Әбдірашит Бәкірұлы. Абай ағартушыдан әлемдік ойдың алыбына айналуы тиіс
әл-Фараби мен Абай өнегесі туралы айтқанда мына мәселеге назар аударған дұрыс: «Әр халықтың ой-дүниесiнiң дамуына түбiрлi өзгерiстер әкелген ойшылдар жер аспанын қоршап тұрған озон қабатындай, адамзаттық философиялық ойдың қалың қабатын құрайды». (Ж.Әбділдин). Сондықтан, әлемдегі әрбір ұлт өз ғұламаларын құрметтейді.
Ежелгi замандағы Сократ, Платон, Аристотель және басқа данышпандар Эллада елінің алтын өзегі - Ежелгі грек мәдениетінің іргетасын қалады. Замандар өте келе олар тұтас бір ұлттың - грек халқының интелектуалдық символдарына айналды. Сол сияқты Гегель, Кант, Шеллинг, Маркс және т.б. ойшылдар неміс ұлтының мақтанышы. Даналығымен адамзаттық мәні бар мәселе көтерген тұлғалар мыңдап саналады, бірақ көп емес...
Ұлттың қуаты қарумен ғана өлшенбес. Кез келген халық әлемдік мәдениетке араласқан ұлы тұлғаны өмiрге келтіре алуымен өзін таныта алады. Ұлттар - даналардың даналығымен бағаланады!..
Ғұламаны өмірге келтірген елге оның даңқы тек абырой-атақ үшін қажет емес.
Біріншіден, даналар өз халқына үлгі-өнеге. Осындай даналары мен ғұламалары бар халықтар ғана өз интелектуалдық потенциалын өсіруге қол жеткiзе алады. Рухани кемелденеді.
әл-Фараби мен Абай өнегесі туралы айтқанда мына мәселеге назар аударған дұрыс: «Әр халықтың ой-дүниесiнiң дамуына түбiрлi өзгерiстер әкелген ойшылдар жер аспанын қоршап тұрған озон қабатындай, адамзаттық философиялық ойдың қалың қабатын құрайды». (Ж.Әбділдин). Сондықтан, әлемдегі әрбір ұлт өз ғұламаларын құрметтейді.
Ежелгi замандағы Сократ, Платон, Аристотель және басқа данышпандар Эллада елінің алтын өзегі - Ежелгі грек мәдениетінің іргетасын қалады. Замандар өте келе олар тұтас бір ұлттың - грек халқының интелектуалдық символдарына айналды. Сол сияқты Гегель, Кант, Шеллинг, Маркс және т.б. ойшылдар неміс ұлтының мақтанышы. Даналығымен адамзаттық мәні бар мәселе көтерген тұлғалар мыңдап саналады, бірақ көп емес...
Ұлттың қуаты қарумен ғана өлшенбес. Кез келген халық әлемдік мәдениетке араласқан ұлы тұлғаны өмiрге келтіре алуымен өзін таныта алады. Ұлттар - даналардың даналығымен бағаланады!..
Ғұламаны өмірге келтірген елге оның даңқы тек абырой-атақ үшін қажет емес.
Біріншіден, даналар өз халқына үлгі-өнеге. Осындай даналары мен ғұламалары бар халықтар ғана өз интелектуалдық потенциалын өсіруге қол жеткiзе алады. Рухани кемелденеді.
Екіншіден, олардың даңқы мен атағы ұлтты ұйыстыруға қызмет етеді. Ұлттық мақтанышты оятады, ұлттық намысты қайрайды. Сондықтан әр халық өз даналарын марапаттауы әрі қорғауы тиіс. Себебі, даналардың аты мен атағы өз халқына қызмет етуі үшін күресу қажет. Бұл - ұлттық маңызы бар мәселе. Кейбір жағдайларда бұның соңы саяси-әлеуметтік мәселелерге ұласады. Халық өз ұлыларының өсиеттеріне негіздеп қоғамдық құрылым мен әлеуметтік жағдайды құрады, бостандық пен демократия принциптерін және тағы басқа адами құндылықтарды жаңартып, дамытуға қол жеткізеді. (Мысалы, Үндi халқының кемеңгер ұлы Мхатма Гандидiң өсиеттерiне сүйенген Үндiстан алып мемлекетке айнала алды). Бұл өте маңызды мәселе. Себебi қазiргі посткеңестiк елдер «пролетарлық материализмнен» бас тартып, ұлттың интеллектуалды потенциалына арқа сүйеген мемлекет құруға ұмтылуда. Ондай жағдайда қоғамдық сана шешуші факторға айнала бастайды. Ғылым мен білім, озық технологияға сұраныс арта түседі. Әрине, мұның бәрі де саяси көрегендікпен және адамгершілік қатынастардың берік орнығуымен ұштасып отырмаса болмайды. Бұл - қазіргі заман талабы әрі сипаты.
Кезінде «материя бірінші ме, әлде, сана бірінші ма?» деген сұрақ философияның бас сұрағы болды. Қазіргі кезде өмір метафизикалық сипаттағы бұл сұраққа диалектикалық тұрғыдан жауап беруде. «Адамзат қазіргі даму кезеңінде сана үстемдігіне толық қол жеткізді!» деп ашық айтуға болады. Бұны «идеализм» дейсіздер ме, жоқ, басқаша айтасыздар ма - шындық осы. Қазіргі кезде философияның бас сұрағы болып: «Мыңдаған жылдар бойы өз заңдылықтарымен дамып келген табиғат, сана факторы артқан сайын субъектілік сипатқа ие болып, адамзат жігеріне мойынұсынуға мәжбүр болуда. Өзіне өзі «сенімді» сана ендігі жерде адамзатты (табиғатты да) қандай жағдайға алып келеді?» деген сұрақ алға шықты. Қоғамда сана факторы өскен сайын - адамзаттық деңгейге шарықтаған ойшылдардың мұрасына деген сұраныс арта береді. Бұл сұраныс әрине, ең алдымен философия тарихынан басталады...
Жаһандану - халықтар мен мәдениеттер арасын жақындата түсуде. Ақпараттық технология бұл процестi одан әрi жылдамдатты. Қазіргі әлем «өзi тудырған күрделi мәдениеттi өзi игере алмай жатқан» қомағайға айналды!
Қарапайым түсінікке жүгінгенде, әлемдік мәдениет пен ақыл-ой - халықтар мен мемлекеттердiң, ғылымның, ойшылдардың бояуы бай алуан түрлі палитрасы. Солардың қатарында әлемдiк философиялық мәселе көтере алған қазақ (түпқазақ) ойшылдары да бар. Олар - әл-Фараби мен Абай.
Бiздiң ұлтымыз үшiн бұл есiмдер құр мақтаныш болмауы тиіс. Себебі, олардың iлiмi ұлт аясынан асып, бүкiл адамзаттық мәселе шеңберінде тұр. Сол себептi де¸ қазақ ұлты бүкіл әлемдiк мәдени диалогқа әл-Фараби мен Абай ілімі мен олардың есімдерін ұсыну арқылы ғана әлемге өзiнiң ұлттық-интеллектуалдық потенциалын, ұлттық философиялық рефлексиясын көрсетуге ұмтылады десек қателеспеймiз.
Біз үшін бүкіл әлемнің осы екi ойшылдың интеллектуалдық биігін қазақ ұлтымен байланыстыра тануы аса маңызды. Өйткенi, олардың есімдерін біз ұлттың «интеллектуалдық брендi» ретiнде қолдануға тек қазақ ұлтының ғана қақысы бар дер едік. Бұл - ғылыми, я, адамгершілік этикаға қайшы емес. Әрбір халық ұлы тұлғаларын осы мақсатта қолданып келеді. (Мысалы: Испания - Сервантес, Ежелгі Грекия - Аристотель, Франция - Бальзак, Мопассан, Вольтер..., Германия - Кант, Гегель..., Россия - Пушкин, Толстой және т.т.)
Осы тұрғыдан алғанда, қазақ жерінен шыққан әл-Фараби «әлемдiк өркениет белдеуі» (Бүкіл адамзат өркениетінің дамуына серпін берген мәдени дүмпу орталықтары. К.Поппер) саналатын араб мәдениетi арқылы өз даңқын асырып (ұлты арқылы емес), «екінші ұстаз» ретiнде даналығын әлемге мойындатса - Абай әлемге әл-Фараби сияқты танымал емес. Абайды таныту үшiн бiздiң мемлекет тарапынан үлкен жiгер және ақылды қадам керек. Әрине, ойшылдың даналығы оның танымалдығынан туындамайтыны анық. Ол - оның ойлау масштабы қандай болғандығымен анықталады. Мәселеге осылай қарасақ - өзiмiзге белгiлi болып отырғандай - Абайды толғантқан мәселелер тек бiр ғана «қазақ мәселесiмен» шектелмейтінін көреміз. Абай қазақ туралы айтса да (қазақ мәселесiн Абайдың «зерттеу материалы» деп алу қажет), ол онымен шектелмеген. Олай деу - мүлдем қате пiкiр. Абайдың философиялық толғаулары бүкiл адамзаттық мағынаға ие. Сондықтан бүгінгі ғылымда Абайды алға тартқанда оның ойларын әлемдiк философия тарихымен ұштастыра, байланыстыра қарау керек. Мәселен, «Әлемдiк философия тарихында көтерiлген көптеген мәселелер Абай шығармашылығында қай қырынан көрiнiс табады?», «Ол мәселелерді Абайдан басқа қай философтар зерттеген?», «Олардың пiкiр айырмашылығы неде, пiкiр тоғысуы қай жерде?» және т.т. сұрақтар қойылуы тиіс. Мiне, Абайды философ ретiнде сыртқа таныту жолындағы зерттеулердi осылай құрған дұрыс.
Бiз Абайды, осылай, әлемдiк ақыл-ойдың алыптарымен қатар қоя отырып, Абай пiкiрiн, концепцияларын олардың ойларымен салыстыра отырып, кейбiр мәселелерде Абай тереңдiгiн дәлелдей отырып ұсынатын болсақ қана - Абай өзiнiң интеллектуалды қуатына сәйкес бағасын ала алады. Ал оны тек «қазақ мұңын мұңдаушы, жоғын жоқтаушы» ретiнде көрсетудi жалғастыра берсек, онда Абай сол баяғы ағартушы деңгейiнде қала бермек.
Әрине, Абай - қазақтың ұлы ағартушысы. Оған сөз жоқ. Бірақ бүкіл адамзаттық мәдениеттің ортасынан ойып тұрып орын алу - Абайдың өзі айтқандай: «кетігін тауып қалану» үшін - ол деңгейге «қазақ ағартушысы Абайдың» емес, «дана Абайдың - философ Абайдың» образын ұсыну қажет. Себебі, әр халықтың өз ағартушылары бар, олардың саны қисапсыз. Бiзге «қазақ халқының даналық өлшемі» ретінде Абайды алға тарта отырып, оны тек «ағартушы» деңгейіне түсiрiп жiберуден сақтанбасақ болмайды. Әлгiнде айттық: Абайдың «қол астындағы дайын материалы» қазақ ұлты болды деп... Ол өз ойларын осы ұлттың жақсы-жаманына қарап отырып қорытты. Бiрақ бұдан «Абай ойы тек өз халқымен шектеледі» деген қорытынды тумаса керек. Өйткені, әлемде ешкiмдi қайталамай өмiр сүретiн оқшау халық болмайды. Әрбiр халықтың дамуында өзiндiк ерекшелiктер жеке құбылыс ретiнде көрiнсе де - әр халықтың дамуы жалпы адамзаттық заңдылықтармен ұштасып жатады. Ойшылдың осы «жалпы мәселелер» туралы арнайы айтпауы да мүмкiн. Бiрақ оның санасында туған көп ойлар «жалпылық», яғни, «бүкiладамзаттық» мағынаға ие болып шығады. Біз «даналық өлшемi» деп осыған меңзеп отырмыз!
Өз халқының рухани символы болу бiр бөлек нәрсе де, бүкiл адамзат ақыл-ойына «жаңалық» қоса алған даналық иесі болу - екiншi бөлек нәрсе. Бiз Абайды әлемге осы екiншi қырынан танытуға ұмтылуымыз қажет.
Қазiр бiздiң бiршама «батысшыл» философтарымыз Абайды «әлемге танымал философиялық еңбектер туғызған жоқ, өз философиялық «мектебiн» қалыптастырмады, философиялық жүйе құра алмады» деп айыптайды. Сол арқылы «жалпы «қазақ философиясы» деп жүргенiмiз жасанды конструкция, бiз философия көшiне жаңа iлескен халықпыз» дегенді алға тартады, қазақ халқының философиялық ойлау қабілетін төмендеткісі не терiстегiсi келедi. Әрине, олар Қазақстандағы кеңестiк кездегi қалыптасқан философиялық «дүмпудi» емес, одан әрiдегi, қазақ тарихы оқулықтарында жазылғандай «философияға дейiнгi», яғни, ағартушылық кезеңдi меңзеп отыр. Осы постулаттан «қазақта ағартушылық ой бастауы бар, сол бастау Кеңес үкіметі кезінде, халық жаппай сауаттанған заманда өзіндік, яғни, қазақ-совет философиясын туғызды» деген қорытынды шығады. Сөйтіп, қазақ халқының философиялық ақыл-ойы, мұрасы «жұмсақ» түрде теріске шығарылады. Бiрақ мәселеге бұлай келгенде мынадай көлденең сұрақ туындауы тиіс. Ол - «қазақтың көзін ашқан» сауатты (кеңестік) қоғамда өнiп шыққан «жаңа қазақ-совет философияның» теориялық қайнар көзi қайда? Оған оппоненттер: «Әрине, оның қайнар көзі Батыс классикалық философия тарихында жатыр» деп жауап берер еді. Иә, осылай екендiгi өзiнен-өзi түсiнiктi. Өйткені олардың өздері де сол Батыстық философия аясынан өсіп шыққандар. (Әрине, мұны кемшілік деп бағалауға болмас. Мүмкін ол - артықшылық. Ол туралы сәл кейінірек айтамыз). Бірақ, егер осылай болатұғын болса, онда қазақ ағартушылары - Шоқанның, Ыбырайдың, Абайдың кеңестік кезде қалыптасқан «қазақ-совет философиясына» қандай қатысы бар? Бәрi де тек қазақ болғандары үшiн ғана ма? Олай деп айтар болсақ, ондай сабақтастықты үзіп тастауға да болар еді...
Мұндай көзқарас - шала көзқарас. Ендеше, көп сөзбұйдаға салмай-ақ: «философиялық ой деңгейiне көтерiле алмаған «қазақ ағартушылығы» қазiргi дамып кеткен философияға қолбайлау» деген екінші бір қорытынды пікірді неге ашық айтып салмасқа?! Содан кейін, «әлжуаз, әлемдік масштабта ой толғауға қабілетті ұл туғыза алмаған сорлы халықпыз» деп мойындай берсек те болады ғой... Сонда «құда да, құдағи да тыныш». Мінеки, осылай «қазақ философиясы бар ма, жоқ па?» деген сұрақтың астарында ұлтты астыртын қорлайтын мағына жатыр.
Бұл тығырықтан қалай шығуға болады? Қателiк - проблема әуел бастан дұрыс қойылмағандығынан болып отырған секiлдi. Мәселе Абайдың философиялық жүйе құрған-құрмағандығында емес, мәселе оның интеллектуалдық Тұғыры төңірегінде болуы тиiс! Бiз ол туралы Абайдың өзi өмiр сүрген заманында болған әлемдiк ойшылдардың философиялық рефлексия қуатын Абайдың ойлау қуатымен салыстырмалы түрде қарастырсақ қана айта аламыз. Оның (Абайдың) ой астарына үңiле отырып, ол меңзеген болмаса ашық айтқан немесе поэзиялық үлгімен өрнектеген ойларына Батыстық философия методологиясы бойынша ғылыми-философиялық сараптама жасасақ қана оның интеллектуалдық тереңдiгiне бойлай аламыз. Сонда кейбіреулердің айтуындағы «Абай Гегель емес - Гегель мықты» дегендей метафизикалық көзқарастан арылатын боламыз. Әрине, Абайды ұлы философ ретiнде Батыс классикалық философия өкілдерімен салыстыра қарасақ, ең алдымен көз алдымызға ол ғұламалардың «зерттеу материалдары»: олардың өмiр сүрген қоғамдары, әлеуметтiк ортасы, қоғамның мәдени деңгейі т.т. қылаң берер едi. Осыларды салыстыра келе дайын «материалы» дамыған (ғылымы, ғылыми тілі, бай жазба тарихы, ғылыммен кәсіби түрде айналысуға мүмкіншіліктің болуы т.т.) ортада өмір сүріп, соларды игере отырып философиялық жүйе жасаған Гегель мен ондай бақыт бұйырмаған, ондай «материал уысқа түспеген», соған қарамастан осы құбылыстардың барлығын өз ойымен қорыта алған Абайдың «ойшыл-тұлғалық бейнелерiн» бiр қатарға қоя алар едiк. Әрi ол - осы философтардың интеллектуалды потенциалына қатысты алғанда әдiл баға болып шығар едi...
Бізге Абайды осы қырынан тану әрі әлемге таныту үшiн - сол кездегi Абай өмір сүрген әлеуметтiк орта туралы толық бiлу аздық етеді. Бізге Абайды тану әрі таныту үшiн алдымен Абайға «бұйырмаған», ал біздің «қолымызда бар» бүкiл әлемдiк философиялық ой жауһарларын меңгерiп, философия тарихында орын алған барлық ағымдар мен концепцияларды, жаңа көзқарастарды Абай шығармашылығынан іздеп тауып, оған салыстырмалы баға берiп, мүмкiн олар айтпай, ал Абай айтқан жаңа мәселелер болса, соны көтерiп - объективтi сараптамалық зерттеу жүргiзу қажет шығар. Яғни, Мұхтар Әуезов «Абай жолын» қалай жазып шықса, бүгін біздің замандастардың алдында «Абайдың философиялық жолын» қайта жазып шығу міндеті тұр. Бұл оңай iс пе? Әрине, оңай емес - айналысам деген адамның бүкiл ғұмырына татитын iс! Ендеше, жоғарыда айтылғандай, «қазақ философиясы бар ма, жоқ па?», «философтар болған ба, болмаған ба?» деген сұрақтар - судың бетiндегi көбiк сияқты ғана нәрселер. Мәселенiң тереңiне енбей жатып, әйтеуiр бiр нәрсе айту қажет болған соң айтыла салған дүниелер. Бұл - өзін-өзі сыйлайтын философтың айтар сөзі емес.
Енді «Абайды ұлы философ ретінде өзімізге ғана емес, әлемге қайта таныту не үшін қажет?» деп сұралық... Біз жоғарыда айттық, әл-Фараби «жарнамалауды», қазақ тарапынан әлемге қайта «таныстыруды» қажет ететіндей Тұлға емес деп. Өйткені, ол өмір сүрген заманда бүкіл әлем назарын аударған күшті өркениеттік орта - араб өркениеті болды. Озық ойлы Әбунасыр бабамыз далалық бастауынан жастай қол үзіп, үлкен ғылым жолына сүңгіді. Оның барлық шығармашылық жолы басқа тілмен, басқа рухани әлеммен байланысып, онымен етене бітісіп кетті. Ол үшін кім оған кінә арта алады?
Қыпшақ (бұл жерде «түпқазақ» деген дұрыс) әл-Фарабиден басқа Сұлтан Бейбарыс, түпқазақ - Дулати, түпқазақ - Жалаири және басқалары бар емес пе? Олардың бәрі де өз интеллектуалды потенциалын өзге мәдени аумақта жүзеге асырды. Себебі, күшті мәдени Орталықтың алып планета сияқты қуатты тартылыс күші бар. Ол дарындармен үнемі толығып отыруға мәжбүр. Бұл - мәдениет ошағының өмір сүру формасы. Онда талант ұлтқа, жерге қарап бөлінбейді, Орталық кімді болса да өз қуатының күшімен өзгертіп алады.
Әрбір дарын иесі, өз кезегінде Орталықты одан әрі дамытады. Орталықтардың өмір сүру тәсілі бұрын да, қазір де осындай - еш өзгеріске ұшыраған жоқ. Мысалы, қазір дамыған АҚШ пен Еуропа өзіне жүздеген дара таланттарды жыл сайын сіңіреді. Жас дарын иелері осы өркениет орталықтарын одан әрі қуаттандырып отыр... Сол сияқты кезінде гүлденген араб мәдениеті де өзіне ерекше дарын иелерін тартып отырған. әл- Фараби сияқты жоғары интеллектер өз жерінде даналық қуатын жүзеге асу мүмкіндігі шектеулі болуынан болар немесе өз елінің мәдени даму шеңберінін шығып кетуінен болар өз мүмкіндіктерін араб мәдениеті арқылы жүзеге асырды. Кейін еуропалық ғылымның дамуымен олардың ілімі, есімдері әлемге тарады. Әлем оларды әлі күнге дейін «араб өркениеті» өкілдері деп таниды. Сол себепті, бүгінгі қазақстандық ғылым алдында әл-Фарабиды «ғұлама ғалым» деп танытудан бұрын, оны «қазақ ұлтының өкілі», «түркі дүниесінің өмірге әкелген ғұламасы» ретінде қайта таныту міндеті тұр. Ол үшін қазақстандық ғылым мен білімнің өзі сол деңгейге ұмтылуы қажет.
Біз әл-Фарабиді өз ұлтымыздың дана ғұламасы ретінде танытуды, нақтысында, оның даңқын өз қазақ тегіне қарай бұруды ұлттық негізде жүргізуіміз қажет. Содан кейін ғана терең зерттеулерді өзге тілдерге аударып, әл-Фараби есімін берісі қазақ ұлтының, әрісі түркі әлемінің даналық жауһары екендігін мойындата аламыз.
Осы бағытта кезінде атақты А. Машани бастаған, көрнекті философ А.Қасымжанов жалғастырған ғылыми зерттеулерді қайта жаңғырту қажет. әл-Фарабидің іліміне арналған ғылыми халықаралық конференцияларды елімізде тұрақты түрде өткізіп, оның ілімін одан әрі насихаттау жауапкершілігін Қазақстан өз мойнына алуы тиіс. Олай етпесек, Ұлы бабамыздың дайын беделін өзгелер иемденуі, оның ілімі мен аты өзге ұлт пен елдің беделіне (брендіне айналуы) қызмет етуі әбден мүмкін.
Енді «осы міндетті атқару үшін не қажет?» деген сұрақ туындайды. Ол үшін арнайы ғылыми топ құрылып (кезінде Д.Қонаевтың нұсқауымен құрылған Ә.Машани басқарған ғылыми топ сияқты), оны осы мақсатта жүйелі түрде жұмыс істеуге бағыттау қажет. Бұл мақсат үшін үкімет қаржы аямауы тиіс. Өйткені, оның қайтарымы дүние-байлықпен емес, мәдениеттің болашағымен, дамуымен өлшенбек. Және де осы мақсаттың іске асуы үшін өте талантты, өз ісіне берілген, шын мәнінде әл-Фараби мен Абай деңгейінде ойлайтын ғалымдардың өмірге келуі - тағы да қажет. Қазірге ең қиыны осы мәселе болып тұр!... Себебі, ондай дарындардың тұла бойында халқы үшін ерлікке бара алатындай «ұлтым үшін» дейтіндей шынайы үлкен патриоттық сезім, ұлтына деген жалынды сүйіспеншілік сезім қалыптасуы қажет. Сонымен қатар, оған үлкен энтузиазм қажет. Ал осы қабілеттердің қалыптасуына әлеуметтік жағдайлар тікелей әсер етеді. Сөйтiп, бұл мәселеде көп нәрсе бірімен бірі ұштасып жататынын көреміз. Осы жағдайда Ұлы Бабалардың «тағдыры» олардың бүгінгі ізбасары - мемлекет, ұлт көшбасшысының ерік-жігеріне келіп тірелетінін де көпшілігіңіз байқап отырған боларсыздар деймін...
...Бұл тақырыпта осыдан басқа әңгіменің басы артық...
«Абай-ақпарат»