбасы Қазақстандағы ең ірі банк – Халық банкке қожалық етеді. Forbes журналындағы миллиардерлер тізімінде Құлыбаевтар былтыр 715-орынды иеленген.
Abai.kz